Ехоба әрқашан дұрыс әрекет етеді
“Тәңір Өзінің барлық жолында әділетті” (ЗАБУР 144:17).
1. Біреудің өзің туралы қате тұжырым жасағаны саған қалай әсер етеді және мұндай жағдайдан өзімізге қандай сабақ алуымызға болады?
ЖАҒДАЙДЫҢ анық-қанығына жетпей жатып, сенің әрекеттерің немесе ниетің туралы біреудің қате тұжырымға келген кезі болды ма? Бұған сен қатты күйінген боларсың, бұл түсінікті де. Бұдан өзімізге маңызды сабақ алуымызға болады: жағдайдың анық-қанығына жетпей жатып, асығыс тұжырым жасаудан аулақ болғанымыз абзал.
2, 3. Кейбіреулер Киелі кітаптағы әрбір сұраққа жауап алатындай егжей-тегжейлі жазылмаған оқиғаларды қалай қабылдайды, бірақ Киелі кітапта Ехоба жайында не айтылады?
2 Ехоба Құдайға қатысты тұжырым жасағанда да осыны естен шығармауымыз керек. Неге? Себебі Киелі кітапта алғашында түсініксіз боп көрінуі мүмкін мәліметтер бар. Мысалы, Құдайдың кейбір қызметшілерінің әрекеттері немесе Құдайдың ежелгі уақыттағы үкімдері туралы мәліметтер сұрақтарымыздың бәріне жауап таба алатындай егжей-тегжейлі жазылмауы мүмкін. Өкінішке орай, кейбіреулер осындай мәліметтерге наразылықтарын білдіріп, тіпті Құдайдың әділдігіне күмән келтіре бастайды. Дегенмен Киелі кітапта “Тәңір Өзінің барлық жолында әділетті” екені айтылған (Забур 144:17). Өзінің Сөзінде сондай-ақ оның ‘әділетсіздік жасамайтыны’ айтылады (Әйүп 34:12; Забур 36:28). Сондықтан біреулер ол туралы қате тұжырым жасағанда, оның не сезінетінін ойлап көрші!
3 Ехобаның үкімдерімен келісуге қандай бес себеп бар екенін қарастырайық. Одан соң осыларды есімізде ұстай отырып, Киелі кітаптағы кейбіреулер үшін түсініксіз болуы мүмкін екі оқиғаны қарастырайық.
Неге Ехобаның үкімдерімен келісуіміз керек?
4. Неге Құдайдың әрекеттеріне келгенде кішіпейілділік сақтағанымыз жөн? Мысал келтіріңдер.
4 Біріншіден, Ехоба біз біле бермейтін жайттардың бәрін білетіндіктен, Құдайдың әрекеттеріне келгенде кішіпейілдік сақтағанымыз жөн. Мысалы, әділдігімен белгілі болған төреші сотта шығарылған үкімді оқыды делік. Мән-жайды жете түсінбестен не заңды жақсы біліп алмастан, біреу оның шешіміне наразылығын білдіріп жатса, ол адам туралы не ойлар едің? Істің анық-қанығына жетпей жатып, оның айып тағуы ақылсыздық болар еді (Нақыл сөздер 18:13). Олай болса, қарапайым адамдардың ‘бүкіл әлемнің Қазысын’ айыптауы нағыз ақымақтық болмай ма?! (Жаратылыс 18:25).
5. Киелі кітаптан Құдайдың белгілі бір адамдарға шығарған үкімдері туралы оқығанда нені есімізде ұстағанымыз дұрыс?
5 Екіншіден, адамдардан айырмашылығы Құдай жан дүниеге қарай алады (Патшалықтар 1-жазба 16:7). Оның Сөзінде: “Мен, Тәңір Ие, әркімнің өз жолына және істерінің жемістеріне сай қарымтасын беру үшін жүрекке еніп, ішкі дүниені тексеремін”,— деп жазылған (Еремия 17:10). Сондықтан Киелі кітаптан Құдайдың белгілі бір адамдарға шығарған үкімдері туралы оқығанда, бәрін көретін Құдай өзінің Сөзінде жазылмаған жасырын ойларды, ниеттер мен пиғылдарды ескергенін есімізде ұстайық (Шежірелер 1-жазба 28:9).
6, 7. а) Ехоба өзіне қанша қымбат түссе де, әділ нормаларына берік болып қалатынын қалай көрсетті? ә) Киелі кітаптан оқығанымыз Құдайдың әділ немесе дұрыс әрекет ететініне қатысты күмән тудырса, нені ұмытпағанымыз дұрыс?
6 Үшінші себепке көңіл аударайық. Ехоба өзіне қанша қымбат түссе де, әділдігіне берік болып қалады. Мұның бір мысалын қарастырайық. Мойынсұнғыш адамдарды күнә мен өлімнен құтқару үшін Ұлын азаттық төлем ретінде бергенде, Ехоба әділ нормаларына сай әрекет еткен (Римдіктерге 5:18, 19). Алайда сүйікті ұлының азап шегу бағанасында қиналып өлгенін көру Ехобаға өте ауыр тиді. Бұдан Құдай туралы не білеміз? ‘Мәсіхтің төлеміне’ қатысты Киелі кітапта: “[Құдайдың] әділеті осы арқылы айқын көрінеді”,— деп айтылады (Римдіктерге 3:24—26). Басқа аудармада Римдіктерге 3:25-те: “Бұл Құдайдың әрқашан дұрыс әрі шыншыл әрекет ететінін көрсетті”,— деп жазылған (New Century Version). Иә, Құдайдың азаттық төлем арқылы қаншалықты жоғары құн беруге деген дайындығы оның “дұрыс әрі шыншыл” нәрсеге қатысты өте жоғары талаптарды ұстанатынын көрсетеді.
7 Сондықтан Киелі кітаптан біреудің ойында Құдайдың әділ не дұрыс әрекет ететініне қатысты күмән тудыруы мүмкін нәрсені оқысақ, әділ нормаларын берік ұстанатындықтан, Ехоба тіпті өз Ұлын азапты өлімнен арашалап қалмағанын ұмытпауымыз керек. Ал басқа жағдайларда ол осы нормаларын бұза ма? Ехоба ешқашан әділ нормаларын бұзбайды. Бұл — ақиқат. Сондықтан оның әрқашан дұрыс әрі шыншыл әрекет ететініне сенімді болатын себептер бізде жеткілікті (Әйүп 37:23).
8. Неге адамдардың Ехобаға әділдік жетіспейтін болу керек деп ойлауы ақылға қонымсыз болар еді?
8 Ехобаның үкімімен келісудің төртінші себебі — ол адамдарды өзіне ұқсас етіп жаратқан (Жаратылыс 1:27). Сондықтан адамдардың бойында, әділдікті қоса алғанда, Құдайға тән қасиеттер бар. Әділдігіміздің осы қасиет Құдайға жетіспейтін болу керек деген ойға жетелеуі қисынсыз болар еді. Егер Киелі кітаптың кей жерлерін түсіне алмасақ, мұра етіп алған күнәнің кесірінен әділдікке қатысты түсінігіміздің де кемелсіз болып қалғанын есімізде ұстауымыз керек. Ал өзіміз ұқсас етіп жаратылған Ехоба Құдай әділдікті кемелді түрде көрсетеді (Заңды қайталау 32:4). Адамдарды Құдайдан әділ деп ойлаудың өзі күлкілі ғой! (Римдіктерге 3:4, 5; 9:14).
9, 10. Неге Ехоба адамдарға өз әрекеттерін түсіндіріп немесе ақталып отыруға міндетті емес?
9 Бесіншіден, Ехоба “бүкіл жер бетіндегілердің барлығынан да Ең Жоғарғы” (Забур 82:19). Олай болса, ол адамдарға өз әрекеттерін түсіндіріп немесе ақталып отыруға міндетті емес. Ол — Ұлы Құмырашы, ал біз оның өз қалауынша пайдалану үшін құмыраға айналдырған балшығы сияқтымыз (Римдіктерге 9:19—21). Оның шешімдеріне немесе әрекеттеріне күмәнданатындай, біз кімбіз? Бар болғаны Оның қолындағы қыш бұйым емеспіз бе!? Әйүп Құдайдың адамзатқа қатысты әрекеттерін қате түсінгенде, Ехоба оны түзеп: “Сен менің үкімімді жоққа шығарғың келе ме? Өзіңді ақтау үшін маған айып таққың келе ме?”— деп сұрақ қояды. Өзінің ойланбай сөйлегенін түсінген Әйүп өкініш білдіреді (Әйүп 40:3; 42:6). Құдайдан кемшілік іздеп, ешқашан қателік жасамайық!
10 Ехобаның әрқашан дұрыс әрекет ететініне сенетін келелі себептер бар екені анық. Ехобаның жолдарын түсінудің осындай негізі қаланған соң, енді Киелі кітаптағы кейбіреулер үшін түсініксіз болуы мүмкін екі оқиғаны қарастырайық. Біріншісі — Құдайдың бір қызметшісінің әрекеттеріне, ал екіншісі — Құдайдың өзі іске асырған үкімге қатысты.
Неге Лут өз қыздарын ашулы тобырға ұсынған?
11, 12. а) Құдай адам кейпіне енген екі періштені Содомға жібергенде не болғанын айтып беріңдер. ә) Мұны оқыған кей адамдардың ойында қандай сұрақтар туындайды?
11 Жаратылыс кітабының 19-тарауында Құдай адам кейпіндегі екі періштені Содомға жібергенде қандай оқиға болғаны жазылған. Лут оларды өз үйіне қонуға көндіреді. Алайда сол түні қаланың адамдары үйді қоршап алып, азғындық жасау үшін қонақтарды сыртқа шығаруын талап етеді. Лут ақылға шақыруға тырысқанымен, олар көнбейді. Сонда қонақтарын қорғау үшін Лут былай дейді: “Бауырларым, зұлымдық жасамаңдар... Тыңдаңдаршы, бойжеткен пәк екі қызым бар. Сендерге соларды үйден шығарып берейін, білгендеріңді істеңдер. Бірақ бұл адамдарға тиіспеңдер, олар менің шаңырағымның астына түскен меймандарым ғой!” Келген топ оны тыңдамайды, қайта, одан сайын өршеленіп, есікті сындыра жаздайды. Ақырында, періштелер есірген тобырды соқыр етіп тастайды (Жаратылыс 19:1—11).
12 Мұны оқыған кейбіреулердің ойында сұрақтар туындайтыны түсінікті. Олар: “Қонақтарын қорғап қалу үшін қыздарын азғын адамдарға ұсынуға қалайша Луттың дәті барды? Оның мұнысы қателік, тіпті қорқақтық емес пе?”— деп таңғалады. Осы мәліметті ескерер болсақ, неге Құдайдың еркі бойынша Петір Лутты “әділ” деп атаған? Лут Құдайдың рұқсатымен әрекет етті ме? (Петірдің 2-хаты 2:7, 8). Қате тұжырымға келмеу үшін осы туралы ой жүгіртейік.
13, 14. а) Луттың әрекетінен ол туралы нені байқауға болады? ә) Луттың қорқақтық жасамағаны неден көрінеді?
13 Алдымен, Киелі кітап Луттың әрекетін ақтап не қараламайтынын, онда жай ғана болған оқиға суреттелетінін ескерген жөн. Сондай-ақ Киелі кітапта Луттың не ойлағаны немесе оның осылай әрекет етуіне не түрткі болғаны айтылмайды. Сенушілердің қайта тірілетін уақыты келгенде, ол жағын Луттың өзі айтып беретін шығар (Елшілердің істері 24:15).
14 Лут қорқақ болмаған. Ол қиын жағдайға тап болған. Меймандардың ‘шаңырағының астына түскенін’ айтқанда, Лут оларға қорғаныш әрі пана болуға міндетті екенін білдірді. Бірақ бұл оңайға соқпас еді. Иосиф Флавий содомдықтарды “адамға қиянат жасайтын, ал Құдайды елемейтін... Олар жат жерліктерді жек көретін және шімірікпестен ойларына келгенді істей беретін” халық ретінде суреттеген. Бірақ Лут зұлым топтан қорқып, тартыншақтамаған. Керісінше, ол сыртқа шығып, ашулы адамдарды ақылға шақырады. Ол тіпті өзінің артынан “есікті жауып” қояды (Жаратылыс 19:6).
15. Неге Лут сеніммен әрекет етті деуге болады?
15 “Сонда да,— деуі мүмкін кейбіреулер,— неге Лут тобырға қыздарын ұсынды?” Оның ниеті жаман болған деген тұжырым жасамас бұрын, неге кейбір болуы мүмкін жағдайларды қарастырып көрмеске? Ең бірінші Лут сеніммен әрекет еткен болуы мүмкін. Қалайша? Луттың ағасы Ыбырайымның әйелі Сараны Ехоба қалай қорғағанын білгенінде күмән жоқ. Сара өте сұлу болғандықтан, өзін өлтіріп, оны тартып алмау үшін Ыбырайым Сарадан басқаларға өзін ағасы деп айтуын өтінедіa. Содан Сараны перғауынның сарайына алдыртады. Алайда Ехоба перғауынның Сараға зорлық жасауына жол бермейді (Жаратылыс 12:11—20). Лут та қыздарын Ехоба осылай қорғайтынына сенген болуы мүмкін. Ехоба солай етті де, ол періштелері арқылы араша түсіп, жас қыздарды қорғап қалды.
16, 17. а) Қалайша Лут содомдықтарды састырып қоюға тырысқан болуы мүмкін? ә) Лут қалай ойласа да, не нәрсеге сенімді болуымызға болады?
16 Тағы бір жайтты қарастырып көрейік. Лут сондай-ақ адамдарды састырып қоюға тырысқан болу керек. Лут содомдықтар гомосексуалистер болғандықтан, екі қызына қызықпайтынына сенімді болған болуы мүмкін (Яһуда 7). Оның үстіне, қыздардың қалада атастырылып қойған жігіттері бар болған, сондықтан болашақ күйеу балалардың туыстары, жолдастары немесе қызметтестері осы топтың арасында болуы мүмкін еді (Жаратылыс 19:14). Осындай байланысы болғандықтан, Лут сол топтағы кейбір адамдар оның қыздарын қорғап, араша түсетініне үміттенген болуы мүмкін. Осылайша өзара жікке бөлінген топ аса қауіп тудырмас едіb.
17 Лут не ойласа да, қандай ниеті болса да, бір нәрсеге сенімді болуымызға болады, Ехоба әрқашан дұрыс әрекет ететіндіктен, оның Лутты “әділ” деп атауына жақсы негіз болған болу керек. Есірген содомдықтардың әрекеттерін ескерер болсақ, Ехобаның сол зұлым қаланың тұрғындарына үкім шығарғанының өте орынды болғанына күмәндануға бола ма? (Жаратылыс 19:23—25).
Неге Ехоба Ұзаны жазалады?
18. а) Дәуіт келісім сандығын Иерусалимге әкелуге тырысқанда қандай оқиға болды? ә) Осыған байланысты қандай сұрақ туындайды?
18 Дәуіттің келісім сандығын Иерусалимге әкелуге тырысқаны туралы мәлімет те кейбіреулер үшін түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Сандық Ұза мен оның бауыры жетектеп келе жатқан өгіздерге жегілген арбаға қойылады. Киелі кітапта былай деп жазылған: “Салтанатты шеру Нахонның астық бастыратын қырманына жеткен кезде өгіздер арбаны сілкіп қалып, қисайтып жіберді. Құлап кетпеу үшін Ұза қолын созып, келісім сандығын ұстап алды. Сонда Жаратқан Иенің қаһары Ұзаға лап етті. Еркінсіп, сандыққа қол тигізгені үшін Құдай оны жазалап, Ұза сол бойда келісім сандығының жанында өліп кетті”. Бірнеше ай өткен соң, Құдайдың нұсқауына сай леуі руынан шыққан Қорахтың ұлдары сандықты иықтарына салып әкелгенде, шеру ойдағыдай өтеді (Патшалықтар 2-жазба 6:6, 7; Руларды санау 4:15; 7:9; Шежірелер 1-жазба 15:1—14). Кейбіреулер: “Неге Ехоба осынша қаталдық көрсетті? Ұза бар болғаны сандықты ұстап қалғысы келді ғой”,— деп сұраулары мүмкін. Қате тұжырым жасап қоймау үшін, кейбір жайттарды ескергеніміз дұрыс болады.
19. Неге Ехобаның әділетсіз әрекет етуі мүмкін емес?
19 Ехобаның әділетсіз әрекет етуі мүмкін емес екенін ұмытпауымыз керек (Римдіктерге 9:14). Оның бұлай етуі қатыгездік болар еді, бірақ біз Киелі кітаптан “Құдай — сүйіспеншілік” екенін білеміз (Жоханның 1-хаты 4:8). Оның үстіне, Жазбаларда ‘әділдік — [Құдай] тағының негізі’ екені айтылады (Забур 88:15). Олай болса, қалайша Ехоба әділетсіз әрекет етуі мүмкін? Әділетсіз әрекет етсе, ол өз билігінің негізін талқандаған болар еді.
20. Неге Ұза келісім сандығына қатысты ережелермен таныс болуы мүмкін еді?
20 Ұзаның Таурат заңымен таныс болуға тиіс екенін ұмытпайық. Келісім сандығы Ехобаның сол жерде тұрғанын бейнелеген. Таурат заңында құқы жоқ адамдар оған қол тигізбеу керек екені және бұл заңды бұзған адам өлім жазасына тартылатыны анық айтылған (Руларды санау 4:18—20; 7:89). Сондықтан келісім сандығын жеткізу жеңіл-желпі қарайтын іс емес еді. Ұза діни қызметкер болмағанымен, леуі руынан шыққан болса керек, сондықтан ол Таурат заңын білуге тиіс еді. Оның үстіне, біраз жыл бұрын қарап жүру үшін сандық оның әкесінің үйіне әкелінген болатын (Патшалықтар 1-жазба 6:20—7:1). Сол сандық Дәуіт Иерусалимге әкелуді ұйғарғанша, ол үйде 70 жылдай тұрған. Демек, Ұза келісім сандығына қатысты ережелермен жастайынан таныс болған деп тұжырым жасауға болады.
21. Ұзаның жағдайына келгенде, неге Ехобаның адамның пейілін байқайтынын есте сақтаған маңызды?
21 Жоғарыда айтылғандай, Ехоба жан дүниеге қарай алады. Оның Сөзінде Ұза ‘еркінсіп қол тигізген’ деп жазылғандықтан, Ехоба оның ойындағы Киелі кітапта айтылмаған арам ниетті байқаған болуы керек. Ұза құқы жоқ болса да, еркінсіп әрекет етуге бейім, менмен адам болған шығар (Нақыл сөздер 11:2). Оның бұлай әрекет етуіне отбасына сеніп тапсырылған келісім сандығын көпшіліктің алдында басшылық етіп алып келе жатқаны себепші болған болар (Нақыл сөздер 8:13). Мүмкін, оның сенімінің аздығы сонша, өзінің сол жерде тұрғанын бейнелейтін келісім сандығын Ехобаның өзі сақтап қала алмайды деп ойлаған шығар. Қалай болған күнде де, Ехобаның дұрыс әрекет еткеніне сенімді болуымызға болады. Ол Ұзаның жүрегінде сол сәтте жазалануына себеп болған бір нәрсені көрген болуы әбден мүмкін (Нақыл сөздер 21:2).
Сенімді болуға тұрарлық келелі себеп
22. Сөзінде кейбір жайттар айтылмай кеткенінен Ехобаның даналығы қалай көрінеді?
22 Сөзінде кейбір жайттардың айтылмай кеткенінен Ехобаның теңдесі жоқ даналығын көруге болады. Себебі осылайша ол өзіне сенім артатынымызды көрсетуімізге мүмкіндік береді. Қарастырған нәрселерден Ехобаның үкімімен келісуге тұрарлық себептер бар екені анық көрініп тұрған жоқ па? Иә, Құдай Сөзін шын жүректен және таза ықыласпен зерттей отырып, Ехобаның әрқашан әділ әрі дұрыс әрекет ететініне көзімізді жеткізетін көптеген дәлелдер табамыз. Сондықтан Киелі кітаптағы кейбір мәліметтерге қатысты туындаған сұрақтардың жауабын бірден таба алмасақ, Ехобаның әрқашан әділ әрекет ететініне сенімді болайық.
23. Ехобаның болашақтағы әрекеттеріне байланысты неге сенімді бола аламыз?
23 Ехобаның болашақта да осылай әділ әрекет ететініне күмәнданбасақ та болады. Сондықтан жақындап келе жатқан ауыр азап кезінде үкімін жүзеге асыруға келгенде, ол ‘жауызбен бірге әділді құртпайтынына’ сенімді бола аламыз (Жаратылыс 18:23). Оның әділдікке деген сүйіспеншілігі бұлай етуіне ешқашан жол бермейді. Сондай-ақ келе жатқан жаңа дүниеде оның барлық мұқтаждықтарымызды барынша қанағаттандыратынына да сенімді бола аламыз (Забур 144:16).
[Сілтемелер]
a Ыбырайымның қорқуына негіз бар еді, себебі ежелгі папирустарда әскері бар перғауынның сұлу әйелдерді ұстап алып, олардың күйеулерін өлтіріп тастайтыны туралы айтылады.
b Қосымша мәліметтер үшін 1981 жылғы “Күзет мұнарасының” (ор.) 1 наурыздағы санының 22-бетін қараңдар.
Естеріңде ме?
• Ехобаның үкімдерімен келісуге қандай себептер бар?
• Луттың қыздарын зұлым адамдарға ұсынғанын қате түсініп қалмауымызға не көмектеседі?
• Ехобаның Ұзаны не үшін жазалағанын түсінуге қандай жайттарды ескергеніміз көмектеседі?
• Ехобаның болашақтағы әрекеттеріне қатысты неге сенімді болуымызға болады?