Қандай адам болғың келеді?
ФИЛИППИННІҢ бір қаласындағы полиция бөлімінің бастығы ізашардан: “Бұл адамды қалай өзгерттің?”— деп сұрайды. Сосын, үстеліндегі бір бума қағазға нұсқап: “Білесің бе, мынаның бәрі — осы адамның соңғы уақытта сотта қаралған істері. Сен бізді әбігерге салушылардың бірінен құтқардың”,— дейді. Ол сөз етіп отырған адам үнемі ішіп алып, жанжал шығарып, жұрттың тынышын алатын кісі еді. Оны өмірінде үлкен өзгерістер жасауға не талпындырды? Рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзі Киелі кітап.
Көп адам елші Пауылдың: ‘Ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар! Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа адам болып өмір сүріңдер!’— деген кеңесіне құлақ асқан (Ефес. 4:22—24). Бізге қандай, мейлі үлкен не кіші, өзгерістер жасауға тура келмесін, жаңа болмысқа ие болу — мәсіхші болуға қойылатын талаптардың бірі.
Шомылдыру рәсімінен өтуге лайықты болу үшін жасаған өзгерістеріміз — тек бастамасы ғана. Шомылдыру рәсімінен өткенде, бізді негізгі кескіні жасалған ағаш мүсінмен салыстыруға болады. Жалпы оның нендей мүсін екенін айыруға болады, бірақ істелетін жұмыс әлі көп. Оны әдемілеу үшін мүсінші ұсақ-түйек детальдарын істеу керек. Сол сияқты, шомылдыру рәсімінен өтерде, бойымызда Құдайдың қызметшісі болу үшін қажетті негізгі қасиеттерді дамыттық. Алайда бұл — жаңа болмыстың бергі жағы ғана. Өзгерістер жасай отырып, біз оны жақсарта түсуіміз керек.
Тіпті Пауыл да өзгерістер жасау керектігін түсінген. Ол: “Жақсылық жасағым келсе де, бойымдағы жаман құмарлық қарсы тұрады”,— деп мойындаған (Рим. 7:21). Ол өзінің қандай екенін және қандай адам болғысы келетінін жақсы білген. Ал біз ше? Біз де өзімізден: “Менің бойымда қандай жаман құмарлық бар? Мен қандай адаммын? Қандай адам болғым келеді?”— деп сұрағанымыз жөн.
Бойымда қандай “жаман құмарлық” бар?
Арқалықтары шіріген ескі үйді жөндегенде, оның сыртын сырлап қоя салу жеткіліксіз. Егер үйдің ішкі құрылымындағы ақауларға көз жұмсақ, ертеңгі күні ол үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Осы сияқты, сырт көзге ғана әділ болу жеткіліксіз. Біз өз болмысымызға терең үңіліп, жөндеуіміз қажет “ақаулардың” бар екенін мойындауға тиіспіз. Әйтпесе, ескі болмысымыздың “ақаулары” сыр беруі мүмкін. Сондықтан өзімізді мұқият тексеруіміз қажет (Қор. 2-х. 13:5). Бойымыздағы жағымсыз қасиеттерді тауып, оларды түзетуіміз керек. Бұл орайда Ехоба бізге қол ұшын береді.
Пауыл былай деп жазған: “Құдайдың сөзі тірі, әсері де күшті. Ол екі жүзді семсердің қайсысынан да өткір, бойымызға терең еніп, жан мен рухты айырып, буын мен жұлынға жеткендей, ішкі дүниеміздегі ой-ниетімізді әшкерелеп, бағалайды” (Евр. 4:12). Иә, Құдай Сөзі Киелі кітапта жазылғандар өмірімізге өте күшті әсер ете алады. Ол, бейнелеп айтқанда, бойымызға терең еніп, жұлынымызға дейін жетеді. Киелі кітап ойларымыз бен ниетімізді көрсетіп, ішкі дүниеміздің сыртымыздан қарағанда не өзіміз ойлағандай емес, шын мәнінде қандай екенін әшкерелейді. Расында да, кемшіліктерімізді көре білуге Құдай Сөзі қалайша көмектеседі десеңші!
Ескі үйді жөндегенде, ақауы бар бөліктерді ауыстырып қоя салу жеткіліксіз болуы мүмкін. Ақаудың пайда болу себебін білгеніміз оның алдын алуға көмектеседі. Сол сияқты, бойымыздағы жағымсыз қасиеттерді анықтап қана қоймай, олардың пайда болуына ықпал еткен нәрселерді тапқанымыз әлсіздіктерімізге бой алдырмауға көмектеседі. Болмысымыздың қалыптасуына көп нәрсе әсер етеді. Олардың ішінде әлеуметтік және экономикалық жағдайымыз, өскен жеріміз, мәдениетіміз, ата-анамыз, дініміз, араласатын ортамыз бар. Тіпті теледидардан көретін бағдарламалар мен фильмдер, сондай-ақ көңіл көтерудің басқа да түрлері өз таңбасын қалдырмай қоймайды. Бізге кері әсер ететін жайттарды білгеніміз олардың ықпалын азайтуға көмектеседі.
Өзімізді тексерген соң: “Менің бар болмысым осы”,— деуге бейім шығармыз. Бірақ бұндай көзқарас дұрыс емес. Қорынттағы қауымда кезінде азғын, гомосексуалист, маскүнем және тағы басқа жаман қылықтары болғандарға қатысты Пауыл: ‘Бұрын кейбіреулерің сондай болдыңдар, алайда сендер күнәдан тазарып, Құдайымыздың Рухы арқылы ақталдыңдар’,— деген (Қор. 1-х. 6:9—11). Олай болса, Ехобаның киелі рухының көмегімен біз де қажетті өзгерістер жасай аламыз.
Мысалы, Филиппинде тұратын Маркосa есімді кісіні алайық. Ол өзі жайлы былай деді: “Менің әке-шешем үнемі дауласып-жанжалдасатын. 19 жасымда бүлікші болуым да содан”. Маркос аты шулы құмар ойыншы және ұрыға айналады, сондай-ақ адамдарды қарумен қорқытып тонап жүреді. Бірде ол бірнеше адаммен тіпті ұшаққа шабуыл жасамақ болады, бірақ жоспарлары жүзеге аспай қалады. Ол үйленген соң да, жаман істерін доғармайды. Ақырында, қолындағы барын құмар ойындарда ұтқызып тынады. Бұл кезде әйелі Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жатқан еді. Маркос та оған қосылады. Бастапқыда ол өзін Куәгер болуға лайықсыз сезінеді. Алайда білгендерін іс жүзінде қолданғаны және қауым кездесулеріне барып тұрғаны оған бұрынғы өмір салтын тастауына көмектеседі. Бүгінде ол шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхші, әрі басқаларға қалай өзгеруге болатынын үйретіп жүр.
Қандай адам болғың келеді?
Мәсіхшіге тән қасиеттерімізді жақсарта түсу үшін бізге қандай өзгерістер жасау керек болуы мүмкін? Пауыл мәсіхшілерге: ‘Мына қылықтарды енді тастаңдар: ашу-ыза, кек сақтау, қаралау, бейпіл ауыздық; бір-біріңе өтірік те айтпаңдар! Ескі күнәкар болмыстарыңның іс-әрекетін тастаңдар’,— деп кеңес берді. Сосын: ‘Жаңа ізгі болмысқа ие болыңдар’,— деп қосты (Қол. 3:8—10).
Ендеше, біздің басты мақсатымыз — ескі болмысымызды тастап, жаңасына ие болу. Бұған қандай қасиеттерді дамытқанымыз көмектеседі? Пауыл былай деген: “Ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер! Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх [“Ехоба” ЖД] қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер! Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді” (Қол. 3:12—14). Осы қасиеттерді дамытуға барынша күш салғанымыз ‘Жаратқан Иеге де, адамдарға да ұнамды’ болуға көмектеседі (Пат. 1-ж. 2:26). Жерде болған кезінде Иса Құдайға ұнамды қасиеттерді керемет түрде танытқан. Сондықтан Мәсіхтің үлгісін зерттеп, еліктеу арқылы оған ұқсай түсеміз, ал осының арқасында Құдайға жақсырақ еліктейтін боламыз (Ефес. 5:1, 2).
Киелі кітап кейіпкерлерінің жағымды не жағымсыз қасиеттерін қарастырғанымыз да бойымызда қандай өзгерістер жасау керектігін көруімізге көмектеседі. Мысалы, рубасы Жақыптың ұлы Жүсіпті алайық. Әділетсіздіктің құрбаны болғанына қарамастан, Жүсіп дұрыс көзқарас сақтап, ішкі жан сұлулығын жоғалтпаған (Жар. 45:1—15). Ал Дәуіттің ұлы Абессалом халықтың қамын жейтін адам болып көрінгісі келді, жұрт болса оның сұлу келбетіне тәнті болды. Алайда, шындығында, ол сатқын әрі кісі өлтіруші еді (Пат. 2-ж. 13:28, 29; 14:25; 15:1—12). Олай болса, адамды шынымен тартымды ететін — сырт көзге жақсы болып көріну мен сыртқы сұлулық емес.
Жақсару қолымыздан келеді
Жақсы жаққа өзгеріп, Құдайдың көз алдында сұлу болу үшін, ішкі дүниемізге көңіл бөлуіміз керек (Пет. 1-х. 3:3, 4). Болмысымызды жақсарту үшін жағымсыз жақтарымызды байқап, оларға себеп болған жайттарды анықтап, сондай-ақ Құдайға ұнамды қасиеттерді дамытуымыз қажет. Жақсару қолымыздан келетініне сенімді бола аламыз ба?
Ехобаның көмегімен бойымызда қажетті өзгерістер жасай алатынымызға күмәнданбасақ болады. Забур жыршысы іспетті біз де: “Уа, Құдайым, жүрегімді тазартып, Рухымды берік қылып, жаңарта гөр”,— деп дұға етуімізге болады (Заб. 50:12). Біз Құдайдан киелі рухының жан дүниемізге әсер етіп, мейлінше оның еркіне сай өмір сүруге деген ықыласымызды арттыра түсуін сұрасақ болады. Шындығында да, Ехобаға ұнамды бола түсу қолымыздан келеді!
[Сілтеме]
a Есімі өзгертілген.
[4-беттегі сурет]
Дауыл қиратқан мына үйдің сыртын сырлап қоя салу жеткілікті ме?
[5-беттегі сурет]
Болмысың Мәсіхтікіне ұқсай ма?