Олардың сенімдерін үлгі етіңдер.
Ол шынайы ғибадат үшін күресті
ІЛИЯС қарақұрым халықтың Кармил тауының беткейімен ілби басып көтеріліп келе жатқанына қарап тұрды. Тіпті мұнартып атқан таңның ала көлеңкесінде де бұл халықтың аштық пен жоқшылық көрген бейшара күйі байқалып тұр. Бұл — үш жарым жылға созылған қуаңшылықтың салған таңбасы.
Халық арасында кеудесін көтеріп, маң-маң басып Бағалдың 450 пайғамбары да келеді. Олардың Ехобаның пайғамбары Ілиясты атарға оғы жоқ. Езабел патшайым Ехобаның көп пайғамбарын өлтірткен, бірақ мына кісі Бағалға қарсы қайтпай күресіп келеді. Бәлкім, Бағал пайғамбарлары: “Қашанғы жүрер екенсің? Бәрімізді жападан-жалғыз жеңе алмассың”,— деген ойда болар (Патшалықтар 3-жазба 18:3, 19, 20). Күймесіне мініп, Ахаб патша да келді. Оның да Ілиясқа емешегі езіліп тұрған жоқ.
Сол күні әлгі жалғыз пайғамбарды таңғажайып оқиғалар күтіп тұрды. Оның байқауынша, жақсылық пен зұлымдықтың арасында көз көріп, құлақ естімеген қақтығыс болмақ. Күн көтерілген сайын, Ілиястың бойын қандай сезім биледі екен? Ілияс қорқу дегенді білмеген дей алмайсың, өйткені ол да “біз сияқты пенде” болған ғой (Жақып 5:17). Біз, жоқ дегенде, бір нәрсеге сенімді бола аламыз: ол опасыз халықтың және олардың жолдан тайған патшасы мен жауыз абыздардың арасында өзін бүкіл дүниеде жалғыз қалғандай сезінген (Патшалықтар 3-жазба 18:22).
Алайда не себепті Исраил халқы осындай аянышты күйге жетті екен? Сондай-ақ осы оқиғаның бүгінде бізге қандай қатысы бар? Киелі кітапта біз Құдайдың адал қызметшілерінің өміріне үңіліп, ‘сенімдерін үлгі-өнеге етуге’ шақырыламыз (Еврейлерге 13:7). Олай болса, Ілиястың қандай үлгі қалдырғанын қарастырып көрейік.
Ұзаққа созылған күрестің шарықтау шегі
Өмірінің басым бөлігінде Ілиястың көргені туған жерінде және халқында болған ең жақсы нәрсе — шынайы ғибадаттың елеусіз қалдырылып, аяққа тапталып жатқаны болды. Исраил еліндегі шынайы және жалған діннің — Ехоба Құдайға деген ғибадат пен айналадағы халықтардың пұтқа табынушылығының — арасындағы күрес ұзаққа созылды. Ал Ілиястың заманында ол әбден ушыққан еді.
Ахаб патша Сидон патшасының қызы Езабелге үйленеді. Езабел Исраил еліне Бағалға табынушылықты таратып, Ехобаға деген ғибадатты мүлдем құртып жіберуге бел буады. Ахаб оның ырқына тез-ақ көнеді. Ол Бағалға арнап ғибадатхана мен құрбандық орнын салдырып, сол жалған тәңірге құлшылық етуде жетекшілік етеді. Мұнысымен Ехобаны қатты қорлайды (Патшалықтар 3-жазба 16:30—33)a.
Бағалға табыну неге соншалық жағымсыз болған? Соған азғырылып, исраилдіктердің көбісі шынайы Құдайдан алыстап кеткен. Сондай-ақ ол жеркенішті әрі зұлымдыққа толы дін болған. Оның ғибадатханасында еркектер де, әйелдер де жезөкшелікпен айналысатын, бейбастақ жын-ойнақтар болатын, тіпті балалар құрбандыққа шалынатын. Сондықтан Ехоба Ілиясты Ахабқа жіберіп, қуаңшылық болатынын, әрі оның біткенін Ілиястың өзі хабарлайтынын айтқызады (Патшалықтар 3-жазба 17:1). Ілияс Ахабтың жүзін көрмегелі бірнеше жыл өткен-ді. Енді ол патшаға келіп, бүкіл халық пен Бағалдың пайғамбарларын Кармил тауына жинау керектігін айтады.
Алайда бұл күрестің бүгінде біз үшін мәні бар ма? Әлдекім: “Қазір Бағалға арналған ғибадатханалар да, құрбандық орындары да жоқ қой, сондықтан бұл оқиғаның бізге қатысы жоқ”,— деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл оқиға — жай ғана тарихи дерек емес (Римдіктерге 15:4). “Бағал” деген сөз “қожайын” не “иемденуші” дегенді білдіреді. Ехоба бірде халқына өзін “бағал”, немесе күйеуі яки қожайыны, ретінде таңдаулары керектігін айтқан (Ишая 54:5, сілтеме). Бүгін де адамдар Құдіретті Құдайға емес, әртүрлі қожайындарға қызмет етіп жүр емес пе? Олар Ехобаға ғибадат етудің орнына, өмірін ақша табуға, мансап не ләззәт-ермек қууға, нәпсіқұмарлыққа салынуға немесе басқа да бітпейтін құдайларына табынуға жұмсағанда, өздеріне қожайын таңдайды (Матай 6:24; Римдіктерге 6:16). Сондықтан бүгінде, қандай да бір мағынада, Бағалға табынушылықтың ең күшті тұстары өркендеуде. Ежелгі заманда болған Ехоба мен Бағал арасындағы сол қақтығыс кімге қызмет етуге қатысты дұрыс шешім қабылдауымызға көмектеседі.
“Шойнаңдау”. Мұны қалай түсінуге болады?
Шыңын самал жел сипап тұратын Кармил тауынан Исраил елі — төмендегі Кишон аңғары, одан әрі Ұлы теңіз (Жерорта теңізі) және солтүстікке қарай көз ұшындағы Ливан таулары — алақанға салғандай көрінетінb. Бірақ бұл өлкенің сол шешуші күнгі көрінісі аянышты еді. Бір кездері Ехоба Ыбырайымның ұрпақтарына берген шұрайлы даланың әбден сұрқы қашқан. Енді ол күннің мейірімсіз сәулесіне мейлінше қақталған, Құдайдың опасыз халқы аяусыз күйреткен жерге айналған-ды. Халық шоғылғанда, Ілияс оларға: “Қашанғы екі ойлы болып, шойнаңдап жүресіңдер? Ехоба шынайы Құдай болса, соған еріңдер. Ал егер Бағал болса, онда соған еріңдер”,— дейді (Патшалықтар 3-жазба 18:21, ЖД).
“Екі ойлы болып, шойнаңдап жүресіңдер” деуімен Ілияс не айтқысы келген? Халық кімге ғибадат ететіндерін — Ехобаға ма, Бағалға ма — шешу керектігін ұқпайтын. Олар екеуіне бірдей табына беруге болады деп ойлайтын: Бағалды тыныштандыру үшін жеркенішті жора-жоралғылар жасайтын, сөйте тұра Ехобадан шапағатын түсіруді сұрайтын. Олар Бағал егіндіктерінде өнім мол болуына және малдарының көбеюіне батасын берсе, “Әскерлер Басшысы Ехоба” соғыстарда қорғайды деп пайымдаса керек (Патшалықтар 1-жазба 17:45, ЖД). Алайда олар бүгінгі күні де көп адам ұға бермейтін негізгі шындықты ұмытып кеткен: өзіне деген ғибадаттың өзге құдайларға табынумен араласып кеткені Ехобаға ұнамайды. Құдай тек өзіне берілуді талап етеді, әрі ол бұған лайық. Ол аралас ғибадатты қабыл алмайды, тіпті мұны қорлау деп қарастырады! (Мысырдан шығу 20:5).
Осылайша исраилдіктер бір мезгілде екі жолмен жүруге тырысып, “шойнаңдаған” кісіге ұқсайтын. Бүгінде де көп адам осындай қателік жасайды: өмірлеріне басқа “бағалдардың” еніп, Құдайға деген ғибадатты ығыстырып тастауына жол береді. Ілиястың шойнаңдауды доғаруға қатысты жүрек жарды үндеуі өмірдегі құндылықтарымыз бен ғибадатымызды тағы бір рет тексеруге талпындырады.
Шешуші сынақ
Бұдан кейін Ілияс сынақ жасауды ұсынады. Ол өте қарапайым болатын: Бағалдың абыздары құрбан шалатын орын жасап, оған құрбандықтарын қойып, құдайларына от жандыруын сұрап дұға ету керек-тін. Ілияс та дәл осылай етпек еді. Сосын, ол қайсысы ‘от жандырып жауап берсе, сол шын Құдай болатынын’ айтады. Ілияс шынайы Құдайдың кім екенін жақсы білетін. Оның бұған деген сенімі нық болғаны соншалық — Бағалдың пайғамбарларына бірінші болып бастауға жол беріп, құрбанға өгіз таңдап, Бағалға дұға етуді ұсынадыc (Патшалықтар 3-жазба 18:24, 25).
Біздің заманымызда кереметтер жасалмайды, әрине. Бірақ Ехоба өзгерген жоқ. Біз де оған тап Ілияс іспетті сенім арта аламыз. Мысалы, өзгелер Киелі кітап ілімдерімен келіспесе, оларға өз ойларын бірінші болып айтқызуға қорықпауымыз керек. Ілияс сияқты, біз де жағдайды шынайы Құдайдың қолына тапсыруымызға болады. Біз мұны өзімізге емес, бұрыс ойларды “түзету” үшін жазылған Құдай Сөзіне жүгіну арқылы істей аламыз (Тімотеге 2-хат 3:16).
Бағалдың пайғамбарлары құрбандықтарын шалып, құдайларын шақыруға кіріседі. “Бағал, бізді естідің бе?”— деп айқайлаумен болады. Олар сағаттап осылай жалбарынады. “Бірақ дауыс та, жауап та болған жоқ”,— делінген Киелі кітапта. Түс кезінде Ілияс оларды мазақ етіп, Бағал жауап берейін десе, қолы тимей жатқанын яки дәрет сындыруға кеткенін немесе қалғып кетіп, оны біреу барып, ояту керектігін айтып, мысқылдай бастайды. Ол көзбояушыларды “қаттырақ дауыстап айқайлауға” шақырады. Иә, Ілияс Бағалға табынушылықтың адамды ақымақ қылатынын білетін, әрі Құдай халқы да оның қаншалықты алдамшы екенін көргенін қалаған (Патшалықтар 3-жазба 18:26, 27).
Ал Бағал абыздары болса өршелене түсіп, ‘бар дауыстарымен айқайлай бастайды және денелеріне кәдімгі өздерінің пышағы мен найзаларын сұққылайды, ақыры денелерін қан жуып кетеді’. Бірақ бұдан ештеңе шықпайды! “Дауыс та, жауап та, сыбыс та болған жоқ” (Патшалықтар 3-жазба 18:28, 29). Негізінде, Бағал деген құдайдың өзі де жоқ еді. Оны адамдарды Ехобадан алып кету үшін Шайтан ойлап тапқан болатын. Сол замандағы сияқты, бүгін де Ехобадан басқа қожайын таңдау түңілушілікке, тіпті масқаралыққа ұшыратады (Забур 24:3; 113:12—16).
Жауап
Күн ұясына еңкейе Ілиястың кезегі келді. Ол Ехобаға құрбан шалатын орынды (оны таза ғибадаттың жаулары бұзғанында күмән жоқ) қалпына келтіреді. Ол 12 тас қолданады. Бұл он рулы Исраил халқының көбісіне бүкіл 12 руға берілген Мұса заңының олар үшін әлі де күшінде екенін естеріне салса керек. Сосын, Ілияс құрбандықты қояды да, үстінен су, оны Жерорта теңізінен әкелдірсе керек, құйдырады. Ол тіпті құрбан шалатын орынды айналдыра ор қазып, оны да суға толтыртады. Осылайша Бағалдың пайғамбарларына жағдайды барынша жеңілдеткен болса, Ехоба үшін оны барынша қиындатады. Бұл оның өз Құдайына деген нық сенімділігінің көрінісі болған (Патшалықтар 3-жазба 18:30—35).
Бәрін дайындап болған соң, Ілияс дұға етеді. Қарапайым да көркем дұғасынан Ілияс үшін ең маңыздысы не екені анық көрінді. Біріншіден, әрі ең маңыздысы, ол Исраилдің Құдайы Бағал емес, Ехоба екенін паш еткісі келді. Екіншіден, өзі Ехобаның қызметшісі екенін бәрінің білгенін қалады; барлық атақ пен даңқ Құдайға тиесілі болу керек. Ал үшіншіден, әлі де болса халқының қамын ойлайтынын, өйткені Ехобаның олардың ‘жүрегін Өзіне бұрғанын’ аңсайтынын көрсетті (Патшалықтар 3-жазба 18:36, 37). Опасыздықтарының кесірінен талай бақытсыздыққа душар болғандарына қарамастан, Ілияс бәрібір оларды жақсы көретін. Құдайға дұға еткенде, біз де оның есімі жайлы ойлайтынымызды және көмекке мұқтаж адамдарға қатысты кішіпейіл әрі жанашыр екенімізді аян ете аламыз ба?
Ілияс дұға етпес бұрын, қарақұрым халық Ехоба да Бағал сияқты түкке тұрғысыз болып шығар ма екен деген ойда болса керек. Алайда дұғадан кейін, олардың естерін жиюға да мұршалары келмеді. Жазбаларда былай делінген: “Сол кезде Жаратушы Иенің оты қаулап, түгел өртелетінді де, отынды да, тасты да, күлді де жалмады, ордағы суды да жұтты” (Патшалықтар 3-жазба 18:38). Жауап деп осыны айт! Ал халық не істеді екен?
Олар бірі қалмай: “Ехоба — шынайы Құдай! Ехоба — шынайы Құдай!”— деп дауыстады (Патшалықтар 3-жазба 18:39, ЖД). Ақырында, халық шындықтың қайда екенін көрді. Алайда олар әлі сенімдерін көрсеткен жоқ еді. Дұғадан кейін көктен от түскенін көріп, Ехобаның шынайы Құдай екенін мойындауды сенімнің керемет дәлелі дей алмайсың. Сондықтан Ілияс оны басқаша көрсетуді сұрады. Ол халықтан бұдан көп жыл бұрын істеулері керек нәрсені — Құдай Заңына бағынуды — сұрады. Құдай Заңына сай, жалған пайғамбарлар мен бұтқа табынушылар өлімге кесілуге тиіс еді (Заңды қайталау 13:5—9). Бағалдың абыздары Ехоба Құдайдың еркіне әдейі қарсы әрекет еткен қас жаулары болатын. Олар мейірімге лайық болды ма? Бейкүнә балаларды тірідей отқа жағып, Бағалға құрбандыққа шалғандарға мейірімділік танытуға бола ма? (Нақыл сөздер 21:13; Еремия 19:5). Жоқ, олар титтей де мейірімділікке лайық емес-тін. Ілияс оларды өлтіруді бұйырды, әрі солай болды да (Патшалықтар 3-жазба 18:40).
Қазіргі сыншылардың кейбірі Кармил тауындағы осы оқиғаның соңына қатысты сын айтып жатады. Кейбіреулер діни фанатиктер осыған негізделіп, өзге діндерге төзбегендіктен жасаған зұлымдықтарын ақтап жүрер деп қорқатын шығар. Өкінішке орай, бүгінде мұндай зұлым діни фанатиктерді көптеп кездестіруге болады. Алайда Ілияс фанатик болмаған. Ол Ехобаның мүддесі үшін әділ жаза қолданған. Оның үстіне, мәсіхшілер зұлымдықпен күресу үшін Ілияс сияқты семсерге жүгінбейді. Иса Мәсіх келгеннен кейін, оның Петірге айтқан сөздері барлық ізбасарларына ортақ принципке айналған. Ол: “Семсеріңді қынабына сал!— деп бұйырды.— Семсеріне сенген семсерден өлер” (Матай 26:52). Болашақта Ехоба әділдікті өзінің Ұлы арқылы орнатады.
Ал шынайы мәсіхшілер сеніммен өмір сүрулері керек (Жохан 3:16). Бұлай етудің бір жолы — Ілияс сияқты адал кісілерді үлгі ету. Ол тек Ехобаға ғибадат еткен, әрі өзгелерді де солай етуге талпындырған. Ол адамдарды Ехобадан алыстату үшін Шайтан қолданған діннің алдамшы екенін батыл әшкерелеген. Сондай-ақ ол өз қабілеті мен ойына емес, мәселені Ехобаның шешіп беретініне сенген. Иә, Ілияс шынайы ғибадат үшін күрескен. Бәріміз де оның сенімін үлгі етейік!
[Сілтемелер]
a Ілияс пен Ахабтың арасында болған жайттар жөнінде көбірек мәліметті “Сенің сенімің Ілиястікіндей ме?” деген мақаладан табуға болады. “Күзет мұнарасы”, 1992 жыл, 1 сәуір.
b Кармил — көгі мол, майсалы алқап, өйткені теңізден көтерілген ылғал жел оның салаларын кезіп, жиі жауын мен шық түсіріп тұрады. Жауын жауғызатын Бағал деп есептелгендіктен, бұл жердің Бағалға табынушылықта маңызды орын алғаны анық. Сондықтан қуаңшылыққа ұшырап, қақталып тұрған Кармил тауы Бағалға табынушылықтың алдамшы екендігін дәлелдеуге ең оңтайлы орын болды.
c Бір ескеретін жайт — Ілияс оларға: “Астына от салмаңдар”,— деген. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, пұтқа табынушылар кейде астында жасырын тесік жасалған құрбан шалатын орындарды пайдаланып, керемет түрде от пайда болғандай етіп көрсететін болған.
[20-беттегі сөздер]
Ехобадан басқа қожайынды таңдау түңілушілікке әкеледі
[21-беттегі сурет]
“Ехоба — шынайы Құдай!”