Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w09 15.9. 11—15 бет.
  • Мәсіх сияқты бойсұнғыш және батыл болыңдар

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Мәсіх сияқты бойсұнғыш және батыл болыңдар
  • 2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Кемелсіздікке қарамастан, бойсұнғыш бола аламыз
  • Иса батылдықтың ең зор үлгісін көрсетті
  • Исаның батылдығынан үйрен
  • Мәсіхтікіндей сенім мен батылдық танытыңдар
  • “Батыл да табанды болыңдар!”
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Батыл болып, іске кірісейік!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • “Қайратты да батыл бол!”
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Батыл бол, Ехоба саған жар болады!
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w09 15.9. 11—15 бет.

Мәсіх сияқты бойсұнғыш және батыл болыңдар

“Батыл болыңдар; Мен осы дүниені жеңіп шықтым” (ЖОХ. 16:33).

1. Қалайша Иса Құдайға толық бойсұнды?

ИСА МӘСІХ әрдайым Құдайдың еркін орындаған. Көктегі Әкесіне бойсұнбау оның ойына да кіріп шықпаған (Жох. 4:34; Евр. 7:26). Дегенмен жерде өмір сүргенде кезіккен жағдайларда бойсұну оған оңайға соқпады. Себебі Иса уағыздауды бастай салысымен-ақ жаулары, Шайтанның өзі де, оны көндіру, мәжбүрлеу және қулық-сұмдық жасау арқылы адалдығынан тайдыруға тырысты (Мат. 4:1—11; Лұқа 20:20—25). Жауларының кесірінен Иса қатты күйзелді, жаны мен тәніне батқан қиындыққа кезікті. Ақыр аяғында бағанаға шегелеп өлтірілді (Мат. 26:37, 38; Лұқа 22:44; Жох. 19:1, 17, 18). Осының бәріне, тіпті қатты азап шеккеніне қарамастан, Иса “өлімге дейін бойсұнды” (Філіпіліктерге 2:8 оқы).

2, 3. Азап шексе де, бойсұнғыш болған Исадан қандай үлгі аламыз?

2 Иса жерде адам болып өмір сүрген кезінде бойсұнушылықтың жаңа қырларына үйренді (Евр. 5:8). Миллиардтаған жыл Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болып, оның “шебер жұмысшысы” ретінде жарату ісіне қатысқандықтан, Құдайға қызмет етуде Исаға үйренетін ештеңе қалмаған сияқты болып көрінер (Нақ. с. 8:30 ЖД). Әйтсе де адам баласы ретінде көп ауыртпалық көріп, сенімінде берік тұруымен толықтай мінсіз екенін дәлелдеді. Осылайша Құдайдың Ұлы Иса рухани өсті. Оның бастан кешкен жағдайларынан біз не үйренеміз?

3 Кемелді адам бола тұра Иса кемелді түрде бойсұну үшін өз күшіне арқа сүйеген жоқ. Ол Құдайдан көмек сұрады (Еврейлерге 5:7 оқы). Бойсұнғыш болу үшін біз де кішіпейілділік танытып, үнемі дұға етуіміз керек. Сондықтан да елші Пауыл мәсіхшілерге былай деп кеңес берді: “Иса Мәсіхтің мінез-құлқы [“ой қалпы” ЖД] сендердікі де болсын... ол өзін төмен тұтып... өлімге дейін бойсұнды” (Філіп. 2:5—8). Исаның жағдайы зұлым дүниеде өмір сүріп жатқанына қарамастан, адамдар бойсұнғыш бола алатынын дәлелдеді. Иә, бұл кемелді адамның мысалы, ал кемелсіз адамдарға қатысты не деуге болады?

Кемелсіздікке қарамастан, бойсұнғыш бола аламыз

4. Қалау еркіндігімен жаратылғанымыз нені білдіреді?

4 Құдай Адам мен Хауаны қалау еркіндігі бар саналы тұлға етіп жаратты. Олардың ұрпағы болғандықтан, бізде де қалау еркіндігі бар. Бұл нені білдіреді? Жақсылық не жамандық істеуді өзіміз шеше алатынымызды білдіреді. Басқаша айтқанда, Құдай бізге өзіне бойсұнуды не бойсұнбауды шешу еркіндігін берді. Мұндай еркіндікпен қатар жауапкершілік те жүктелді. Демек, дұрыс пен бұрысқа қатысты шешімдеріміз бізге не өмір, не өлім әкеледі. Сондай-ақ шешімдеріміз қасымыздағы адамдарға да әсер етеді.

5. Бәрімізге немен күресуге тура келеді және оны қалай жеңе аламыз?

5 Мұра еткен кемелсіздіктің салдарынан адам бойсұнуға бейім емес. Құдай заңына барлық уақытта бойсұну оңайға соға бермейді. Сондықтан Пауылға күресуге тура келген. Ол: “Бойымда басқа бір заңдылықтың да бар екенін байқаймын: ол ақыл-ойым қалайтын жақсылыққа қарсы шығып, мені бойымдағы күнәкар құмарлыққа кіріптар етеді”,— деп жазды (Рим. 7:23). Әрине, ыңғайсыздық тудырмаса, жанға батпаса немесе сол үшін құрбандыққа бару қажет болмаса, бойсұну оңай. Ал егер “күнәкар адамның құмарлығы мен көзінің қомағайлығы” бойсұну ықыласына қайшы келсе, қалай әрекет етеміз? Мұндай жағымсыз қалаулар кемелсіздіктен ғана емес, “осы дүниелік рухтан” бастау алады, әрі олардың ықпалы күшті (Жох. 1-х. 2:16; Қор. 1-х. 2:12). Жағымсыз қалауларға бой алдырмау үшін қиындыққа не сынаққа кезікпес бұрын “жүрегімізді дайындау” және кез келген жағдайда Ехобаға бойсұнуға белді бекем буу қажет (Заб. 78:8 ЖД). Киелі кітапта жүректі дайындаудың арқасында осы күресте жеңіске жеткен адамдардың көптеген мысалы жазылған (Езра 7:10; Дан. 1:8).

6, 7. Жеке зерттеу дана шешім қабылдауға қалай көмектеседі?

6 Жүректі дайындаудың бір жолы — Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді тыңғылықты зерттеу. Мысал ретінде келесі жағдайды елестетші: Жеке зерттеу жүргізетін кеш. Қазір ғана Ехобаға дұға етіп, оның Сөзінен алған білімді іс жүзінде қолдануға киелі рухтың көмегін сұрадың. Ал зерттеу барысында келесі күні кешке теледидардан бір фильмді көруді жоспарлағаның есіңе түсті. Таныстарың фильмді жақсы деп мақтаған, бірақ онда азғындық пен зорлық-зомбылықтың шамалы бар екенін білесің.

7 Содан сен Пауылдың Ефестіктерге 5:3-тегі: “Араларыңда неке адалдығын бұзу, әр қилы азғындық пен аш көздіктің тіпті аттары да аталмасын. Құдайдың адамдарына бұлардан аулақ жүру лайық”,— деген кеңестің үстінен ой жүгірттің. Сондай-ақ Пауылдың Філіпіліктерге 4:8-дегі (оқы) сөздері есіңе түсті. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған осы кеңесті қолдану жайлы ой жүгірткенде, өзіңе мынадай сұрақ қойдың: “Біле тұра осындай бағдарламаларды көріп, олардың жүрегім мен ойыма әсер етуіне жол берсем, Құдайға бойсұнған Исаның үлгісіне еліктеп жүрмін дей аламын ба?” Осындай жағдайда сен қандай шешім қабылдайсың? Фильмді бәрібір көресің бе?

8. Неге жоғары моральдық және рухани нормалардан төмендемеуіміз керек?

8 Жаман ортаның әсеріне, тіпті азғындық не зорлық-зомбылық жасалатын көңіл көтерудің ықпалына қарсы тұра аламын деген сияқты оймен, ұстанып жүрген моральдық және рухани нормаларымыздан төмендегеніміз ақылсыздық болар еді. Қайта, өзімізді және балаларымызды Шайтанның дүниесіндегі бүлінген рухтың ықпалынан қорғағанымыз маңызды. Әдетте, жұқпалы аурулардан сақтану үшін қажетті шаралар қолдануға тырысамыз. Себебі көзге көрінбейтін вирус ағзаға енсе, маңызды дене мүшелерінің қызметін бұзып, денсаулығымызға, тіпті өмірімізге қауіп төндіретінін, сондай-ақ қасымызда жүрген адамдарға жұғуы мүмкін екенін білеміз. Олай болса, Шайтанның ‘қастық іс-әрекеттерінен’ өзімізді қорғау үшін тынбай әрекет ету әлдеқайда маңызды емес пе?! (Ефес. 6:11).

9. Неге күнделікті өмірде Ехобаға бойсұнуға белді бекем буу керек?

9 Біз күнделікті үлкенді-кішілі шешімдер қабылдап жатамыз. Не шешкенімізден Ехобаның жолымен әрекет ететініміз не етпейтініміз көрінеді. Құтқарылғымыз келсе, Құдайға бойсұнып оның әділ нормаларына сай өмір сүруіміз керек. Исаның “өлімге дейін” бойсұнған үлгісіне еліктеу арқылы біз сеніміміздің шынайы екенін көрсетеміз. Адалдықпен әрекет еткеніміз үшін Ехоба бізге сый береді. Сондықтан Иса: “Ақырына дейін табандылық көрсеткен әркім құтқарылады”,— деп уәде етті (Мат. 24:13). Ал табанды болу үшін Исаныкіндей нағыз батылдық дамытуымыз керек (Заб. 30:25).

Иса батылдықтың ең зор үлгісін көрсетті

10. Қандай қысым көруіміз мүмкін және бізден не талап етіледі?

10 Осы дүниеге тән ой қалып пен жүріс-тұрыстың ықпалына қарсы тұру үшін бізге батылдық қажет. Мәсіхшілер моральдық, қоғамдық, қаржылық және діни мәселелерде қысым көруде. Мұндай қысым оларды Ехобаның жолынан тайдыруы мүмкін. Сондай-ақ көптеген мәсіхшілер отбасыларының тарапынан қарсылыққа кезігуде. Кейбір елде білім беру мекемелері эволюция теориясын белсене қолдауда және адамдар атеизмге көбірек ықылас қоюда. Сондықтан бізге қол қусырып отыруға болмайды. Қысымға төтеп беріп, осылайша өзімізді қорғау үшін әрекет етуіміз керек. Осы күресте нәтижелі болуға бізге Исаның үлгісі көмектеседі.

11. Неге Исаның үлгісі жайлы ой жүгірткеніміз бізге батылдық береді?

11 Иса шәкірттеріне: “Күнәкар дүниеде қысымшылық көресіңдер; алайда батыл болыңдар; Мен осы дүниені жеңіп шықтым”,— деген (Жох. 16:33). Ол осы дүниенің әсеріне ешқашан берілмеген. Сонымен қатар уағыздау тапсырмасын орындауды тоқтатпаған және шынайы ғибадат пен жүріс-тұрысқа қатысты жоғары нормаларды ұстанған. Біз де солай етуіміз керек. Иса дұғасында шәкірттері жайлы: “Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес”,— деген (Жох. 17:16). Исаның батылдық танытқан жағдайларын зерттеп, солардың үстінен ой жүгірткеніміз бізге осы дүниеден бөлек тұруға қажетті батылдық береді.

Исаның батылдығынан үйрен

12—14. Исаның батыл әрекет еткенінің мысалдарын келтіріңдер.

12 Иса жердегі қызметінің соңына дейін зор батылдық танытты. Құдай Ұлы ретіндегі билігін қолданып, батылдықпен ‘ғибадатхананың алаңына кірді де, ондағы сатушылар мен алушылардың бәрін де қуып шығарып, ақша айырбастаушылардың үстелдері мен көгершін сатушылардың орындықтарын аударып тастады’ (Мат. 21:12). Ал өлер алдындағы түні сарбаздар өзін тұтқындауға келгенде, тайсалмай алдарынан шықты да, шәкірттерін қорғау үшін: “Егер Мені іздеп жүрсеңдер, онда мыналарға тимеңдер, кете берсін”,— деді (Жох. 18:8). Содан көп ұзамай Петірге семсерін қынабына салуды бұйырды, осылайша Иса қару-жараққа емес, Ехобаға сенім артатынын көрсетті (Жох. 18:11).

13 Иса жалған ұстаздарды және олардың жалған ілімдерін батыл әшкереледі. “Дін мұғалімдері мен парызшылдар, екі жүзділер, сендер қасіретке қаласыңдар! Халық үшін Құдай Патшалығын құлыптап қоясыңдар”,— деді оларға. “Таурат заңының әділдік, мейірімділік және адалдық туралы маңызды қағидаларына көңіл бөлмедіңдер... Ыдыс-аяққа сыртқы тазарту рәсімін орындай бересіңдер, бірақ олардың іші алдамшылық пен дүниеқоңыздыққа толы” (Мат. 23:13, 23, 25 сілт.). Жалған діннің басшылары Исаның шәкірттерін қудалайтын және өлтіретін болғандықтан, оларға да осындай батылдық қажет еді (Мат. 23:34; 24:9).

14 Иса тіпті жын-перілерге тайсалмай қарсы тұрған. Бірде ол ешкім шынжырмен байлап қоя алмайтын жын соққан кісіге кезікті. Иса қорықпастан оның бойын билеп алған көп жынды қуып шығарды (Мар. 5:1—13). Қазіргі кезде Құдай мәсіхшілерге мұндай керемет жасауға күш бермейді. Дегенмен уағыздау мен тәлім беру кезінде біз де Құдайға сенбейтіндердің “саналарын соқыр қылып қойған” Шайтанмен рухани соғыс жүргіземіз (Қор. 2-х. 4:4). Біздегі қару да “осы дүниелік емес”. Бізде “Құдайдың құдіреті бар”, оның көмегімен “жау бекіністерін [яғни терең тамыр жайған жалған ілімдерді] талқандаймыз” (Қор. 2-х. 10:4). Осы қаруды шебер қолдануда Исадан көп нәрсеге үйрене аламыз.

15. Исаның батылдығы неге негізделді?

15 Исаның батылдығы өз күшіне емес, сенімге негізделген еді. Бізде де солай болу керек (Мар. 4:40). Ал шынайы сенімге ие болу үшін не істеу керек? Тағы да Исадан үлгі алу керек. Ол Жазбаларды жақсы білген, әрі оларға толық сенім артқан. Құдай Сөзін рухани қылыш ретінде шебер қолдана білген. Тәлімінің дұрыстығын әрқашан Жазбалардан үзінді келтіруімен дәлелдеп отырғанa.

16. Сенімді қалай нығайта аламыз?

16 Исаның ізбасарлары ретінде біз сынақтарға кезігетінімізді білеміз. Сондықтан сенімде нық тұру үшін Киелі кітапты күнде оқу, зерттеу және қауым жиналыстарынан қалмау керек. Сонда сенімнің негізі болып табылатын шындық санамызға құйылады (Рим. 10:17). Терең ой жүгірту арқылы білгенімізді жүрекке ұялату қажет. Тек тірі сенім ғана батыл әрекетке талпындыра алады (Жақ. 2:17). Ал сенім киелі рухтың жемісі болғандықтан, дұғада киелі рух сұрау маңызды (Ғал. 5:22).

17, 18. Қалай жас қыз бауырлас мектепте батылдық танытты?

17 Китти есімді жас қыз бауырластың мысалынан шын сенімнің қалай батылдыққа талпындыратынын көрейік. Ол кішкентай кезінен мектепте ‘Ізгі хабар үшін еш ұялмау’ керектігін білетін, әрі сыныптастарына жақсы куәлік беруді қатты қалайтын (Рим. 1:16). Жыл сайын басқалармен ізгі хабар жайлы әңгімелесуге мықтап бел буғанына қарамастан, батылы жетпей тартыншақтап қалатын. Бірнеше жылдан кейін ол басқа мектепке ауысады. Сонда ол: “Бұл жолы ешбір мүмкіндікті жібермеймін”,— деп бекінді. Китти Құдайдан Исаныкіндей батылдық пен парасаттылық, әрі жақсы мүмкіндік сұрап дұға етеді.

18 Мектепке келген алғашқы күні мұғалім оқушылардан өздерін таныстыруды сұрады. Бірнеше оқушы өздерінің қай дінге жататынын, бірақ оны ұстанбайтынын айтты. Сонда Китти дұғада сұраған мүмкіндіктің туғанын түсінді. Өз кезегі келгенде ол: “Мен Ехоба куәгерімін, әрі рухани және моральдық мәселелерде басшылықты Киелі кітаптан аламын”,— деп сенімділікпен сөзін бастады. Әрі қарай әңгімелеп тұрғанда кейбір оқушылар жақтырмаған сыңай танытса, басқалары мұқият тыңдап, сұрақтар қойды. Соңында мұғалім сенімін қорғай алған Киттидің жақсы үлгі көрсеткенін атап өтті. Китти Исадан батыл болуды үйренгеніне қатты қуанды.

Мәсіхтікіндей сенім мен батылдық танытыңдар

19. а) Шын сенімге не жатады? ә) Ехобаны қалай қуанта аламыз?

19 Елшілер де батыл әрекеттің сенімге негізделу керектігін түсінген. Сондықтан Исадан: “Сенімімізді арттыра көріңіз”,— деп, қатты өтінді (Лұқа 17:5, 6 оқы). Шын сенім — жай ғана Құдайдың бар екеніне сену емес. Бұған сүйіспеншілік пен сенімділікке негізделген Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамыту жатады. Бұл кішкентай бала мен мейірімді де сүюші әкенің арасындағы қарым-қатынасқа ұқсайды. Киелі рухтың жетелеуімен Сүлеймен: “Балам, егер сен дана болсаң, Жүрегім қатты шаттанады бұған. Лайым ақиқат шықса аузыңнан, Қуанышым қойныма сыймайды соған”,— деп жазды (Нақ. с. 23:15, 16). Дәл осылай біздің де әділ принциптерді батыл ұстанғанымыз Ехобаны қуантады. Ал мұны білгеніміз батылдығымызды арттыра түседі. Олай болса, әрқашан Исаға еліктеп, әділдік жолында батыл тұралық!

[Сілтеме]

a Мысалы: Мат. 4:4, 7, 10; 11:10; 21:13; 26:31; Мар. 9:13; 14:27; Лұқа 24:46; Жох. 6:45; 8:17.

Түсіндіріп бере аласыңдар ма?

• Кемелсіздікке қарамастан, қалай бойсұнғыш бола аламыз?

• Шын сенім неге негізделеді және ол бізге батыл болуға қалай көмектеседі?

• Неге Мәсіх сияқты бойсұнғыш және батыл болуымыз керек?

[13-беттегі сурет]

Сынақтарға төтеп беру үшін ‘жүрегіңді дайындайсың’ ба?

[15-беттегі сурет]

Иса сияқты, біз де сенімге негізделген батылдық таныта аламыз

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу