Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w06 1.7. 8—11 бет.
  • “Осы жүзімді қорша”

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Осы жүзімді қорша”
  • 2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ‘Жүзім сақтары мол жер’
  • Исраил — жүзім бұтасы
  • ‘Шынайы жүзім бұтасы’
  • “Мол жеміс беріңдер”
  • Жеміс беру және Исаның досы болу
    Иса пайғамбар — жол, шындық, өмір
  • ‘Мол жеміс беріңдер’
    Біздің патшалық қызметіміз. 2007
2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w06 1.7. 8—11 бет.

“Осы жүзімді қорша”

ОН ЕКІ тыңшы Уәде етілген жердің о шеті мен бұ шетін шарлап шықты. Мұса оларға сол жердің тұрғындарын байқап, жемісінен ала келуді айтқан болатын. Олардың назары әсіресе қай жеміске ауды екен? Олар Хеброннан онша алыс емес жерде бір жүзімдікке кезігеді. Ондағы жүзімнің өте ірі болғаны сонша — бір шоғының өзін екі адам көтеріп жүреді. Жемісіне қатты тамсанған тыңшылар әлгі шұрайлы өңірді “Есхол даласы”, немесе “Жүзім шоғы”, деп атады (Руларды санау 13:21—24, сілтемені қараңдар).

ХІХ ғасырда Палестинада болған бір кісі: “Есхол, немесе Жүзім даласы... әлі де жүзімге толы, әрі бүкіл Палестинаның ең жақсы және ең ірі жүзімдері осы өңірде өседі”,— деді. Киелі кітап заманында Есхолдың жүзімдері ерекше болғанымен, жақсы жүзім Палестинаның басқа да көп жерінде өсетін. Мысыр мәліметтеріне қарағанда, перғауындар шарапты Қанахан жерінен алдырған.

Бір кітапта: “Топырағы қиыршық тасты, күн сәулесі мол, жазы ыстық, қысқы жауын-шашыны тез сіңіп кететін [Палестинаның] қыраттары жүзім өсіруге таптырмайтын жер”,— деп түсіндіріледі (The Natural History of the Bible). Ишая кейбір ең жақсы деген жерлердің жүзімдігінде мыңдаған жүзім бұтасына дейін болғанын айтады (Ишая 7:23).

‘Жүзім сақтары мол жер’

Мұса Исраил халқына ‘жүзім сақтары, інжір мен анар ағаштары мол жерді’ иеленетіндерін айтқан (Заңды қайталау 8:8). Бір энциклопедияда айтылғандай, “ежелгі Палестинада жүзім көп отырғызылғаны сонша — қазба жұмыстары жүргізілген жерлердің басым көпшілігінде, егер бәрінде демесең, жүзім дәндері табылған” (Baker Encyclopedia of Bible Plants). Уәде етілген жердегі жүзім бұталарының өнімді болғаны соншалықты, тіпті Набуходоносор әскері Яһуданы ойран еткен б. з. б. 607 жылы елде қалдырылған адамдар ‘аса мол мөлшерде шарап пен жазғы жемістерді жинап алған’ (Еремия 40:12; 52:16).

Мол шарап жасау үшін, исраилдік диқаншылар жүзімдіктерін жақсылап күтіп-баптаулары керек еді. Ишая кітабында исраилдік жүзімшінің “ең таңдаулы сабақтарды” отырғызар алдында қалай қыраттағы жерін қазып, үлкен тастардан тазартатыны сипатталады. Сонан соң ол алынып тасталған тастарды қалап, қоршау жасап қоюы мүмкін. Бұл оның жүзімдігін малдардың таптап кетуінен, сондай-ақ түлкі, жабайы қабандар мен ұрылардан қорғаған. Ол сондай-ақ жүзім шырынына арналған астау жасаған және өнімді жинау кезінде, яғни жүзімдікті әсіресе күзету керек кезде, салқын орын ретінде шағын мұнара тұрғызған болу керек. Осындай дайындық жұмыстарының бәрін жасаған соң барып, жүзімші жақсы өнім алам деп күтуіне болатын (Ишая 5:1, 2)a.

Жақсы өнім болу үшін, диқаншы жүзім бұтасын үнемі кесіп, сондай-ақ арам шөп, ошаған мен тікенек қаулап кетпеуі үшін топырақты өңдеп, қопсытып отыратын. Егер көктемгі жауын-шашын аз болса, оған жүзімдігін жаз айларында суғаруға тура келетін (Ишая 5:6; 18:5; 27:2—4).

Жаздың соңына қарай жүзім жинау науқаны зор қуанышқа кенелетін уақыт болған (Ишая 16:10). Забурдың үш жырының кіріспе сөзінде “ғаттық жетіген”, “геф аспаптары” деген тіркестер кездеседі (8, 80 және 83-ші Забур жырлары). Бұл белгісіз музыкаға қатысты тіркестер Септуагинтада “шырынға арналған астау” деп аударылады, соған қарағанда, бұл жырларды исраилдіктер жүзім жинау науқанында жырлаған болу керек. Жүзімнен көбінесе шарап жасалғанмен, исраилдіктер оны жеген және кептіріп мейіз жасап, күлше нанға қосқан болу керек (Патшалықтар 2-жазба 6:19; Шежірелер 1-жазба 16:3).

Исраил — жүзім бұтасы

Киелі кітапта Құдай халқы бірнеше рет жүзім бұтасы ретінде сипатталады, әрі бұл — исраилдіктер үшін жүзімнің маңызды болғанын ескерсек, орынды қолданылған метафора. 79-шы Забур жырында Асаф Исраил халқын Ехобаның Қанаханға отырғызған жүзім сабағына теңейді. Ол жер Исраил тамыр жайып, мықты боп өсе алуы үшін тазартылған болатын. Алайда уақыт өте келе, оның қорғаныш қоршаулары құлайды. Халық Ехобаға сенім артпай қойды, сондықтан олардан қорғанышын алып қойды. Жүзімдікті жұлып, таптап кететін жабайы қабан сияқты жаулары Исраилдің байлығын тонаумен болды. Асаф Ехобадан халықтың бұрынғы салтанатын қайта қалпына келтіруге көмектесуін сұрап дұға етеді. Ол: “Осы жүзімді қорша”,— деп жалынады (Забур 79:9—16).

Ишая ‘Исраилден шыққан үрім-бұтақты’ біртіндеп ‘жабайы’, немесе бүлінген, жеміс бере бастаған жүзімдікке теңейді (Ишая 5:2, 7). Жабайы жүзім күтіп-бапталған жүзімге қарағанда әлдеқайда майда әрі ішінде дәндері көп, етті де емес. Ондай жүзім шарап жасауға да, жеуге де жарамсыз. Сол себепті бұл әкелген жемісі әділдік емес, заңсыздық болып табылған жолдан тайған халықты жақсы бейнеледі. Оның жарамсыз өнім беруі Жүзімшінің кемшілігінен емес. Ехоба халқы өнім бере алуы үшін барлық жағдайды жасады. Сондықтан ол: “Баққа Мен істемеген не қалып еді?”— деп сұрады (Ишая 5:4).

Исраил өнім бермейтін жүзім бұтасы болып шыққандықтан, Ехоба халқының айналасына тұрғызған қорғаныш қоршауын құртатынын ескертті. Ол бұдан былай бейнелі жүзім сабағын қысқартпайды да, топырағын қопсытпайды да. Өнім болу үшін аса қажетті көктемгі жауын жаумайды, жүзімдікте тікенек пен арам шөптер қаулап кететін болады (Ишая 5:5, 6).

Мұса Исраилдің жолдан таюы тіпті тура мағынадағы жүзімдіктеріне де кесірін тигізіп, олардың солып қалатынын алдын ала айтқан. “Жүзімдіктер отырғызатын боласың және оны күтіп баптайсың, ал бірақ одан жасалған шарапты іше алмайсың, және де оның жемісін жинай алмайсың, себебі, оны құрт жеп қояды” (Заңды қайталау 28:39). Егер негізгі діңгегіне құрт түсіп, ішін жейтін болса, жүзім бұтасы екі-ақ күннің ішінде солып қалады (Ишая 24:7).

‘Шынайы жүзім бұтасы’

Ехоба Исраилді жүзім бұтасына теңегені сияқты, Иса да сондай метафора қолданған. Шәкірттерімен бірге өткізген соңғы кеште Иса оларға: —Мен “шынайы жүзім бұтасымын”, ал Әкем “жүзім өсіруші”,— деген (Жохан 15:1). Иса шәкірттерін жүзім сабақтарымен салыстырған. Жүзім сабақтары оның негізгі діңгегінен қуат алатыны сияқты, Мәсіхтің шәкірттері де онымен үнемі тығыз байланыста тұрулары керек. Иса: “Менен бөлініп сендер ешбір игілік істей алмайсыңдар”,— деді (Жохан 15:5). Жүзімшілер жүзім бұтасын оның жемісі үшін өсіреді, сол сияқты Ехоба да өз халқынан рухани жеміс береді деп күтеді. Бұндай жеміс жүзім өсіруші Құдайға қуаныш пен даңқ әкеледі (Жохан 15:8).

Әдетте жүзімнің мол болуы сабақтарын кесіп, тазартып тұрғанға байланысты. Иса осы екі нәрсе жайлы айтқан. Бұтадан мейлінше көп өнім алу үшін, жүзімші оны жылына екі рет кесуі мүмкін. Қысқы айларда жүзім бұтасының көп сабағы қырқылады. Жүзімші былтырғы сабақтардың көбісін алып тастайды. Ол діңгегінде әрқайсысында бір-екеуден жас өскіндері бар үш-төрт негізгі сабақтарын қалдыратын болу керек. Осы жас өскіндер алдағы жазда жеміс беретін сабақтарға айналады. Жүзімші сабақтарды кесуді аяқтаған соң, кесілгендерін отқа жағады.

Иса осылай сабақ кесу жайлы айтып, былай деген: “Кім менімен байланыста тұрмаса, сол кесіліп тасталған сабақтар іспетті “сыртқа лақтырылып, кеуіп қалады”. Кепкен сабақтар кейін жиналып, отқа жағылып, жанып кетеді” (Жохан 15:6). Осы кесуден кейін жүзім бұтасында сабақтар сирек болып көрінсе де, көктемде кейбір сабақтар тағы іріктеп қырқылады.

Иса: “Маған ілінген, бірақ рухани жеміс бермейтін әр “сабақты” Әкем кесіп тастайды”,— деген (Жохан 15:2). Бұл жерде кейінірек жасалатын қырқу, яғни жүзім бұтасында жеткілікті мөлшерде жаңа сабақтар пайда болып, жүзім шоқтары көзге көрініп қалған кезде болатын қырқу жайлы айтылып тұрған болса керек. Жүзімші әрбір жаңа сабақты мұқият қарап шығып, қайсысы жеміс беретінін, қайсысы жарамсыз екенін анықтайды. Жеміс бермейтін сабақтарды кесіп тастамаса, олар діңгектен су мен нәр алып қоректене береді. Ал нәрді тек жеміс беретін сабақтар алу үшін, жүзімші әлгі жеміс бермейтін сабақтарды кесіп тастайды.

Ақырында, Иса тазарту жайлы айтады. “Өнім беретіндерін молырақ берсін деп тазартады”,— деп түсіндірді ол (Жохан 15:2). Жеміс бермейтін сабақтар кесілген соң, жүзімші жеміс беретін сабақтың әрқайсысын мұқият тексеріп шығады. Жеміс беретін осындай сабақтың түбіріне жақын кішкентай жас өскіндер болады. Оларды да алып тастау қажет, әйтпесе жүзім сабағындағы маңызды шырынды жүзімге жібермей, сорып алады. Сондай-ақ жас жүзімдерге күн шуағы жақсырақ түсу үшін үлкен жапырақтар да алынып тасталынуы мүмкін. Жеміс беретін сабақтар мол өнім беру үшін осылардың бәрін істеу өте маңызды.

“Мол жеміс беріңдер”

‘Шынайы жүзім бұтасындағы’ бейнелі сабақтар майланған мәсіхшілерді білдіреді. Алайда “басқа қойлар” да Мәсіхтің жеміс беретін шәкірттері екенін дәлелдеуде (Жохан 10:16). Олар да “мол жеміс” әкеліп, көктегі Әкелерін мадақтай алады (Жохан 15:5, 8). Исаның шынайы жүзім бұтасы жайлы көрнекі мысалы құтқарылуымыз Мәсіхпен бірге тығыз байланыста болып қала беруімізге және жақсы рухани жеміс әкелуімізге байланысты екенін есімізге салады. Иса: “Менің Әкемнің өсиеттерін орындап, сүйіспеншілігін қабылдап жүргенімдей, сендер де Менің өсиеттерімді орындасаңдар, сүйіспеншілігімді қабылдап жүресіңдер”,— деген (Жохан 15:10).

Зәкәрияның күндерінде Құдай исраилдіктердің адал тамтығына жерлерінде тағы да ‘егіс тыныштықта болып, жүзім сабағы жемісін беріп, жер де ырыздығын аямай төгетінін’ уәде еткен (Зәкәрия 8:12). Сонымен қатар жүзім бұтасы Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде Құдай халқының арасында болатын татулықты бейнелеу үшін де қолданылады. Миха: “Әркім өз жүзімінің сабағы астында, інжірдің саясында отырады, ешкім оларды қорқытып-үркітпейді, өйткені бұл — Жаратушы Ие Саваофтың аузынан шыққан сөз”,— деп пайғамбарлық айтқан (Миха 4:4).

[Сілтеме]

a “Иудей энциклопедиясында” исраилдік жүзім өсірушілердің сорек деп танымал болған қызғыш қара жүзім сортын отырғызуды жөн көргені айтылған (Ишая 5:2-де сондай жүзім сабақтары жайлы айтылған болу керек). Осы жүзімнен дәмді қызыл шарап жасайтын болған.

[10-беттегі сурет]

Жақында солған жүзім бұтасы

[10-беттегі сурет]

Қыс айларындағы сабақ кесу

[10-беттегі сурет]

Кесіп тасталынған сабақтарды отқа жағу

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу