Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w10 1.1. 6—10 бет.
  • Алкогольді ішімдікке қатысты дұрыс көзқарас

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Алкогольді ішімдікке қатысты дұрыс көзқарас
  • 2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Әрекет етіңіз!
  • Көмек көзі
  • Ішкіліктен біржола арылу
  • Құдай басшылығын ұстанудың пайдасы
  • Ішімдікке қатысты Құдайдың көзқарасын ескеріңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Киелі кітапта ішімдік туралы не айтылған?
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Ішімдіктің шегін қалай білуге болады?
    Сан түрлі тақырыптар
  • Ішімдікке қатысты байыпты көзқарасты ұстан
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w10 1.1. 6—10 бет.

Алкогольді ішімдікке қатысты дұрыс көзқарас

АЛКОГОЛЬГЕ қатысты проблемасы барын мойындай білгенде, алғашқы мақалада аты аталған Тонидің өмірі мүлдем өзгеше болар ма еді. Алайда көп ішсе де, көтере алатындай көрінгендіктен, ол бәрі жақсы деп ойлады. Неге ол өзіне дұрыс баға бере алмады?

Бұл көп ішкеннің әсері еді. Тони мұны сезді ме, жоқ па, көп алкогольдің әсерінен оның миының қызметі бұзылған болатын. Ал тән және сана-сезім мүшелері миға тәуелді. Көп ішкен сайын, Тонидың миы өзінің қызметін дұрыс атқара алмайтындай дәрежеге жетіп, ол өз жағдайын дұрыс бағамдай алмады.

Сонымен қатар Тони ішуді қойғысы келмеді. Алғашында Ален де ішімдікке қатысты проблемасы бар екенін мойындамады. Ол былай дейді: “Ішімдікті тығып ішіп жүрдім және өзімді көп ішкенде тұрған ештеңе жоқ дегенге сендіруге тырысып бақтым. Ішімдіктен бас тартқым келмеді”. Тони мен Аленнің ішкіліктің құрығына ілінгендері төңірегіндегілерге ап-айқын еді. Ал өздері мұны мойындағысы келмеді. Екеуіне де шұғыл әрекет ету керек болатын. Бірақ мұндайда қалай әрекет еткен дұрыс?

Әрекет етіңіз!

Алкогольді ішімдікті шамадан тыс ішуді доғарған көп адам Исаның келесі сөздеріне сай әрекет еткен: “Егер “оң көзің” сені күнәға азғырса, ол сен үшін “ойып алып, лақтырып тасталған” сияқты жоқ болсын! Бүкіл денеңнің тозаққа тасталғанынан гөрі бір мүшесінен айырылғаның артығырақ болар еді” (Матай 5:29).

Әрине, Иса бұл жерде адам өзін-өзі зақымдау керек демеген. Ол Құдайдың ықыласынан айыратын нәрселерден арылудың маңыздылығын бейнелі сөздермен көрсеткен. Рас, ішкіліктен арылу үшін көп күш жұмсауымыз қажет әрі тәндік және эмоционалдық жағынан азап шегуіміз мүмкін. Десе де, осылай еткеніміз ішкілікке салынуға алып келетін ой қалпынан және жағдайлардан сақтайды. Сондықтан егер біреу алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс ішіп жүргеніңізді айтса, оның мөлшерін азайтыңызa. Ал бұл қолыңыздан келмесе, мүлдем аузыңызға алмаңыз. Өміріңізді ойран еткенше, ауыр болса да, осылай еткеніңіз дұрыс.

Маскүнем болмағанмен, тым көп ішесіз бе? Олай болса, келесі қадамдарды жасағаныңыз дұрыс.

Көмек көзі

1. Шын жүректен үнемі Құдайға дұға етіңіз. Ехоба Құдайға ұнамды болғысы келетіндер үшін Киелі жазбаларда мынадай кеңес жазылған: “Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7). Осындай жан тыныштығына кенелу үшін не жайлы дұға ету керек?

Ішімдікке қатысты проблемаңыз бар екенін және оған өзіңіз кінәлі екеніңізді мойындаңыз. Бұл мәселені шешу үшін не істемек ойыңыз бар екенін Құдайға айтсаңыз, оның батасына кенелесіз. Осылайша жаныңыз жай табады әрі жағдайды ушықтырып алмайсыз. “Күнәларын жасырған жан өркендемейді, Оларын мойындап, бас тартқан рақым көреді” (Нақыл сөздер 28:13). Сондай-ақ Иса пайғамбар: “Азғырылуымызға жол бермей, Жамандықтан бізді сақтай гөр”,— деп Құдайға жалбарыну керектігін айтқан (Матай 6:13). Ал қалай дұғаларымызға сай әрекет етуге болады және Құдай бізге қалай жауап береді?

2. Құдай Сөзінен күш алыңыз. “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті... ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды” (Еврейлерге 4:12). Киелі кітапты күнделікті оқып, оның үстінен ой жүгірткендері бұрын ішкілікке салынған көп адамға жаман әдетінен арылуға көмектескен. Құдайды қастерлеген забур жыршысы былай деген: “Мынадай адам шынымен бақытты: Ол құдайсыздар кеңесіне бармайды... Қайта, ол Жаратқанның тәліміне қуанады, Күні-түні сол туралы ойланады... Не істесе де, ол табысқа жетеді” (Забур 1:1—3).

Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттегеннің арқасында жаман әдетінен арылған Ален былай дейді: “Киелі кітап пен ондағы принциптердің көмегімен ішуді қоймағанда, қазір тірі болмас та едім”.

3. Ұстамдылыққа үйреніңіз. Киелі кітапта мәсіхшілер қауымындағы бұрын ішкіш болған адамдардың Құдайдың рухы арқылы ақталғаны айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Біріншіден, Құдай рухы оларға ұстамдылық танытып, шектен тыс той-думанға, маскүнемдікке салынбауға көмектесті. “Арақ-шарап ішіп, мас болмаңдар, бұл жүгенсіздікке апарады! Қайта, Киелі Рухқа кенеле беріңдер!” (Ефестіктерге 5:18; Ғалаттықтарға 5:21—23). Иса пайғамбар: “Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге береді... Көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!”— деген (Лұқа 11:9, 13).

Ехоба Құдайға лайықты түрде ғибадат еткісі келетіндер Киелі кітапты оқу және зерттеу, сондай-ақ жиі әрі шын жүректен дұға ету арқылы ұстамдылыққа үйрене алады. Ешқашан еңселеріңіз түспесін, қайта, Құдай Сөзіндегі келесі уәдеден күш алыңыздар: “Құдай Рухына қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады. Жақсылық жасаудан талмайық! Себебі бұдан шаршап, бас тартпасақ, тиісті уақытта оның игілікті өнімін Құдайдан қабылдайтын боламыз” (Ғалаттықтарға 6:8, 9).

4. Жора-жолдасты дұрыс таңдаңыз. “Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған бұзылар” (Нақыл сөздер 13:20). Жолдастарыңызға ішімдікті шамаңызға қарай ішуді шешкеніңізді айтыңыз. Құдай Сөзі “маскүнемдік, ырду-дырду ойын-сауықтар, мас жын-ойнақтарды” қойғанда, бұрынғы жолдастарыңыздың енді өздеріне ‘қосылмағандықтарыңызға таңғалып, налып, сіздерді жамандайтынын’ ескертеді (Петірдің 1-хаты 4:3, 4). Ішімдікті шегін біліп ішем деген шешіміңізді қолдамайтын адамдармен араласуды доғарғаныңыз жөн.

5. Нақты шек қойыңыз. “Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар” (Римдіктерге 12:2). Араласатын ортаңыздың немесе “осы дүниенің” ықпалына берілмеңіз. Қайта, Киелі кітап принциптерінің өз шегіңізді анықтауға көмектесуіне мүмкіндік беріңіз, сонда өмір салтыңыз Құдайға ұнамды болады. Бірақ өз шегіңізді қалай анықтай аласыз?

Егер жағдайға дұрыс баға беру қабілетіңіздің әлсірегенін байқасаңыз, шамаңыздан артық ішіп қойғаныңыз. Сол себепті, осындай жағдайға дейін ішуден аулақ болыңыз. Ақталуға деген бейімділіктің ішімдікке қатысты шыншыл болуыңызға кедергі жасауына жол бермеңіз. Өзіңізге нақты шек қойып, байсалдылық танытыңыз. Бұл сізді мас болып қалудан не ішкілікке салынудан сақтайды.

6. “Жоқ” деуді үйреніңіз. “Сендердің “иә” дегендерің шынымен “иә”, “жоқ” дегендерің шынымен “жоқ” болсын!” (Матай 5:37). Біреу таза ниетпен “ал, ал” деп тым қинап жатса, ілтипатпен “жоқ” деп айтуды үйреніңіз. “Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер” (Қолостықтарға 4:6).

7. Өзгелерден көмек іздеңіз. Ішкіліктен арылу шешіміңізді қолдап, рухани нығайтатын достарыңыздың көмегіне жүгініңіз. “Біреуге қарағанда екеудің артық екендігі анық; өйткені келетін жақсы табыс та солардың екеуіне ортақ: Егер біреуі құлап қалса, екіншісі өз жолдасын орнынан тұрғызады” (Екклесиаст 4:9, 10; Жақып 5:14, 16). Құрама Штаттардағы маскүнемдіктен емдейтін бір мекемеде: “Кейде ішуді азайту оңай болмауы мүмкін. Сондықтан отбасы мүшелері мен достарыңдыздан көмектесуін өтініңіз”,— деп кеңес беріледі.

8. Шешіміңізден таймаңыз. “Құдайдың айтқандарын құр естіп қана қоймай, іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар. Ал кім кемелді тағылымға — күнәның құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға — ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес, жүзеге асырушы болып, іс-әрекетінде жарылқанбақ” (Жақып 1:22, 25).

Ішкіліктен біржола арылу

Ішімдікті көп ішетін адамның бәрі бірдей маскүнем бола бермейді. Бірақ кейбіреулер тым көп немесе жиі ішетіндіктен ішкілікке тәуелді болып қалады. Ішкілікке салынған адам алкогольге тәндік және психикалық жағынан тәуелді болып қалғандықтан, тек ерік күші мен рухани көмектің арқасында ішуді қоя алмауы мүмкін. Ален былай дейді: “Ішкілікті қойғанда мен қатты қиналдым. Сонда, рухани көмекке қоса емделуім де керек екенін түсіндім”.

Көптеген маскүнемдер дәрі-дәрмектің көмегінсіз ішкіліктен біржола арыла алмайдыb. Кейбіреулерге ішімдікті қою кезіндегі күйзеліске төтеп беру немесе қатты қалауды басу үшін арнайы мекемелерде емделу қажет. Иса пайғамбар айтқандай: “Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет” (Марқа 2:17).

Құдай басшылығын ұстанудың пайдасы

Киелі кітаптағы ішімдікке байланысты дана кеңестер шынайы Құдайдан келген. Ол бізге бар жақсылықты тілейді, сондай-ақ қазір және мәңгі бақытты болғанымызды қалайды. Ішімдікті қойғанына жиырма төрт жыл болған Ален былай деп есіне алады: “Мүлдем басқа адам болуым мүмкін екенін, Ехоба маған өмірімді жақсы жаққа өзгертуіме көмектескісі келетінін... (осы жерде өткен өмірі есіне түсіп, көздері жасқа толған Ален іркіліп қалды) Менің жағдайымды түсінетінін, қамымды ойлап, қажетті көмек беретінін білу қандай керемет. Бұл сөзбен айтып жеткізгісіз сезім”,— деді.

Көп ішіп жүрсеңіз немесе маскүнемдіктің құрығына түсіп қалған болсаңыз, одан арылу мүмкін емес не қолымнан келмейді деген ойға жол бермеңіз. Ален және сол сияқты жағдайда болған басқа да көптеген адамдар шамасын біліп ішуді үйренген не мүлдем қойған. Бұнысына олар еш өкінбейді, сіз де өкінбейтін боласыз!

Ішімдікті шамаңызды біліп ішуді не одан мүлдем бас тартуды шешсеңіз де Құдайдың сүйіспеншілікпен берген келесі кеңесіне құлақ асыңыз: “О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секілді, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!” (Ишая 48:18).

[Сілтемелер]

a 8-беттегі “Ішімдікке тәуелдімін бе?” деген қоршауды қараңыз.

b Бүгінде көптеген емдеу орталықтары, ауруханалар мен емдеу бағдарламалары бар. “Күзет мұнарасы” қандай да бір емдеу жолдарын ұсынбайды. Әркім өзі емдеу тәсілдерін саралап-салмақтап, Киелі кітап принциптеріне қайшы келмейтінін таңдауы қажет.

[8-беттегі сурет/қоршау]

Ішімдікке тәуелдімін бе?

Өзіңізден былай деп сұраңыз:

• Ішімдікті бұрынғыға қарағанда көбірек ішіп жүрмін бе?

• Бұрынғыға қарағанда жиі ішіп жүрмін бе?

• Күштірек ішімдіктер ішіп жүрмін бе?

• Ішімдікті проблемаларымды ұмыту не стресті басу үшін ішемін бе?

• Менің ішімдік ішіп жүргенім досымды не туысымды мазалап жүрген жоқ па?

• Ішімдіктің кесірінен үйде, жұмыста не сапар шеккенде проблема туындаған жоқ па?

• Бір апта бойы ішімдік ішпей жүре аламын ба?

• Өзгелер ішімдік ішпей отырса мен өзімді ыңғайсыз сезінемін бе?

• Ішімдікті қанша ішетінімді өзгелерден жасырамын ба?

Егер сұрақтардың біріне не бірнешеуіне “иә” деп жауап берсеңіз, бұл — қандай да бір қадам жасауыңыз керек деген сөз.

[9-беттегі сурет/қоршау]

Ішімдікке қатысты дана шешім қабылдайық

Ішімдік ішпес бұрын мына жайлы ойланып көріңіз:

• Ішімдік ішкенім ақылдылыққа жата ма, әлде одан бас тартуым керек пе?

Ұсыныс: Шамасын біліп іше алмайтын адамның мүлдем ішпегені жөн.

• Қанша ішуге болады?

Ұсыныс: Ішімдік ойлау қабілетіңізге әсер етпей тұрғанда, шамаңызды анықтап алыңыз.

• Қай кезде ішуіме болады?

Ұсыныс: Мынадай жағдайларда ішпеген дұрыс: көлік жүргізгенде немесе мұқияттылықты талап ететін өзге де істермен және діни істермен айналысқанда, сондай-ақ кейбір дәрі-дәрмектер қабылдағанда. Ал әйелдер жүкті кезінде.

• Қай жерде ішуіме болады?

Ұсыныс: Лайықсыз жерде немесе жасырын, сондай-ақ ішкенді жақтырмайтын адамдардың көз алдында ішпеген дұрыс.

• Кіммен ішкен дұрыс?

Ұсыныс: Ішкілікке салынған адамдармен емес, өзіңізге жақсы әсер ететін достармен және туыстармен ішкеніңіз дұрыс.

[10-беттегі сурет/қоршау]

Құдай сөзі маскүнемдіктен арылуға көмектесті

Тайландта тұратын Сюпот маскүнем болған еді. Алғашында ол тек кешқұрым ішетін. Келе-келе таңертең, сонан соң күндіз де ішетінді шығарды. Жиі ол мас болу үшін ішетін. Бір күні Сюпот Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастады. Ехоба Құдайдың маскүнемдікті айыптайтынын білген ол ішуді қойды. Алайда уақыт өте келе Сюпот отбасы мүшелерінің өкінішіне қарай, жаман әдетіне қайта оралды.

Дегенмен Сюпот Ехобаға деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған еді және дұрыс ғибадат еткісі келетін. Достары да оған көмектесуін доғарған жоқ. Олар Сюпоттың отбасы мүшелерін одан бас тартпауға, қайта, онымен көбірек уақыт өткізуге талпындырды. Қорынттықтарға 1-хат 6:10-дағы “маскүнемдер... үшін Құдай Патшалығында орын жоқ!” деген сөздер Сюпотқа өз жағдайына тура қарауға көмектесті. Ол өзінің жаман әдетінен арылу үшін барынша күш салуы керек екенін түсінді.

Сюпот енді ішімдіктен мүлдем қол үзуге бел буды. Сөйтіп, Құдайдың құдіретінің, Киелі кітаптың, отбасы мен Ехоба куәгерлерінің көмегімен ол ішімдікке деген құштарлығын жеңе алды. Кейін Сюпот өмірін Құдайға арнағанда әйелі мен екі баласының қуаныштары қойнына сыймады. Қазір ол өзі әрқашан қалағандай, Құдаймен тығыз қарым-қатынасқа ие және өзгелерге рухани көмек көрсетіп жүр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу