“Ескертулеріңді ұнатамын”
“Киелі жазбалардағылардың бәрі бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды” (РИМДІКТЕРГЕ 15:4).
1. Ехоба ескертулерін бізге қалай береді және неге олар бізге қажет?
ЕХОБА өз халқына осы қиын-қыстау күндері кезігетін әр түрлі қысымға төтеп берулері үшін ескертулер береді. Олардың кейбірін Киелі кітапты оқу барысында тапсақ, өзгелерін қауым кездесулерінде мәлімет не түсініктемелер ретінде естиміз. Оқыған не естігендеріміздің көбісі жаңа нәрсе емес. Соған ұқсас мәліметті бұрын қарастырған болуымыз мүмкін. Алайда ұмытуға бейім болғандықтан, санамызда Ехобаның ниеттерін, заңдары мен нұсқауларын үнемі қайта жаңғыртып отыруды қажет етеміз. Біз Құдайдың ескертулерін бағалауымыз керек. Олар бізді Құдайдың еркіне сай өмір сүруге талпындырған нәрселерді есімізде ұстауға көмектесе отырып, рухымызды жаңартады. Сондықтан да забур жыршысы Ехобаға: “Ескертулеріңді ұнатамын”,— деп жырлаған (Забур 119:24, ЖД; [118:24]).
2, 3. а) Неге Ехоба Киелі кітаптағы кейіпкерлердің өмірінде болған оқиғаларды біздің күнімізге дейін сақтады? ә) Бұл мақалада Жазбалардағы қандай оқиғалар қарастырылады?
2 Осыдан көптеген ғасырлар бұрын жазылса да, Құдай Сөзінің күші зор (Еврейлерге 4:12). Онда Киелі кітап кейіпкерлерінің өмірінде болған оқиғалар жазылған. Киелі кітап жазылған уақыттан бері әдет-ғұрыптар, көзқарастар көп өзгергенімен, кезігуге тура келетін қазіргі қиындықтарымыз сол кездегідей. Киелі кітаптағы біздің игілігіміз үшін сақталған көптеген оқиғаларда Ехобаны жақсы көріп, қиын жағдайларға қарамастан, оған адал қызмет еткен адамдардың жан тебірентерлік үлгілері бар. Өзгелері болса назарымызды Құдай жек көретін іс-әрекеттерге аударады. Киелі кітапта Ехоба осы оқиғалардың бәрін — жақсысын да, жаманын да ескертулер ретінде жаздырған. Пауыл айтқандай, “Киелі жазбалардағылардың бәрі бізге тәлім болсын деп баяғыда жазылып қалдырылды. Керемет болашағымыздан үмітімізді үзбеу үшін олар арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз” (Римдіктерге 15:4).
3 Қазір Жазбалардағы үш оқиғаға назар аударайық. Бұлар: Дәуіттің Саулға қалай қарағаны жайлы оқиға, Анани мен Зәпираның, сондай-ақ Потифардың әйелімен болған Жүсіптің оқиғасы. Мұның әрқайсысынан өзімізге құнды сабақтар аламыз.
Құдайдың қарастырған шараларын адал қолдау
4, 5. а) Дәуіт пен Саулдың арасында қандай жағдай болды? ә) Саулдың өштесуіне Дәуіт қалай қарады?
4 Саул патша Ехобаға адал болмай, оның халқына билік етуге лайықсыз болып қалды. Сондықтан Құдай одан бас тартып, Самуил пайғамбарды Исраилдің болашақ патшасы етіп Дәуітті тағайындауға жіберді. Дәуіт өзін ержүрек жауынгер ретінде танытып, халықтың мақтауына ие болғанда, Саул оған бақталасы ретінде қарай бастады. Ол Дәуіттің көзін құртуға бірнеше қайтара әрекеттенді. Бірақ Дәуіт барлық жағдайда да аман қалды, өйткені Ехоба оған жар болған еді (Патшалықтар 1-жазба 18:6—12, 25; 19:10, 11).
5 Біраз жылдар бойы Дәуіт қашқын боп өмір сүруге мәжбүр болды. Бірде Саулды өлтіруге мүмкіндік пайда болғанда, қасындағылар Дәуітке Ехобаның өзі жауыңды қолыңа тапсырып тұр деп, оны өлтіруге итермелейді. Алайда Дәуіт бұдан бас тартады. Себебі ол Ехобаға адал еді және Құдай халқының тағайындалған патшасы ретінде Саулдың дәрежесін құрметтейтін. Саулды Исраилге патша етіп тағайындаған Ехоба емес пе еді? Олай болса, өз уақыты келгенде, оны орнынан алып тастайтын да Ехобаның өзі. Дәуіт бұл іске араласу менің ісім емес деп есептеді. Өштескен Саулды райынан қайтару үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған соң, ол: “Оның [Құдайдың] Өзі Саулды өлтіретін болады. Не уақыты жетіп қайтыс болады, не соғысқа шығып қаза табады. Бірақ Өзінің тағайындаған патшасына қол тигізу дегеннен Жаратқан Ие сақтай көрсін!”— деген тоқтамға келді (Патшалықтар 1-жазба 24:3—15; 26:7—20).
6. Дәуіт пен Саулдың оқиғасы бізді не үшін қызықтыру керек?
6 Бұл оқиғадан құнды сабақ алуға болады. Өзіңнен мәсіхшілер қауымында қандай да бір проблеманың не үшін болып жатқанын сұраған кезің болды ма? Бәлкім, бұл әлдекімнің орынсыз әрекет етіп жатқандығынан болар. Оның ісі ауыр күнә емес шығар, бірақ ол сенің жаныңа қатты батып жүрген болуы мүмкін. Онда не істеген жөн? Бауырласыңның қамын ойлағандықтан және Ехобаға адал болғандықтан, мәселені шешу мақсатымен онымен жылы, жұмсақ сөйлесіп көрерсің. Ал егер проблема сол күйі шешілмесе ше? Парасаттылықпен қолыңнан келгеннің бәрін істеген соң, мәселені Ехобаның қолына тапсырғаның жөн болар. Дәуіт осылай әрекет еткен.
7. Әділетсіздікке не алалаушылыққа кезіксек, Дәуітке еліктеп, не істеуіміз керек?
7 Бәлкім, қоғамдағы әділетсіздіктің не діни алалаушылықтың қысымын көріп жатқан боларсың. Мұндай жағдайда қолыңнан келері шамалы болар, не ештеңе де істей алмассың. Бұған шыдау өте қиын болуы мүмкін, бірақ Дәуіттің әділетсіздікке кезіккендегі әрекетінен үлгі ала аламыз. Дәуіттің жазған Забур жырлары — Құдайдан Саулдың қолынан сақтауды сұрап шын жүректен айтқан дұғасы ғана емес, Ехобаға деген адалдығы да, Құдай есімінің мадақталуын ойлайтыны да айтылған көңіл тебірентерлік сөздер (Забур 17:2—7, 25—28, 31—33, 49—51; 56:2—12). Саул біраз жылдар бойы әділетсіз әрекет етсе де, Дәуіт Ехобаға адал болып қалған. Біз де қандай әділетсіздік көрсек те, өзгелер не істесе де, Ехоба мен оның ұйымына адал болып қалуымыз керек. Ехоба жағдайдың анық-қанығын білетініне сенімді болуымызға болады (Забур 85:2).
8. Мозамбиктегі Куәгерлер Ехобаға деген адалдықтары сыналғанда, не істеді?
8 Мозамбиктегі мәсіхшілер — сынақ кезінде Ехобаға айырылмай жабысып алғандардың қазіргі таңдағы мысалы. 1984 жылы қарсыласу қозғалысының қаруланған мүшелері олардың тұратын жерлеріне қайта-қайта шабуылдап, тонап, үйлерді өртеп, адамдарды өлтіріп жатты. Шынайы мәсіхшілер өздерін қорғау үшін ештеңе істей алмайтындай көрінді. Жергілікті тұрғындарды олар өз қарулы қозғалыстарына қатысуға немесе оған басқадай жолмен қолдау көрсетуге күштеді. Ехоба Куәгерлері бұны мәсіхшілердің бейтараптығына қайшы келетін әрекет деп есептеп, одан бас тартқанда, қатты ашуға ілікті. Осы аласапыран шақта 30 Куәгер өлтірілді, бірақ тіпті өлім қаупі де Құдай халқын адалдықтарынан тайдыра алған жоқa. Дәуіт сияқты олар да әділетсіздікке кезікті, бірақ ақыр соңында жеңімпаз болып шықты.
Сақтандыратын ескертулер
9, 10. а) Жазбалардағы кейбір мысалдардың біз үшін қандай пайдасы бар? ә) Анани мен Зәпираның әрекеті неге дұрыс емес еді?
9 Жазбаларда айтылған кейбір адамдардың мысалы қандай жүріс-тұрыстан сақтану керектігі жайлы ескертулер болып табылады. Шынында да, Киелі кітапта дұрыс әрекет етпей, кейін соның зардабын тартқан адамдар жайлы, олардың арасында Құдайдың қызметшілері де бар, көп оқиға жазылған (Қорынттықтарға 1-хат 10:11). Соның бірі — Иерусалимдегі мәсіхшілер қауымының мүшесі болған ерлі-зайыпты Анани мен Зәпираның оқиғасы.
10 Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан кейін елшілермен араласып, осының игіліктерін көру үшін Иерусалимде қалған жаңадан қосылған сенушілерге материалдық жағынан көмек қажет болды. Ешкім тарықпас үшін қауымның кейбір мүшелері мал-мүліктерін сатты (Елшілердің істері 2:41—45). Анани мен Зәпира танаптарын сатты да, түскен ақшаның бір бөлігін ғана елшілерге әкеліп беріп, ақшаның бәрін сый-тарту етіп отырмыз деп айтты. Рас, Анани мен Зәпира қанша береміз десе де өз еріктері еді, алайда олардың ниеті дұрыс емес болатын және істері де адал емес-тін. Олар жақсы әсер қалдырып, шын мәнінде өздері ондай болмаса да, көбірек істеп жатқандай көрінгісі келді. Киелі рухтың жетелеуімен елші Петір олардың арамдығы мен екіжүзділігін әшкере еткен соң, Ехоба оларды өлімге ұшыратты (Елшілердің істері 5:1—10).
11, 12. а) Адал болуға қатысты ескертулердің кейбірі қандай? ә) Адал болғанның қандай пайдасы бар?
11 Егер адамдар біз туралы жақсы ойласын деген ниетпен шындықты бұрмалағымыз келіп тұрса, Анани мен Зәпираның оқиғасы біз үшін мықты ескерту болсын. Бәлкім, бауырластарымызды алдармыз, бірақ Ехобаны алдай алмаймыз (Еврейлерге 4:13). Жазбалар қайта-қайта бір-бірімізге тек шындықты айтуға шақырады, өйткені өтірікшілерге арамдықтан тазарған жер бетінде орын жоқ (Нақыл сөздер 14:2; Аян 21:8; 22:15). Бұның себебі түсінікті де, өйткені өтірік атаулының бастауы Шайтан Ібіліс болып табылады (Жохан 8:44).
12 Адал өмір сүрудің бізге пайдасы көп. Солардың кейбірі — таза ар-ұждан және өзгелердің бізге сенім артатынын білгеннен келетін қанағат сезімі. Көп жағдайларда мәсіхшілер адал болғандарының арқасында жұмыс тауып немесе жұмыс орындарын сақтап қалған. Алайда ең басты пайдасы адал болудың арқасында Құдіретті Құдаймен достаса аламыз (Забур 14:1, 2).
Пәк өмір сүру
13. Жүсіп қандай жағдайға тап болды және ол не істеді?
13 Рубасы Жақыптың ұлы Жүсіп 17 жасында құлдыққа сатылған болатын. Ол ақырында мысырлық уәзір Потифардың үйінен бір-ақ шығады. Бұл жерде оған қожайынының әйелінің көзі түседі. Ол жас әрі келбетті Жүсіппен жақындасқысы келіп, күн сайын оған: “Жүр, бірге болайық”,— деп қоймай қояды. Жүсіп отбасынан жырақта, өзін ешкім де білмейтін елде болатын. Ол қожайынының әйелімен жақындаса алатын, әрі мұны ешкім білмес те еді. Алайда бірде Потифардың әйелі оны ұстай алғанда, Жүсіп қаша жөнеледі (Жаратылыс 37:2, 18—28; 39:1—12).
14, 15. а) Неге Жүсіптің оқиғасы бізді қызықтыру керек? ә) Бір әйел бауырлас Құдайдың ескертулеріне құлақ асқанына неге риза болды?
14 Жүсіп Құдайдан қорқатын отбасында өсті. Ол ерлі-зайыпты емес адамдардың жақындасуы дұрыс еместігін түсінетін. Ол: “Мен қалайша сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батпақпын?!”— деп сұрады. Құдайдың Едем бағында айтқан бір ғана адаммен некеге тұруға қатысты нормасын білгендіктен, ол осындай тұжырымға келген болу керек (Жаратылыс 2:24). Бүгінде Құдайдың қызметшілері Жүсіптің сол жағдайда не істегенінің үстінен ой жүгірте отырып, пайдалы сабақ ала алады. Кей жерлерде жыныстық қарым-қатынасқа жеңіл-желпі қаралатыны сонша — азғындықтан бас тартатын жастарды құрбы-құрдастары келеке-мазақ етеді. Ал ересектер арасында некеден тыс қатынас кең тараған. Олай болса, Жүсіптің оқиғасы біз үшін уақтылы ескерту болып табылады. Құдайдың нормасы бойынша жеңіл жүріс пен неке адалдығын бұзу әлі де күнә болып есептеледі (Еврейлерге 13:4). Заңсыз жыныстық қатынасқа барып қойғандар мұның дұрыс еместігіне келелі себеп бар екендігімен келіседі. Мұның қайғылы салдарының ішінде адамның өзін-өзі төмендетуі, ар-ұжданның мазалауы, қызғаныш, жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін аурулар бар. Киелі кітапта ескертілгендей, азғындыққа баратын адам “өз денесіне күнә жасайды” (Қорынттықтарға 1-хат 5:9—12; 6:18; Нақыл сөздер 6:23—29, 32).
15 Дженниb атты салт басты Ехоба Куәгеріне Құдайдың ескертулеріне ризашылық білдіруіне негіз бар. Жұмыста оған бір келбетті әріптесі қырындап жүреді. Дженни мұнысына жауап қатпағандықтан, ол одан бетер көңіл бөле түседі. “Маған пәктігімді сақтап қалу үшін күресуге тура келді, өйткені қарсы жынысты адамның саған көңіл бөлгені жаныңа жағады екен”,— деп мойындады Дженни. Алайда ол әлгі кісінің өзін жай ғана көңілдестерінің қатарына қоспақшы болғанын түсінді. Дженни оған қарсы тұруға деген шешімінің әлсірей бастағанын сезгенде, Ехобадан адалдық сақтап қалуға күш сұрап, жалынады. Ол Киелі кітап пен басылымдардан зерттеп білгендері “есін жиғызып, сақ жүруге талпындырған ескерту” болғанын есіне алады. Сол ескертулердің бірі Жүсіптің Потифардың әйелімен болған оқиғасы еді. Ол: “Ехобаны қаншалықты жақсы көретінімді есіме салып отырсам, маған сондай сорақы іс жасап, оған қарсы күнә жасап қоям деп қорқудың қажеті жоқ”,— деп түйді.
Құдайдың ескертулеріне құлақ асыңдар!
16. Киелі кітаптағы адамдардың өмірін қарап шығып, үстінен ой жүгірткеніміздің қандай пайдасы бар?
16 Ехобаның неге кейбір оқиғаларды Жазбаларда жаздырып қалдырғанын ұғуға тырыссақ, оның нормаларына деген ризашылығымызды арттыра аламыз. Олар не нәрсеге үйретеді? Киелі кітап кейіпкерлерінің қандай қасиеттеріне еліктеуіміз немесе қандай бейімділіктерінен аулақ болуымыз керек? Киелі кітап ішінен жүздеген адамдардың оқиғасын оқимыз. Құдайдың нұсқауын жақсы көретіндердің бәрі оның өмір беретін даналығын алуға, соның ішінде Ехобаның жазып қалдырған мысалдарынан сабақ алуға “тәбетін” ашулары керек. Осы журналда өмірлерінен бір нәрсеге үйренуге болатын адамдар жайлы мақалалар жиі жазылады. Неге оларды қарап шығуға уақыт таппасқа?
17. Ехобаның ескертулері бойларыңда қандай сезім оятады және неліктен?
17 Ехоба өз еркін орындауға талпынып жатқандардың қамын сүйіспеншілікпен ойлайтынына қаншалықты ризамыз десеңші! Әрине, біз де Киелі кітаптағы ерлер мен әйелдер сияқты кемелсізбіз. Алайда олардың қалай әрекет еткені жайлы білгеніміздің бізге пайдасы зор. Ехобаның ескертулеріне құлақ ассақ, үлкен қателіктер жасап қоюдан аулақ бола аламыз, сондай-ақ әділдік жолымен жүргендердің керемет үлгісіне еліктей аламыз. Сонда забур жыршысы сияқты: “Иеміздің ережелерін [“ескертулерін”, ЖД] ұстанып, шын жүректен Оған бет бұрғандар бақытты! Ережелеріңді [“ескертулеріңді”, ЖД] шын жүректен ұстанамын, өйткені оларды сондай қатты ұнатамын”,— деп жырлай аламыз (Забур 118:2, 167).
[Сілтемелер]
a 1996 жылғы “Ехоба Куәгерлерінің жылнамасын” қараңдар (160—162 бет, ор).
b Есімі өзгертілген.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Дәуіттің Саулға қалай қарағанынан неге үйрене аламыз?
• Анани мен Зәпираның оқиғасынан қандай сабақ аламыз?
• Неге Жүсіптің өмірбаяны бізді бүгінде әсіресе қызықтыру керек?
[18-беттегі сурет]
Неге Дәуіт Саулды өлтіруден бас тартты?
[19-беттегі сурет]
Анани мен Зәпираның оқиғасынан қандай сабақ аламыз?
[20-беттегі сурет]
Жүсіптің азғындықтан бас тартуына не талпындырды?