Оқырман сауалдары
Мәсіхшілердің кездесулері мен конгрестерінде әйел бауырлас баяндаманы ым тіліне аударғанда, орамал тарту керек пе?
Негізінде, күйеуінің немесе қауымдағы ер бауырластардың әдеттегі жауапкершілігін атқарғанда, мәсіхші әйел басын жабу керек. Бұл елші Пауыл айтқан келесі принципке сай келеді: “Құдайға сиынған немесе Оның хабарын жеткізген кезде жалаң бас тұрған әйел өз басын құрметтемегені”, себебі “әйелдің басы — күйеуі” (Қор. 1-х. 11:3—10). Әйел бауырластың мұндай жағдайда қарапайым әрі лайықты бас киім кигені мәсіхшілер қауымындағы теократиялық тәртіпке мойынсұнатынының белгісі болып табылады (Тім. 1-х. 2:11, 12)a.
Ал ер бауырластың баяндамасын ым тіліне аударғанда, мәсіхші әйел басын жабу керек пе? Рас, мұндай жағдайда әйел бауырлас ойды бір тілден басқа тілге жеткізуші ғана. Тәлім беруші — аудармашы емес, баяндама айтып тұрған ер бауырлас. Алайда еститін тіл мен ым тіліне аударудың үлкен айырмашылықтары бар екені белгілі. Еститін тілдегі баяндамада тыңдаушылар баяндамашыға қарап отырып, аударманы тыңдай алады. Бұл жағдай ым тіліне аударудан өзгеше, себебі сөйлейтін тілде аударып тұрған әйел бауырласқа аса көңіл бөлінбейді. Кейде ол орындыққа отырып та аударуы мүмкін. Ал тұрып аударса, тыңдаушыларға емес, баяндамашыға қарап тұрады. Сондықтан оған басын жабудың қажеті жоқ.
Баяндамаларды ым тіліне аударуда жаңа технологиялар қолданылып жатқандықтан, адамдардың басты назары аудармашыға түседі. Сахнадағы үлкен экранда әдетте аудармашының бейнесі көрсетіледі, ал баяндамашының өзі тіпті көрінбей қалуы мүмкін. Сондықтан ым тіліне аударып тұрған әйел бауырластың қосалқы рөл атқарып жатқаны айқын болу үшін, басына орамал тартқаны орынды.
Қайта қарастырылған бұл басшылық теократиялық қызмет мектебінің бағдарламасын, көріністерді, қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуі мен қызмет кездесуі және “Күзет мұнарасын” зерттеу кезіндегі түсініктемелерді ым тіліне аударғандағы жағдайға қалай әсер етеді? Мұндай жағдайда да аудармашы әйел бауырлас орамал тарту керек пе? Бағдарламаны аудармашы әйел бауырлас жүргізіп жатпағаны анық көрінетін кей жағдайда орамал тартудың қажеті жоқ. Мысалы, қатысушылардың түсініктемелерін, әйел бауырластардың тапсырмаларын немесе көріністерін аударғанда басын жаппаса да болады. Ал осы кездесулерде ер бауырластардың баяндамасын немесе “Күзет мұнарасын” зерттеу мен қауымның Киелі кітап зерттеу кездесулерін жүргізетін бауырластың сөзін аударса, сондай-ақ ән орындауда жетекшілік етсе, әйел бауырлас орамал тарту керек. Қауым кездесуінде әйел бауырласқа ақсақалдардың, балалардың, ер және әйел бауырластардың айтқандарын аудару қажет болуы мүмкін. Сондықтан оған кездесу бойы орамалды шешпегені ыңғайлы болар.
[Сілтеме]
a Мәсіхші әйелдердің орамал тартуы жайлы тақырып “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабының 209—212 беттерінде жан-жақты қарастырылады.