Балаларыңа тәлім беріңдер
Сенде қызғаныш сезімі болған ба? Жүсіптің бауырлары оған қызғанышпен қараған
ҚЫЗҒАНЫШТЫҢ не екенін қарастырып көрейік. Біреуді әдемі, зерек деп мақтағаны үшін, оны жақсы көру саған қиын болған ба?a ~ Иә, біреуге қызғанышпен қарасаң, осылай болуы мүмкін.
Егер ата-аналар бір баласын екіншісінен артық көрсе, отбасында қызғаныш сезімі пайда болуы ықтимал. Киелі кітапта осының кесірінен шырқы бұзылған бір отбасы жайлы айтылады. Қызғаныштың қандай қиындық тудырғанын және бұл оқиғадан не нәрсеге үйрене алатынымызды көрейік.
Жүсіп Жақыптың он бірінші баласы болған, әрі бауырлары оған қызғанышпен қараған. Неге қызғанғанын білесің бе? ~ Себебі әкелері Жақып оны басқаларынан артық көрген. Мысалы, ол Жүсіпке әдемілеп өрнектелген ұзын шапан тіккізіп берген. Жүсіп “оның қартайған шағында дүниеге келгендіктен” әрі сүйікті жары Рахиланың тұңғышы болғандықтан, әкесі оны әсіресе қатты жақсы көрген.
Киелі кітапта ‘әкелерінің оны өздерінен артық көретінін сезген ағалары Жүсіпті жаратпағаны’ жайлы айтылады. Бір күні Жүсіп барлығының, соның ішінде әкесінің де, түсінде оған иіліп тағзым еткенін отбасына айтып береді. Киелі кітапта бұл үшін ‘ағалары Жүсіпке қызғанышпен қарағаны’, ал әкесі оны зекіп тастағаны жазылған (Жаратылыс 37:1—11).
Арада біраз уақыт өткенде, Жүсіп он жетіге келгенде, ағалары шалғай жерде мал бағып жүрген болатын. Сонда Жақып оны ағаларының хал-жағдайын білуге жібереді. Жүсіптің келе жатқанын көргенде, ағаларының көбісі не істегілері келгенін білесің бе? ~ Олар оны өлтіргісі келеді! Алайда екі ағасы, Рубен мен Яһуда, бұған қарсы болады.
Сол төңіректен Мысырға бет алып бара жатқан саудагерлер көрінгенде, Яһуда: “[Оны] сатып жіберейік”,— дейді. Сөйтіп, Жүсіпті оларға сатып жібереді. Сосын, ағалары бір текені сойып, қанына Жүсіптің шапанын малып алады. Кейіннен шапанды әкесіне көрсеткенде, ол: ‘Жүсіп жыртқышқа жем болыпты-ау!’— деп жылайды (Жаратылыс 37:12—36).
Уақыт өте Жүсіп Мысыр билеушісі перғауынның көңілінен шығады. Өйткені ол Құдайдың көмегімен оның екі түсін жорып береді. Перғауын бірінші түсінде жеті семіз, күйлі сиырды, сосын, жеті сұрықсыз, арық сиырды көреді. Ал екінші түсінде жеті толық масақ пен сидиған арық жеті масақ көреді. Жүсіптің айтуынша, бұл екі түс те жеті жылдық молшылық пен одан кейін болатын жеті жыл ашаршылықты білдіреді. Перғауын Жүсіпке молшылық жылдары ашаршылық кезге арнап астық жинауды тапсырады.
Ашаршылық келгенде, жырақта тұратын Жүсіптің отбасының ас-ауқаты таусылады. Сонда Жақып Жүсіптің он ағасын азық әкелуге Мысырға жібереді. Олар Жүсіптің алдына келеді, бірақ оны танымайды. Жүсіп өзінің кім екенін ашпастан, ағаларын сынап көреді. Сөйтіп, олардың өзіне жасаған қастандығына қатты өкінетінін байқайды. Ақырында, өзінің кім екенін айтады. Олар бір-бірімен құшақтасып көрісіп, мәз-мейрам болады! (Жаратылыс 40—45 тараулар).
Киелі кітаптағы осы оқиғадан қызғаныш жайлы не білдің? ~ Қызғаныш үлкен қиындық тудырады, ол тіпті адамды туған бауырына қастандық жасауға итермелеуі мүмкін! Енді Елшілердің істері 5:17, 18-ді және Елшілердің істері 7:54—59 тармақтарды оқып, қызғаныштан адамдар Исаның шәкірттеріне не істегенін көрейік. ~ Осы сөздерден кейін неліктен қызғаныштан аулақ болу керектігін байқадың ба? ~
Жүсіп 110 жыл жасады. Оның балалары, немерелері және шөберелері болды. Жүсіптің оларды бір-бірін жақсы көріп, қызғаныштан аулақ болуға үйретіп отырғаны сөзсіз (Жаратылыс 50:22, 23, 26).
a Егер балаңызбен бірге оқып отырсаңыз, сұрақтан кейінгі тильда (~) белгісі келгенде, кідіріс жасап, баланы өз ойын айтуға талпындырсаңыз болады.