Жын-перілерге қалай қарсы тұра аламыз?
“Өздерінің билік жүргізуге тиесілі орындарын сақтамай, мекен-тұрағын тастап кеткен періштелерді де ескеріңдер: Иеміз оларды соттайтын ұлы күн жеткенше тамұқтың қара түнегінде мәңгі шынжырлап сақтап отыр” (ЯҺУДА 6).
1, 2. Шайтан Ібіліс пен жын-перілерге қатысты қандай сұрақтар туындайды?
ЕЛШІ Петір: “Салауатты да сергек болыңдар! Сендердің қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүр”,— деп ескертеді (Петірдің 1-хаты 5:8). Ал жын-перілер туралы елші Пауыл былай дейді: “Сендердің жындармен байланыста болуларыңды қаламаймын. Иеміздің де, жындардың да тостағандарынан бірдей іше алмайсыңдар! Сол сияқты, Иеміздің және жындардың да дастархандарына бірдей қатысуларыңа болмайды!” (Қорынттықтарға 1-хат 10:20, 21).
2 Шайтан Ібіліс пен жын-перілер деген кімдер? Олар қашан және қалай пайда болған? Оларды Құдай жаратты ма? Адамзатқа олар қаншалықты ықпал етеді? Біз олардан қалай қорғана аламыз?
Шайтан мен жын-перілер қалай пайда болды?
3. Құдайдың бір періштесі қалай Шайтан Ібіліске айналды?
3 Едем бағынан басталған адамзат тарихының басында Құдайдың бір періштесі бүлік шығарды. Неге? Өйткені Ехобаның көктегі ұйымындағы өз орнын қанағат тұтпады. Адам мен Хауа жаратылған кезде, ол үшін адам баласын шынайы Құдайға емес, өзіне бағындырып, ғибадат еткізудің мүмкіндігі туды. Құдайға қарсы бас көтеріп және алғашқы адам жұбын күнәкар жолға түсіріп бұл періште өзін Шайтан Ібіліс етті. Кейінірек басқа періштелер де оның бүлігіне қосылды. Қалай? (Жаратылыс 3:1—6; Римдіктерге 5:12; Аян 12:9)
4. Нұхтың күнінде кейбір бүлікші періштелер не істеді?
4 Киелі рухпен жазылған Жазбалардан Нұхтың күніндегі дүниежүзілік Топан судан біраз уақыт бұрын, кейбір періштелердің жердегі әйелдерге қызығып, оларға өзгеше қарай бастағанын оқимыз. Ниеттері бұзылған Құдайдың көктегі ұлдары адамдардың қыздарының сұлу, бойшаң екенін көріп, таңдап алғандарына үйлене берген. Олардың адам қыздарымен қосылуы табиғатқа қайшы еді. Олардан алыптар туылды (Жаратылыс 6:2—4). Осындай әрекетімен бұл рухани жаратылыстар Құдайға қарсы шығып, Шайтанның бүлігіне қосылды.
5. Ехоба топан су жібергенде, бүлікшілермен не болды?
5 Ехоба адамзатқа топан су жібергенде, алыптар мен олардың шешелері жойылып кетті. Ал бүлікші періштелер адами тәндерін тастауға мәжбүр болып, рухани ортаға оралды. Бірақ олар Құдайдың алдындағы өздерінің “тиесілі орындарын” ала алмай, ‘тамұқтың [рухани] қара түнегіне’ тасталынды (Яһуда 6; Петірдің 2-хаты 2:4).
6. Жын-перілер адамдарды қалай алдайды?
6 Зұлым періштелер өздерінің “тиесілі орындарын” жоғалтқаннан бері, Шайтанның жын-перілеріне айналып, оның мүддесіне қызмет етіп келеді. Олар адами тәнге ену күшінен айырылған. Десе де ерлер мен әйелдерді әр түрлі анайы жыныстық қатынасқа азғыра алады. Сонымен қатар жындар адамдарды спиритизм (дуалау, сиқыршылық, бақсы-балгерлік сияқты нәрселер) арқылы да тынымсыз алдап келеді (Заңды қайталау 18:10—13; Шежірелер 2-жазба 33:6). Зұлым періштелер Ібіліспен бірге біржолата жойылмақ (Матай 25:41; Аян 20:10). Алайда соған дейін біз табанды болып, оларға қарсы тұруымыз қажет. Ол үшін Шайтанның қаншалықты күшті екенін әрі оған және оның жын-перілеріне қалай қарсы тұра алатынымызды қарастырғанымыз жөн.
Шайтан қаншалықты күшті?
7. Шайтанның дүниеге қандай күші бар?
7 Шайтан адамзат тарихы басталғалы бері Ехобаға жала жауып келеді (Нақыл сөздер 27:11). Сондай-ақ ол адамдардың басым көпшілігіне ықпал етуде. Жоханның 1-хаты 5:19-да: “Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр”,— делінген. Міне, сол себептен де Ібіліс Исаны азғырып, оған ‘әлемнің барлық мемлекеттерінің’ билігі мен сән-салтанатын ұсына алған (Лұқа 4:5—7). Елші Пауыл Шайтан туралы былай деген: “Біз жариялап жүрген Ізгі хабар жабық болса, ол тозақ жолындағылар үшін ғана жабық. Бұлар оған сенбейді, себебі осы күнәкар дүниенің “тәңірі” (әзәзіл шайтан) Мәсіхтің салтанатты ұлылығы туралы Ізгі хабардың нұрын оларға көрсетпеу үшін саналарын соқыр қылып қойған. Ал Мәсіх Құдайдың қандай екенін айқын көрсетеді” (Қорынттықтарға 2-хат 4:3, 4). Шайтан — “өтірікші, өтіріктің бастауы”, бірақ ол өзін ‘нұрлы періште етіп көрсетеді’ (Жохан 8:44; Қорынттықтарға 2-хат 11:14). Оның осы дүниенің билеушілері мен олардың қоластындағыларының саналарын соқыр ете алатын күші де, айла-амалы да бар. Ол адамзатты жалған мәліметтер тарату, діни аңыздар мен өтіріктер арқылы алдап келеді.
8. Шайтанның күші мен ықпалы туралы Киелі кітапта не айтылған?
8 Шайтанның күші мен ықпалы қаншалықты екені Даниял пайғамбардың заманында (б. з. б. шамамен бес ғасыр бұрын) айқын көрінген болатын. Ехобаның Даниялды жігерлендіретін хабарды айту үшін жіберген бір періштесіне “Парсы патшалығының [рухани] кінәзі” кезігіп, жолын кес-кестеп тұрып алады. Сөйтіп, ол “бірінші кінәздердің бірі Михаил” келіп қол ұшын бермейінше, адал періштені жібермей жиырма бір күн бойы ұстап тұрады. Осы оқиғада сондай-ақ “Грекияның кінәзі [жын-перісі]” туралы да айтылған (Даниял 10:12, 13, 20). Ал Аян 13:1, 2-де Шайтан ‘өз күшін, тағын және зор бедел мен билігін’ саяси айуанға беретін “айдаһар” ретінде суреттелген.
9. Мәсіхшілер кімдерге қарсы күресуде?
9 Елші Пауылдың: “Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне, дүниені билеп-төстеушілеріне — көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз”,— деген сөздері бізді таңғалдырмайды (Ефестіктерге 6:12). Бүгінгі күні де Шайтан Ібілістің қоластындағы зұлым күштер адамзат билеушілері мен жалпы адамзатқа көзге көрінбей ықпал етіп, геноцид, терроризм және қантөгіс сияқты адам айтқысыз әрекеттерге түрткі болуда. Қазір осы құдіретті рухани күштерге қалай қарсы тұра алатынымызды қарастырайық.
Қалай қорғана аламыз?
10, 11. Шайтан мен оның жын-перілеріне қалай қарсы тұра аламыз?
10 Шайтан мен оның зұлым періштелеріне өз күшімізбен не ақылымызбен қарсы тұра алмаймыз. Елші Пауыл бізге: “Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер!”— деп кеңес берді. Олай болса, қорғанышты Құдайдан іздеуіміз керек. Әрі қарай Пауыл былай деген: “Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталыңдар... Құдай берген “рухани қару-жарақтың” бәрін асыныңдар, сөйтіп, зұлым күштер шабуыл жасаған күні қарсы тұрып, ақырына дейін күресіп, жеңіп шыға аласыңдар” (Ефестіктерге 6:10, 11, 13).
11 Пауыл шынайы мәсіхшілерді Құдай берген рухани қару-жарақпен түгел жабдықталуға екі рет шақырған. “Түгел” сөзінің қолданылуы жын-перілердің шабуылына қарсы күреске құлықсыз қарамау керектігіне нұсқайды. Бүгінде жын-перілерге қарсы тұру үшін аса қажет рухани қару-жараққа не жатады?
Қалай ‘табанды тұра’ аламыз?
12. Мәсіхшілер қалай шындықпен белін буа алады?
12 Пауыл: “Сонымен, шындықпен “белді бекем буып”, әділдікті сауыт қылып киіп”, табанды тұрыңдар!”— деп түсіндірді (Ефестіктерге 6:14). Бұл жерде рухани “қару-жарақтың” екеуі — белдік пен сауыт жайлы айтылған. Жауынгерге өзінің белін (жамбасын, шабы мен құрсағын) қорғау үшін және семсерін алып жүру үшін белдігін қатты тартып байлау керек болған. Сол сияқты Киелі кітаптағы шындыққа сай өмір сүруіміз үшін, былайша айтқанда, шындықпен белімізді бекем бууымыз керек. Бізде Киелі кітапты күнделікті оқу кестесі бар ма? Ал отбасындағыларда ше? Күнделікті тармақты отбасымызбен қарастыруды әдетке айналдырғанбыз ба? Сондай-ақ “адал да ақылды құлдың” беріп отырған басылымдарындағы түсініктерден хабардармыз ба? (Матай 24:45, ЖД) Осыларды істейтін болсақ, Пауылдың кеңесіне құлақ асқанымыз. Бізде сондай-ақ Киелі кітаптан басшылық беретін әр түрлі DVD және бейнетаспалар бар. Шындықты берік ұстанғанымыз дана шешімдер қабылдауға көмектеседі және теріс жолға түсіп кетуден сақтайды.
13. Бейнелі жүрегімізді қалай қорғай аламыз?
13 Кәдімгі сауыт ертеде жауынгердің көкірегін, жүрегі мен басқа да маңызды ішкі мүшелерін қорғаған. Мәсіхші де өзінің бейнелі жүрегін, яғни жан-дүниесін, Құдайдың әділдігін жақсы көруді үйрену мен оның әділ нормаларын ұстану арқылы қорғай алады. Бейнелі сауыт бізді Құдай Сөзін бағаламай кетуден сақтайды. ‘Жамандықты жек көріп’, жақсылықты сүйетін болсақ, ‘теріс жолдан аулақ жүреміз’ (Забур 96:10; 118:101).
14. “Аяқкиімдеріңді де киіп”, татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болыңдар!” деген нені білдіреді?
14 Рим әскерлері бүкіл империяны қиып жатқан жолдармен жүздеген шақырым жерді сап түзеп жүріп өту үшін аяқтарына ыңғайлы аяқ киім киетін. Ал “аяқкиімдеріңді де киіп”, татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болыңдар!” деген сөздер мәсіхшілер үшін нені білдіреді? (Ефестіктерге 6:15) Бұл ыңғайы келген жағдайдың бәрінде Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды айтуға дайын болуымыз керек дегенді білдіреді (Римдіктерге 10:13—15). Мәсіхшілер қызметіне белсене атсалысқанымыз Шайтанның ‘қастық іс-әрекетінен’ қорғайды (Ефестіктерге 6:11).
15. а) Сенім қалқаны өте маңызды екені неден көрінеді? ә) ‘Отты жебелер’ қалай сенімімізге нұқсан келтіруі мүмкін?
15 “Бұларға қоса,— деп жалғастырды Пауыл,— сенімдеріңді “қалқан қылыңдар”, онымен шайтанның барлық “отты жебелерін” өшіріп тастай аласыңдар” (Ефестіктерге 6:16). “Бұларға қоса” деп аударылған сөз тұпнұсқада “ең бастысы” дегенді білдіреді, әрі осы қарудың өте маңызды екенін көрсетеді. Сенімімізде еш мін болмау керек. Ол үлкен қалқан іспетті бізді Шайтанның ‘отты жебелерінен’ сақтайды. ‘Отты жебелерге’ бүгінде не жатуы мүмкін? Мысалы, жауларымыз бен жолдан таюшылардың сенімімізді әлсіретпек оймен айтатын жанға батарлық қорлық сөздері, олардың тарататын өтіріктері және шындықты жартылай бүгіп қалған сөздері жатуы мүмкін. Сондай-ақ бұл ‘жебелердің’ бірі — материализм. Бұған беріліп кеткен адам қызығып әр нәрсені бір сатып ала береді, тіпті дүниесін жұртқа көрсететіндермен бақталасуға дейін барады. Дүниесіне мақтанатын адамдар үлкендеу әрі әдемірек үйлер мен көліктер сатып алуы, я болмаса қымбат әшекейлері мен соңғы үлгідегі киімдерін жұртқа көрсетіп жүруі мүмкін. Айналамыздағылар қалай өмір сүрмесін, біздің сеніміміз осы ‘отты жебелерге’ қарсы тұра алатындай күшті болу керек. Мұндай сенімді қалай дамытуға және жоғалтпауға болады? (Петірдің 1-хаты 3:3—5; Жоханның 1-хаты 2:15—17).
16. Берік сенім дамытуымызға не көмектеседі?
16 Біз Құдайға Киелі кітапты жеке зерттеу және шын жүректен дұға айту арқылы жақындай аламыз. Ехобадан сенімімізді нығайтуын өтініп, кейін дұғаларымызға сай әрекет етуіміз керек. Мысалы, қауымда түсініктеме беру мақсатымен апта сайын “Күзет мұнарасын” зерттеуге мұқият дайындаламыз ба? Киелі кітап пен оған негізделген басылымдарды зерттейтін болсақ, сеніміміз берік болады (Еврейлерге 10:38, 39; 11:6).
17. Құтқарылуымызды қалай ‘дулыға етіп кие’ аламыз?
17 Пауыл рухани қару-жарақты сипаттаған сөздерін келесі кеңеспен аяқтаған: “Құтқарылғандықтарыңды “дулыға етіп киіп”, қорғаныңдар; Құдай сөзін “рухани семсер қылып ұстаңдар!” (Ефестіктерге 6:17) Дулыға жауынгердің басы мен миын, яғни шешім қабылдайтын орталығын, қорғаған. Тап солай мәсіхшілер үміті ой-санамызды қорғайды (Салониқалықтарға 1-хат 5:8). Ойымызды осы дүниелік мақсаттар мен дүние-мүлік жайлы арманға толтырмай, Иса сияқты бар назарымызды Құдайдың беріп отырған үмітіне аударайық (Еврейлерге 12:2).
18. Неге Киелі кітапты күнделікті оқуға немкетті қарамауымыз керек?
18 Шайтан мен оның жын-перілерінің ықпалынан қорғайтын соңғы қару-жарақ — Киелі кітапта жазылған Құдайдың сөзі, немесе хабары. Бұл Киелі кітапты күнделікті оқуға немкетті қарамау керектігінің тағы бір себебі болып табылады. Құдай Сөзін жақсы білгеніміз Шайтанның өтірігі мен жындардың үгіт-насихатынан, сондай-ақ жолдан таюшылардың шашқан зәрінен қорғайды.
‘Әрдайым Құдайға сиыныңдар’
19, 20. а) Шайтан мен оның жын-перілерін не күтіп тұр? ә) Бізді не нәрсе рухани нығайта алады?
19 Шайтан мен оның жын-перілерінің және осы зұлым дүниенің құритын уақыты жақын. Ібіліс ‘өз уақытының аз қалғанын біледі’. Ол қатты ашулы және ‘Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүргендерімен’ шайқасуда (Аян 12:12, 17). Сондықтан бізге Шайтан мен оның жын-перілеріне қарсы тұру маңызды.
20 “Құдай берген рухани қару-жарақтың бәрімен’ түгел жабдықталыңдар!” деген ескертуге қаншалықты риза болуымыз керек десеңші! Пауыл рухани қару-жарақ туралы сөздерін мына кеңеспен аяқтайды: “Киелі Рух арқылы әрдайым Құдайға сиынып, барлық өтініштеріңді айтып, рухани сергек те шыдамды болыңдар: Құдайдың бүкіл халқы үшін мінажат ете беріңдер!” (Ефестіктерге 6:18) Дұға бізді рухани нығайтады, әрі қырағы болуымызға көмектеседі. Ендеше, Пауылдың сөздеріне құлақ асып, дұға ете берейік, өйткені бұл Шайтан мен оның жын-перілеріне қарсы тұруымызға көмектеседі.
Не білдіңдер?
• Шайтан мен оның жын-перілері қалай пайда болды?
• Ібіліс қаншалықты күшті?
• Шайтан мен оның жын-перілерінен қалай қорғана аламыз?
• Қалай Құдай берген қару-жарақпен түгелдей жабдықтала аламыз?
[18-беттегі суреттер]
Құдайдың ұлдары адамдардың қыздарын көрді
[20-беттегі сурет]
Рухани қару-жараққа не жататынын атап бере аласыңдар ма?
[21-беттегі суреттер]
Мыналарды істегеніміз Шайтан мен оның жын-перілерінен қалай қорғайды?