Ехобаның кішіпейілділігі. Оның біз үшін маңызы бар
ДӘУІТ талай рет қиындық көрген. Оған іші тар қайын атасы Саул патшаның қолынан зардап шегуіне тура келген. Саул үш рет Дәуітті сүңгімен өлтіруге талпынған және көп жыл бойы тынымсыз ізінен қалмай қуып, қашқын болуға мәжбүр еткен (1 Патшалықтар 18:11; 19:10; 26:20). Сөйтсе де, Ехоба Дәуітпен бірге болды, оны қалдырған жоқ. Ехоба оны Саулдан ғана емес, басқа жауларынан да құтқарып отырған. Сондықтан да біз Дәуіттің жырда білдірген ішкі сезімін жақсы түсінеміз: “Жаратқан Ие — менің тірегім, қорғаным менің және құтқарушым... Құтқаратын қалқаныңды беретін сенсің [Ехоба], сенің кішіпейілділігің менің мәртебемді көтереді” (2 Патшалықтар 22:2, 36, ЖД). Дәуіт Исраилде үлкен дәрежеге қол жеткізді. Оның осыған жетуіне Ехобаның кішіпейілділігі қалай ықпал етті?
Жазбаларда Ехоба кішіпейілділік танытады делінгенде, бұл оның билігінің аясы шектеулі не біреуге кіріптар дегенді білдірмейді. Ехобаның бұл тартымды қасиеті шын көңілдерімен оның ықыласына ие болуға тырысатындарға асқан жанашырлық пен мейірімділік көрсететіндігіне нұсқайды. Забур 112:6, 7-ден: “[Ехоба] көк пен жерді көру үшін, еңкейіп төмен қарайды; кедейді топырақтан тұрғызады”,— деген сөздерді оқимыз. Басқа сөздермен айтқанда, “ол көру үшін өз-өзін кішіпейіл етеді” (Young’s Literal Translation of the Holy Bible). Сондықтан өзіне шын жүрегінен қызмет етуді қалаған кемелсіз, бірақ кішіпейіл Дәуітке назар аудару үшін Ехоба көктен ‘еңкейіп төмен қарады’, не “өз-өзін кішіпейіл етті”. Осылайша Дәуіт “Жаратқан Ие жоғарыда”, бірақ ‘кішіпейілділерді көреді’ деп сенімділікпен айтқан (Забур 137:6). Ехобаның Дәуітке мейірімділік, төзімділік пен жанашырлықты қалайша көрсеткені Құдайдың еркін орындауға талпынып жүргендердің бәрін де жігерлендіреді.
Әлемнің Әміршісі Ехоба бүкіл ғаламдағы ең жоғарғы дәрежеге ие екеніне қарамастан, әрбірімізбен бар ықыласымен қарым-қатынаста болады. Бұл біздің әрқашан, тіпті ең қиын жағдайларда да, оның көмегіне арқа сүйей алатынымызға сенімділік береді. Оның бізді ешқашанда ұмытып кетпейтіндігіне толық сенім арта аламыз. Мысалы, өздеріне қамқорлық көрсеткені жайында Ехобаның халқы ежелдегі исраилдіктер: “Қорлық көргенде бізді есіне алды, өйткені Оның рақымы мәңгілік!” — деп жырлаған (Забур 135:23).
Дәуіт сияқты Ехобаға қызмет етіп жүрген уақытта, біз де қиын жағдайларға тап болуымыз мүмкін. Құдайды білмейтіндер бізді келеке-мазақ етулері мүмкін, бәлкім, денсаулығымыз нашарлағаннан қиналатын шығармыз не жақын адамымыз қаза болған да шығар. Қандай жағдайға тап болсақ та, Ехобадан мейірімін түсіруін сұрап шын жүректен дұға айтуға мүмкіндігіміз бар. Ехоба назарын аударып, дұғаларымызды тыңдау үшін “еңкейіп төмен қарайды”. Забур жыршысы: “Тәңірдің көздері әділдерге аударылған және Оның құлағы — солардың зарына бұрылған”,— деп жазған (Забур 33:16). Бұл бізді Ехобаның асқан кішіпейілділігіне шын жүректен еліктеуге талпындырады емес пе?