Ехоба “ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ” айтады
“Мен ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіріп келемін” (ИШАЯ 46:10).
1, 2. Бабылдың құлауына қатысты оқиғалар несімен керемет және бұдан Ехоба жайлы не білеміз?
ТАС қараңғы түн. Жау әскері жасырын түрде Евфрат өзенінің арнасы бойымен келеді. Беттеген жерлері — қуатты Бабыл қаласы. Олар қаланың кіре берісіне келгенде, өз көздеріне өздері сенбей қалды: Бабыл қабырғасындағы орасан үлкен қос қақпалы есік ашық қалыпты! Олар өзен арнасынан өрмелеп шығып, қалаға кірді де, көп ұзамай-ақ оны басып алды. Қолбасшысы Кир аз уақыттың ішінде жаулап алған жеріне билігін орнатып, ал кейінірек тұтқындағы исраилдіктерді босату жайлы жарлық шығарды. Сөйтіп, мыңдаған тұтқындар Иерусалимде Ехобаға ғибадат етуді қайта қалпына келтіру үшін отандарына оралды (Шежірелер 2-жазба 36:22, 23; Езра 1:1—4).
2 Б. з. б. 539—537 жылдары болған сол оқиғаларды бүгінде тарихшылар растап отыр. Бір ғажабы, осы оқиғалардың болатыны шамамен 200 жыл бұрын белгілі болатын. Ехоба киелі рухтың көмегімен Бабылдың құлайтынын Ишая пайғамбарға ұзақ уақыт бұрын жаздырған (Ишая 44:24—45:7). Құдай осы оқиғаға қатысты жайттарды ғана емес, оны жаулап алушының есімін де ашқанa. Сол уақытта өзінің куәгерлері болған исраилдіктерге Ехоба: “Баяғыда болғандарды да естеріңнен шығармаңдар! Жалғыз Мен ғана шынайы Құдаймын, Менен өзге құдай жоқ, Маған ұқсас ешкім де болмайды! Мен ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіріп келемін”,— деді (Ишая 46:9, 10а). Ехоба, шынында да, болатын жайтты алдын ала біле алатын Құдай.
3. Қазір қандай сұрақтардың жауабын қарастырамыз?
3 Құдай болашақ жайлы қаншалықты біледі? Ехоба әрбіріміздің қалай әрекет ететінімізді алдын ала біле ме? Шынымен маңдайға тағдырымыз жазылып қойылған ба? Осы және осыған қатысты басқа да сұрақтарға Киелі кітап қалай жауап беретінін осы және келесі мақалада қарастырамыз.
Ехоба — пайғамбарлық айтушы Құдай
4. Киелі кітапта жазылған пайғамбарлықтарды кім айтқан?
4 Болашақты біле алатын Ехоба Киелі кітап жазылып жатқан уақыттағы қызметшілеріне киелі рухымен көптеген пайғамбарлықтар жаздырған. Олар Ехобаның не істеуді ниет еткенін күні бұрын білуімізге көмектеседі. Ехоба: “Жүзеге асты бұрынғы айтқандарым, енді жаңа жайттарды жариялап, сендерге алдын ала хабарлаймын”,— деп жариялайды (Ишая 42:9). Құдай халқы, шынында да, қандай зор мәртебеге ие!
5. Ехобаның не істейтінін алдын ала білу адамға қандай міндет жүктейді?
5 Амос пайғамбар бізді былай деп сендіреді: “Өзінің құпиясын құлдарына — әулиелеріне [пайғамбарларына] ашпай Жаратушы Құдай Ие ештеңе істемейді”. Ехобаның не істейтінін алдын ала білу адамға белгілі бір міндет жүктейді. Мұны көрсету үшін Амостың қандай күшті мысал келтіргенін байқашы: “Арыстан ақырса кім қалтырамас?”— деді ол. Арыстанның ақырғаны жақын маңайдағы адамды да, жануарды да дереу қандай да бір әрекет жасауға талпындыратыны сияқты, Амос іспетті пайғамбарлар да Ехобаның айтқандарын кідірместен жария етті. “Жаратушы Құдай Ие айтқан екен — кім сәуегейлік [“пайғамбарлық”, ЖД] жасамас?”— деді Амос (Амос 3:7, 8).
Ехобаның ‘сөзі’ міндетті түрде жүзеге асады
6. Ехобаның Бабылдың құлауына қатысты ‘мақсаты’ қалай жүзеге асты?
6 Ишая пайғамбар арқылы Ехоба: “Мен мақсатымды орындап, Өзіме ұнайтындарды іске асыратын боламын деп уәде беремін”,— деген (Ишая 46:10ә). Құдайдың Бабылға қатысты ‘мақсаты’, яғни еркі, ниеті, оны жаулап алу үшін Парсы мемлекетінен Кирдің келіп, Бабылды құлатуы еді. Ехоба бұндай мақсаты жайлы ұзақ уақыт бұрын жария еткен. Жоғарыда көргеніміздей, ол б. з. б. 539 жылы толығымен орындалды.
7. Ехобаның ‘сөзі’ әрқашан жүзеге асатынына неге сенімді бола аламыз?
7 Кир Бабылды жаулап алғанға дейін шамамен төрт ғасыр бұрын Яһуда патшасы Жосафатқа Аммон және Моаб әскерлері бірлесіп қарсы шыққан еді. Сонда ол сеніммен былай деп дұға еткен: “Жаратқан Ие, біздің әкелеріміздің Құдайы! Аспандағы Құдай Сен емес пе едің? Сөйтіп Сен халықтардың барлық патшалықтарына иелік қыласың, күш пен мықтылық та Сенің қолыңда, Саған ешкім де қарсы тұра алмайды!” (Шежірелер 2-жазба 20:6) Ишая да Жосафат сияқты сенім білдіріп: “Бұл Жаратушы Ехоба Саваоф жолы, мұны кім жоққа шығармақ? Оның созылған қолын,— кім тойтара алмақшы?”— деген (Ишая 14:27). Кейінірек Бабыл патшасы Набуходоносор біраз уақыт бойы ақыл-есінен адасып, кейін қайта есін жиғанда, кішіпейілділікпен мойындап: “Жер бетінде өмір сүрушілердің бәрі дәнеңе емес; Ол [Құдай] Өзінің еркі бойынша көктегі әскерлерін де басқарады, жердегілерге де билігін жүргізеді; Оның қолын қағып: “бұл не істегенің?” дейтін ешкім жоқ”,— деген (Даниял 4:32). Иә, Ехоба өз халқын: “Менің аузымнан шыққан сөзім... Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады”,— деп сендіреді (Ишая 55:11). Ехобаның ‘сөзі’ әрқашан да жүзеге асатынына кәміл сенуімізге болады. Құдайдың еркі міндетті түрде орындалады.
Құдайдың ‘мәңгілік мақсаты’
8. Құдайдың ‘мәңгілік мақсаты’ деген не?
8 Елші Пауыл Ефестегі мәсіхшілерге жазған хатында Құдайдың ‘мәңгілік мақсаты’ бар екенін айтады (Ефестіктерге 3:11). Бұл — Құдайдың өзінің қалай әрекет ететіндігінің жоспары емес, қайта, оның о баста адамзат пен жер үшін ойластырғандарын жүзеге асыру шешімі, соған бел бууы (Жаратылыс 1:28). Құдайдың мақсатының, яғни ниетінің, сөзсіз жүзеге асатынын терең ұғу үшін, Киелі кітапта жазылған алғашқы пайғамбарлықты қарастырайық.
9. Жаратылыс 3:15-тің Құдайдың ниетіне қандай қатысы бар?
9 Жаратылыс 3:15-те айтылған уәдесі Ехобаның Адам мен Хауа күнә жасағаннан кейін-ақ бейнелі мағынадағы әйелінің дүниеге ұрпақ, немесе ұл, әкелетінін шешкенін көрсетеді. Ол сондай-ақ әйелдің және Шайтан мен оның қастасқан ұрпақтарының арасындағы өштесудің нәтижесі қандай болатынын да алдын ала білген. Ехоба әйелдің Ұрпағының өкшесіне зақым келуіне жол бергенмен, Өзінің белгілеген уақыты келгенде, Ұрпақ жыланның, немесе Шайтан Ібілістің, басын мыжитын болады. Иса уәде етілген Мәсіх ретінде келгенше, оның таңдап алынған ата-тегі арқылы Ехобаның ниеті жүзеге аса берді (Лұқа 3:15, 23—38; Ғалаттықтарға 4:4).
Ехобаның күні бұрын шешкендері
10. Ехоба Адам мен Хауаның күнә жасайтынын о бастан-ақ шешіп қойған ба еді? Түсіндіріңдер.
10 Құдайдың ниетіндегі Исаның рөлі жайлы айта отырып, елші Петір: “Құдай әлемді жаратпастан бұрын-ақ Мәсіхті бұл мақсатқа таңдап белгілеп еді, ал заманның аяғында Оны сендер үшін ашық көрсетті”,— деп жазды (Петірдің 1-хаты 1:20). Сонда Ехоба Адам мен Хауаның күнә жасайтынын және Иса Мәсіхтің төлем құрбандығы қажет болатынын о бастан-ақ шешіп қойған ба еді? Жоқ. ‘Жарату’ деп аударылған грек сөзі сөзбе-сөз “ұрық шашу” дегенді білдіреді. Адам мен Хауа күнә жасамай тұрып, “ұрық шашылды” ма, немесе дүниеге ұрпақ келді ме? Жоқ, әрине. Олардың балалары тілазар қылықтарынан кейін дүниеге келген (Жаратылыс 4:1). Олай болса, Ехоба ‘ұрпақтың’ келетіні жайлы бүліктен кейін, бірақ Адам мен Хауа балалы болмай тұрып айтқан. Исаның өлімі мен қайта тірілуі азаттық төлеммен қамтамасыз етті. Осының арқасында күнә жойылып, Шайтанның барлық ісі талқандалатын болады (Матай 20:28; Еврейлерге 2:14; Жоханның 1-хаты 3:8).
11. Ехоба ниетін жүзеге асыруда қандай жайтты алдын ала шешіп қойды?
11 Ехоба ниетін жүзеге асыруда өзге бір жайттың болатынын алдын ала шешіп қойды. Мұны Пауылдың ефестіктерге жазған сөзінен көруге болады. Ол Құдайдың еркі ‘көк пен жердегінің бәрін де қайтадан Мәсіх арқылы жинау’ екенін айтқан. Содан кейін Мәсіхпен бірге мұрагер болуға таңдалған ‘көктегілер’ жайлы Пауыл: “Барлық нәрсені өз еркі бойынша істеушінің ниетіне сай алдын ала белгіленгенбіз”,— деп түсіндірді (Ефестіктерге 1:10, 11, ЖД). Иә, Ехоба адамдардың шектеулі саны әйелдің ұрпағының қосымша бөлігін құрап, Мәсіхпен бірге азаттық төлемнің баталарын төгетінін алдын ала шешіп қойған болатын (Римдіктерге 8:28—30). Елші Петір оларды “қасиетті ұлт” деп атады (Петірдің 1-хаты 2:9). Ал елші Жоханға аянда сол Мәсіхпен бірге мұрагер болатындардың санын білу мәртебесі тиді. Олардың саны 144 000 (Аян 7:4—8; 14:1, 3). Олар Патша Мәсіхке қолдау көрсетіп, ‘[Құдайдың] ұлылығын мадақтау’ үшін қызмет етуде (Ефестіктерге 1:12—14).
12. 144 000-ң әрқайсысының тағдыры шешіліп қойылмағанын қайдан білеміз?
12 144 000-ның алдын ала белгіленіп қойғаны олардың әрқайсысының маңдайына Құдайға осылай адал қызмет етеді деп жазылып қойылғанын білдірмейді. Мәсіхшілердің Грек жазбаларындағы нұсқаулар негізінен майланғандарға басшылық беру әрі нығайту үшін жазылған, яғни оларға мінсіздіктерін сақтауға және көкке шақырылуларына лайықты болып қалуларына көмектеседі (Філіпіліктерге 2:12; Салониқалықтарға 2-хат 1:5, 11; Петірдің 2-хаты 1:10, 11). Ехоба 144 000 адамның өз ниетіне сай қызмет етуге қабілетті болатындарын алдын ала біледі. Алайда олардың әрқайсысының түбінде кім болатыны қалай өмір кешетініне, яғни жеке шешіміне, байланысты (Матай 24:13).
Ехобаның алдын ала білетіндері
13, 14. Ехоба алдын ала білу қабілетін немен үйлестіреді және неліктен?
13 Ехоба пайғамбарлық айтушы әрі ниеті бар Құдай болғандықтан, өзінің алдын ала білу қабілетін қалай қолданады? Біз, ең бастысы, Құдайдың барлық жолдары шыншыл, әділ әрі сүйіспеншілікке толы екеніне сенімдіміз. Бірінші ғасырдағы еврей мәсіхшілерге жазған хатында елші Пауыл Құдайдың уәдесі мен анты мызғымастай екенін, ‘Құдайдың өтірік айтуы еш мүмкін еместігін’ растаған (Еврейлерге 6:17, 18). Ал Титке жазған хатында ол тағы да осы ойды айтып: “Жалған сөйлемейтін Құдай”,— деді (Титке 1:2).
14 Сонымен қатар Ехоба құдіреті шексіз болса да, ешқашан әділетсіз әрекет етпейді. Мұса Ехобаны “аса сенімді, және де Онда жалғандық атаулы жоқ; Ол әділ әрі шыншыл” деп сипаттаған (Заңды қайталау 32:4). Ехобаның кез келген іс-әрекеті керемет болмысымен үйлеседі. Оның барлық әрекетінен басты қасиеттерінің, яғни сүйіспеншілігінің, даналығының, әділдігі мен күшінің өзара тамаша үйлесіп жататыны көрінеді.
15, 16. Ехоба Едем бағында Адамға қандай болашақ ұсынды?
15 Енді осылардың Едем бағында болған оқиғаға қандай қатысы бар екенін көрейік. Сүйікті Әке ретінде Ехоба адам баласына керегінің бәрін берді. Ол Адам атаға ойлау, қисынды түрде ойлану, сөйтіп, қандай да бір тұжырым жасау қабілетін сыйлады. Негізінен, инстинктпен әрекет ететін жануарлардан айырмашылығы Адамның таңдай білу қабілеті бар еді. Адамды жаратқаннан кейін, Құдай көктегі тағынан “жасағандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді” (Жаратылыс 1:26—31; Петірдің 2-хаты 2:12).
16 Ехоба ‘жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемеуді’ бұйырғанда, не істеу керектігін шеше алуы үшін, Адамға жеткілікті нұсқау берді. Оған бақтағы күллі ағаштардың, біреуінен басқасының, жемістерін жеуге рұқсат етті, сондай-ақ тыйым салған ағаштың жемісін жесе, мұның салдары өте қайғылы болатынын ескертті (Жаратылыс 2:16, 17). Құдай Адамға әрекетінің неге әкеп соғатынын түсіндірді. Ал Адам не істер екен?
17. Неге Ехоба алдын ала білу қабілетін таңдап қолданады деп айтуға болады?
17 Ехоба кез келген нәрсені күні бұрын білу қабілеті болса да, Адам мен Хауаның не істейтінін алдын ала білмеуді шешкен болу керек. Олай болса, бұл жерде мәселе Ехоба болашақты болжай алатындығында емес, болжауды шеше ме, сонда жатыр. Оның үстіне, сүюші Құдай болғандықтан, Ехоба сол бүліктің орын алуын — оның барлық қайғылы салдарымен қоса алғанда — әдейі және қатыгездікпен алдын ала шешіп қоймаған деген қисынды ойға келе аламыз (Матай 7:11; Жоханның 1-хаты 4:8). Демек, Ехоба алдын ала білу қабілетін таңдап қолданады.
18. Неге Ехобаның алдын ала білу қабілетін таңдап қолданғаны кемшілігі бар дегенді білдірмейді?
18 Ехобаның алдын ала білу қабілетін таңдап қолданғаны оның кемшілігі бар дегенді білдіре ме? Жоқ. Мұса Ехобаны “Жартас” ретінде бейнелеп, “Оның істері мінсіз”,— деп қосты. Адам баласының күнәсінің салдарынан болатын жайттар үшін ол жауапты емес еді. Басымызға түскен күнәнің ауыр зардабы Адам атаның әділетсіз әрекет етіп, мойынсұнбауының кесірінен болып отыр. Елші Пауыл ой түзе отырып: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді. Адамдардың бәрі де ажалды болды, өйткені барлығы күнә жасады”,— деп анық айтқан (Заңды қайталау 32:4, ЖД; 5; Римдіктерге 5:12; Еремия 10:23).
19. Келесі мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
19 Осы қарастырғандарымыздан Ехобаның әділетсіз емес екенін көрдік (Забур 32:5). Қайта, ол әр түрлі қабілетін, құлықтылық нормалары мен қасиеттерін өз ниетіне сай қолданады (Римдіктерге 8:28). Пайғамбарлық айтушы Құдай ретінде Ехоба ‘ақырғы жайттарды әуел бастан-ақ және әлі істелмеген істерді баяғыдан-ақ алдын ала білдіреді’ (Ишая 46:9, 10). Сондай-ақ оның алдын ала білу қабілетін таңдап қолданатынын да байқадық. Ал бұл бізге қалай әсер етеді? Қабылдаған шешіміміз Құдайдың сүйіспеншілікке толы ниетіне сай келетініне қалай көз жеткізе аламыз? Осылай еткеніміз қандай баталар әкеледі? Келесі мақалада осы сұрақтар қарастырылады.
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Жалпыға арналған кітап” кітапшасының 28-бетін қараңдар.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Құдайдың ‘сөзі’ әрқашан жүзеге асатынын ертедегі қандай мысалдардан көруге болады?
• Ехоба “мәңгілік мақсатына” сай нені алдын ала шешіп қойды?
• Ехоба алдын ала білу қабілетін қалай қолданады?
[23-беттегі сурет]
Құдай Исаның өлетіні мен қайта тірілетінін алдын ала айтқан
[24-беттегі сурет]
Ехоба Адам мен Хауаның не істейтінін алдын ала шешіп қойған ба еді?