Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.9. 22—27 бет.
  • Ехобаға сенім артыңдар!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаға сенім артыңдар!
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Әдетте Ехобаға сенім артуға кедергі болатын нәрсе
  • Неге Ехоба қайғы-қасіреттің болуына жол береді?
  • Ехобаға арқа сүйеу дегеннің мағынасы
  • Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?
    Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?
  • Құдай неге қайғы-қасіретке жол беруде?
    Мәңгілік өмірге алып баратын білім
  • Дүниеде қайғы-қасірет неге көп?
    Киелі жазбалардан не білеміз?
  • Барлық қайғы-қасіреттің жақында жойылатынына неге сенімдіміз?
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.9. 22—27 бет.

Ехобаға сенім артыңдар!

“Үміт артарым Сенсің, Тәңір Құдайым, жастайымнан Өзіңе сенім артамын” (ЗАБУР 70:5).

1. Қойшы бала Дәуіт қандай жайтқа кезікті?

БОЙЫ үш метрге жуық адам тұр. Онымен жекпе-жекке шығуға бүкіл Исраил әскерінің шебінен бірде-бір жауынгердің жүрегі дауаламағаны таңқаларлық нәрсе емес. Бірнеше апта бойы Ғолият деген алып філістір таңертең бір, кешке бір шығып, Исраил әскерін масқаралап, батыр біреуді жекпе-жекке шығуға шақырады. Ақырында онымен шайқасатын адам табылды, бірақ жауынгер емес, жай бозбала. Қойшы бала Дәуіттің бойы қарсыласына қарағанда әлдеқайда кіші болған. Ал салмағы Ғолияттың қару-жарағынан да жеңіл болса керек. Сөйтсе де сол бозбала алыпқа қарсы шығып, батылдықтың керемет үлгісін көрсетті (1 Патшалықтар 17:1—51).

2, 3. а) Неге Дәуіт Ғолиятқа сондай сенімділікпен қарсы шыққан? ә) Ехобаға сенім артуға көмектесетін қандай екі қадамды қарастырамыз?

2 Дәуітке ондай батылдық берген не? Дәуіттің жылдар өткен соң жазған сөздеріне көңіл аударайықшы: “Үміт артарым Сенсің, Тәңір Құдайым, жастайымнан Өзіңе сенім артамын” (Забур 70:5). Иә, Дәуіт жастайынан Ехобаға толық сенім артқан. Ол Ғолиятқа: “Сен маған қарсы семсер, сүңгі, найзамен келесің. Ал мен саған Әлем Иесінің атымен — иә, өзің масқара етіп отырған Исраил әскерінің Құдайының атымен келе жатырмын!” — деген сөздермен шықты (1 Патшалықтар 17:45). Ғолият өзінің зор күші мен қару-жарағына сенген, ал Дәуіт Ехобаға сенім артқан. Егер Әлемнің Әміршісі өзіне жақ болса, неге Дәуіт пендеден қорқу керек, мейлі ол сом денелі, жақсы қаруланған болсын?

3 Дәуіт жайлы оқығанда, Ехобаға деген өз сеніміңнің анағұрлым берік болғанын қалайсың ба? Мұны көпшілігіміз қалайтын болармыз. Онда Ехобаға сенім артуға көмектесетін екі қадамды қарастырып көрелік. Біріншіден, әдетте сенімділікке қол жеткізуге кедергі болатын нәрсені жеңіп, сосын қайтып оның кедергі етуіне жол бермеу керек. Екіншіден, Ехобаға арқа сүйеудің нені білдіретінін анық біліп алуымыз керек.

Әдетте Ехобаға сенім артуға кедергі болатын нәрсе

4, 5. Неге көп адамдар үшін Құдайға сенім арту қиын?

4 Адамдардың Құдайға сенім артуларына кедергі болатын не? Әдетте оларды неге зұлымдықтың болып жатқаны абыржытады. Адамдардың көбісіне қайғы-қасіреттің болып жатқанына Құдай жауапты деп үйретеді. Дін адамдары қандайда бір бақытсыздықтың кезінде құрбан болғандарды Құдай көкке “алып кетті” деуі мүмкін. Оған қоса, көп дінбасылары Құдай дүниеде болып жатқан, бақытсыздықтар мен зұлымдықты қоса алғанда, барлық оқиғаларды о баста-ақ алдын ала белгілеп қойған деп үйретеді. Онда мұндай тас жүрек Құдайға сенім арту оңай емес қой. Сенбеушілердің саналарын соқыр қылып қойған Шайтан адамдардың көңілдеріне осы сияқты ‘жындардың ілімдерін’ ұялатуға барынша тырысып бағуда (1 Тімотеге 4:1; 2 Қорынттықтарға 4:4).

5 Шайтан адамдарды Ехобаға деген сенімнен айырғысы келеді. Сол Құдайдың жауы адамзаттың басына түсіп жатқан қайғы-қасіреттің нағыз себебін бізді білмесе екен дейді. Ал егер қайғы-қасіреттің не себепті болып жатқанын Жазбалардан білген болса, ол біздің мұны ұмытып кеткенімізді қалайды. Сол себепті кей-кейде дүниеде неге қайғы-қасіреттің болып жатқанының негізгі үш себебін қарастырып тұрған абзал. Солай етер болсақ, Ехобаның басымызға түскен қиыншылықтарға жауапты емес екеніне көз жеткізіп, жүрегіміз орнығады (Філіпіліктерге 1:9, 10).

6. Адамзаттың қайғы-қасіретке ұшырауының бір себебі 1 Петір 5:8-де қалай көрсетілген?

6 Қайғы-қасіреттің орын алып жатқанының бір себебі — Ехобаның қызметшілерін Шайтанның адалдықтарынан айырғысы келетіндігі. Ол Әйүпті де адалдығынан айыруға тырысқан. Сол уақытта ол дегеніне жете алмады, бірақ ол әлі де алған бетінен қайтқан жоқ. Осы дүниенің билеушісі ретінде ол Ехобаның адал қызметшілерін ‘жалмаудың’ жолын іздеп жүр (1 Петір 5:8). Бұл — барлығымызға да қатысты. Шайтан бізді Ехобаға қызмет етуді доғаруға мәжбүр еткісі келеді. Сондықтан жиі қуғын-сүргіннің болуына түрткі болады. Сөйтсе де қуғын-сүргіннің қаншалықты ауыр екеніне қарамастан, төтеп беруімізге келелі негіз бар. Сол арқылы біз Шайтанның өтірікші екенін дәлелдейміз, ал Ехобаны зор қуанышқа бөлейміз (Әйүп 2:4; Нақыл сөздер 27:11). Ал Ехоба қуғын-сүргінге төтеп беруіміз үшін нығайтып отырғандықтан, біздің оған деген сенімділігіміз арта түседі (Забур 9:10, 11).

7. Ғалаттықтарға 6:7-тармағы қайғы-қасіреттің қандай себебін көруге көмектеседі?

7 Қайғы-қасіреттің орын алып жатқанының келесі себебі мына принциптен көрінеді: “Адам не ексе, соны орады” (Ғалаттықтарға 6:7). Кейде адамдар бұрыс талғамдар ‘егіп’, жемісі ретінде соның қайғылы нәтижесін “орады”. Мысалы, әлдебіреу жол ережесін бұзып, нәтижесінде апатқа ұшырайтын шығар. Адамдардың көпшілігі шылым шегеді, бұл болса, жүрек ауруына не өкпенің қатерлі ісігіне әкеп соғады. Ал азғын өмір кешуді шешкендер отбасы қарым-қатынасының бұзылуы, өз-өзін сыйлаудан қалу, жыныстық қатынас арқылы жұғатын ауруға шалдығу, сондай-ақ қалаусыз жүкті болу қасіреттеріне ұшырап жатады. Адамдар осындай қасіретке ұшырағандары үшін Құдайды кінәлауға бейім, бірақ шындығына келгенде, олар өздерінің бұрыс қылықтарының құрбаны болғандар (Нақыл сөздер 19:3).

8. Екклесиаст 9:11-ге сәйкес адамдар неге қасірет шегеді?

8 Қайғы-қасіреттің орын алуының үшінші себебі Екклесиаст 9:11-де жазылған: “Мен көңіл аудардым да, күн астында болып жатқан істерден мынаны көрдім: епті жүгіргенде табысқа, ержүрек жеңіске жете бермейді, дана ауқатты, ал ақылды бай бола бермейді, ал шешен ықыласқа ие бола бермейді, бәрі де уақыт пен кездейсоқтықтың билігінде”. Кейде адам жай қолайсыз уақытта, қолайсыз жерде болып қалады. Берік не әлсіз екенімізге қарамастан, кез келгеніміз күтпеген жерден қасіретке ұшырап не өліп кетуіміз мүмкін. Мысалы, Исаның заманында бір мұнара құлап, 18 кісі мерт болған. Сонда Иса олар өте күнәлі болғандықтан Құдай жазалады деген ойды жоққа шығарған (Лұқа 13:4). Жоқ, мұндай қасіреттер үшін Ехоба жауапты емес.

9. Қайғы-қасіреттің болып жатқанына қатысты көп адамдар нені түсінбейді?

9 Қайғы-қасіреттің неге орын алып жатқанының себептерін білудің маңызы зор. Алайда адамдардың түсінуіне қиын бір жайт бар: Неге Ехоба Құдай қайғы-қасіреттің болуына жол береді?

Неге Ехоба қайғы-қасіреттің болуына жол береді?

10, 11. а) Римдіктерге 8:19—22 тармақтарына сай, “бүкіл жаратылыс” қандай күйде? ә) Жаратылысты өткіншілікке бағындырған кім?

10 Елші Пауылдың Римдіктерге жазған хатының бір үзіндісі осы маңызды сұраққа сәулесін төгеді. Пауыл былай деп жазды: “Бүкіл жаратылыс Құдай Өзінің рухани балаларын анық көрсететін күнді сағына күтіп отыр. Өйткені жаратылыс өз еркімен емес, Құдайдың үкімімен өткіншілікке бағынды. Солай бола тұра, Құдай бізге болашақта жаратылыс та өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді деген үміт берді. Қазірге дейін бүкіл жаратылыстың толғақ азабы секілді бейнет шегіп, ыңқылдай күрсініп жатқанын білеміз” (Римдіктерге 8:19—22).

11 Осы тармақтардағы ойды түсіну үшін біз бірнеше түйінді сұрақтарға жауап алуымыз керек. Мысалы, жаратылысты өткіншілікке бағындырған кім? Елші Пауылдың сөздеріне сәйкес, солай еткен — Құдай. Бірақ әділетті адамдар ‘өткіншіліктің құлдығынан босатылу’ үшін ол үміт те бергенa.

12. “Бүкіл жаратылыс” деген нені білдіретініне қатысты қандай түсінбеушілік бар және бұл сұраққа қалай жауап беруге болады?

12 Алайда бұл үзіндідегі “бүкіл жаратылыс” деген нені білдіреді? Кейбіреулер “бүкіл жаратылыс” деген жануарлар мен өсімдіктерді қоса алғанда, барлық көзге көрінетін дүниені білдіреді дейді. Бірақ жан-жануарлар мен өсімдіктер ‘Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығына’ жетуге үміттене ме? Жоқ (2 Петір 2:12). Сондықтан “бүкіл жаратылыс” деген тек адамзатты білдіреді. Бұл — Едем бағындағы бүліктің кесірінен күнә мен өлімнің ықпалындағы үмітке аса зәру болып отырған жаратылыс (Римдіктерге 5:12).

13. Едемдегі бүліктің нәтижесі адамзат үшін қандай болды?

13 Сол бүліктің адамзат үшін нәтижесі қандай болды? Пауыл оны бір-ақ сөзбен жеткізген: Өткіншілікb. Бір анықтамалық кітапта бұл сөз “әлдебір нәрсенің атқарылу мақсатына сай істелмей, пайдасыз болуы” деп түсіндіріледі. Адамзат мәңгі өмір сүріп, тату, кемелді отбасы ретінде еңбектеніп, жердегі жұмақтың қамын ойлау мақсатымен жаратылған еді. Бірақ олар қысқа, қиыншылыққа толы, жиі мағынасыз тіршілік кешуде. Әйүп айтқандай, “әйелден туған адамның өмірі қысқа және қайғыға толы” (Әйүп 14:1). Міне, нағыз өткіншілік деп осыны айт!

14, 15. а) Қалай Ехобаның адамзатқа шығарған үкімінен әділдігін көруге болды? ә) Неге Пауыл жаратылыстың өткіншілікке бағынуы “өз еркімен емес” деген?

14 Ал енді біз ең басты сұраққа келдік: Неге “бүкіл әлемнің Қазысы” адамзатты қиыншылыққа толы, мағынасыз тіршілікке бағындырды? (Жаратылыс 18:25). Бұл әділдікке жата ма? Түп атамыз бен анамыздың не істегенін еске алайықшы. Құдайға қарсы бүлік шығаруымен, олар Ехобаның билігіне қатысты дау көтерген Шайтанның жағына шыққан. Мұнысымен олар бүлікші рухани жаратылыстың басқаруымен адамдардың жағдайы Ехобасыз жақсырақ болады деген тұжырымды қолдады. Бүлікшілерге үкім шығарғанда, негізінде Ехоба олардың сұрағандарын берді. Атап айтқанда, ол Шайтанның ықпалы жүріп тұрған дүниеде адамзаттың өз-өзін басқаруына жол берді. Осындай жағдайлардың барысына қарай, адамзатты өткіншілікке бағындырып, бірақ үміт беруден артық қандай әділ шешім жасауға болар еді?

15 Әрине, бұл — жаратылыстың ‘өз еркімен’ болған жайт емес. Біз жарық дүниеге талғау жасауға мүмкіндігі жоқ, күнә мен өткіншіліктің құлы ретінде келеміз. Бірақ Ехоба шапағатын түсіріп, Адам мен Хауаның біраз уақыт өмір сүріп, дүниеге ұрпақ әкелулеріне мүмкіндік берген. Біздер, солардың ұрпағы, күнә мен өлімге бағынышты болғанымызбен, Адам мен Хауа істемегенді істеуге мүмкіндігіміз бар. Біз Ехобаға құлақ асуымызға және оның билігінің әділ әрі кемелді екеніне көз жеткізе аламыз, ал адамдардың одан бейтарап басшылығы тек қасіретке толы, мағынасыз әрі өткінші болып отыр (Еремия 10:23; Аян 4:11). Оған қоса, Шайтанның әсері тек жағдайдың нашарлауына ықпал етуде. Адамзат тарихы осының растығының дәлелі болып отыр (Екклесиаст 8:9).

16. а) Неге біз дүниеде болып жатқан қайғы-қасіретке Ехобаның жауапты емес екеніне сенімді бола аламыз? ә) Ехоба сүйіспеншілікпен адал адамдар үшін қандай үміттің болуының қамын жеген?

16 Ехобаның адамзатты өткіншілікке бағындыруға келелі себептері болғаны анық. Алайда бұл бүгінде әрқайсысымыздың басымызға түсіп жатқан өткіншілік пен қасірет Ехобадан келеді дегенді білдіре ме? Мынадай мысалды қарастырып көрейікші: Сот қылмыскерге әділ үкім шығарады. Сотталушы жазасын өтеп жүргенде, қатты қиналуы мүмкін, бірақ ол басына түскен қайғысына себепші ретінде сотты кінәлай ала ма? Әрине, олай ете алмайды. Оның үстіне, Ехоба ешқашан зұлымдықтың көзі болған емес. Жақып 1:13-те: “Құдай күнәға еш елікпейді де, ешкімді еліктірмейді де”,— делінген. Сондай-ақ сол үкімді шығара отырып, Ехобаның ‘үміт бергенін’ де ұмытпалық. Ол сүйіспеншілікпен Адам мен Хауаның адал ұрпақтарының өткіншіліктің соңын көріп, ‘Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жететін’ кезеңінде шаттанулары үшін қам жеген. Мәңгілік бойы адал адамзат тағы бүкіл жаратылыс өткіншіліктің қасіретті әсеріне ұшырайды-ау деп енді қайтып уайымдамайтын болады. Ехоба мәселені әділ шешу арқылы өз билігінің әділеттілігін мәңгіге дәлелдейді (Ишая 25:8).

17. Дүниеде қайғы-қасіреттің орын алып жатқан себептерін қарастырғанымыз бізге қалай әсер ету керек?

17 Қайғы-қасіреттің болу себептерін қарастырғанда, болып жатқан зұлымдық үшін Ехобаны кінәлауға немесе оған сенуден қалуға негіз барын көрдік пе? Қайта, бұл Мұсаның келесі сөздерімен келісуімізге себеп болды емес пе? Ол былай деген: “Ол — қорған; Оның істері кемелді және Оның жолдарының бәрі ақиқат. Құдай сенімді және Оның өтірігі жоқ; Ол әділ әрі шыншыл” (Заңды қайталау 32:4). Осы жайттар жөнінде ой жүгірту арқылы кей-кейде оларды санамызда жаңғыртып тұралық. Осылай ету арқылы қиыншылықтарға кезіккен шақтарда, Шайтанның санамызға күмән себуге тырысып жүрген әрекеттеріне қарсы тұрамыз. Алайда мақаланың басында аталып өтілген екінші қадам қандай еді? Ехобаға арқа сүйеу деген не?

Ехобаға арқа сүйеу дегеннің мағынасы

18, 19. Киелі кітап бізді қандай сөздермен Ехобаға арқа сүйеуге шақырады, бірақ осыған орай кейбіреулер қандай жаңсақ пікірде?

18 Құдай Сөзі бізді мынаған шақырады: “Тәңірге шын жүрегіңмен арқа сүйе және өз ақылыңа сүйенбе. Барлық жолдарыңда Оны таны, сонда Ол жолыңа бағыт береді” (Нақыл сөздер 3:5, 6). Көңіліңе сенімділік ұялататын қандай керемет сөздер! Көктегі сүйікті Әкемізден өзге Әлемде сондай сенім артуға тұрарлық ешбіреу жоқ екені анық. Сөйтсе де жоғарыдағы сөздерді Жазбалардан оқу оңай болғанмен, өмірде қолдану қиын болуы мүмкін.

19 Көп адамдар Құдайға арқа сүйеу туралы бұрыс ойда. Біреулер оны жай сезім, яғни жүректе өзінен-өзі туатын қандай да бір күй, деп ойлайды. Өзгелері Құдайға арқа сүйеу дегеніміз ол бізді әрбір қиыншылықтан қорғайды, әрбір проблемамызды шешеді, күнделікті қиындықтарымызды лезде әрі өзіміз ойлағандай жөнге келтіреді деп күтуді білдіреді деген ойда болатынға ұқсайды. Бірақ мұндай тұжырымдар жасауға негіз жоқ. Арқа сүйеу деген — жай ғана сезімнен анағұрлым жоғары, оның бос арманмен де байланысы жоқ. Ересек адам жөнінде айтар болсақ, бұл саналы түрде, салмақтап-саралап шешім қабылдауды білдіреді.

20, 21. Ехобаға арқа сүйеу деген не? Мысал келтіріңдер.

20 Нақыл сөздер 3:5-тармағына тағы көңіл бөлейікші. Онда Ехобаға арқа сүйеу мен өз ақылымызға сүйену салыстырылып, екеуін бір уақытта істей алмайтынымыз көрсетілген. Бұл ойлау қабілетімізді қолдануға болмайды дегенді білдіре ме? Жоқ, сана берген Ехоба Құдай өзіне қызмет еткенде, бізден оны қолданады деп күтеді (Римдіктерге 12:1). Алайда шешім жасағанда, біз неге сүйенеміз? Біздің ойымыз Ехобаның ойымен үйлеспесе, оның біздікінен шексіз жоғары даналығын қабылдаймыз ба? (Ишая 55:8, 9). Ехобаға арқа сүйеу оның ой-ниетінің біздің ой-ниетімізге жөн сілтеуіне жол беруді білдіреді.

21 Мысалы, көз алдыңа көлікте ата-анасының артындағы орындықта отырған кішкентай баланы елестетіп көрші. Әкесі көлікті жүргізіп келеді. Қандай да бір қиындық туа қалған жағдайда, айталық бағытты өзгерту керек болса, ауа райына не жолға қатысты проблема туғанда, тілалғыш әрі ата-анасына сенетін бала не істейді? Артқы орындықтан айғайлап, әкесіне көлікті қалай жүргізу керектігін нұсқай ма? Ол ата-анасының шешіміне күмән келтіре ме немесе олардың қауіпсіздік белдігін тағынып отыруды есіне салса, қарсыласа ма? Жоқ, әдетте бала ата-анасының кемелсіз болғанына қарамастан, мұндай мәселелерді шеше алатынына сенеді. Ал біздің Әкеміз Ехоба кемелді. Олай болса, біз оған шүбәсіз арқа сүйеу керек емеспіз бе, әсіресе қиыншылыққа тап болғанда?! (Ишая 30:21).

22, 23. а) Қиыншылықтарға тап болғанда неге Ехобаға арқа сүйеуіміз керек және мұны қалай істеуге болады? ә) Келесі мақалада қандай сұрақ талқыланады?

22 Алайда Нақыл сөздер 3:6-да тек қиыншылыққа тап болғанда емес, ‘барлық жолдарымызда Ехобаны тануымыз’ керек екені ескерілген. Демек, күнделікті өмірде шешім қабылдағанда, Ехобаға арқа сүйейтінімізді көрсетуіміз керек. Қиыншылыққа тап болған жағдайда, салы суға кетіп, байбаламға салып не мәселені шешудің керемет жолына қатысты Ехобаның берген басшылығынан бас тартпаған дұрыс. Біз басқа түскен қиыншылықтарды Ехобаның билігін қолдайтынымызды көрсетудің, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеудің және мойынсұнушылық пен Ехобаға ұнамды басқа да қасиеттерді дамытудың мүмкіндігі ретінде қарастыруымыз керек (Еврейлерге 5:7, 8).

23 Қандай қиыншылықтарға кезіксек те, Ехобаға арқа сүйетінімізді көрсете аламыз. Біз мұны дұға ету, Ехобаның Сөзі мен оның ұйымынан басшылық іздеу арқылы көрсетеміз. Әсіресе осы дүниеде болып жатқан проблемалармен кезіккенде, Ехобаға арқа сүйейтінімізді қалай көрсетуге болады? Бұл сұрақ келесі мақалада талқыланады.

[Сілтемелер]

a Кейбір аудармаларда Римдіктерге 8:20-да “Құдай” дегеннің орнына есімдік қолданылған. Сондықтан кейбіреулерде жаратылысты өткіншілікке бағындырған кім деген сұрақ туып жатады. Олар мұны істеген Адам ата не Шайтан деген ойға келеді, бірақ ол екеуі де адамзатқа ‘үміт бере’ алмайды. Үмітті тек Ехоба бере алады, сондықтан жаратылысты өткіншілікке бағындырған да сол.

b Пауыл қолданған “өткіншілік” деген грек сөзі мен Грек Септуагинтіндегі Сүлейменнің Екклесиаст кітабында қолданылған “бәрі бос әурешілік” деген сөзінің мағынасы бірдей (Екклесиаст 1:2, 14; 2:11, 17; 3:19; 12:8).

Қалай жауап берер едіңдер?

• Дәуіт Ехобаға сенім артатынын қалай көрсеткен?

• Бүгінде адамдар қандай үш себеппен қайғы-қасіретке ұшырауда және неге оларды анда-санда еске алып тұрған жақсы?

• Ехоба адамзатқа қандай үкім шығарған және неге бұл әділетті үкім болған?

• Ехобаға арқа сүйеу деген не?

[22-беттегі суреттер]

Дәуіт Ехобаға сенім артқан

[24-беттегі сурет]

Иса Иерусалимдегі мұнараның құлағанына Ехобаның жауапты емес екенін көрсеткен

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу