Оқырман қауымға
БІЗ сіздерге “Күзет мұнарасы” журналында осы санынан бастап кейбір өзгерістер болатынын хабарлауға қуаныштымыз. Оларды айтпас бұрын, не нәрсе өзгермейтінін айта кетейік.
Журналдың “Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды” деген атауы өзгеріссіз қалады. Демек, ол бұрынғыдай Ехобаны шынайы Құдай ретінде мадақтай береді және оның Патшалығы туралы ізгі хабар арқылы оқырмандарға жұбаныш беруді жалғастырады. Журналдың осы санының 5—9 дейінгі беттерінде Патшалықтың не екені және оның қашан орнайтыны талқыланады. Сонымен қатар жүз жылдан астам уақыт бойы жариялап келе жатқанындай, “Күзет мұнарасы” Иса Мәсіхке деген сенім оятуды, Киелі кітаптағы шындықты қолдауды, дүниеде болып жатқан оқиғаларды Киелі кітап тұрғысынан түсіндіруді жалғастыра береді.
Ал ондағы өзгерістер қандай? Қазір үш айда бір рет шығатын санындағы қызықты жаңа ерекшеліктердің кейбіріне көңіл бұрайықa.
Онда ойлануға талпындыратын бірнеше айдар болады. “Сіз білген бе едіңіз?” деп аталатын айдарда Киелі кітаптан таңдап алынған оқиғалардың мәнін түсіндіретін қызықты мәліметтер жарық көреді. Ал “Құдайға жақында” айдарында Киелі кітаптың белгілі бір үзінділерінен Ехоба жайлы не білуге болатынына назар аударылады. “Оқырман сауалдары” айдарында Киелі кітаптың негізгі ілімдеріне қатысты сұрақтарға жауап беріледі. Мысалы, көп адамды “Құдай Патшалығы адамның жүрегінде ме?” деген сұрақ қызықтырады. Оның жауабын осы журналдың 13-бетінен табасыз.
Отбасылары үшін бірнеше айдар жүйелі түрде жарық көріп тұрады. Мысалы, “Отбасы бақытының кілті” деген айдарда отбасы өмірінде кездесетін қиыншылықтар, сондай-ақ оларды Киелі кітап принциптерінің көмегімен қалай шешуге болатыны көрсетіледі. Сонымен қатар ата-аналардың балаларымен оқуына арналған “Балаларыңа тәлім беріңдер” деп аталатын айдар да шығып тұрады. Балаларға қызықты болатын тағы бір айдар “Жастарымызға арналған” деп аталады. Онда Киелі кітапты тереңірек зерттеуге арналған жаттығулар болады.
Сонымен қатар онда тағы бірнеше айдар болады. “Олардың сенімдерін үлгі етіңдер” деген айдар бізді Киелі кітап кейіпкерлеріне еліктеуге талпындырады. Мысалы, қолыңыздағы журналдың 18—21 беттерінен Ілияс пайғамбар жайлы жігерлендіретін оқиғаны оқып, оның сеніміне қалай еліктеуге болатынын көресіз. Сондай-ақ миссионерлер мен дүниенің төрт бұрышындағы басқа да адамдардың айтып берген оқиғалары жарық көретін айдар да болады. “Исадан мынаған қатысты не білеміз” деген айдарда Киелі кітаптың негізгі ілімдері қарапайым етіп жеткізіледі.
Біз Киелі кітапты құрметтейтін және ол шын мәнінде неге үйрететінін білгісі келетін оқырмандарымыз үшін “Күзет мұнарасы” бұдан былай да қызықты болып қала беретініне сенімдіміз. Бұл журналда Киелі кітап ілімдері түсіндірілетіндіктен, шындыққа деген шөліңізді қандырады деп үміттенеміз.
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІ
[Сілтеме]
a Бұдан былай “Күзет мұнарасының” екі саны шығады. Үш айда бір рет шығатын саны көпшілікке арналған. Айдың 15-не шығатын зерттеуге арналған санын Ехоба куәгерлері қауым кездесулерінде қолданады, бұл кездесулерге барлық адамдар үшін есік ашық.