Киелі кітапты зерттеуге арнайы уақыт бөлдің бе?
ӨТКЕН жылы Басқарушы кеңес қауым кездесулерінің кестесіне өзгеріс енгізілгенін хабарлаған болатын. Бұл өзгерістің арқасында Киелі кітапты зерттеуге және отбасымен талқылауға көбірек уақыт босады. Отағасы болсаң, Киелі кітапты зерттеуді әйеліңмен және балаларыңмен жүйелі түрде өткізгенің абзал. Балалары жоқ ерлі-зайыптылар босаған осы уақытты бірге Киелі кітап зерттеуге арнағандары жөн болар. Ал отбасылық жауапкершіліктері жоқ салтбасты бауырластар бұл уақыттарын Киелі кітапты жеке зерттеуге жұмсай алады.
Отбасылық ғибадат үшін жасалған бұл өзгеріске көпшілік ризашылық білдіруде. Мысалы, Кевин есімді бір ақсақал былай деп жазды: “Қауымымыздың ризашылығы сонша, жай ғана “рақмет” деу жеткіліксіз. Ақсақалдармен жиналып, босаған осы кешті Басқарушы кеңес ұсынғандай Киелі кітапты отбасымен зерттеу үшін не істей алатынымызды талқыладық”.
Күйеуі ақсақал болып қызмет ететін Джоди есімді әйел былай деп жазды: “Біздің он бес, он бір және екі жасар үш қызымыз бар. Жақында біз ым тіліндегі қауымға ауыстық. Барлық қауым кездесуіне дайындалуға көп уақыт пен күш жұмсаймыз. Ал қазір осы өзгерістің арқасында босаған кешті отбасылық ғибадатқа арнауға мүмкіндігіміз бар”.
Джон мен Джоан есімді ізашар ерлі-зайыптылар былай деді: “Біз отбасылық Киелі кітап зерттеуді қауым істерінің арасынан уақыт тауып, анда-санда ғана өткізетінбіз. Соңғы өзгерістің арқасында босаған уақытты орнымен қолдансақ, оны Ехобаның рухани жігер беретін сыйы дей аламыз”.
Жиырмадан асқан салтбасты Тони бауырластың Киелі кітапты жеке зерттеуі сейсенбі күні кешке өтеді. Аптаның басқа күндері ол қауым кездесулеріне дайындалады. Бірақ Тони: “Әсіресе, сейсенбілік кешті асыға күтемін”,— дейді. Неге? “Бұл менің Ехобамен бірге өткізетін ерекше кешім. Екі сағат бойы Ехобамен қарым-қатынасымды нығайтатын тақырыптарды зерттеймін. Көбірек уақыт пайда болғандықтан, оқыған жазба орындарының үстінен ой жүгіртуге мүмкіндігім бар”,— деп түсіндірді. Бұл қандай нәтиже берді? “Ехобаның ақыл-кеңесі бойыма тереңірек сіңе бастады”. Мысалы? “Киелі жазбаларды түсіну” кітабынан Дәуіт пен Жонатанның достығы туралы оқып, Жонатанның жанқиярлығы жайлы көп білдім. Оның үлгісінен шынайы достың қандай болатынын жақсырақ түсіндім. Сейсенбі сайын жеке зерттеуімде осындай құнды ойларды әлі де көптеп табатыныма сенімдімін”.
Ехобаның барлық қызметшісі пайда болған қосымша уақытты Киелі кітапты тыңғылықты зерттеу мен отбасымен ғибадат ету үшін орынды жұмсап, оның көп пайдасын көретіндері сөзсіз.