“Алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігіңді” сақта
“Өзіңде бар рухани игіліктерді берік ұста!” (АЯН 3:11).
1, 2. Ехоба туралы білгендеріңнің шындық екеніне көз жеткізгенде, қандай сезімде болдың?
ЕХОБАНЫҢ тілалғыш адамдарға керемет болашақ дайындап отырғаны жайлы алғаш естіген кезің есіңде ме? Ол кезде басқа дінді ұстанған болсаң, Құдайдың ниеті немесе бұрын түсінбей жүрген ілімдерің Жазбаларға негізделіп анық түсіндірілгенде, қандай сезімде болдың? Бәлкім, адасып жүргеніңді түсінген шығарсың. Бірақ көзің ашылғанына қазір көңілің шат-шадыман емес пе!? Ал мәсіхшілер отбасында өскен болсаң, Ехоба туралы білгендеріңнің шындық екеніне көз жеткізіп, сол біліміңе сай өмір сүруді шешкенде, не сезінгенің есіңде ме? (Рим. 12:2).
2 Көп бауырластар Ехобаның жақын екенін сезінген, бойларын қуаныш билеген кезі туралы және Ехобаның өзіне жақындатып тартқанына риза болғандары жайлы айтып бере алады (Жох. 6:44). Қуаныштары оларды уағыздау ісіне атсалысуға талпындырған. Бойларындағы қуаныштың зор болғаны сонша — онымен адамдардың бәрімен бөліскісі келген. Сенің жағдайыңда да осылай болды ма?
3. Иса Ефестегі қауымға арнап хабар жібергенде, ондағы жағдай қандай еді?
3 Иса І ғасырдағы Ефестегі қауымға арнаған сөзінде олардың ‘алғаш сенген кездегі сүйіспеншілігі’ жөнінде айтқан. Ефестіктердің бойында жақсы қасиеттер көп еді, десе де Ехобаға деген о бастағы сүйіспеншіліктері суыңқырап қалған-ды. Сондықтан Иса оларға былай деген: “Мен сенің істеріңді білемін: сен еңбек етіп, шыдамды болып келесің, ал арам адамдарға төзе алмай, өздеріне Құдайдың елшілері деген атақты таңатындарды сынап, өтірікшілер екенін анықтадың. Менің атыма бола (еңбектеніп) көп ауыртпалықты басыңнан өткізгенде шыдамдылық көрсетіп, қажымадың. Алайда саған айтар наразылығым мынау: сен алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың” (Аян 2:2—4).
4. Неге Исаның ефестіктерге айтқан сөздерінің бүгінгі күні де маңызы зор?
4 Майланған мәсіхшілердің 1914 жылдан кейінгі белгілі бір уақыт аралығындағы жағдайын ескерер болсақ, Исаның Ефестегі және басқа да қауымдарға айтқан Аян кітабындағы кеңесін соларға қолдануға болады (Аян 1:10). Алайда қазіргі таңдағы мәсіхшілер де Ехобаға және шындыққа деген ‘алғашқы сенген кездегі сүйіспеншіліктерін’ жоғалтып алуы мүмкін. Осыны ойда тұта отырып, өз басымыздан өткен жайттарды есімізге түсіріп және солар жайлы ойланып, қалай Құдайға және шындыққа деген алғашқы сүйіспеншілігіміз бен құлшынысымызды сақтап, қайта жаңғыртып және жандандыра түсуге болатынын көрейік.
Шындыққа көзіңді жеткізген не?
5, 6. а) Әрбір мәсіхші не нәрсеге көз жеткізіп алуы керек? ә) Ехоба куәгерлерінің ілімдері шындық екеніне сенің көзіңді не жеткізді? б) Алғашқы сүйіспеншілікті жаңғыртуға не көмектеседі?
5 Ехобаға бағышталатындардың бәрі, алдымен, “Құдайдың игілікті, ұнамды да кемелді еркіне көз жеткізіп” алулары керек (Рим. 12:1, 2, ЖД). Бұл үшін Киелі кітаптағы шындықты біліп алу қажет. Ехоба куәгерлерінің үйретіп жүрген ілімдері шындық екеніне әркімді әртүрлі нәрсе сендіруі мүмкін. Мысалы, біреулерге Киелі кітаптан Құдайдың есімін білгені яки адам өлген соң не болатынын түсінгені әсер еткен (Заб. 83:18, ЖД; Мыс. ш. 3:15, сілт.; Екк. 9:5, 10). Ал өзге біреулерді Құдай халқының арасындағы сүйіспеншілік қайран қалдырған (Жох. 13:34, 35). Тағы біреулерге шынайы мәсіхшілердің осы дүниелік емес екендігі, яғни олардың саяси қақтығыстарға немесе ешқандай соғысқа қатыспайтыны, әсер еткен (Ишая 2:4; Жох. 6:15; 17:14—16).
6 Осындай және басқа да жайттар көп адамның бойында Құдайға деген алғашқы сүйіспеншілік оятқан. Уақыт бөліп, Киелі кітаптағы шындыққа сенің көзіңді жеткізген не екені туралы ойланып көрші. Әр адамның өзіне тән мінез-құлқы бар, әрі жағдайы да әртүрлі, сондықтан сенің Ехобаны сүйіп, оның уәделеріне сенуіңе өз себептерің болған шығар. Сенің сенімің үшін олар алғашқыда қаншалықты маңызды болса әлі де солай екені сөзсіз. Шындық өзгерген жоқ. Сондықтан сол кездегі ойларың мен сезімдеріңді еске түсіргенің шындыққа деген алғашқы сүйіспеншілігіңді жаңғыртуға көмектеседі (Забур 118:151, 152; 142:5 оқы).
Алғашқы сүйіспеншілігіңді жандандыр
7. Неге алғашқы сүйіспеншілігімізді жандандыруымыз керек және мұны қалай істеуге болады?
7 Сен Ехобаға бағышталғаннан бері өміріңде біраз өзгерістер болған шығар. Алғашқы сүйіспеншілігіңнің орны бөлек, десе де уақыт өтіп, сенімің сыналатын жағдайларға кезіккен сайын саған сүйіспеншілігіңді тереңдете түсу қажет болды. Алайда сондай шақтарда Ехоба сені қолдап отырды (Қор. 1-х. 10:13). Сондықтан осы уақытқа дейін басыңнан өткерген өмірдің ащы-тұщысы да сен үшін қымбат. Олар саған алғашқы сүйіспеншілігіңді жандандыруға көмектесіп келді. Сондай-ақ олар — Құдайдың игілікті де, ұнамды еркіне көзіңді жеткізе түсудің тағы бір жолы (Ешуа 23:14; Заб. 33:9).
8. Ехоба Мұсаға өзі жайлы не деді және қалай исраилдіктер Құдайды жақынырақ таныды?
8 Мысалыға Ехобаның исраилдіктерді Мысыр құлдығынан азат ететінін айтқан жағдайды алып көрейік. Құдай өзі туралы Мұсаға: “Мен кім боламын, сол боламын”,— деді (Мыс. ш. 3:7, 8, 13, 14, ЖД). Басқаша айтқанда, Ехоба өз халқын азат ету үшін кім болу қажет болса, сол болатынын айтты. Жағдайдың дамуы мен барысына қарай, исраилдіктер Ехобаның өзін Құдіреті шексіз Құдай, Төреші, Жолбасшы, Құтқарушы, Жауынгер және Қамқоршы ретінде танытқанын көрді (Мыс. ш. 12:12; 13:21; 14:24—31; 16:4; Нех. 9:9—15).
9, 10. Қандай жағдайлардың арқасында адам Құдайды жақсырақ тани алады және неге оларды еске алып тұрған дұрыс?
9 Әрине, сен исраилдіктер сияқты жағдайда емессің. Сөйткенмен де сенің жағдайың Құдайға бәрібір емес екеніне көз жеткізіп, сенімің нығайған кездер болған шығар. Сол кезде Ехоба қандай да бір мағынада сен үшін Қамқоршы, Жұбатушы немесе Ұстаз болған болар (Ишая 30:20ә, 21 оқы)a. Я болмаса дұғаңа нақты жауап берген шығар. Бәлкім, қандай да бір қиыншылыққа ұшырап, бауырласың саған қол ұшын берген болар немесе жеке зерттеу барысында өзіңнің жағдайыңда қолдануға болатын тармақтарды тапқан шығарсың.
10 Осындай жағдайларды өзгелерге айтып берсең, кейбіреулерге бұл саған әсер еткендей әсер етпеуі мүмкін. Расында да, ешқандай керемет жасалған жоқ. Бірақ сен үшін олардың маңызы аса зор. Өйткені Ехоба сен үшін кім болу қажет болса, сол болды ғой. Шындық жолында жүрген жылдарың жөнінде ойланып көрші. Ехоба қамыңды жасағанын сезінген кездерді есіңе түсіре аласың ба? Сондай жағдайларды және сол кезде не сезінгеніңді ұмытпағаның сондай мезеттердегі Ехобаға деген сүйіспеншілігіңе қайта бөленуге көмектеседі. Сондай жағдайларды бастан кешіргенің үшін риза бол. Олар туралы ойлан. Солар арқылы Ехобаның жеке сенің қамыңды ойлайтынына көз жеткіздің, әрі ешкім сені мұндай сенімділігіңнен айыра алмайды.
Өзіңді тексер
11, 12. Шындыққа деген сүйіспеншілігің суыңқырап қалған болса, бұған не себеп болуы мүмкін және Иса қандай кеңес берген?
11 Құдайға және шындыққа деген сүйіспеншілігің бұрынғыдай болмаса, мәселе Құдайдың өзгергендігінде емес. Ол ешқашан өзгермейді (Малх. 3:6; Жақ. 1:17). Оны сенің жағдайың бұрын да қызықтырған, әлі де дәл солай қызықтырады. Олай болса, Ехобамен қарым-қатынасыңның өзгеруінің себебі неде болуы мүмкін? Мұның себебі өмірдің қысымы немесе тұрмыс уайымы көбейіп кеткенінде емес пе екен? Бұрындары дұға ету мен жеке зерттеуге анағұрлым ықыласты ма едің? Қазір де бұрынғыдай жиі ой жүгіртесің бе? Бұрын қазіргіге қарағанда қызметте әлдеқайда белсенді ме едің? Ал қауым кездесулерін жібермеу жөнінде не деуге болады? (Қор. 2-х. 13:5).
12 Бәлкім, сенің жағдайыңда бәрі де бұрынғыша шығар, ал олай болмаған күнде, мұның себебі неде болуы мүмкін? Отбасы, денсаулық сияқты нәрселер жөнінде қам жеу орынды-ақ, бірақ олар Ехобаның күні жақын екенін ойыңнан таса қалдырып жіберген жоқ па? Иса елшілеріне былай деген: ‘Алайда өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді. Себебі ол күн жер бетінде тұрғандардың бәрінің басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады. Алдағы осы апаттардан құтылу үшін әрқашан сергек болып, сиынып мінажат етіңдер!’ (Лұқа 21:34—36).
13. Жақып Құдай Сөзін неге теңеген?
13 Жақып рухтың жетелеуімен бауырластарын Құдай Сөзіне сүйене отырып, өздерін шыншылдықпен тексеруге шақырған. Ол былай деп жазды: “Құдайдың айтқандарын құр естіп қана қоймай, іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар. Тәңірдің хабарын естігенмен, іске асырмайтын әркім айнаға қарап, бет әлпетін көрген адамға ұқсайды: ол өзіне байыппен қарап, былай шыға бере-ақ өз түрін ұмытып қалады. Ал кім кемелді тағылымға — күнәның құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға — ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес, жүзеге асырушы болып, іс-әрекетінде жарылқанбақ” (Жақ. 1:22—25).
14, 15. а) Рухани кемелдене түсуіңе Киелі кітап қалай көмектеседі? ә) Қандай сұрақтардың үстінен ой жүгіртуіңе болады?
14 Әдетте адам айнаға сырт көрінісі ойдағыдай екеніне көз жеткізу үшін қарайды. Мысалы, ер адам галстугі қисайып кетсе, оны жөндеп қояды, ал әйел шашы дұрыс тұрмаса, түзетеді. Сол сияқты, Жазбалар да қандай екенімізді тексеруге көмектеседі. Жүріс-тұрысымыз қандай болу керектігін Киелі кітаппен салыстырғанда, біз оны “айна” ретінде қолданамыз. Бірақ дұрыс тұрмаған нәрсені түзетпесек, айнаға қарағанымыздан не пайда? Ал Құдайдың ‘кемелді тағылымынан’ көргенімізді ‘жүзеге асырғанымыз’ — ақылмен әрекет еткеніміз. Сондықтан Ехобаға және шындыққа деген сүйіспеншілігі суыңқырап қалғанын түсінген адамның келесі сұрақтардың үстінен ой жүгірткені дұрыс: “Өмірде мен қандай қысымға кезігіп жүрмін және оларды қалай қабылдаймын? Ал бұрын қалай қабылдайтынмын? Бұл мәселеде айырмашылық байқала ма?” Өзіңді тексеру барысында байқалған кез келген кемшілікті елеусіз қалдырма. Өзгеріс жасау керек болса, бірден іске кіріс (Евр. 12:12, 13).
15 Осылайша ой жүгірткенің рухани өсу үшін ақылға қонымды мақсаттар қоюыңа да көмектеседі. Елші Пауыл серіктесі Тімотеге қызметін жақсартуға кеңес берген. Пауыл оны: “Осыларды орындап [“осылар жөнінде ой жүгіртіп”, ЖД], өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын”,— деп шақырған. Біздің де Құдай Сөзіне сүйеніп қай жағынан жақсаруға болатыны жайлы ой жүгірткеніміз абзал (Тім. 1-х. 4:15).
16. Жазбаларға сүйеніп өзіңді тексергенде, нені есте ұстауың керек?
16 Өзін шыншылдықпен тексеретін адам бойынан әйтеуір бір кемшілік табады. Бұған оның ұнжырғасы түсуі мүмкін, бірақ сен олай етпе. Өйткені адамның өзін тексеруінің мақсаты — жақсаруға болатын жақтарын табу ғой. Әрине, Шайтанның қалайтыны — мәсіхшінің кемшіліктеріне бола өзін түкке тұрғысыз сезінгені. Ол Құдай өз қызметшілерінің күш салып жатқанын бағаламайды дегенге сендіргісі келеді (Әйүп 15:15, 16; 22:3). Бұл — жалған сөз. Иса мұны жоққа шығарған, өйткені Құдай әрбір қызметшісін бағалайды (Матай 10:29—31 оқы). Кемшіліктеріңді білгенің, қайта, кішіпейіл болып, Ехобаның көмегімен жақсаруға талпындыру керек (Қор. 2-х. 12:7—10). Денсаулығың нашарлағаннан немесе жасың ұлғайғандықтан көп нәрсе істей алмасаң, ойға қонымды мақсаттар қой, бірақ түңілме, алғашқы сүйіспеншілігіңнің суып кетуіне де жол берме.
Ризашылық білдіруге болатын нәрселер көп
17, 18. Алғашқы сүйіспеншілігіңді жандандырғаныңның қандай пайдасы бар?
17 Алғаш сенген кездегі сүйіспеншілігіңді жандандыра берсең, зор баталарға кенелесің. Сенің Құдай туралы білімің тереңдейді, оның сүйіспеншілікке толы басшылығына деген ризашылығың да артады (Нақыл сөздер 2:1—9; 3:5, 6 оқы). Забур жыршысы: “Бәрін [Тәңір Иенің шешімдерін] ұстанғанды зор сый тосады”,— деген. “Иенің ережелері шынайы, Олар наданды да дана қылады”. Оның үстіне, “Пәк таза да тура жолмен жүріп, Тәңірдің тәліміне бағынғандар бақытты!” (Заб. 18:8, 12; 118:1).
18 Сенде Ехобаға ризашылық білдіруге болатын себептер көп екені сөзсіз. Мысалы, сен дүниеде болып жатқан жағдайлардың мәнін түсінесің. Бүгінде Құдайдың өз халқына жасап отырған рухани шараларының игілігін көріп жүрсің. Ехобаның сені өзінің дүниежүзілік қауымына әкелгеніне және өзінің Куәгері болу мәртебесін бергеніне де риза екенің даусыз. Расында да, ризашылық білдіруге болатын нәрселер қаншама көп! Егер оларды қағазға түсірер болсаң, тізімнің ұзыннан-ұзақ боларында сөз жоқ. Мұны жиі-жиі істеп тұрғаның: “Өзіңде бар рухани игіліктерді берік ұста!”— деген кеңеске құлақ асуыңа көмектеседі (Аян 3:11).
19. Құдаймен қарым-қатынасымыз туралы ой жүгіртумен қоса, рухани күйімізді сақтауға тағы не көмектеседі?
19 Жылдар өткен сайын сеніміміздің нығая түскені туралы ой жүгірткеніміз — өзімізде бар игіліктерді берік ұстануға көмектесетін нәрселердің бірі ғана. Осы журналда рухани күйімізді сақтау үшін аса қажетті басқа да нәрселерге жиі-жиі көңіл бөлінеді. Оларға дұға ету, мәсіхшілердің кездесулеріне бару және атсалысу, сондай-ақ құлшыныспен уағыздау жатады. Бұлар алғашқы сүйіспеншілігімізді жаңғыртуға және оны жандандыруға көмектеседі (Ефес. 5:10; Пет. 1-х. 3:15; Яһд. 20, 21).
[Сілтеме]
a Ишая 30:20ә, 21: “Ұстаздарың [“Ұлы ұстаздарың”, ЖД] сендерден жасырынбайды, әрі жанарларың ұстаздарыңды [“Ұлы ұстаздарыңды”, ЖД] жазбай көріп тұратын болады; Және де сенің құлақтарың егер сендер оңға бет бұрсаңдар және солға қарай бұрылатын болсаңдар, сырт жақтарыңда тұрып: “Жол міне, мынау, сонымен жүріңдер” деген сөздерді еститін болады”.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Кезінде бойыңда Ехобаға сүйіспеншілік оятқан нәрселер бүгінде сені қалай жігерлендіре алады?
• Осы уақытқа дейін басыңнан өткерген жағдайлар туралы ойланғаның саған қандай сенімділік береді?
• Неге Құдайды қаншалықты сүйетінімізді тексеріп отыруымыз керек?
[23-беттегі сурет]
Саған шындықты тартымды еткен әрі оған көзіңді жеткізген не?
[25-беттегі сурет]
Түзетуің керек нәрселерді байқадың ба?