Қауымдағы орнымызды бағалайық
“Құдай өз қалауынша мүшелердің әрқайсысын денеде орналастырған” (ҚОР. 1-ХАТ 12:18).
1, 2. а) Қауымда әр мәсіхшінің бағалы орны бар екенін қайдан білеміз? ә) Осы мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
ЕЖЕЛГІ исраилдіктердің заманынан бері қауым Ехобаның өз халқына рухани ас-су мен басшылық беретін құрылымы болып келеді. Мысалы, исраилдіктер Гай қаласын өртеп жіберген соң, Ешуа ‘Исраилдың түгел бас қосуы алдында... заңның барлық сөздерін, батасы мен лағынетін заңның кітабында жазылғандай оқып берген’ (Ешуа 8:34, 35).
2 Б. з. І ғасырында елші Пауыл мәсіхші ақсақал Тімотеге мәсіхшілердің қауымы “Құдайдың отбасы” және ‘шындықтың тірегі, таянышы’ екенін айтқан (Тім. 1-х. 3:15). Қазіргі кезде Құдайдың “отбасы” — дүниежүзіндегі шынайы мәсіхшілерден тұратын бауырластық. Пауыл Қорынттықтарға арналған 1-хатының 12-тарауында қауымды адамның денесіне теңеді. Ол дене мүшелерінің қызметі әртүрлі болса да, бәрінің де қажет екенін айтты. “Құдай өз қалауынша мүшелердің әрқайсысын денеде орналастырған”,— деп жазды ол. Тіпті ‘азырақ құрметті деп санаған мүшелерімізді көбірек қамқорлайтынымызға’ нұсқады (Қор. 1-х. 12:18, 23). Демек, Құдай отбасындағы адал мәсіхшінің орны не рөлі басқаныкінен артық та, кем де емес — жай ғана өзгеше. Олай болса, Құдай қауымында өз орнымызды қалай таба аламыз және оны бағалайтынымызды қалай көрсетеміз? Қауымда атқаратын рөлімізге қандай жайттар әсер етуі мүмкін? ‘Бәрі де алға басқанымызды көре алу’ үшін не істеуімізге болады? (Тім. 1-х. 4:15).
Қауымдағы орнымызды бағалайтынымызды көрсетейік
3. Қауымда өз орнымызды тауып, оны бағалайтынымызды көрсетудің бір жолы қандай?
3 Қауымда өз орнымызды тауып, оны бағалайтынымызды көрсетудің бір жолы — “адал да ақылды құл” (ЖД) мен оның өкілі — Басқарушы кеңеспен толықтай қызметтес болу (Матай 24:45—47 оқы). Құл табының басшылығын қалай қабылдап жүргенімізге көңіл бөлген абзал. Мысалы, көп жылдан бері бізге киім кию мен сырт көрініске, көңіл көтеруге және Интернетті қолдануға қатысты басшылық беріліп келеді. Рухани қорғаныш болатын осы кеңестерге мұқият ден қойып жүрміз бе? Ал отбасылық ғибадатқа қатысты берілген нұсқауды қалай қабылдадық? Киелі кітапты зерттеуге бір кешті арнап қойдық па? Егер салтбасты болсақ, Киелі кітапты жеке зерттеуге жүйелі түрде уақыт бөлеміз бе? Құл табының басшылығына сай әрекет ететін болсақ, Ехоба жеке өзімізге де, отбасымызға да батасын береді.
4. Жеке басқа қатысты шешім қабылдағанда нені ескерген жөн?
4 Кейбіреулер көңіл көтеру, киім мен сыртқы көрініс сияқты мәселелерде шешімді әр адам өзі қабылдауы керек деуі мүмкін. Бірақ қауымдағы орнын бағалайтын Құдайдың қызметшісі шешім қабылдағанда өз қалауын ғана ойламайды. Қайта, Киелі кітаптан білген Ехобаның көзқарасын ескереді. Себебі ондағы хабар ‘қадамдарымызды жарқыратады, өмір жолымызға шырақтай нұрын шашады’ (Заб. 118:105). Сонымен қатар шешіміміздің қызметімізге және басқаларға, яғни қауымдағы және қауымнан тыс адамдарға, қалай әсер ететініне мән береміз (Қорынттықтарға 2-хат 6:3, 4 оқы).
5. Неге тәуелсіздік рухына қарсы тұруымыз керек?
5 “Құдайға бағынбайтын адамдарды билейтін рухтың” қазіргі кезде кең тарағаны сонша, ауа іспетті барлық жерді алып тұр (Ефес. 2:2). Бұл рух Ехобаның ұйымы беретін басшылықтың бізге қажеті жоқ деп ойлауға ықпал етуі мүмкін. Әрине, ешқайсымыз да елші Жоханды мойындамаған Диотреф сияқты болғымыз келмейді (Жох. 3-х. 9, 10). Сондықтан тәуелсіздік рухын дамытудан сақтануымыз қажет. Ехобаның басшылық беретін арнасына сөзімізбен де, ісімізбен де ешқашан қарсылық көрсетпейміз (Ру. сан. 16:1—3). Қайта, құл табымен қызметтес болу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Сондықтан қауымда басшылық алған бауырластарға да мойынсұнып, айтқандарын тыңдауға тырысуымыз керек емес пе?! (Еврейлерге 13:7, 17 оқы).
6. Неге жеке жағдайымызды тексеруіміз қажет?
6 Қауымдағы орнымызды бағалайтынымызды көрсетудің тағы бір жолы — жеке басымыздың жағдайын мұқият қарастырып, ‘қызметімізді құрметтеу’ мен Ехобаға мадақ әкелу үшін қолдан келгеннің бәрін істеу (Рим. 11:13). Кейбіреулер жалпы ізашар ретінде қызмет етуде. Басқалар болса миссионер, аралаушы бақылаушы не Бетел отбасының мүшесі ретінде арнайы толық уақытты қызметтің біріне атсалысуда. Көптеген ер және әйел бауырластар Патшалық сарайын соғу бағдарламасына қатысып жүр. Құдай халқының басым бөлігі отбасының рухани қажеттілігін қанағаттандыру үшін және апта сайын қызметке толықтай қатысу үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеуде (Қолостықтарға 3:23, 24 оқы). Құдайдың еркін орындауға өзімізді дайындықпен ұсынып, жан-тәнімізбен қызмет етуге тырыссақ, біз үшін оның қауымында әрқашан орын болатыны шүбәсіз.
Қауымдағы рөлімізге әсер ететін жайттар
7. Қауымдағы рөлімізге жағдайымыздың қалай әсер ететінін түсіндіріңдер.
7 Қауымда атқаратын рөліміз қандай да бір шамада қабілеттеріміз бен жағдайымызға байланысты. Мысалы, ер бауырластың қауымдағы қызметінің кейбір қырлары әйел бауырластардыкінен өзгеше. Жасымыз, денсаулығымыз, басқа да жайттар қалай және қанша қызмет ете алатынымызға әсер етеді. Нақыл сөздер кітабында: “Жастардың мақтанары — күш қуаты, Қарттардың қадірі — ағарған шашы”,— деп жазылған (Нақ. с. 20:29). Қауымдағы жастарда көбірек еңбек етуге күш-жігер болса, қарт бауырластарда қауымның игілігіне жарайтын даналық пен тәжірибе бар. Десе де Ехобаның ұйымында атқара алатын қызметіміздің бәрі Құдайдың рақымына байланысты екенін есте ұстау қажет (Ел. іс. 14:26; Рим. 12:6—8).
8. Қауымда атқаратын рөлімізге жеке қалауымыз қалай әсер етеді?
8 Қауымдағы рөлімізге немесе орнымызға әсер ететін тағы бір жайтты апалы-сіңлілі бауырластардың мысалынан байқауға болады. Екеуі де мектепті бітірді, жағдайлары да бірдей. Ата-анасы екеуін де мектеп бітірген соң толық уақытты қызметті бастауға талпындыруға бар күшін салды. Алайда біреуі ізашарлық қызметке кіріссе, екіншісі күні бойы істейтін жұмысқа орналасты. Екеуінің әртүрлі шешім қабылдауына әсер еткен не? Олардың жеке қалаулары. Демек, ақыр соңында әрқайсысы өз қалауы бойынша шешім қабылдады. Көбіміздің осылай ететініміз рас қой?! Олай болса, Ехобаға қызмет етуде не істегіміз келетіні жайлы жақсылап ойлану керек. Жағдайымызды өзгертуге тура келсе де, қызметке көбірек қатыса аламыз ба? (Қор. 2-х. 9:7).
9, 10. Ехобаға көбірек қызмет етуге құлшыныс жетіспесе, не істей аласың?
9 Ехобаға көбірек қызмет етуге құлшынысың жетіспесе және қауым істеріне жоқтан бар дейтін шамада ғана қатысып жүрген болсаң, не істей аласың? Пауыл філіпіліктерге жазған хатында: “Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы — Құдай”,— деген. Демек, Ехоба қалауымызға, яғни ниетімізге, әсер ете алады (Філіп. 2:13; 4:13).
10 Сонымен, неге Ехобадан еркін орындауға қажетті қалау сұрамасқа? Ежелгі Исраилдың патшасы Дәуіт былай дұға еткен: “Уа, Ием, ақ жолыңды көрсете гөр, Еркіңе сәйкес жүруге үйрете гөр, Шындығыңа сай бағыттап, нұсқай гөр. Себебі Құтқарушы Құдайымсың Сен, Күні бойы Саған үміт артамын мен” (Заб. 24:4, 5). Біз де дұғада Ехобаға ұнайтынды істеу қалауын сұрауымызға болады. Ехоба Құдай мен оның Ұлы біздің қызметімізге қалай қарайтыны жайлы ой жүгірткенде, жүрегіміз оларға деген ризашылыққа толады (Мат. 26:6—10; Лұқа 21:1—4). Бұл сезім, өз кезегінде, Құдайдан рухани жетістіктер жасау қалауын өтінуге талпындырады. Ишая пайғамбардың үлгісінен қандай ниет дамыту керек екенін білеміз. Ол Ехобаның “Мен кімді жіберейін? Біздің хабаршымыз кім болады?” деген даусын естігенде: “Мен бармын, Ием. Мені жібере гөр”,— деп жауап берді (Ишая 6:8).
Рухани жетістіктерге ұмтылайық
11. а) Неге ер бауырластардың қауымда жауапкершілік алуға ұмтылғандары жөн? ә) Қауымда қызмет ету мәртебесіне ер бауырлас қалай ұмтыла алады?
11 2008 қызмет жылында 289 678 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Сондықтан қауымда жетекшілік ететін ер бауырластарға қажеттілік арта түсті. Бұл жайт ер бауырластарға қалай әсер ету керек? Қысқаша айтқанда, олардың қызмет көмекшілері мен ақсақалдарға қойылатын Киелі кітаптағы талаптарға сай келуге ұмтылғандары жөн (Тім. 1-х. 3:1—10, 12, 13; Тит. 1:5—9). Ер бауырлас Жазбалардағы талаптарға сай келуге қалай ұмтыла алады? Қызметке құлшыныспен қатысу, қауымдағы жауапкершіліктерін тыңғылықты атқару, кездесулерде беретін түсініктемелерінің сапасын жақсарту және бауырластарына арнайы көңіл бөлу арқылы. Мұндай бауырлас қауымдағы орнын бағалайтынын көрсетеді.
12. Жастар шындық жолында қалай құлшыныс таныта алады?
12 Жас ер бауырластар, әсіресе жасөспірімдер, қауымда жетістіктерге жету үшін не істей алады? Олар Жазбалардан білім алу арқылы “парасатты да рухани көреген” болуға ұмтыла алады (Қол. 1:9). Бұл үшін Құдай Сөзін тыңғылықты зерттеп, қауым кездесулеріне құлшына қатысқандары жөн. Сондай-ақ жастар толық уақытты қызметтің әртүріне ‘айқара ашылған есіктен’ кіру үшін талаптарға сай болуға тырысқандары абзал (Қор. 1-х. 16:9). Ехобаға қызмет етуде алға басуға ұмтылу нағыз қанағат әкелетін өмір жолы болып табылады және мол батаға кенелтеді (Екклесиаст 12:1 оқыa).
13, 14. Әйел бауырластар қауымдағы рөлін бағалайтындықтарын қандай жолдармен көрсете алады?
13 Әйел бауырластар Забур 67:12-дегі сөздердің орындалуына жеке үлес қосу мүмкіндігін бағалайтындарын көрсете алады. Онда: “Жаратқан Ие мынаған бұйрық шығарды, Көптеген қыз-келіншек оны хабарлады”,— деп жазылған. Әйел бауырластар үшін қауымдағы орнын бағалайтындарын көрсетудің ең көрнекті жолы — шәкірт дайындау ісіне қатысу (Мат. 28:19, 20). Демек, қызметке толыққанды қатысумен және құрбандыққа баруға дайын болумен әйел бауырластар қауымдағы рөлін бағалайтындықтарын дәлелдейді.
14 Пауыл Титке былай деп жазды: “Егде әйелдердің жүріс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет... [және] басқаларды жақсылыққа үйрететін болсын. Олар қыз-келіншектерді күйеулері мен балаларын сүйіп, байсалды, кіршіксіз таза, үй шаруасына ұқыпты әрі мейірімді болып, күйеулеріне мойынсұнуға үйретсін; осылайша Құдай сөзі жамандалмасын” (Тит. 2:3—5). Рухани толысқан әйел бауырластардың қауымдағыларды игі іске талпындыруда атқаратын рөлі зор! Олар басшылық алған ер бауырластарды құрметтеулерімен және көңіл көтеру, киім мен сыртқы көрініс мәселелерінде дана шешім қабылдауларымен басқаларға үлгі көрсетеді, сонымен қатар қауымдағы орнын бағалайтынын дәлелдейді.
15. Салтбасты әйел бауырластар жалғыздықпен қалай күресе алады?
15 Кейде тұрмыс құрмаған әйел бауырласқа қауымда өз орнын табу қиынға соғуы мүмкін. Осындай жағдайды бастан кешірген бір әйел бауырлас былай дейді: “Салтбасты болғандықтан, кейде жалғызсыраймын”. Мұнымен қалай күресіп жатқанын сұрағанда, ол: “Дұға мен зерттеу қауымда өз орнымды қайта табуға көмектесті. Ехобаның маған деген көзқарасына қатысты тақырыптарды зерттедім. Кейін қауымдағы бауырластарға пайдамды тигізуге тырыстым. Осының арқасында өзіме тым көп көңіл бөлмейтін болдым”,— деді. Забур 31:8-ге сай, Ехоба Дәуітке: “Сені таса қылмай көзімнен, Әрдайым жетелеп жүремін Мен”,— деген. Демек, Ехоба әрбір қызметшісінің, салтбасты әйел бауырластардың да, қамын ойлайды және қауымда өз орындарын табуға көмектеседі.
Өз рөліңді атқара бер
16, 17. а) Ехобаның шақыруын қабыл алғанымыз неге ең жақсы шешім болып табылады? ә) Ехобаның ұйымындағы рөлімізді атқара беру үшін не істейміз?
16 Ехоба әрбір қызметшісін сүйіспеншілікпен өзіне жақындатқан. “Мені жіберген Әкем Өзіме жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады”,— деген Иса (Жох. 6:44). Жердегі миллиардтаған адамның ішінен Ехоба әрқайсымызды қызметшісі етіп таңдап, қазіргі кездегі қауымының бір мүшесі ретінде қабылдады. Ехобаның шақыруын қабыл алғанымыз өміріміздегі ең жақсы шешім болып табылады. Сондай-ақ бұл өмірімізге мән-мағына берді. Қауымда өз орнымызды тапқанның арқасында зор қуаныш пен қанағат сезінудеміз.
17 “Сен тұратын қасиетті үйіңді... сүйемін, уа, Жаратқан Ие. Тегіс жерде табан басып нық тұрамын, Жиындарда Жаратқанға мақтау айтамын”,— деді забур жыршысы (Заб. 25:8, 12). Шынайы Құдайдың ұйымында әрқайсымызға орын бар. Теократиялық басшылыққа мойынсұнып, Құдайға тынбай қызмет ете берсек, Ехобаның құрылымындағы рөлімізді атқара беретін боламыз.
[Сілтеме]
a Екклесиаст 12:1: “Қиын-қыстау күндер туғанда, ол жылжи отырып жылдарға алмасқанда, сен ол күндер туралы: “олардан мен үшін ешқандай ғанибет жоқ!” демес үшін өз Жаратушыңды жасөспірім кезеңіңнен есіңде ұста”.
Естеріңде ме?
• Неге әрбір мәсіхшінің қауымда өз орны бар деуге болады?
• Құдай ұйымындағы орнымызды бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?
• Қауымда атқаратын рөлімізге қандай жайттар әсер етеді?
• Қауымдағы жастар мен үлкендер Құдай ұйымындағы орнын бағалайтындықтарын қалай көрсете алады?
[16-беттегі суреттер]
Ер бауырластар қауымда жауапкершілік алуға қалай ұмтыла алады?
[17-беттегі сурет]
Әйел бауырластар қауымдағы өз орнын бағалайтындарын қалай көрсете алады?