Құдайға жақында
Ехоба Құдай өзінің қасиеттерін ашты
СІЗ Құдайдың қасиеттері мен әрекет ету жолдарын қалай сипаттар едіңіз? Көз алдыңызға мынаны елестетіп көріңізші: Құдайдан өзі жайлы сұрадыңыз да, ол сізге өзінің қандай тұлға екенін айтып жатыр. Мұса пайғамбар дәл осындай жайтты бастан кешірді. Қуанышымызға орай, ол осы оқиғаны жазып қалдырды.
Синай тауында Мұса пайғамбар Ехоба Құдайдан: “Маған салтанатты ұлылығыңды көрсете гөр”,— деп өтінді (Мысырдан шығу 33:18). Содан келесі күні пайғамбар Құдайдың ұлылығын көру мәртебесіне ие болдыa. Мұса көрініс жайлы егжей-тегжейлі айтпаған, қайта, одан да маңыздысын — Құдайдың айтқандарын — жазып қалдырған. Ендеше, Ехоба Құдайдың Мысырдан шығу 34:6, 7-де жазылған сөздерін қарастырып көрейік.
Алдымен, Ехоба өзінің “рақымды да қайырымды Құдай” екенін ашты (6-тармақ). Бір Киелі кітап зерттеушінің айтуынша, “рақымды” деп аударылған еврей сөзінен “Құдай рақымы әкенің баласына деген мейіріміне ұқсайтынын білуге болады”. Ал “қайырымды” деп аударылған сөз “әлдекімнің мұқтаждығын көріп, оған шын жүректен көмек көрсету” деген етістіктен шыққан. Иә, Ехоба Құдай балаларын қамқорлайтын әке секілді сүйіспеншілікпен қызметшілерінің қамын ойлайды (Забур 102:8, 13).
Сосын, Ехоба Мұсаға өзінің ‘қаһарлануға асықпайтынын’ айтты (6-тармақ). Ол жердегі қызметшілеріне себепсізден-себепсіз ашулана бермейді. Қайта, оларға шыдамды болып, кемелсіз екендерін ескереді және теріс жолдан қайтуларын күтеді (Петірдің 2-хаты 3:9).
Сонымен қатар Құдай ‘сүйіспеншілігінің берік’ екенін және ‘әрдайым сөзінде тұратынын’ айтты (6-тармақ). Ехоба Құдайдың берік, немесе адал, сүйіспеншілігі оның ең керемет қасиеті болып табылады. Осы қасиеттің арқасында Құдай мен халқының арасында берік қарым-қатынас орнаған (Заңды қайталау 7:9). Сондай-ақ Ехоба Құдай — шындықтың қайнар көзі. Ол ешқашан өтірік айтпаған және оны ешкім алдай алмайды. “Шынайы Құдай” болғандықтан, біз оның айтқандарына және болашаққа қатысты уәделеріне толықтай сене аламыз (Забур 30:6).
Сондай-ақ Ехоба ‘әділетсіздік жасап, күнәға батқан адамды кешіреді’ (7-тармақ). Ол күнәсіна өкінген адамдарды “кешіруге дайын” (Забур 86:5 ЖД). Сөйткенмен де Ехоба жамандықты ақтамайды. Ол ‘жазалаусыз қалдырмайтынын’ айтады (7-тармақ). Құдай киелі және әділ болғандықтан, қасарысқан күнәкарларды жазалайды. Ертелі-кеш олар жаман істерінің зардабын шегеді.
Ехоба бізге өзінің қасиеттерін ашты. Демек, ол адамдардың өзін жақыннан танығанын қалайды. Сіз де Құдайдың керемет қасиеттері жайлы көбірек біле аласыз.
[Сілтеме]
a Мұса пайғамбар Ехоба Құдайды тікелей көрмеген, өйткені адам баласы Құдайды көрсе, тірі қалмайды (Мысырдан шығу 33:20). Мұсамен періште арқылы сөйлескенде, Құдай оған өзінің ұлылығының бейнесін көрсеткені анық.