Иса Мәсіх туралы шындық
ҚАЛАЙ ОЙЛАЙСЫЗ,
Иса Мәсіх 25 желтоқсанда туылған ба?
Иса Мәсіхті айқышқа шегелеп өлтірген бе?
Иса отбасында жалғыз бала болған ба?
Иса адам кейпінде келген Құдай ма?
Иса жай пайғамбар емес екені рас па?
КӨП адам бұл тұжырымдарды ақиқат деп есептесе, басқа біреулер аңыз не ақиқат деп кесіп айту қиын, тіпті мүмкін емес дер. Бәлкім, олар Исаға сенсең болды, бұл жайттарды қазбалаудың қажеті жоқ деп ойлар.
Киелі кітап бізді “Иса Мәсіхті жақынырақ танып біле беруге” шақырады (Петірдің 2-хаты 1:8). Ал оны жақыннан танып білу үшін Інжілді зерттеу керек. Сонда Иса туралы шындықты біліп, ақиқатты аңыздан ажырата аламыз. Олай болса, жоғарыда айтылған тұжырымдарға қатысты Інжілде не жазылғанын қарастырайық.
ШЫН МӘНІНДЕ Иса Мәсіх 25 желтоқсанда туылмаған.
БҰЛ — АҢЫЗ.
Киелі кітапта Исаның қай күні, қай айда туылғаны айтылмаған. Олай болса, 25 желтоқсанa деген дата қайдан пайда болды? “Британ энциклопедиясына” сай, өздерін мәсіхшілерміз деп атайтындар “бұл датаны пұтқа табынушы римдіктердің “жеңілмес күннің туылған күнін” тойлауымен байланыстырғысы келген. Бұл мейрам қысқы күн тоқырауында, яғни күн ұзарып, түн қысқаруға бет алатын күні өткізілетін”. Сондай-ақ осы энциклопедияда Рождествоның көптеген салт-жоралары “пұтқа табынушылардың қыстың ортасында өткізетін күнге табыну жоралары мен егін шаруашылығының ырымдарынан” бастау алғанына назар аударылған.
Иса Мәсіх адамдардың 25 желтоқсанды оның туған күні деп тойлағанын мақұлдар ма еді? Ой жүгіртіп көрейікші: Исаның қай күні туылғаны белгісіз. Жазбалардың еш жерінде оның туған күнін тойлау керектігі де, ертедегі мәсіхшілердің оны тойлағаны да жазылмаған. Қайта, Киелі кітаптан Исаның қай күні өлгенін және ол ізбасарларына сол күнді атап өтуді бұйырғанын білеміз (Лұқа 22:19)b. Бұдан Иса туылған күніне емес, өмірінің құрбандық ретінде қиылғанына баса назар аударылғанын қалағаны анық көрінеді (Матай 20:28).
ШЫН МӘНІНДЕ Иса Мәсіхті айқышқа шегелеп өлтірмеген.
БҰЛ — АҢЫЗ.
Айқышты Иса Мәсіх дүниеге келгенге дейін талай ғасыр бұрын ежелгі бабылдықтар Таммуз құдайына табынғанда қолданған. Кейін бұл рәміз ежелгі Мысыр, Үндістан, Сирия мен Қытайға дейін тарады. Бірақ Құдайдың шынайы қызметшілері ешқашан айқышты ғибадатта қолданған емес.
Інжілдің түпнұсқасында Иса өлтірілген ағашқа қатысты гректің стаурос сөзі қолданылған (Матай 27:40; Марқа 15:30; Лұқа 23:26). Бұл сөз тік ағашты, бөрене немесе діңгекті білдіреді. Ал Елшілердің істері 5:30-да елші Петір стаурос сөзінің синонимі ксилон деген сөзді қолданған. Бұл бір-бірімен қиылысқан екі ағашты емес, бір ғана түзу діңгекті білдіреді. Иса Мәсіх айқышта өлтірілді деген наным оның өлімінен 300 жыл өткеннен кейін, сол кездегі салт-жораларды ұстану мен стаурос сөзінің мағынасын бұрмалаудан пайда болған. Ежелгі Римде қылмыскерді тік тұрғызылған ағашқа не діңгекке іліп жазалау кең тарағанын да айта кеткен жөн.
Айқышты ғибадатта қолданудың пұтқа табынушылықтан ешбір айырмашылығы жоқ. Киелі кітапта пұтқа табынушылық айыпталады (Мысырдан шығу 20:2—5; Заңды қайталау 4:25, 26). Елші Жохан бір сенімдегі бауырластарына: “Жалған тәңірлерден сақ болыңдар!”— деген. Осылайша шынайы мәсіхшілердің ұстанатын ілімін анық көрсетті (Жоханның 1-хаты 5:21).
ШЫН МӘНІНДЕ Иса отбасында жалғыз бала болмаған.
БҰЛ — АҢЫЗ.
Інжілде Исаның туған бауырларының болғаны анық айтылған. Мысалы, Лұқа жазған Інжілде Иса Мәриямның “тұңғыш ұлы” делінген. Бұл Мәриямның басқа да балалары болғанына нұсқайды (Лұқа 2:7)c. Ал Марқа жазған Інжілден Назарет қаласының кейбір тұрғындары Исаны басқа бауырларынан ешқандай ерекшелігі жоқ, қарапайым адам деп есептегенін білеміз. Иса керемет жасағанда, олар: “Жақып, Жүсіп, Яһуда, Шимондардың ағасы емес пе? Қарындастары осында арамызда тұрады ғой”,— деген (Марқа 6:3; Матай 12:46; Жохан 7:5).
Інжілде жазылған сөздерге қарамастан, Иса Мәриямның жалғыз ұлы болған деген пікірді қолдайтын теологтар көп. Кейбіреулері Исаның бауырлары шын мәнінде оның немере іні-қарындастарыd деп есептесе, басқа біреулері олар Мәриямның өгей балалары болған деп болжайды. Алайда ой жүгіртіп көрейікші: Егер Иса Мәриямның жалғыз ұлы болса, Назарет қаласының тұрғындары жоғарыда келтірілген сөздерді айтар ма еді? Әрине, жоқ. Себебі олардың кейбіреулері Мәриямның басқа балаларына жүкті болғанын және Иса сол балаларының тұңғышы екенін өз көздерімен көрген.
ШЫН МӘНІНДЕ Иса адам кейпінде келген Құдай емес.
БҰЛ — АҢЫЗ.
Құдай жерге адам кейпінде түсіп, Иса Мәсіх болып өмір сүрді деген пікір Үштік сенімінің негізгі ілімі болып табылады. Бұл ілім Исаның кезінде емес, оның өлімінен кейін ғасырлар өте келе пайда болған. Бұған қатысты “Британ энциклопедиясында” былай делінген: “Үштік сөзі де, оның ілімі де Інжілде кездеспейді... Бұл наным ғасырлар бойы жалғасқан дау-дамайлардың салдарынан қалыптасты”.
Діндердің Исаны адам кейпінде келген Құдай деп үйретуі, сайып келгенде, Исаны өтірікші деуімен барабар. Қалайша? Мысал келтірейік. Жұмысшылар бастығына барып, қандай да бір өтініштерін айтады. Бірақ бастықтары ондай мәселені шешуге құзырының жоқ екенін мәлімдейді. Егер айтқаны рас болса, онда бастықтың өз билігінің шектеулі екенін мойындап, даналық танытқаны. Ал егер құзыры бола тұра, өтінішті орындағысы келмей, бас тартса, онда оның жалған сөйлегені.
Ал Исаның жағдайына келсек, ол жоғары дәреже сұраған екі шәкіртіне: “Оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады”,— деп жауап берген (Матай 20:23). Егер Иса шынымен Құдай болса, онда бұл сөздердің өтірік болғаны ғой! Ал шын мәнінде, Иса өзінен жоғары Тұлғаға нұсқауымен өз билігінің шегін білетінін және өзін Құдаймен тең деп санамайтынын көрсеттіe.
ШЫН МӘНІНДЕ Иса жай пайғамбар емес.
БҰЛ — АҚИҚАТ.
Иса Мәсіх отыз үш жарым жасында бөренеге шегеленіп өлтірілді. Шамамен үш күннен соң Құдай оны рухани тұлға ретінде қайта тірілтті де, қолына патшалық билікті беретін кез келгенше, оны Өзінің “оң жағындағы құрметті орынға” отырғызды (Еврейлерге 10:12, 13; Ефестіктерге 1:20—22). Сол уақыт келгенде, Иса құдіретті Патша ретінде көкте билік ете бастады. Жақында ол билігін бүкіл жер жүзіне де жүргізетін болады.
Аян кітабында бейнелі тілмен Иса Мәсіхтің патша ретінде ақ боз атқа мініп, әділдікпен үкім кесу үшін келе жатқаны суреттелген. Оның қолында “халықтарды шауып тастайтын өткір семсері бар” (Аян 19:11—16). Ол бар құдіретін зұлымдық атаулыны жоюға жұмсайды. Ал Исаға еліктеп жүрген адамдардың келешегі қандай болмақ? (Петірдің 1-хаты 2:21). Олар “құдіреті шексіз Құдайдың ұлы соты күнінің шайқасынан” аман өтіп, Құдайдың көктегі Патшалығының жер бетіндегі азаматтары ретінде мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие болады (Аян 7:9, 14; 16:14, 16; 21:3, 4).
[Сілтемелер]
a Юлиан күнтізбесі бойынша 7 қаңтар.
b Иса Мәсіх Құтқарылу мейрамы күні, еврейлердің күнтізбесі бойынша 14 нисанда өлген (Матай 26:2).
c Иса Мәриямның құрсағына керемет түрде бітсе, қалған балалары табиғи жолмен, күйеуі Жүсіптен туылған (Матай 1:25).
d Бұл жаңсақ пікірді шамамен б. з. 383 жылы Иероним ұсынды. Оны Мәриямның өмір бойы пәк қыз болып қалған дегенге сенетіндер қолдады. Кейінірек Иероним өз пікірінің жаңсақ екенін айтса да, ол көпшіліктің және Католик шіркеуінің беделді адамдарының санасында біржола қалып қойды.
e Үштік іліміне қатысты мәліметтерді Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 201-бетін қараңыз.
[14-беттегі қоршау/сурет]
Келесі жайттар сізді таңғалдырар
Иса қандай адам болған? Ол тым турашыл, қатал және ешкіммен араласпайтын тұйық адам болған ба? Кейбеулер сондай болған деп ойлар. Алайда Иса жайлы келесі жайттар сізді таңғалдырар.
• Ол үйлену тойына барған (Жохан 2:1—11).
• Адамдарды мақтаған (Марқа 14:6—9).
• Балаларға көңіл бөлген (Марқа 10:13, 14).
• Жұрт алдында көзіне жас алуға қысылмаған (Жохан 11:35).
• Адамдарға жаны ашыған (Марқа 1:40, 41).