Сіз білгенсіз бе?
Иса Мәсіхтің тарихи тұлға екендігін растайтын Киелі кітаптан басқа қандай дәлелдер бар?
▪ Иса пайғамбарды өз еңбектерінде ерекше атап өткен тарихшылар көп. Солардың бірі — Рим империясының тарихшысы I ғасырда өмір сүрген Корнелий Тацит. Ол б. з. 64 жылы Рим қаласының өртенгеніне император Неронның жауапты екені жайлы сыбыс тарағанын жазды. Тациттің айтуынша, бұл қылмыс үшін кінәні Нерон мәсіхшілер ретінде белгілі болған топқа тақты. Тацит тағы: “Мәсіх... Тібери патшаның тұсында прокуратор Понти Пилаттың қолынан қаза болған”,— деген (“Тарихи жылнама” 15-кітап, 44-абзац).
Еврей тарихшысы Иосиф Флавий де өз жазбаларында Иса Мәсіхті атап кеткен. Мысалы, ол шамамен б. з. 62 жылы Иудея аймағына Рим тағайындаған басқарушы Фесттің өлімінен кейінгі және оның орнына Албинидің келуіне дейінгі аралықта орын алған оқиға жайлы жазған. Сол жазбада Анани есімді бас діни қызметкердің “Жоғарғы сот мәжілісін шақырып, оның алдында Жақып есімді кісіні, Мәсіх деп аталған Исаның туған бауырын, және басқа да адамдарды соттағаны” айтылған (“Ежелгі Иудея” 20-кітап, 9-тарау, 1-абзац).
Иса неліктен Мәсіх деп аталған?
▪ Інжілде Жәбірейіл періштенің Мәриямға жүкті болатынын және туылған ұлының есімін Иса деп қоюы керек екенін хабарлағаны жазылған (Лұқа 1:31). Бұл ежелгі еврейлердің арасында кең тараған есім еді. Мысалы, өз еңбегінде еврей тарихшысы Иосиф Флавий Киелі жазбаларда кездесетін адамдардан басқа Иса есімді он екі адамды атап кеткен. Мәриямның ұлы Исаны адамдар “назареттік” дейтін болған, себебі ол Назарет қаласынан келген еді (Марқа 10:47). Сонымен қатар ол “Мәсіх”, немесе Иса Мәсіх, деп те танымал болған (Матай 16:16). Иса неліктен Мәсіх деп аталған?
“Мәсіх” сөзі еврейше Машиах, ал грекше Кристос сөзінің баламасы. Бұл екі сөздің тікелей мағынасы “май жағу рәсімі жасалған кісі” дегенді білдіреді. Осы тіркес Исаға дейін өмір сүрген адамдарға да қатысты қолданылған. Мысалы, Мұса пайғамбар Һарон мен басқа да адамдарға, ал Самуил пайғамбар Дәуіт патшаға “май жағу рәсімін” жасаған. Осылайша Құдай оларды ерекше қызметіне тағайындап, билік берді (Мысырдан шығу 40:13,15; Патшалықтар 1-жазба 16:13). Иса, яғни уәде етілген Мәсіх, Құдайдың ең басты өкілі болған. Сондықтан оған “Мәсіх, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлы” деген лауазымның берілгені өте орынды (Матай 16:16; Даниял 9:25).
[15-беттегі сурет]
Иосиф Флавийдің суреті