Парасаттылықтарыңда ұстамдылық та молынан болсын!
“Парасаттылықтарыңда ұстамдылық та молынан болсын!” (2 ПЕТІР 1:5—8).
1. Адамдардың көптеген қиындықтары қандай әлсіздіктің салдары болып табылады?
ҚҰРАМА ШТАТТАРЫНДА есірткі қабылдауға қарсы жүргізілген көлемді бағдарлама кезінде жастарды жамандыққа “жоқ” деуге шақырған болатын. Әркім тек есірткі қабылдауға ғана емес, ішімдікке, жеңіл жүріс не өнегесіз өмір салтына, сауда-саттықта алдап соғу мен ‘күнәкар құмарлықтарға’ да “жоқ” десе, жағдай қандай жақсы болар еді! (Римдіктерге 13:14). Дегенмен, “жоқ” деудің оңай емес екеніне ешкім де шек келтіре алмайды.
2. а) Киелі кітаптағы қандай мысалдар “жоқ” деудің қиындығы жаңалық емес екенін көрсетеді? ә) Бұл мысалдар қандай шешімімізді нығайтады?
2 Кемелсіз адамға ұстамды болу қиын, сондықтан бізді жеке бастың кез келген кемшіліктерін қалай жеңуге болатыны қызықтыру керек. Киелі кітапта Құдайға қызмет етуге барынша тырысқан, алайда кейде жамандыққа “жоқ” дей алмай қалған адамдардың мысалдары жазылған. Дәуітті және оның Барсабиямен жасаған күнәсін еске түсірші. Сол күнәнің кесірінен заңсыз туған кінәсіз бала мен Барсабияның күйеуі өлді (2 Патшалықтар 11:1—27; 12:15—18). Немесе: “Қалаған игілікті емес, қаламайтын жамандықты жасаймын”,— деп ашық мойындаған елші Пауылды ойлашы (Римдіктерге 7:19). Сен де кейде осылай қиналасың ба? Әрі қарай Пауыл былай деген: “Іштей Құдай заңына ризамын, бірақ бойымда басқа бір заңдылықтың да бар екенін байқаймын: ол ақыл-ойым қалайтын жақсылыққа қарсы шығып, мені бойымдағы күнәкар құмарлыққа кіріптар етеді. Сорлы басым-ай! Өлім әкелетін күнәлі тәнімнен мені кім құтқара алады?” (Римдіктерге 7:22—24). Киелі кітаптағы мысалдар ұстамдылықты дамыту үшін күресте ешқашан берілмеу керек деген шешімімізді нығайтады.
Ұстамдылық — дамыту керек қасиет
3. Неге ұстамдылық таныту оңай болады деп күтпеуіміз керек?
3 Жамандыққа “жоқ” дей алу, яғни ұстамдылық, 2 Петір 1:5—7 дейінгі тармақтарда сенім, игілік, парасаттылық, төзімділік, Тәңірге бағышталғандық, бауырластарға деген ізгі ниеттілік, шынайы сүйіспеншілік деген қасиеттермен бірге айтылған. Бұлардың ешқайсысы да бойымызға туа біткен емес, дамыту керек қасиеттер. Оларды айтарлықтай дәрежеде таныта алу үшін, барынша күш салып отыруымыз қажет. Алайда ұстамдылықты басқа қасиеттерге қарағанда дамыту оңайырақ болады деп күтпеуіміз керек.
4. Неге көп адамдар ұстамдылық жағынан еш қиналмаймын деп ойлайды, бірақ бұл нені білдіреді?
4 Рас, миллиондаған адамдар ұстамдылық жағынан еш қиналмаймын деп ойлайды. Олар өз қалауымен өмір кешеді. Кейде тіпті біле тұра кемелсіз тәннің қалауымен әрекет етеді де, оның өздеріне және өзгелерге қалай әсер ететініне онша мән бермейді (Яһуда 10). Адамдарда жамандыққа “жоқ” деп айтуға қабілет пен қайрат-жігердің жетіспейтіні бұрынғыға қарағанда қазір көбірек байқалады. Бұл Пауылдың пайғамбарлығына сай, шынында да “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейді. Онда ‘қиын-қыстау күндер туатыны, адамдардың өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшіл... ұстамсыз’ болатыны айтылған еді (2 Тімотеге 3:1—3).
5. Неге Ехоба Куәгерлерін ұстамдылық мәселесі қызықтырады және қандай кеңес қазіргі күні де қажет?
5 Ехоба Куәгерлері ұстамдылықтың қажет екенін әрі оны дамыту қиын екенін жақсы біледі. Пауыл сияқты, олар Құдайдың нормаларын ұстанып, оған ұнамды болуды қалау мен кемелсіз тәннің бейімділігінің арасында күрес жүретінін түсінеді. Сондықтан бұл күресте қалай жеңіске жетуге болатыны оларды қатты қызықтырады. 1916 жылы “Күзет мұнарасының” бұрынғы басылымының бірінде “өз-өзімізді, яғни ойымызды, сөзімізді, жүріс-тұрысымызды қадағалап отыру үшін не істеу керектігі” айтылып, Філіпіліктерге 4:8-ді есте ұстауға кеңес берілген еді. Ондағы Құдайдың кеңесі екі мың жыл бұрын берілгенімен, қазіргі күнге де өте қажет. Әрі соған сай әрекет ету сол кезге немесе 1916 жылға қарағанда, қазіргі кезде әлдеқайда қиынға соғатын көрінеді. Сонда да мәсіхшілер күнәкар дүниенің құмарлығына “жоқ” деуге барынша тырысып, сонысымен Жаратушысының айтқанына мойынсұнып жүргендіктерін түсінеді.
6. Ұстамдылық дамытып жүргенде, неліктен қамығуға себеп жоқ?
6 Ұстамдылық Ғалаттықтарға 5:22, 23-те жазылған Киелі рух жетілдіретін игілікті “жемістің” құрамына жатады. Оны “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық” сияқты қасиеттермен қатар танытатын болсақ, оның зор игілігін көреміз. Пауыл түсіндіргендей, Құдайға қызмет етуде “пайдасыз, өнімсіз болып қалмаймыз” (2 Петір 1:8). Алайда бұл қасиеттерді өзіміз қалағандай тез әрі мүлтіксіз таныта алмай қалған жағдайда, қамығудың не өз-өзімізге налудың қажеті жоқ. Мектепте бір оқушының басқасына қарағанда тез ұғып алатынын байқаған шығарсың, немесе кейбір адам қандай да бір жаңа істі жолдастарына қарағанда тез меңгеріп алады. Сол сияқты кейбір мәсіхшілердің Құдайға ұнамды қасиеттерді танытуды үйренуі басқаларына қарағанда жылдамырақ. Бұл жерде маңыздысы — сол қасиеттерді қолдан келгенше аянбай дамыта беру. Ол үшін Құдайдың Киелі кітап пен қауым кездесулері арқылы беріп отырған көмегін толығымен қолданғанымыз жақсы. Мақсатымызға жетуде жылдамдықтан гөрі, алған беттен қайтпай күш салып отырғанымыз әлдеқайда маңызды.
7. Ұстамдылықтың маңызды екені неден көрінеді?
7 Киелі рух жетілдіретін ‘жемістің’ құрамында ұстамдылықтың соңында келтірілгені оның басқаларына қарағанда онша маңызды емес екенін білдірмейді. Тіпті керісінше деуге болады. ‘Күнәкар болмысымыздан туындайтын қылықтарға’ мүлде жоламау үшін, кемелді ұстамдылық қажет екенін есте ұстаған жөн. Алайда кемелсіз адам “күнәкар болмысымыздан туындайтын... жеңіл жүріс, азғындық пен ұстамсыздық; жалған тәңірлерге табынушылық пен сиқыршылық; қаскөйлік, ұрыс-керіс, қызғаныш, ашу-ыза, жеке бастың абыройын ойлау, ала ауыздық туғызу, жік салу” сияқтыларға жататын кейбір қылықтарды жасап қоюға бейім (Ғалаттықтарға 5:19, 20). Олай болса, жүрегіміз бен ойымыздан жағымсыз нәрселерді жою үшін күресті табандылықпен жалғастыра беруіміз керек.
Кейбіреулер көбірек күш салады
8. Не себепті кейбіреулер үшін ұстамдылық таныту әсіресе қиын?
8 Кейбір мәсіхшілер үшін ұстамды болу басқаларына қарағанда қиынырақ. Неге? Тәрбиесі не өткен өмірінің салдары болуы мүмкін. Ұстамдылық дамытып, оны іс жүзінде таныту бізге онша қиын болмаса, бұл — қуанарлық жайт. Алайда ұстамды болу қиын болып жүрген адамдарға, тіпті кейде олардың ұстамсыздығы бізге қиындық тудыратын болса да, жанашырлықпен және түсінушілікпен қарауымыз керек. Өз кемелсіздігімізді ескеретін болсақ, паңдануға ешкімде негіз жоқ (Римдіктерге 3:23; Ефестіктерге 4:2).
9. Кейбіреулердің қандай әлсіздіктері бар және қашан олар түбегейлі жойылады?
9 Мысалы, темекіні тастаған немесе есірткі қабылдауды тоқтатқан бір мәсіхшіні әлі де зиянды құмарлығы мазалап тұратынын білеміз делік. Кейбіреулер өздерін тамақтан не ішімдіктен шектей алмай қалып жүр. Басқа біреулері тіліне ие бола алмай, жиі сөзінде қате жібереді. Сондай кемшіліктері барлар ұстамдылық дамыту үшін көп күш салулары қажет. Неге? Жақып шындыққа тура қарап, былай деген: “Бәріміз де көп қате жібереміз. Ал кім сөзінде қате жібермесе, сол денесін тұтастай меңгере алатын жетілген адам” (Жақып 3:2). Тағы біреулер құмар ойынды қатты ұнатады, я болмаса қызба мінезді болғандықтан, өз-өзін қолға алуда қиналады. Осындай не осыған ұқсас әлсіздіктерді жеңу үшін уақыт қажет болуы мүмкін. Қазірдің өзінде елеулі жетістікке қол жеткізу мүмкін болғанымен, жағымсыз құмарлықтар тек кемелді болғанда ғана түпкілікті жойылады. Сол уақытқа дейін ұстамды болу үшін күш салып жүргеніміз күнәкар өмір салтына қайта оралмауға көмектеседі. Күрес әлі де жүріп жатыр, сондықтан бір-бірімізге босаңсымауға жәрдем бере жүрейік (Елшілердің істері 14:21, 22).
10. а) Неге жыныстық қатынас мәселесінде кейбіреулерге ұстамды болу өте қиын? ә) Бір бауырласымыз қандай үлкен өзгеріс жасады? (10-беттегі қоршауды қара.)
10 Кейбіреулерге өмірдің тағы бір саласында ұстамды болу қиын, ол — жыныстық қатынас мәселесі. Адамның жыныстық өмірі — Ехобаның жаратқан құбылысы. Алайда кейбіреулер үшін жыныстық қатынастың Құдайдың нормаларына сай тек некеде ғана болуын қадағалау қиын. Кейде оның себебі — адамның жыныстық құштарлығының күшті болуы. Сондай-ақ жыныстық құмарлықты түрліше азғын жолмен өршітетін есі ауысқан дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Бұл қандай да бір уақытқа болса да, салт басты болып, Құдайға некедегі міндеттерге алаңдамай қызмет еткісі келетін мәсіхшілер үшін айтарлықтай қиындық тудырады (1 Қорынттықтарға 7:32, 33, 37, 38). “Құмарлықтың отына күйіп-жанғанша, үйленгендері жақсы” деген Киелі кітаптың өсиеті бойынша, кейбіреулер үйленуді шешеді, әрі мұнысы жөн де. Сондай-ақ олар некенің “тек екеуі де Иемізбен тығыз байланыста тұрсын” деген өсиетке сай болғанын қалайды (1 Қорынттықтарға 7:9, 39). Олардың әділ принцитерді ұстануды ойлап жүргендері Ехобаны қуантатынына сенімді болуымызға болады. Осындай жоғарғы нормалар мен тазалықты ұстанатын шынайы ғибадат етушілермен бірге болуға бауырластары да қуанышты.
11. Үйленгісі келіп жүрген, бірақ лайықты жар таба алмай жүрген бауырластарымызға қалай көмектесе аламыз?
11 Ал егер лайықты жар табылмаса ше? Үйленгісі келетін, бірақ үйлене алмай жүрген бауырласымыздың жайы қандай қиын екенін ойлашы! Мүмкін ол достарының үйленіп, некеде бақытты болып жатқанын көрер, ал өзі әлі лайықты жар таба алмай жүр. Кейбіреулер мұндай кезде жыныстық құмарлығын өзі қандыратын азғындыққа (мастурбацияға) беріліп қалуы мүмкін. Қандай болған күнде де, тазалық сақтау үшін күресіп жүрген бауырласымыздың ұнжырғасын түсіргіміз келмейді. Әдейі айтпасақ та, біздің “әлі үйленген жоқсың ба?” деген сияқты сөздеріміз оларға ауыр тиеді. Ешбір арам ойсыз айтылса да, ұстамдылық танытып тілімізге ие бола білгеніміз әлдеқайда жақсы (Забур 38:2). Арамызда ар-ұждан тазалығын сақтап жүрген салт басты бауырластарымыз шын жүректен мақтауға тұрады. Ауыр тиетін сөзден гөрі, оларға жігер беруге тырысқан дұрыс. Мысалы, толысқан бауырластар дастарқан басында не рухани жігерлену үшін шағын топ болып бас қосқанда, салт басты бауырластарды шақыруға болады.
Некедегі ұстамдылық
12. Неліктен некеге тұрған болса да, ұстамдылық қажет болуы мүмкін?
12 Некеде болудың өзі жыныстық қатынас мәселесінде ұстамдылық қажет емес дегенді білдірмейді. Мысалы, күйеуі мен әйелінің бұл мәселеде қажеттілігі әр түрлі болуы мүмкін. Кейде ерлі-зайыптылардың біріне денсаулығына байланысты неке борышын орындау қиын не мүлдем мүмкін емес жағдай болады. Я болмаса басынан өткен қандай да бір жағдайдың салдарынан “күйеуі әйеліне, ал әйелі күйеуіне тиісті ықылас көрсетулері керек” деген өсиетке мойынсұну ауыр болар. Бұндай жағдайда екіншісіне ұстамдырақ болуы қажет. Бірақ екеуі де Пауылдың сүйіспеншілікпен берген мына кеңесін есте ұстағандары жөн: “Егер біраз уақыт үздіксіз Құдайға сиынуға алдын ала келісіп алған болмасаңдар, бір-біріңнен бас тартпаңдар! Содан кейін тағы бірге болыңдар, әйтпесе өздеріңе ие бола алмай, шайтанның азғыруына ерулерің мүмкін” (1 Қорынттықтарға 7:3, 5).
13. Ұстамды болу үшін күресіп жүргендердің қамын ойлап не істей аламыз?
13 Ерлі-зайыптылар араларындағы ең маңызды қатынасқа байланысты орынды ұстамдылық танытуды үйренген болса, екеуі де риза бола алады. Сонымен қатар олардың осы мәселеде ұстамды болу үшін күресіп жүрген бауырластарына түсінушілікпен қарағандары абзал. Ұстамдылық таныту үшін күресіп, зиянды қалауларын жеңіп отыру үшін бауырластарымызға ақыл мен қайрат-жігер беруін өтініп, Ехобаға дұға айтуды ешқашан ұмытпауымыз керек (Філіпіліктерге 4:6, 7).
Бір-біріңе көмектесе беріңдер
14. Неге бауырластарымызға жанашырлықпен және түсінушілікпен қарауымыз керек?
14 Кейде өзімізге онша қиындық тудырмайтын салада ұстамдылық таныту үшін күресіп жүрген бауырласымызды түсіну қиын болуы мүмкін. Адамдардың болмысы әр түрлі. Кейбіреуге сезімге берілмеу оңай болса, басқаға қиын. Біреулер өзін қандай да бір шамада қадағалай білгендіктен, ұстамдылық жағынан онша қиындық көрмейді. Ал өзге біреу айтарлықтай қиналады. Дегенмен, есіңде болсын, күресіп жүрген адам жаман адам емес. Бауырластарымыз біздің тарапымыздан түсінушілік пен жанашырлықты керек етеді. Ұстамдылық жағынан жақсарғысы келіп, өз-өзімен жұмыс істеп жатқан бауырластарға мейірімділік көрсетуден өзіміз бақытты боламыз. Бұған Матай 5:7-де жазылған Исаның сөздері дәлел.
15. Неліктен ұстамдылыққа қатысты Забур 129:3-тегі сөздер күш-қуат береді?
15 Мәсіхшілерге тән қасиет таныта алмай қалған бауырласымызды жазғырып, ол туралы бұрыс ой түзгіміз келмейді. Ехоба біздің ұстамдылық таныта алмай қалған бір жағдайды емес, оны танытқан көп жағдайды, тіпті басқа бауырластарымыз байқамаған болса да көретінін білгеніміз жігерлендіреді. Бәрінен де “Тәңірім, егер сен заңсыздықтарды байқайтын болсаң, Тәңірім, кім төзе алсын?” деген сөздерді есте ұстағанымыз бойға күш-қуат береді (Забур 129:3).
16, 17. а) Ғалаттықтарға 6:2, 5-тегі сөздерді ұстамдылыққа байланысты қалай қолдана аламыз? ә) Келесі мақалада ұстамдылық туралы не талқыланады?
16 Ехобаға ұнамды болу үшін бәріміз де ұстамдылық дамытуға тиіспіз. Алайда бауырластарымыздың көмектесетініне сенімді болсақ болады. Әрқайсысымыз өзімізге жүктелген жауапкершілікті арқалап жүруге тиісті болғанымызбен, әлсіздікпен күресуге басқаларға көмек беруге шақырыламыз (Ғалаттықтарға 6:2, 5). Бармау керек жерге барудан, көрмеу керек нәрсені көруден, істемеу керек нәрсені істеуден сақтандырып отыратын ата-анамызды, жарымызды, досымызды бағалаймыз. Өйткені олар бізге бұрыс нәрсеге “жоқ” деуге әрі өз ниетімізде берік тұрып, ұстамдылық танытуға көмектеседі.
17 Мәсіхшілердің көпшілігі ұстамдылыққа қатысты жоғарыда айтылғандармен келісер, бірақ жеке өздеріне келгенде әлі көп жұмыс істеу керек екенін сезінуі мүмкін. Олар ұстамдылықты толығырақ, кемелсіз адам үшін ақылға қонымды дәрежеде, танытсам дейді. Сенде де сондай ниет бар ма? Онда Құдай рухы жетілдіретін жемістің осы түрін дамыту үшін не істей аласың? Сондай-ақ осыны істегенің мәсіхші ретінде қойған мақсатыңа қол жеткізуіңе қалай көмектеседі? Оны білу үшін келесі мақаланы қарастырайық.
Естеріңде ме?
Неліктен ұстамдылық...
• мәсіхшілер дамытатын маңызды қасиет?
• таныту кейбіреулер үшін өте қиын?
• некеде қажет?
• бір-бірімізге көмектесе отырып дамытуға болатын қасиет?
[10-беттегі қоршау/сурет]
Ол “жоқ” дей алды
Германияда тұратын бір Ехоба Куәгері телдидар байланысын қамтамасыз ететін мекемеде жұмыс істейтін. Ол отызға жуық теледидар мен радио бағдарламасын қадағалайтын. Ақауды тауып, жөндеу үшін ол қиындық туған бағдарламаға назар аудару керек болатын. “Ақау үнемі дерлік теледидарда жаман нәрселер, ұрыс-төбелес не азғын көріністер көрсетіп жатқанда болатын. Сол көріністер күні бойы, кейде апта бойы, көз алдымнан кетпейтін, тіпті миымда қалып та қоятын”,— деді бауырласымыз. Ол мұның рухани күйіне кері әсер еткенін мойындап былай деді: “Мінезім қызбалау болғандықтан, ұрыс-төбелесті көру мен үшін ұстамдылық танытуды қиындататын. Азғын көріністерді көрудің нәтижесінде әйеліміз екеуіміздің арамызда қиындық пайда болды. Бұл жағымсыз ықпалмен күнде күрестім. Мені жеңбей тұрғанда, қаражат жағынан ұтылатын болсам да, жұмыстан кетуді шештім. Көп кешікпей басқа жерден жұмыс таптым. Тілегім орындалды”.
[9-беттегі суреттер]
Киелі кітапты зерттеуден алған білім ұстамдылық танытуға көмектеседі