Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w06 1.5. 4—7 бет.
  • Жұбайыңмен пікір алыса білудің кілті

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жұбайыңмен пікір алыса білудің кілті
  • 2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Үнсіз пікір алысу
  • Пікір алысудың маңыздылығы
  • Пікір алысуды үйрену
  • Келіспеушілік болғанда
  • Үнемі пікір алысып отырыңдар
  • Жақсы пікір алысу арқылы некелеріңді нығайтыңдар
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ысқақтың жақсы әйелге үйленуі
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
  • Көптен күткен бала
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Сыйлық қымбат емес, сыйластық қымбат
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2006 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w06 1.5. 4—7 бет.

Жұбайыңмен пікір алыса білудің кілті

“МЕН оны айтпауым керек еді”. “Мен ойымды анық жеткізе алмадым”. Жұбайыңмен пікірлесіп көрмекші болғаннан кейін, осылай ойлаған кездерің болды ма? Иә, пікір алысу — өнер. Оны үйрену керек. Өнердің кез келген түрі сияқты, пікір алысуды кейбір адамдар тез үйреніп алса, өзгелеріне бұл оңайға соға қоймайды. Алайда, қиын болса да, ойды жағымды мәнермен жеткізуді үйренуге болады.

Кейде жұбайлардың бір-бірімен қарым-қатынасына қандай да бір шамада мәдениеттері әсер етеді. Бәлкім, ерлердің санасына: “Нағыз еркекпін десең, тым көп сөйлемеуің керек”,— деп сіңдірген шығар. Сөзшең ер адамдарға жеңілтек деп қарауы мүмкін. Расында да, Киелі кітапта: ‘Әркім тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан болсын’,— делінген (Жақып 1:19). Алайда бұл кеңестің ерлерге де, әйелдерге де қатысы бар, сондай-ақ ол пікір алысуға тек сөйлей беру жатпайтынын көрсетеді. Екі адам ұзақ сөйлесуі мүмкін, бірақ бір-бірін тыңдауға жүйрік болмаса ше? Мұны нағыз пікір алысу деп айту екіталай. Өйткені, жоғарыда айтқандай, пікір алысу көбінесе тыңдай білумен байланысты.

Үнсіз пікір алысу

Кейбір қоғамда әйелдер өз ойын сыртқа шығармау керек деп есептеледі. Ал күйеулер болса отбасының тірліктеріне араласпауы керек. Осындай ортадағы ерлі-зайыптылар жұбайының нені қалап тұрғанын топшылап білулері керек болады. Кей әйелдер күйеулеріне не керек екенін қас-қабағынан байқап, тез арада оның тілегін орындауға тырысады. Мұндай жағдайда күйеуі мен әйелі үнсіз пікір алысады деуге болады. Алайда мұндай пікір алысу әдетте бір жақты болып келеді. Әйел күйеуінің не ойлап, не сезінетінін қас-қабағынан тануды үйренуі мүмкін де, ал күйеуінен бұлай ету күтілмейді.

Рас, кейбір елдің мәдениетінде ерлер әйелдердің эмоциялық қажеттіліктерін байқап, оны қанағаттандыруға тырысады. Солай болған күнде де, мәдениеттері осындай көптеген ерлі-зайыптыларға да пікір алысуды үйрене түсудің пайдасы зор.

Пікір алысудың маңыздылығы

Ашық сөйлесу түсініспеушілікке жол бермейді. Мысалы, Исраил тарихының басында Иордан өзенінің шығыс жағында мекендеген Рубен, Ғад және Манаса руының жартысы Иорданның маңына “көрер көзге еңселі құрбандық үстелін” орнатты. Ал басқа рулар олардың бұл әрекетін дұрыс түсінбеді. Иорданның арғы бетіндегі бауырластары жолдан тайды деп ойлап, батыстағы рулар “бүлікшілермен” соғысуға дайындалады. Соғысқа шықпас бұрын оларға сөйлесу үшін өкілдерін жібереді. Бұлай еткендері өте дұрыс болды. Өйткені олар келіп, құрбандық шалатын орынның түгелдей өртелетін құрбандықтар мен басқа да құрбандықтарды ұсынып, заңсыздық жасау үшін жасалмағанын біледі. Керісінше, шығыстағы рулар болашақта басқа рулар өздеріне: “Құдайда үлестерің жоқ”,— деп айтып жүрмесін деп қорыққан. Ал құрбандық шалатын бұл орын олардың да Ехобаға ғибадат еткендерінің куәсі болар еді (Ешуа 22:10—29). Ехоба олар үшін шын Құдай болғанына куәлік еткендіктен болар, құрбандық орнын “куәгер” деп атады (Ешуа 22:34).

Олардың мән-жайды түсіндіріп айтқандары батыстағы рулар үшін жеткілікті болды да, соғысу ниетінен қайтты. Иә, ашық та шын көңілмен сөйлесіп алғандары қарулы қақтығысқа жол бермеді. Кейінірек Исраил бейнелі күйеуі болған Ехоба Құдайға қарсы бүлік шығарғанда, Құдай мейіріммен олардың ‘жүректеріне жеткізіп сөйлеген’ (Ошия 2:14). Ерлі-зайыптылар үшін неткен керемет үлгі! Жұбайың сезіміңді түсіне алу үшін, жүрегіне жеткізіп сөйлеуге тырыс. Бұл әсіресе сезімге қатты берілген кезде маңызды. Құрама Штаттарындағы журналист Патти Михалик былай дейді: “Кейбіреулер: — Тәйірі, сөз дегенің арзан ғой,— деуі мүмкін, бірақ ол өте қымбат болуы да мүмкін”. Әлдекім үшін сезімін айтып жеткізу оңай болмағанымен, оны үйренсе, мұның пайдасы банктегі ақшадан әлдеқайда артық болады.

Пікір алысуды үйрену

Бәлкім, кейбіреулер: “Біздің некеміз о бастан-ақ сәтсіз болған”,— дер. Ал өзгелері: “Бұл некені сақтап қалу бәрібір мүмкін емес”,— деп түйетін шығар. Үйленген соң көп ұзамай кейбіреулер өзара пікір алысуды үйрену мүмкін емес деген ойға келіп жатады. Бірақ екі адамды туған-туысқандары қосатын жерлерде тұратындар жайлы ойлап көрші. Мәдениеті осындай адамдардың көбісі некелерінде пікір алысуды ертелі-кеш үйреніп алады.

Шығыс елінің бірінде бір ерлі-зайыптыны туыстары қосқан болатын. Қызметшісі қожайынының ұлына қалыңдықты алыс жерден алып келген-ді. Сөйткенмен де осыдан 4 000 жылдай уақыт бұрын өмір сүрген сол жұп пікір алыса білудің керемет үлгісін көрсетті. Ысқақ далада қызметшісі мен болашақ қалыңдығының алдынан шықты. Сонда “қызметші Ысқаққа сапарында не істегенін түгел айтып берді”. Осы жайлы Киелі кітапта әрі қарай былай делінген: ‘[“Содан кейін”, ЖД] Ысқақ Рабиғаны өзінің марқұм анасы Сараның шатырына кіргізіп [бұл ресми түрде некелерінің қиылғанын көрсеткен], оған үйленді. Қалыңдығы Ысқаққа қатты ұнады’ (Жаратылыс 24:62—67).

Байқашы, Ысқақ алдымен барлық мән-жайды тыңдап алып, “содан кейін” Рабиғаға үйленді. Қызды айттырып алып келген қызметші сенімді, Ысқақтың сыйынатын Құдайы Ехобаға берілген адам еді. Ысқақтың оған сенім артуына толық негізі бар еді. Ысқақ жары Рабиғаны ‘қатты ұнатты’.

Ысқақ пен Рабиға пікір алысып үйренді ме? Ұлдары Есау хеттік екі әйелге үйленгеннен кейін отбасында қиындық туды. Рабиға Ысқаққа қайта-қайта: “Есаудың алған хеттік әйелдерінің кесірінен өмірім уайымға толы өтіп жатыр. Егер Жақып та [кіші ұлдары] мына хеттік әйелдер сияқты жергілікті қыздардан әйел алатын болса, онда маған өмір сүрудің не қажеті бар?”— деп айтты (Жаратылыс 26:34; 27:46). Бұдан оның мазалаған ойын анық жеткізе білгенін көруге болады.

Ысқақ Есаудың сыңары Жақыпқа Қанахан қыздарына үйленбеуді айтады (Жаратылыс 28:1, 2). Осылай Рабиғаның дегені болады. Бұл ерлі-зайыптылар отбасындағы жанға бататын мәселе жайында ойларын ортаға салып сөйлесе білудің жақсы үлгісін қалдырып отыр. Ал егер ерлі-зайыптылар бір-бірімен келісе алмаса ше? Мұндай жағдайда не істеуге болады?

Келіспеушілік болғанда

Егер жұбайыңмен үлкен келіспеушілік болса, тымсырайып, сөйлеспей қойып жүрме. Бұл қылық өзіңнің бақытты емес екеніңді, жарыңның да бақытты болғанын қаламайтыныңды ашық көрсетеді. Бірақ жолдасың сенің тілек-қалауыңды, сезіміңді тіптен түсінбей жүрген болуы да мүмкін.

Мұндайда, бәлкім, екеуіңе мәселенің бетін ашып алу керек шығар. Егер жанға бататындай мәселе болса, үндемей қалу қиын болар. Мысалы, Ысқақтың ата-анасы Ыбырайым мен Сара бірде қиын жағдайға тап болады. Сара құрсақ көтермегендіктен, сол кездегі дәстүр бойынша, күңі Ажарды ұрпақ әкелсін деп Ыбырайымға қосады. Ажар оған Ысмағұл атты ұл тауып береді. Алайда кейінірек Сараның өзі де жүкті болып, Ыбырайымға Ысқақ деген ұл туып береді. Ысқақ емшектен шыққаннан кейін, Сара ұлын Ысмағұлдың келеке-мазақ етіп жүргенін байқайды. Сондықтан баласына қауіп төніп тұрғанын сезген ол Ыбырайымнан Ажар мен Ысмағұлды қуып жіберуін өтінеді. Иә, Сара күйеуімен сөйлескенде, өз сезімін ашық айтқан. Бірақ оның сөзі Ыбырайымға мүлдем ұнамайды.

Бұл келіспеушілік қалай шешілді? Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Құдай Оған [Ыбырайымға]: — Бала мен күңге бола қамықпа. Сараның айтқанының бәріне көн, себебі сенің ұрпағың Ысқақтан тарайтын болады,— деді”. Ыбырайым Құдайдың нұсқауына құлақ асып, соған сай әрекет етті (Жаратылыс 16:1—4; 21:1—14).

Бәлкім, сен: “Егер Құдай көктен сөйлесе, біз де келіспеушілікті оңай шеше алар едік”,— дерсің. Осы жерде некедегі келіспеушілікті шешуге көмектесетін тағы бір кілт жайлы айтуға болады. Ерлі-зайыптылар Құдайды ести алады. Қалай? Құдай Сөзін бірге оқып және ондағы айтылғандарды Құдайдың басшылығы ретінде қабылдау арқылы (Салониқалықтарға 1-хат 2:13).

Бір тәжірибелі, толысқан әйел бауырлас: “Егер бір жас әйел бауырлас отбасына қатысты кеңес сұрап келсе, көбінесе күйеуі екеуі бірге Киелі кітапты оқып жүр ме екен, соны сұраймын. Некелерінде қиындық туатындардың басым көпшілігі Киелі кітапты бірге оқып дағдыланбаған”,— деді (Титке 2:3—5). Оның байқаған нәрсесінен бәріміз де сабақ алуымызға болады. Жұбайыңмен бірге Құдай Сөзін үнемі оқы. Осылайша күнделікті қалай жүріп-тұруға болатынын көрсететін Құдай сөзін ‘естисіңдер’ (Ишая 30:21). Алайда ескеретін жайт: Жұбайыңа қолданбай жүрген тармақтарын қайта-қайта көрсетіп, Киелі кітапты оны ұрып-соғатын көк шыбық ретінде қолданба. Қайта, оқығандарыңды екеуің де қалай қолдануларыңа болатыны жайлы ойлауға тырыс.

Егер қандай да бір қиын проблеманы шешпекші болсаңдар, неге соған қатысты мәліметті “Күзет мұнарасы басылымдарының индексінен”a іздеп көрмеске? Мысалы, қартайған әке-шешелеріңе қарап жатырсыңдар және бұл некелеріңе ауыр салмақ салып отыр делік. Жолдасың не істеу керек, нені істемеу керектігін айтып дауласқанша, неге бірге отырып “Индексті” қарамасқа? Алдымен, “Ата-аналар” деген басты тақырыпты қараңдар. Мүмкін, тақырыптың астындағы “Ата-анаға қамқорлық көрсету” деген сияқты тақырыпшаларды қарағыларың келер. Соған байланысты мақалаларды Ехоба Куәгерлерінің басылымдарынан бірге оқып шығыңдар. Сонда Киелі кітапқа негізделген осы мәліметтердің көптеген мәсіхшілерге көмектескеніндей өздеріңе де қаншалықты пайдалы болатынын көріп таңғаларсыңдар.

Берілген мәлімет көздерін ақтарып, оларды бірге оқығандарың проблемаларыңа дұрыс баға беруге көмектеседі. Олардан Құдайдың көзқарасын көрсететін Жазба орындарын табасыңдар. Киелі кітапты ашып, сол тармақтарды бірге оқыңдар. Сонда туындаған проблемаларың жайлы Құдайдың не айтатынын еститін боласыңдар.

Үнемі пікір алысып отырыңдар

Біраз уақыттан бері ашылмаған есікті ашып көрген кезің болды ма? Есіктің тот басқан топсасы шиқылдап, әрең ашылады. Ал егер есікті үнемі ашып-жауып тұратын, сондай-ақ оның топсасын жақсылап майлап қоятын болса ше? Онда оны ашу оңай болар еді. Пікір алысу есігі жайлы да осылай деуге болады. Егер жұбайыңмен пікірлесіп тұратын және пікір алысу есігінің топсасын мәсіхшілердің сүйіспеншілігімен майлап қоятын болсаңдар, тіпті араларыңда қатты келіспеушілік болса да, ойларыңды ашық айту әлдеқайда жеңіл болады.

Пікір алысып үйренуді ерте ме, кеш пе, қолға алу керек. Бастапқыда бұл көп күш салуды қажет етуі мүмкін, бірақ онымен жұмыс істеуді тоқтатпаңдар. Сонда жұбайыңмен қарым-қатынас жасау жеңілірек болып, нәтижесінде бір-біріңді жақсы түсінетін боласыңдар.

[Сілтеме]

a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.

[7-беттегі сурет]

Араларыңда келіспеушілік болғанда, Құдайдың басшылығын іздейсіңдер ме?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу