Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.9. 27—32 бет.
  • Ауыр шақтарда Ехобаға толық арқа сүйе

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ауыр шақтарда Ехобаға толық арқа сүйе
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Жұмыс орнынан айырылу немесе қаржы тапшылығы
  • Денсаулық нашарлағанда
  • Тән әлсіздігімен күресіп жатқанда
  • Сенім арту бақытты өмір үшін аса маңызды
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Бауырластарымызға сенім артайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2022
  • Осы дүниенің ақыры таяп қалғандықтан, Ехобаға арқа сүйе
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Әрқашан Ехобаға арқа сүйеңдер!
    2015 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.9. 27—32 бет.

Ауыр шақтарда Ехобаға толық арқа сүйе

“Құдай — біздің панамыз да күшіміз, қиын кезде сенімді көмекшіміз” (ЗАБУР 45:2).

1, 2. а) Сөзбен ғана Құдайға арқа сүйейміз деу жеткіліксіз екені қандай мысалдан көрінеді? ә) Неге біз Ехобаға сөзбен ғана арқа сүйемеуіміз керек?

ҚҰДАЙҒА арқа сүйеймін деу оңай болғанмен, мұны іс жүзінде көрсету қиын. Мысалы, АҚШ-тың қағаз ақшасы мен тиынында бұрыннан бері “Құдайға арқа сүйейміз” деген жазу барa. 1956 жылы АҚШ конгресі осы сөздерді Құрама Штаттарының халық ұраны етіп қабылдау жөнінде заң қабылдады. Бірақ, бір қызығы, тек АҚШ-та ғана емес, бүкіл дүние жүзі бойынша көп адамдар Құдайдан гөрі ақша мен байлыққа көбірек арқа сүйейді (Лұқа 12:16—21).

2 Біз, шынайы мәсіхшілер, Ехобаға сөзбен ғана арқа сүйемеуіміз керек. ‘Әрекетсіз сенімнің өлі’ болғаны сияқты, іс-әрекетімізбен көрсетпесек, Құдайға арқа сүйейміз дегеніміз бекер болады (Жақып 2:26). Алдыңғы мақалада Ехобаға арқа сүйейтінімізді дұға ету, оның Сөзі мен ұйымынан басшылық іздеу арқылы көрсететініміз аталып өтілген еді. Ал енді ауыр шақтарда қалай осы үш қадамды жасауға болатынын қарастырайық.

Жұмыс орнынан айырылу немесе қаржы тапшылығы

3. Қазіргі ‘қиын-қыстау күндері’ Ехобаның қызметшілері қандай экономикалық қиыншылықтарға кезігуде және Құдайдың бізге көмектескісі келетінін қайдан білеміз?

3 Осы ‘қиын-қыстау күндері’ біз, яғни мәсіхшілер, өзгелер сияқты экономикалық қиыншылықтарды бастан кешіп жүрміз (2 Тімотеге 3:1). Сондықтан біз де аяқ астынан жұмысымыздан айырылып қалуымыз немесе болмашы жалақы үшін ұзақ жұмыс істеуге мәжбүр болуымыз мүмкін. Мұндай жағдайда ‘үй-ішінің қамын ойлау’ оңайға соқпайды (1 Тімотеге 5:8). Осындай кездерде Құдіретті Құдай бізге көмектескісі келе ме? Келгенде қандай! Әрине, бізді Құдай осы дүниеде басымызға түсетін барлық ауыртпалықтардан қалқаламайды. Десе де, оған арқа сүйер болсақ, өз жағдайымызда Забур 45:2-де жазылған сөздердің орындалғанын сезінеміз: “Құдай — біздің панамыз да күшіміз, қиын кезде сенімді көмекшіміз”. Алайда экономикалық қиыншылықтарға кезіккенде, қалай толығымен Ехобаға арқа сүйеуге болады?

4. Қаражаттан тапшылық көріп жатсақ, не сұрап дұға етуге болады және Ехоба мұндай дұғаларға қалай жауап береді?

4 Ехобаға арқа сүйеудің бір жолы — оған дұға ету. Не туралы дұға етуге болады? Егер қаржыдан тапшылық көріп жатқан болсаң, даналық әншейін кезге қарағанда анағұрлым қажет болады. Онда соны сұрап дұға ет. Ехобаның Сөзі бізді былай деп сендіреді: “Ал кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол береді де; Тәңіріміз еш жазғырмай-ақ бәріне жомарттықпен бере салады” (Жақып 1:5). Иә, дана шешім қабылдап, дұрыс талғам жасау үшін Ехобадан даналық, яғни білімің мен түсіну қабілетіңді дұрыс қолдануды, сұра. Сүйіспеншілікке толы көктегі әкеміз осындай дұғаларды еститініне сендіреді. Ол әрқашан өзіне шын жүректен арқа сүйейтіндердің жолына бағыт беруге даяр (Забур 64:3; Нақыл сөздер 3:5, 6).

5, 6. а) Неге экономикалық қиыншылықтарды шешу үшін Құдай Сөзінен басшылық іздеуге болады? ә) Жұмысымыздан айырылып қалсақ, уайымға салынып кетпеу үшін не істеуге болады?

5 Ехобаға арқа сүйейтінімізді көрсетудің тағы бір жолы — Құдай Сөзінен басшылық іздеу. Құдайдың Киелі кітапта жазылған дана тағлымдары “шынайы” (Забур 92:5). Киелі рухтың жетелеуімен жазылған бұл кітап 1900 жыл бұрын жазылып біткенмен, онда экономикалық қиындықтарды жақсырақ шешу үшін сенуге тұрарлық кеңестер мен жағдайды терең түсінуге көмектесетін ойлар бар. Киелі кітаптағы кейбір дана кеңестерді қарастырып көрейік.

6 Дана Патша Сүлеймен баяғыда былай деп ескерген: “Аз жесін, көп жесін еңбеккердің ұйқысы тәтті болады; ал байдың тоқтығы оған ұйқы бермейді” (Екклесиаст 5:12). Дүние-мүлікті жөндеу, тазарту, ұстау және қорғау үшін уақыт пен қаржы қажет. Сондықтан жұмысымыздан айырылып қалсақ, мұны өмір салтымызға үңіліп, көңіліміз нені қалайды, ал шын мәнінде бізге не қажет екенін анықтап алудың мүмкіндігі ретінде қарастыруға балады. Уайымға салына бермеу үшін кейбір өзгерістер жасаған абзал. Мысалы, қарапайымдау үйге көшіп немесе қажетсіз заттардан арылу арқылы өмірімізді жеңілдетуге болмас па екен? (Матай 6:22).

7, 8. а) Иса кемелсіз адамдарға өмірге қажетті заттарды ойлап, уайымдау тән екендігінен хабардар екенін қалай көрсеткен? (Сілтемеге қараңдар.) ә) Иса шектен тыс уайымға салынудан аулақ болуымыз үшін қандай кеңес берген?

7 Таудағы уағызында Иса: “Не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар [“уайымдай бермеңдер!”, ЖД]!” — деген кеңес бергенb (Матай 6:25). Иса кемелсіз адамдарға өмірге қажетті заттарды ойлап, уайымдау тән екенін білген. Қалай мұны ‘уайымдай бермеуге’ болады? Иса: ‘Ең бастысы, Патшалықтың қамын ойлаңдар’,— деген. Қандай қиыншылықтарға кезіксек те, әрі қарай да Ехобаға ғибадат етуді басты орынға қоюға тиіспіз. Солай етер болсақ, өмірімізге қажеттілердің бәрін көктегі Әкеміз “қосып береді”. Қалай болмасын, ол біздің мұқтаждықтарымыздың қамын жейді (Матай 6:33).

8 Әрі қарай Иса мынаны өсиет еткен: “Ешқашан ертеңгі күнді уайымдамаңдар! Өйткені ертеңгі күннің өз уайымы болады” (Матай 6:34, ЖД). Ертеңгі күні не болып қалуы мүмкін екенін ойлап, шектен тыс уайымдаудың қажеті жоқ. Бір Киелі кітап зерттеушісі: “Болашақ жиі біз ойлағандай қорқынышты бола бермейді”,— деп ескерген. Егер кішіпейілділікпен Киелі кітаптың ең басты нәрсеге ерекше көңіл бөліп, бір күннің қамын ойлап өмір сүруге қатысты берген кеңесіне құлақ асар болсақ, шектен тыс уайымға салынбау оңай болады (1 Петір 5:6, 7).

9. Қаражаттан қысылғанда “адал да саналы қызметшінің” басылымдарынан қандай көмек табуға болады?

9 Сондай-ақ қаражаттан қысылғанда, Ехобаға арқа сүйейтінімізді “адал да саналы қызметшінің” басылымдарына жүгіну арқылы да көрсетеміз (Матай 24:45). Кейде “Ояныңдар!” журналында экономикалық қиыншылықтарға қатысты бағалы ақыл-кеңестер берілетін мақалалар басылып тұрады. 1991 жылдың 8 кыркүйектегі санындағы (ор.) “Жұмыссыздық. Мәселені қалай шешуге болады?” мақаласында жұмыстарынан айырылған адамдардың тіптен нан пұлсыз қалмауына және көңілінің алабұрттанбауына көмектесетін сегіз кеңес берілген-діc. Әрине, мұндай кеңестерді қолданғанда ақшаның маңыздылығына деген дұрыс көзқараста болу керек. Бұл ой сол басылымдағы “Ақшадан анағұрлым маңыздырақ нәрсе” мақаласында талқыланған (Екклесиаст 7:12).

Денсаулық нашарлағанда

10. Ауыр науқастанып қалғанда да, Ехобаға арқа сүйеуге негіз бар екені Дәуіттің мысалынан қалай көрінеді?

10 Ауыр науқас болсақ, Ехобаға арқа сүйеуге негіз бар ма? Шүбәсіз бар! Қызметшілері науқастанғанда, Ехобаның оларға жаны ашиды. Оған қоса, ол көмектесуге даяр. Дәуіт патшаның мысалын қарастырып көрелік. Әділ адам науқастанғанда, Құдайдың қалай қарайтыны туралы: “Сырқаттанып, төсек тартып жатқанда, Тәңір оған күш береді. Сырқат кезінде Сен оның төсегін мүлдем өзгертесің”,— деп жазғанда, сірә, оның өзі қатты науқас болса керек (Забур 40:2, 4, 8, 9). Дәуіт Құдайға арқа сүйеуден таймаған, ақырында ауруынан айыққан. Ал біз ше, денсаулығымыз нашарласа, Құдайға арқа сүйейтінімізді қалай көрсетуімізге болады?

11. Науқас кезінде көктегі Әкемізден не сұрауымызға болады?

11 Науқастанған кездерде Ехобадан төтеп беруге көмектесуін жалына сұрап дұға ету арқылы, оған арқа сүйейтінімізді көрсетеміз. Біз одан мүмкіндігімізге сай денсаулығымыздың қамын ойлау үшін, ақылмен әрекет етуге көмектесуін сұрауымызға болады (Нақыл сөздер 3:21). Басқа түскен ауруға төтеп беру үшін шыдамды болуға көмектесуін де сұрауымызға болады. Ал ең бастысы, Ехобадан бізді қолдап, өзіне адал болып қалуға күш беруін, сондай-ақ қай жағдайда да байсалды болуды сұрау керек (Філіпіліктерге 4:13, ЖД). Біз үшін Құдайға деген адалдығымызды сақтап қалу — өмірімізді сақтап қалудан да маңызды. Егер адалдығымызды сақтап қалар болсақ, ұлы Құдайымыз бізге мәңгі өмір, кемелділік және зор денсаулық сыйлайды (Еврейлерге 11:6).

12. Қалай Киелі кітаптың принциптері ем қабылдау мәселесінде дана шешімдер қабылдауға көмектеседі?

12 Сонымен қатар Ехобаға арқа сүйейтіндігіміз оның Сөзі Киелі кітаптан тиімді басшылық іздеуге талпындырады. Киелі кітап принциптері ем қабылдау мәселесінде дана шешімдер жасауға көмектеседі. Мысалы, Киелі кітаптың ‘сиқыршылықты’ айыптайтынын білгендіктен, сиқырлықпен байланысы бар диагностика мен терапевтік емдеу әдістерінен аулақ болғымыз келеді (Ғалаттықтарға 5:19—21; Заңды қайталау 18:10—12). Киелі кітаптағы сенім артуға тұрарлық тағы бір кеңесі мынадай: “Ақылсыз кез келген сөзге сене береді, ал парасатты адам өз жолдарына көңіл қояды” (Нақыл сөздер 14:15). Сондықтан қандай ем қабылдауды ойластырғанда, ‘кез келген сөзге сене бермей’, сенуге тұрарлық мәлімет іздеген жөн. Мұндай “байыпты” әрекет барлық жайтты мұқият салмақтап-саралап, дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі (Титке 2:12).

13, 14. а) “Күзет мұнарасы” және “Ояныңдар!” журналдарында денсаулыққа қатысты қандай мазмұнды мақалалар басылған? (29-беттегі қоршауды қараңдар.) ә) “Ояныңдар!” журналының 2001 жылғы 22 қаңтардағы (ор.) санында созылмалы ауруларға қатысты қандай кеңестер берілген?

13 Адал қызметшінің басылымдарын зерттеу арқылы да Ехобаға арқа сүйейтінімізді паш етеміз. “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарында денсаулыққа қатысты қиыншылықтар мен әр түрлі аурулар туралы мазмұнды мақалалар басылып тұрадыd. Кейде онда түрлі ауру-сырқаулармен күрескен не күресіп жүргендер туралы да мақалалар басылып тұрады. Оған қоса кейбір мақалаларда созылмалы аурумен науқастанатын адамдардың қалай өмір сүруіне болатынына қатысты Киелі кітапқа негізделген немесе басқа да тиімді кеңестер беріледі.

14 Мысалы, “Ояныңдар!” журналының 2001 жылғы 22 қаңтардағы (ор.) санында “Науқас адамдарға арналған жұбаныш” тақырыбы талқыланды. Онда Киелі кітаптың пайдалы принциптері, сондай-ақ көп жылдан бері созылмалы аурудың ауыр түрлерімен науқас әрі өзі ауруынан жақсы хабардар адамдардан алынған сұхбаттарға негізделген мәлімет келтірілді. Ал “Ауыр науқаспен қалай өмір сүруге болады?” деген мақалада мынадай кеңестер берілді: ауруың жөнінде мүмкіндігінше көп мәлімет жина (Нақыл сөздер 24:5); өзгелерге көмектесуді қоса алғанда, тиімді мақсаттар қой, бірақ өзгелердің қолынан келетіннің бәрі сенің қолыңнан келмеуі мүмкін екенін ұмытпа (Елшілердің істері 20:35; Ғалаттықтарға 6:4); өзгелерден тасаланба (Нақыл сөздер 18:1, ЖД); өзіңді көңіліңді сұрап келген адам жағымды сезімде қалатындай етіп ұстауға тырыс (Нақыл сөздер 17:22); ал ең бастысы, Ехобамен және қауыммен тығыз байланысыңды үзбе (Нағұм 1:7; Римдіктерге 1:11, 12). Ехобаның ұйымы арқылы беріп отырған осындай басшылығына риза емеспіз бе?

Тән әлсіздігімен күресіп жатқанда

15. Кемелсіз тәнінің құмарлықтарымен күрескенде, Пауыл қалай жеңіске жете алған және осыған орай біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?

15 Елші Пауыл: ‘Менің бойымда жақсылық жоқ’,— деп жазған (Римдіктерге 7:18). Кемелсіз тәннің құмарлықтары және әлсіздіктерімен күресудің оңай емес екенін Пауыл өз тәжірибесінен білетін. Сөйтсе де ол жеңімпаз бола алатынына сенген (1 Қорынттықтарға 9:26, 27). Қалай? Ехобаға толық арқа сүйеу арқылы. Міне, сондықтан Пауыл былай дей алған: “Сорлы басым-ай! Өлім әкелетін күнәлы тәнімнен мені кім құтқара алады?” Құдайға шүкір, Иеміз Иса Мәсіх арқылы (бойымыздағы күнәкар құмарлықтың құлдығынан құтқарыла аламыз) (Римдіктерге 7:24, 25). Біз жөнінде не деуге болады? Тәннің әлсіздіктерімен біз де күресудеміз. Мұндай күресте қолымыздан түк келмейді деген шешімге келіп, сенімімізден айырылып қалу оп-оңай. Бірақ өз күшімізге сенудің орнына, Пауыл іспетті Ехобаға шындап арқа сүйер болсақ, ол бізге көмектеседі.

16. Тән әлсіздігімен күресіп жүргенде не туралы дұға ету керек және әлсіздікке қайта бой алдырып қойсақ не істеу керек?

16 Егер тән әлсіздігі маза бермесе, Ехобаға дұға етуге болады, осылайша оған арқа сүйейтінімізді көрсетеміз. Ехобаның киелі рухы арқылы көмектесуін сұрауымыз, тіпті жалынып-жалбарынып сұрауымыз керек (Лұқа 11:9—13). Сонымен қатар Құдайдың киелі рухының құрамдас бөлігі ұстамдылық сұрауымызға болады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Ал егер қайтадан әлсіздікке бой алдырып қойсақ ше? Қалай болғанда да мойымау керек. Мейір-шапағатқа толы Құдайымыздан кішіпейілділікпен кешірім мен көмек сұрап дұға етуді доғармайық. Ехоба ар-ұжданының азабына түсіп, “шын өкініп, бағынған жүрекке” ешқашан теріс қарамайды (Забур 50:19). Егер шын жүректен өкініп, дұға етер болсақ, Ехоба әлсіздігімізбен күресуге көмектеседі (Філіпіліктерге 4:6, 7).

17. а) Неге өзіміз күресіп жүрген әлсіздікке қатысты Ехобаның көзқарасы туралы ой жүгірткеніміз пайдалы? ә) Келесі әлсіздіктермен күресіп жүрсек, қандай тармақтарды есте ұстауға болады: қызба болсақ? Аузымызға абай болу керек болса? Көңіл көтерудің ұнамсыз түрлеріне үйір болсақ?

17 Ехобаға арқа сүйейтінімізді оның Сөзінен көмек іздеу арқылы да көрсетуге болады. Киелі кітап симфониясының немесе “Күзет Мұнарасы басылымдарының индексі” (ор.) арқылы “өзім күресіп жүрген әлсіздікке Ехоба қалай қарайды екен?” деген сұрақтың жауабын іздеуге болады. Ехобаның біздің жағдайымызға деген көзқарасы туралы ой жүгірткеніміз оған ұнамды болуға деген шешімімізді нығайта түседі. Сонда біз де ол сезінгенді сезініп, ол жек көретінді жек көретін боламыз (Забур 96:10). Кейбіреулерге өздері күресіп жүрген әлсіздікке қатысы бар тармақтарды жатқа білгені көмектеседі. Мысалы, қызбалықпен күресіп жүрміз бе? Онда Нақыл сөздер 14:17 және Ефестіктерге 4:31 сияқты тармақтарды жаттап алуға болады. Аузымызға абай болу керек пе? Нақыл сөздер 12:18 және Ефестіктерге 4:29 тармақтарын есте сақтайық. Көңіл көтерудің ұнамсыз түрлеріне үйірміз бе? Олай болса Ефестіктерге 5:3 және Қолостықтарға 3:5 сияқты Жазба орындарын есте сақтауға тырысайық.

18. Неге тән әлсіздігімен күресу үшін ақсақалдардан көмек сұрауға ұялмау керек?

18 Ехобаға арқа сүйейтінімізді көрсетудің тағы бір жолы — қауымдағы киелі рухтың жетелеуімен тағайындалған ақсақалдардан көмек іздеу (Елшілердің істері 20:28). Негізінде Ехоба Мәсіх арқылы сол “адамдар кейпіндегі тартуларды” өз отарын қорғап, қамқорлау үшін берген (Ефестіктерге 4:7, ЖД; 8, 11—14). Әрине, қандай да бір тәндік әлсіздігің бар екенін айтып, көмек сұрау оңай емес. Өйткені ақсақалдардың алдында беделіміз түседі деп қорқуымыз мүмкін. Бірақ рухани толысқан сол кісілер бар күшімізді жинап, көмек сұрағанымыз үшін, қайта, бізді сыйлай түсері сөзсіз. Оның үстіне, ақсақалдар отармен қарым-қатынасында Ехобаның қасиеттеріне еліктеуге тырысады. Олардың Құдай Сөзіне негізделген жұбаныш беретін тиімді кеңестері мен нұсқаулары тән әлсіздігімен күресуге деген шешімімізді нығайтуда дәл өзіміз мұқтаж болып тұрған кеңес болып шығуы мүмкін (Жақып 5:14—16).

19. а) Шайтан осы дүниенің әуре-сарсаңын қалай қолдануда? ә) Арқа сүйеудің немен байланысы бар және біз не нәрсеге белімізді бекем бууымыз керек?

19 Шайтан өз уақытының аз қалғанын білетінін ешқашан ұмытпа (Аян 12:12). Ол осы дүниенің әуре-сарсаңын қолданып, бізді қамықтырып, сағымызды сындырғысы келеді. Сондықтан Римдіктерге 8:35—39 тармақтарда жазылған сөздерге толық сенімді болайық: “Мәсіхтің сүйіспеншілігінен бізді не айыра алады? Азап-бейнет пе, қудалану мен аштық-жалаңаштық па, әлде қауіп пен семсер ме?.. Ал осының бәрінде біз өзімізді шексіз сүйетін Иеміздің арқасында ұлы жеңіске жетеміз. Мен мынаған нық сенемін: өлім де, өмір де, періштелер де, жын-перілер де, бүгінгі күн де, болашақ та, табиғаттан тыс күштер де, не үстіміздегі, не астымыздағы ешқандай күш те, тіпті жаратылыстың басқа ешбір нәрсесі де бізді Құдайдың Иеміз Иса Мәсіх арқылы көрсетіп жүрген сүйіспеншілігінен айыра алмайды!” Құдайға арқа сүйеу деп осыны айт! Арқа сүйеу деген — жай ішкі сезімнен анағұрлым жоғары. Ол — күнделікті өмірімізде қабылдайтын салмақтап-саралап жасалатын шешімдермен байланысты. Сондықтан ауыр шақтарда толығымен Ехобаға арқа сүйеуге белімізді бекем буалық.

[Сілтемелер]

a Қаржы министрі Салмон Чейз 1861 жылы 20 қарашада Тиын сарайына жазған хатында: “Ешбір ұлт Құдай күш бермесе, күшті, Ол қорғамаса, қауіпсіз бола алмайды. Халқымыздың Құдайға арқа сүйейтіні ақшамыздан көріну керек”,— деген. Соның нәтижесінде 1864 жылы АҚШ-та айналымға жіберілген тиындарда “Құдайға арқа сүйейміз” деген ұран пайда болды.

b Мұндағы “уайым” сөзі “толығымен қуаныштан айыратын жанға бататын қорқынышты” білдіреді. Кейбір аудармаларда “уайымдамаңдар” немесе “қам жемеңдер” делінген. Бірақ мұндай сөздер уайымдауды не қам жеуді бастамауымыз керек дегенге меңзейді. Бір анықтамалықта былай ескерілген: “Грек етістігі осы шақта, бұйрық райда тұр. Бұл қандай да бір уақыт аралығында жалғасып келе жатқан әрекетті тоқтату бұйрығын білдіреді”.

c Сол сегіз кеңес мынадай еді: 1) дүрлікпе, 2) дұрыс көзқарас сақта, 3) жаңа жұмысқа тұруға бейім бол, 4) өзгенің емес, өз көрпеңе қарай көсіл, 5) несиеге зат алғанда абай бол, 6) отбасының ауызбірлігін сақта, 7) өз-өзіңді сыйлаудан қалма және 8) шығыс-кіріс жоспарын жаса.

d Киелі кітапқа негізделген аталмыш журналдар емдеу тәсілін таңдау әр адамның жеке басының ісі екенін мойындап, бірін жақтап, бірін жоққа шығармайды. Қандай да бір ауру-сырқау талқыланатын мақалалардың мақсаты — оқырмандардың назарына сол ауру жайында қазіргі уақытта белгілі болып отырған мәліметті ұсыну.

Естеріңе түсіре аласыңдар ма?

• Экономикалық қиыншылықтар кезінде Ехобаға арқа сүйейтінімізді қалай көрсетуге болады?

• Денсаулығымыз нашар болса, қалай Ехобаға арқа сүйеуге болады?

• Тән әлсіздігімен күресіп жүрсек, Ехобаға шындап арқа сүйейтінімізді қалай көрсетуімізге болады?

[29-беттегі қоршау]

Келесі мақалалар естеріңде ме?

Денсаулығымыз нашарлап, қамығып жүргенде өзгелердің әр түрлі ауру-сырқаумен күресіп, берілмей келе жатқандары туралы оқығанымыз дем береді. Төменде “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарында жарияланған біраз мақалалар нұсқалды. Барлық мақалалар орыс тіліндегі басылымдарда.

“Кейбіреулер жағымсыз сезіммен күресуді үйренген” (“Ояныңдар!” 8 қараша 1992 жыл).

“Әлсіз кезімде күштімін” мақаласында ревматоидты артритпен сырқаттанатын әйел жөнінде әңгімеленген (“Ояныңдар!” 22 қаңтар 1997 жыл).

“Мақсатқа талпыну берілмеуге көмектеседі” мақаласы көмекей обырымен науқастанатын әрі сал кісі туралы (“Ояныңдар!” 22 қаңтар 2001 жыл).

“Өміріңмен ертең не боларын білмейсің” мақаласында ағзадағы биполярды өзгерістер суреттеледі (“Күзет мұнарасы” 1 желтоқсан 2000 жыл).

“Үнсіздіктің құрсауынан босану” мақаласында мидың қабынуының салдарынан сал болу науқасы жөнінде әңгімеленді (“Ояныңдар!” 8 мамыр 2000 жыл).

“Эндометриозбен күресудемін” (“Ояныңдар!” 22 шілде 2000 жыл).

“Склеродермиямен күресудемін” (“Ояныңдар!” 8 тамыз 2001 жыл).

“Босанғаннан кейінгі торығумен күресіп, жеңіп шықтым” (“Ояныңдар!” 22 шілде 2002 жыл).

[32-беттегі сурет]

Жұмыс орнынан айырылып қалсақ, өмір салтымызды саралағанымыз ақылдылыққа жатады

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу