Құдайға жақында
Әрқашан әділетті шешім қабылдайтын Құдай
ӘДІЛЕТТІЛІК. Шыншылдық. Алаламаушылық. Бұл қасиеттер бәрімізге де ұнайды. Әр адам өзіне әділеттілік танытқанды қалайды. Өкінішке қарай, бүгінде әділетсіздікпен жиі кезігеміз. Алайда сенім артуға тұрарлық әділ тұлға бар. Ол — әрқашан дұрыс шешім қабылдайтын Ехоба Құдай. Мұның растығын Ехоба мен Ыбырайым пайғамбардың арасында болған әңгімеден көруге болады. Бұл әңгіме Жаратылыс 18:22—32 тармақтарда жазылғанa.
Ехоба Ыбырайымға Содом мен Ғомора қалаларындағы әділетсіздікке көз жеткізбек екенін айтқанда, Ыбырайым сонда тұратын немере інісі Лут пен басқа да әділ адамдар үшін уайымдап, Ехобадан былай деп өтінеді: “Уа, Ием, сонда жауызбен бірге әділді де құртпақсың ба? Мүмкін қалада елу әділ адам бар шығар... Сол жерге ондағы елу әділ үшін рақым еткің келмей ме?” (23, 24-тармақтар). Құдай оған жауап қатып, 50 әділ адам үшін екі қалаға рақым ететінін айтады. Кейін Ыбырайым Ехобаға тағы да бес рет өтініш білдіріп, адам санын бірте-бірте онға дейін кемітеді. Өтінген сайын Құдай оған сонша әділ кісіге бола қалаларды жоймайтынын айтады.
Ыбырайым Құдаймен айтысты деуге бола ма? Әрине, жоқ! Мұнысы барып тұрған менмендік болар еді. Қайта, Ыбырайым Құдайға құрметпен және кішіпейілділікпен сөйледі. Себебі ол өзінің “күл мен топырақтан жаралған пенде” екенін мойындаған (27, 30—32 тармақтар). Сонымен қатар Ыбырайым Ехобаның әділ адамды жауызбен бірге өлтірмейтініне сенімді екенін көрсетіп: “Бүкіл әлемнің Қазысы әділетті шешім қабылдамаушы ма еді?”— деп айтты (25-тармақ).
Ыбырайымның айтқаны дұрыс па еді? Оның Содом мен Ғоморада кем дегенде он әділ адам бар деп ойлағаны дұрыс болмай шықты. Алайда оның Құдай ешқашан “әділ адамды жауызбен бірге өлтірмейді” дегені дұрыс еді. Құдай азғын қалаларды жойғанда, періштелер арқылы тек әділ Лут пен екі қызын құтқарып қалды (Петірдің 2-хаты 2:7—9).
Біз бұл оқиғадан Ехоба туралы неге үйренеміз? Содом мен Ғомораны тексеретіні туралы айтқанда, Ехоба досы Ыбырайымды өз ойын айтуға талпындырды және мазалаған ойларымен бөліскенде, оны шыдамдылықпен тыңдады (Ишая 41:8). Бұл оқиғадан Ехобаның кішіпейіл Құдай екенін және жердегі қызметшілеріне құрмет көрсететінін білеміз. Иә, бізде әрқашан әділетті шешім қабылдайтын Ехоба Құдайға толықтай сенім артуға барлық себеп бар!
[Сілтеме]
a Бұл жағдайда Ехоба тікелей емес, періштесі арқылы сөйлеген. Жаратылыс 16:7—11, 13 тармақтарды да қара.
[14-беттегі сурет]
Ыбырайым Содом мен Ғоморадағы әділ адамдар үшін Құдайға өтініш айтты