Құдайға жақындау үшін ораза ұстау қажет пе?
“Ораза ұстау рухани нәрселер туралы ойлауға көмектеседі және өмірде басты орында дүние-мүлік тұрмауы керектігін еске салады” КАТОЛИК ДІНІН ҰСТАНАТЫН ӘЙЕЛ
“Ораза ұстау Құдаймен қарым-қатынаста болуға көмектеседі” ИУДАИЗМ ҰСТАЗЫ
“Менің дінімде ораза ұстау талап етіледі. Бұл — Құдайға шексіз берілгендігімді және ризашылығымды көрсететін негізгі парыз. Мен Құдайды жақсы көргендіктен ораза ұстаймын” БАХАИЗМ ДІНІН ҰСТАНАТЫН КІСІ
ОРАЗА ҰСТАУ — дүниежүзі бойынша кеңінен тараған рәсім. Буддизм, индуизм, ислам, джайнизм, иудаизмдегі және тағы басқа діндегі адамдар ауыз бекітеді. Көп адам белгілі бір уақыт аралығында ауыз бекіту Құдайға жақындатады деп сенеді.
Сіз қалай ойлайсыз? Ораза ұстау керек пе? Құдай Сөзі — Киелі кітапта бұл туралы не айтылған?
Киелі кітап заманындағы ораза
Киелі кітап заманында адамдар әртүрлі себеппен ораза ұстап, Құдайдың мақұлдауына ие болған. Олардың кейбірі күнәлары үшін қайғырғандықтан не өкінгендіктен (Патшалықтар 1-жазба 7:4—6); Құдайдың ықыласына ие болғысы келгендіктен не оның басшылығын іздегендіктен (Билер 20:26—28; Лұқа 2:36, 37); немесе еш нәрсеге алаңдамай ой жүгірткісі келгендіктен (Матай 4:1, 2) ораза ұстаған.
Бірақ Киелі кітапта Құдайға ұнамсыз ниетпен ораза ұстаған адамдар жайлы да жазылған. Мысалы, Саул патша бақсы әйелге барар алдында ораза ұстаған (Леуіліктер 20:6; Патшалықтар 1-жазба 28:7—20). Езабел сияқты зұлым адамдар және елші Пауылды өлтіргісі келгендер тамақ ішіп-жемейміз деп ант беріскен (Патшалықтар 3-жазба 21:7—12; Елшілердің істері 23:12—14). Парызшылдар үнемі ораза ұстайтын (Марқа 2:18). Бірақ Иса пайғамбар да, Құдай да оларды айыптаған (Матай 6:16; Лұқа 18:12). Сол сияқты кейбір исраилдіктердің жүріс-тұрыстары мен ниеттері бұзылғандықтан, Ехоба Құдай олардың оразаларын қабыл алмаған (Еремия 14:12).
Бұл мысалдардан көрініп тұрғандай, адамның Құдайдың мақұлдауына ие болуы ораза ұстауына байланысты емес. Алайда көп ақжүректі қызметшілердің оразасын Құдай қабыл алған. Олай болса, Құдайдың қазіргі қызметшілері ораза ұстау керек пе?
Құдайдың қазіргі қызметшілері ораза ұстау керек пе?
Мұса пайғамбардың заңы бойынша, еврейлерге жылына бір рет Ұлы кешірім күні ‘жан-дүниелерімен бас ұру’, немесе ораза ұстау, бұйырылған болатын (Леуіліктер 16:29—31; Забур 34:13). Дәл осы оразаны Ехоба өз халқына өсиет еткен едіa. Мұса заңын ұстанған еврейлер бұл өсиетті орындаған. Бірақ Құдайдың қазіргі қызметшілерінен Мұса арқылы берілген заңды ұстану талап етілмейді (Римдіктерге 10:4; Қолостықтарға 2:14).
Иса осы Заңның талабы бойынша ораза ұстағанымен, мұны әдетке айналдырмаған. Ол ауыз бекіткен жағдайда қалай әрекет ету керектігін айтқан, бірақ шәкірттеріне ораза ұстауды ешқашан бұйырмаған (Матай 6:16—18; 9:14). Олай болса, неліктен Иса өзінің өлімінен кейін шәкірттері ораза ұстайтындарын айтты? (Матай 9:15). Бұл бұйрық емес еді. Исаның сөздері ұстаздарының өлімінен кейін шәкірттері қатты қайғыға батып, тамаққа тәбеттері тартпайтынына нұсқады.
Киелі кітапта Исаның шәкірттерінің ораза тұтқаны жайлы екі оқиға жазылған. Осы оқиғалардан көрінетіндей, адамның дұрыс ниетпен ауыз бекіткені Құдайға ұнамды (Елшілердің істері 13:2, 3; 14:23)b. Бірақ ораза ұстау міндет емес. Ал ораза ұстауды шешкен адам кейбір қауіпті жайттарды ескеруі керек.
Қауіпті жайттар
Ораза ұстаған адам өзін әділ санаудан аулақ болу керек. Киелі кітапта жасанды кішіпейілділік айыпталады (Қолостықтарға 2:20—23). Ораза ұстағанына бола өзін басқалардан жоғары санаған менмен парызшыл туралы Исаның астарлы әңгімесі Құдай мұндай көзқарасты жек көретінін анық көрсетеді (Лұқа 18:9—14).
Сондай-ақ ораза ұстағаныңды жарияға жар салу немесе оны басқа біреудің айтуымен істеу дұрыс болмас еді. Матай 6:16—18 сай, Иса ораза ұстау адам мен Құдайдың арасындағы мәселе екенін айтты.
Адам ораза ұстасам, күнәларым кешіріледі деп ешқашан ойламауы керек. Құдайдың заңдарын орындамай, тек ораза ұстауымызбен оған ұнамды бола алмаймыз (Ишая 58:3—7). Күнәнің кешірілуіне негіз болатын — ораза ұстау емес, шын жүректен өкіну (Жоел 2:12, 13). Киелі кітап Құдайдың Иса Мәсіхті құрбандыққа беруі арқылы көрсеткен рақымының арқасында ғана кешірімге ие болатынымызға назар аударады. Ораза ұстаумен не басқа істермен Құдайдың рақымына ие болу мүмкін емес (Римдіктерге 3:24, 27, 28; Ғалаттықтарға 2:16; Ефестіктерге 2:8, 9).
Ишая 58:3-те кең тараған тағы бір жаңсақ ой жазылған. Исраил халқы ораза ұстағанымыз үшін Ехоба бізге батасын төгеді деп күтті, өйткені олар осылай етуімізбен Құдайдың ықыласына ие боламыз деп ойлады. Олар: “Біз ораза ұстап едік, Сен неге көз салмадың? Саған бой ұсынған едік, Сен неге байқамадың?”— деді. Бүгінде де көптеген адамдар осылай ойлайды. Біз ешқашан Құдайға құрмет әкелмейтін және Жазбаларға негізделмеген мұндай көзқарас танытпайық.
Кейбіреулер аш жүруімізбен немесе өзімізді басқалай шектеуімізбен Құдайдың ықыласына ие боламыз деп ойлайды. Алайда Құдай Сөзі мұндай көзқарасты құптамайды, әрі ‘тәнді қатаң тәртіппен ұстау’ күнәкар болмыстың құмарлықтарымен күресуге көмектеспейтінін көрсетеді (Қолостықтарға 2:20—23).
Байсалды көзқарас
Ораза ұстау міндет емес, бірақ бұрыс әрекет деп те айта алмаймыз. Егер жоғарыдағы қауіпті жайттарды ескерер болсақ, ол кей жағдайда пайдалы болуы мүмкін. Алайда ғибадатымыз Құдайға ұнамды болу үшін ауыз бекіту шарт емес. Ехоба — “бақытты Құдай”, сондықтан қызметшілерінің де бақытты болғанын қалайды (Тімотеге 1-хат 1:11 ЖД). Оның Сөзінде былай делінген: “Егер әлдебір адам ауқат ішіп-жейтін болса, әрі өзінің ісінен ләззат алатын болса, онда бұл да — Құдайдың сыйы” (Екклесиаст 3:12, 13).
Біз Құдайға қуанышпен қызмет етуіміз керек. Ал Киелі кітап ораза ұстауды қуанышпен еш байланыстырмайды. Оның үстіне, ауыз бекіту денсаулығымызға кері әсер етсе немесе Жаратушымыз өзінің қызметшілеріне тапсырған істі, яғни Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау ісін, атқаруға қажетті күшімізді сарқып алатын болса, ол біз үшін пайдалы емес.
Ораза ұстауға қатысты қандай шешім қабылдамайық, өзгелерді соттамаймыз. Құдай қызметшілері оразаға қатысты пікір таластырмауы керек, өйткені “Құдай Патшалығы ішіп-жеуде емес, Киелі Рухтың күшімен әділ, өзара тату, қуанышты өмір сүруде” (Римдіктерге 14:17).
[Сілтемелер]
a Естер патшайым Пурим мейрамының алдында ораза ұстаған болатын. Құдай оның оразасын қабыл алғанымен, олай етуді бұйырмаған еді.
b Киелі кітаптың кейбір аудармаларында ораза ұстау деген тіркестер кездескенімен, көне Грек қолжазбаларында олар жоқ (Матай 17:21; Марқа 9:29; Қорынттықтарға 1-хат 7:5 сілтеме).
[19-беттегі қоршау]
Христиан әлемінің оразасы қайдан бастау алған?
Христиан әлемінің 40 күндік оразасы Мәсіхтің 40 күн нәр татпағанымен байланысты деп айтылады. Алайда Иса ораза ұстауды шәкірттеріне бұйырмаған, әрі олардың осылай істегендері туралы ешқандай дерек жоқ. Пасха мейрамының алдында 40 күн ораза ұстау жөніндегі нақты дерек алғаш рет теолог Афанасийдің б. з. 330 жылы жазылған хаттарында кездеседі деген пікір бар.
Иса оразаны өлерінің алдында ұстаған жоқ. Ол шомылдыру рәсімінен өткен соң ораза ұстады. Сондықтан кейбір діндегі адамдардың Пасханың алдында ораза ұстауы қисынсыз көрінеді. Алайда ежелгі бабылдықтар, мысырлықтар және гректер әр жылдың басында 40 күн ауыздарын бекітетін болған. Кейін бұл дәстүр христиан әлеміне енген.
[18-беттегі сөздер]
Парызшылдар ораза ұстаған кезде жасанды кішіпейілділік танытқан
[19-беттегі сөздер]
“Құдай Патшалығы ішіп-жеуде емес, Киелі Рухтың күшімен әділ, өзара тату, қуанышты өмір сүруде”