Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.11. 25—30 бет.
  • Қудаланса да, бақытты

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Қудаланса да, бақытты
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Әділдік үшін азап шегу
  • Мәсіх үшін қорлық көру
  • Пайғамбарлар сияқты қудаланғандары үшін бақытты
  • Бақытты болудың келелі себептері
  • Сыйды күте отырып, қуана шаттаныңдар
  • Әділдік үшін қудаланғандар
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Қудаланғанда қуаныңыз
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2022)
  • Сіз қуғын-сүргінге шыдай аласыз
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Исаның сөздері бақытты болуға қалай көмектеседі?
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.11. 25—30 бет.

Қудаланса да, бақытты

“Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар!” (МАТАЙ 5:11).

1. Иса бақыт пен қудалауға қатысты ізбасарларын не нәрсеге сендірді?

АЛҒАШ рет елшілерін Патшалықты уағыздауға жіберіп жатып, Иса олардың қарсылықтарға кезігетінін ескерткен болатын. Ол: “Менің атыма бола барлық жұрт сендерді жек көретін болады”,— деді (Матай 10:5—18, 22). Алайда, бұдан ертеректе, өзінің Таудағы уағызын айтқан кезде, ол елшілері мен басқа шәкірттерін мұндай қарсылықтың олардың ішкі, жан дүниесіне терең бойлаған бақытына қауіп төндірмейтініне сендірген. Иса мәсіхшінің бақытын тіпті қудалаумен байланыстырған! Қалайша қудалау бақыт әкеледі?

Әділдік үшін азап шегу

2. Иса мен Петірдің айтқандарына сай, қандай себеппен азап шегу бақыт әкеледі?

2 Бақытты болудың Иса айтқан сегізінші себебі мынадай: “Әділдік үшін қудаланғандар бақытты: Құдай Патшалығы сондайларға арналған!” (Матай 5:10). Әрине, азап шегудің өзі мақтанарлықтай жайт емес. Елші Пауыл: “Егер жасаған жамандықтарыңа лайықты соққыға шыдасаңдар, оның несі мадақтарлық? Ал жақсылық жасай тұра азап шегіп, соған шыдасаңдар, бұл Құдайға ұнайды”,— деп жазды. Әрі қарай ол: “Алайда егер қайсыбіреулерің азап шексеңдер, бұл, әрине, кісі өлтіріп, ұрлық не өзге қылмыс жасаудың немесе басқаның шаруасына қол сұғудың зардабы болмауға тиіс! Ал мәсіхші болғандарың үшін жәбірленсеңдер, одан ұялмаңдар, керісінше, Мәсіхтің атынан соған төзіп, Құдайды мадақтаңдар”,— деді (1 Петір 2:20; 4:15, 16). Исаның сөздеріне сәйкес, әділдік үшін төтеп берсе ғана, азап шегу бақыт әкеледі.

3. а) Әділдік үшін қудалану деген нені білдіреді? ә) Ертедегі мәсіхшілерге қудалау қалай әсер етті?

3 Нағыз әділдікке Құдайдың еркі мен өсиеттерін орындау жатады. Сондықтан әділдік үшін азап шегу деген адамның Құдайдың нормалары мен талаптарын бұзуға мәжбүрлегенде, бұған қарсы тұру үшін шеккен азабын білдіреді. Елшілерді яһуди жетекшілері қудалаған болатын, өйткені олар Исаның атынан уағыздауды тоқтатудан бас тартқан (Елшілердің істері 4:18—20; 5:27—29, 40). Бұл оларды қуанышынан не уағыздауға деген ықыластарынан айырды ма? Әрине, жоқ! “Жоғарғы кеңестен шыққан елшілер Иеміздің аты үшін қорлық көруге лайық деп саналғандарына қуанды. Олар күн сайын ғибадатханада және үйлерде тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ” (Елшілердің істері 5:41, 42). Осы қудалау оларға қуаныш әкеп, уағыздау ісіндегі құлшыныстарын бұрынғыдан да арттыра түсті. Кейінірек ертедегі мәсіхшілерді императорға ғибадат етуден бас тартқандары үшін римдіктер қудалады.

4. Мәсіхшілердің қудалануының кейбір себептері қандай?

4 Біздің уақытымызда Ехоба Куәгерлерін ‘Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды’ уағыздау ісін тоқтатудан бас тартқандары үшін қудалаған (Матай 24:14). Қауым кездесулеріне тыйым салынып жатса, Киелі кітаптағы бірге жиналу туралы бұйрықты бұзғаннан гөрі, олар азап шегуді жөн көреді (Еврейлерге 10:24, 25). Оларды мәсіхші ретіндегі бейтараптығы не қанды дұрыс қолданбаудан бас тартқандары үшін қудалайды (Жохан 17:14; Елшілердің істері 15:28, 29). Бірақ соған қарамастан, әділдіктің жағына шыққандары Құдай халқын бүгінде жан тыныштығы мен мол бақытқа бөлейді (1 Петір 3:14).

Мәсіх үшін қорлық көру

5. Бүгінде Ехобаның халқының қудалануының негізгі себебі қандай?

5 Исаның Таудағы уағызында айтқан бақытты болудың тоғызыншы себебі де қудаланумен байланысты. Ол: “Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар!” — деді (Матай 5:11). Ехобаның халқының қудалануының негізгі себебі — олар осы зұлым дүниелік емес. Иса шәкірттеріне: “Егер де осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, керісінше, Мен сендерді күнәкар дүниенің ішінен таңдап, айырып алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді”,— деген (Жохан 15:19). Сол сияқты елші Петір де: “Енді сол құдайсыздар өздерінің иіріп, тартып әкететін азғын өмір салттарына қосылмағандықтарыңа таңғалып, налып, сендерді жамандайды”,— деген (1 Петір 4:4).

6. а) Не үшін тамтық пен оның серіктерін қорлап, қудалайды? ә) Мұндай қорлық көруден өзімізді бақытсыз сезінеміз бе?

6 Жоғарыда көргеніміздей, ертедегі мәсіхшілердің Исаның атынан уағыздауды тоқтатудан бас тартқандары үшін қудалаған. Мәсіх ізбасарларына: “Жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар”,— деп тапсырды (Елшілердің істері 1:8). Мәсіхтің майланған бауырластарының адал тамтығы, ‘өте үлкен тобырдың’ көмегімен, осы тапсырманы құлшыныспен орындауда (Аян 7:9). Сондықтан да Шайтанның “оның өзге де ұрпақтарымен [“әйелдің” ұрпағының тамтығымен, яғни Құдайдың көктегі ұйымының бөлігінің тамтығымен] — Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүргендерімен” шайқасып жатқаны таңғаларлық емес (Аян 12:9, 17). Ехобаның Куәгерлері ретінде біз Иса туралы — Құдайдың әділ жаңа дүниесіне апаратын жолда тұрған адамзат үкіметтерін жоятын Патшалықтың қазір билік етіп отырған Патшасы туралы — куәлік етеміз (Даниял 2:44; 2 Петір 3:13). Сол үшін қорлық көріп, қудаланудамыз, бірақ Мәсіхтің есімі үшін азап шеккенімізге өзімізді бақытты санаймыз (1 Петір 4:14).

7, 8. Ертедегі мәсіхшілерге қарсыластары қандай жалған айыптар тақты?

7 Иса өзі үшін адамдар тіпті “әр түрлі жала жауып жамандаса” да, ізбасарлары өздерін бақытты санау керектігін айтқан (Матай 5:11). Ертедегі мәсіхшілермен дәл солай болған. Шамамен б. з. 59—61 жылдары елші Пауыл Римде тұтқында болғанында, сол жердегі яһуди басшылары мәсіхшілер туралы: “Осы алған бағытыңызға [“осы сектаға қатысты”, ЖД] қай жерде де қарсы сөйлеушілердің бар екенін білеміз”,— деген (Елшілердің істері 28:22). Пауыл мен Сыйласқа ‘римдік патшаның әмірлеріне қарсы шығып’, “бүкіл әлемде төңкеріс жасаушылар” деген айып тағылды (Елшілердің істері 17:6, 7).

8 Рим империясының тұсындағы мәсіхшілер туралы тарихшы К. С. Латурет былай деп жазды: “Тағылған айыптар сан алуан еді. Жалған тәңірлерге табынушылардың салт-жораларына қатысудан бас тартқандары үшін мәсіхшілерді атеистер деп атады. Қоғам өміріндегі көп нәрселерден — жалған тәңірлерге табынушылардың мейрамдарынан, көпшілікпен бірге көңіл көтеруден... — өздерін шет ұстағандары үшін олар адамзат баласын жек көрушілер ретінде күлкі-мазаққа қалды... Ерлер мен әйелдер түнде кездесіп... талғап жатпастан жыныстық қатынаста болды деп есептелетін... [Мәсіхтің өлімін Еске алу кешін] тек бір сенімдегілер атап өтетіндіктен, мәсіхшілер сәбилерін құрбандыққа әкеп, қанын ішіп, тәнін жейді деген лақап тарай бастады”. Оның үстіне, императорға ғибадат етуден бас тартқандары үшін мәсіхшілерге мемлекет жаулары деген айып тағылды.

9. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер өздеріне тағылған жалған айыптарға қалай қарады және бүгінде жағдай қандай?

9 Тағылған сол жалған айыптар ертедегі мәсіхшілердің Патшалық туралы ізгі хабарды тарату ісін атқаруларына кедергі болған жоқ. Б. з. 60—61 жылдары Пауыл ізгі хабар ‘дүние жүзінде кеңінен жайылып’, ‘аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жарияланды’ деп айта алды (Қолостықтарға 1:5, 6, 23). Бүгінгі таңда да солай. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты Ехоба Куәгерлеріне де жалған айыптар тағылуда. Әйтсе де, Патшалық хабарын жариялау ісі алға басуда, әрі оған қатысып жүргендерге мол бақыт сыйлауда.

Пайғамбарлар сияқты қудаланғандары үшін бақытты

10, 11. а) Иса бақытты болудың тоғызыншы себебін қарастыруды қалай аяқтады және неліктен? ә) Пайғамбарларды не үшін қудалаған? Мысалдар келтіріңдер.

10 Иса бақытты болудың тоғызыншы себебін қарастыруды мынадай сөздермен аяқтады: “Қуана шаттаныңдар... Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған” (Матай 5:12). Адалдық танытпаған Исраилді ескерту үшін жіберілген Ехобаның пайғамбарлары суық қабылданатын әрі жиі қудаланатын (Еремия 7:25, 26). Мұны елші Пауыл да растап, былай деп жазды: “Тағы не айтайын?.. Басқа пайғамбарлар туралы әңгімелеуге уақытым жетпес те еді. Олар Құдайға сенгендіктен... кейбіреулері мазаққа ұшырап, соққыға жығылып, шынжырмен құрсауланып, түрмеге жабылды” (Еврейлерге 11:32—38).

11 Зұлым патша Ахаб пен әйелі Езабел басқарғанда, Ехобаның пайғамбарларының көбісі қылыштап өлтірілген болатын (3 Патшалықтар 18:4, 13; 19:10). Еремия пайғамбарға бұғау салып, кейінірек батпақты шұңқырға лақтырған (Еремия 20:1, 2; 38:6). Ал Даниял пайғамбар арыстанның апанына тасталды (Даниял 6:16, 17). Мәсіхшілерге дейінгі осы пайғамбарлардың бәрін де Ехобаға деген таза ғибадатты жақтағандары үшін қудалады. Көп пайғамбарларды яһуди дінбасылары қудалаған. Иса дін мұғалімдері мен парызшыларды “пайғамбарларды өлтіргендердің үрім-бұтағы” деп атаған (Матай 23:31).

12. Ехоба Куәгерлері ретінде ертедегі пайғамбарлар сияқты қудалануды неге мәртебе санаймыз?

12 Бүгінде, Ехоба Куәгерлері ретінде біз жиі қудаланамыз, өйткені Патшалық туралы ізгі хабарды құлшыныспен уағыздаймыз. Жауларымыз бізді “қоярда-қоймай басқа дінге кіргізеді” деп айыптайды, бірақ бізге дейінгі Ехобаның адал қызметшілеріне де осы іспеттес кінә таққанын білеміз (Еремия 11:21; 20:8, 11). Ежелдегі адал пайғамбарлар азап шеккендей себеппен азап шегуді мәртебе көреміз. Шәкірт Жақып: “Бауырластарым менің, азап шегіп, төзе білуде Құдай атынан сөйлеген пайғамбарлардан үлгі алыңдар. Сол төзімді адамдарды бақытты деп санаймыз”,— деп жазды (Жақып 5:10, 11).

Бақытты болудың келелі себептері

13. а) Қудалаудан неге ұнжырғамызды түсірмейміз? ә) Ненің арқасында қудалауларға төтеп бере аламыз және бұл нені дәлелдейді?

13 Қудалаудың ұнжырғамызды түсіруіне жол бермейміз, өйткені пайғамбарлардың, ертедегі мәсіхшілер мен Иса Мәсіхтің өзінің ізімен жүріп жатырмыз деген ойдан жұбаныш аламыз (1 Петір 2:21). Біз Петірдің айтқан келесі сөздері сияқты Жазба орындарынан терең қанағат сезінеміз: “Қымбатты бауырластарым, өздеріңнің “от кешіп” ауыр азап шегіп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар. Мәсіхтің атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебі ұлылыққа бөлейтін Құдай Рухы сендерге орнығады” (1 Петір 4:12, 14). Ехобаның рухының бізге орнығып және нығайтуының арқасында ғана қудалауларда төтеп бере алатынымызды тәжірибеден білеміз. Киелі рухтың көмегі Ехобаның бізге батасын беріп жатқанын дәлелдейді, ал бұл зор бақыт сыйлайды (Забур 5:13; Філіпіліктерге 1:27—29).

14. Әділдік үшін қудаланғанда, неге қуанамыз?

14 Қарсылықтар мен әділдік үшін қудаланудың неге бізді бақытты ететіндігінің өзге бір себебі — бұл біздің Құдайға ұнамды шынайы мәсіхшілер ретінде өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейді. Елші Пауыл: “Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады”,— деп жазған (2 Тімотеге 3:12). Сынақтарда адалдығымызды сақтағанымыз Шайтанның жаратылыстарының бәрі Ехобаға өз мүдделері үшін ғана қызмет етеді деген дауына жауап болады деген ойдан өзімізді шексіз бақытты санаймыз (Әйүп 1:9—11; 2:3, 4). Ехобаның әділ билігін ақтауға, тіпті азғана болса да, өз үлесімізді қоса алатынымызға қуаныштымыз (Нақыл сөздер 27:11).

Сыйды күте отырып, қуана шаттаныңдар

15, 16. а) Иса “қуана шаттануға” қандай себеп келтірді? ә) Майланған мәсіхшілер үшін көкте қандай сый дайындалған және олардың серіктері, “басқа қойлар”, қалай сыйға ие болмақ?

15 Иса ертедегі пайғамбарлар сияқты бізді табалап, қудалағанда қуанудың тағы бір себебін айтты. Бақытты болудың тоғызыншы себебінің соңында ол: “Қуана шаттаныңдар! Себебі көкте сендерді зор сыйларың күтіп тұр! — деді (Матай 5:12). Елші Пауыл: “Күнәның беретіні — (мәңгілік) өлім, ал Құдайдың беретін сыйы — Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы мәңгілік өмір”,— деп жазды (Римдіктерге 6:23). Олай болса, ‘зор сый’ деп отырғанымыз — өмір, әрі ол — еңбек сіңіріп ақы ретінде алатын нәрсе емес. Ол — сый. Иса оның “көкте” екенін айтқан, өйткені ол Ехобадан келеді.

16 Майланғандар “шынайы өмірдің тәжін”, дәлірек айтқанда, Мәсіхпен бірге көктегі өлмес өмірді, иемденбек (Жақып 1:12, 17). Ал жерде өмір сүруге үміті барлар, “басқа қойлар”, жер бетіндегі жұмақта мәңгілік өмірге ие болуды күтуде (Жохан 10:16; Аян 21:3—5). Екі топ та сыйды лайық болғандары үшін алмайды. Майланғандар да, “басқа қойлар” да өз сыйларын Ехобаның ‘шексіз мол рақымының’ арқасында алады. Бұл Пауылдың: “Бізге берген баға жетпес сыйы үшін Құдайға шүкіршілік етейік!” — деп айтуына түрткі болды (2 Қорынттықтарға 9:14, 15).

17. Неліктен қуғындалғанда бақыттымыз, тіпті қуана шаттанамыз?

17 Император Неронның қолынан қатты қуғын көргелі тұрған кейбір мәсіхшілерге елші Пауыл: “Тіпті азап шегіп жүрсек те, қатты шаттанамыз! Себебі азаптың бізді шыдамдылыққа жеткізетінін білеміз. Шыдамдылықтан сенімділік туады [“ұнамды етеді”, ЖД], ал сенімділік [“ұнамды болғанымыз”, ЖД] бізге үміт береді. Бұл үміт алдамшы қиял емес”,— деп жазды. Сонымен қатар ол: “Лайым үміттеніп қуаныңдар, қиыншылыққа шыдаңдар”,— деп шақырды (Римдіктерге 5:3—5; 12:12). Көкте не жерде өмір сүруге үмітіміз болса да, сынақтардағы адалдығымыз үшін алатын сыйымыз — теңдесі жоқ сый. Мұндай сыйға біз ешқашан лайық бола алмас едік. Патшамыз Иса Мәсіхтің билігінің қол астында сүйікті Әкеміз Ехобаға қызмет етіп, оны мадақтап, мәңгі жасай алатынымызға шексіз қуаныштымыз. Біздің шаттығымызда шек жоқ.

18. Осы дүниенің соңы жақындағанда ұлттар қалай әрекет етеді және Ехоба не істейді?

18 Кейбір елдерде Ехоба Куәгерлерін қудалаған, әлі де қудалауда. Осы дүниенің ақыры туралы пайғамбарлығында Иса шынайы мәсіхшілерді: “Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендерді жек көретін болады”,— деп ескертті (Матай 24:9). Осы дүниенің соңына жақын Шайтан ұлттардың Ехобаның халқына деген жек көрінішін білдіруіне түрткі болады (Езекиел 38:10—12, 14—16). Бұл Ехобаның әрекет ететін уақытының белгісі болмақ. “Көп халықтың көз алдында ұлылығымды және киелілігімді паш етіп, Өзімді көрсетемін, сөйтіп Менің — Тәңір екенімді біледі” (Езекиел 38:23). Осылайша Ехоба өзінің ұлы есімін ақтап, халқын қудалаудан құтқарады. Сол себепті де “сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты!” (Жақып 1:12).

19. Ұлы ‘Ехобаның күнін’ күте отырып не істеуіміз керек?

19 Ұлы “Ехобаның күні” жақындап келе жатқандықтан, Исаның аты үшін ‘қорлық көруге лайық деп саналатынымызға’ қуана берейік (2 Петір 3:10, ЖД; 11—13; Елшілердің істері 5:41). Ехобаның әділ жаңа дүниесіндегі сыйымызды күте отырып, ертедегі мәсіхшілер іспетті ‘тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауды’ және оның Патшалығы жайлы жариялауды жалғастыра берейік (Елшілердің істері 5:42; Жақып 5:11).

Қайталауға арналған сұрақтар

• Әділдік үшін азап шегу деген нені білдіреді?

• Ертедегі мәсіхшілерге қудалау қалай әсер етті?

• Неліктен Ехоба Куәгерлерін ежелдегі пайғамбарлар сияқты қудалайды деп айтуға болады?

• Қудаланғанда неге ‘қуанып шаттана’ аламыз?

[28, 29-беттердегі суреттер]

‘Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудаласа, бақыттысыңдар!’

[Түпдерек]

Түрмедегі топ: Chicago Herald-American

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу