Нұхтың жазбасы біз үшін мәні бар ма?
ИСА өзінің патша тағына отырғанда және осы заманның ақыры таяғанда болатын белгілер жөнінде пайғамбарлық етіп, былай деген: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады” (Матай 24:3, 37). Исаның қазір болып жатқан жағдайлардың тап Нұхтың заманындағы жайттарға ұқсас болатынын айтқаны анық. Нұхтың заманында болған оқиғалар туралы нақты әрі анық мәлімет біз үшін теңдесі жоқ қазына болуы мүмкін.
Нұхтың жазбасын сондай қазына деуге бола ма? Ол тарихи құжат ретінде мойындала ма? Топан судың расында да болғанына көз жеткізу мүмкін бе?
Топан су қашан болған?
Киелі кітапта адамзат тарихының қалай басталғанын мұқият есептеуге мүмкіндік беретін хронологиялық мәлімет бар. Жаратылыс 5:1—29 тармақтарда алғашқы адам, яғни Адам ата, жаратылғаннан бастап Нұхқа дейінгі ата-тек шежіресі жазылған. Ал топан су “Нұх алты жүз жасқа келгенде” басталған (Жаратылыс 7:11).
Топан судың болған уақытын анықтау үшін, негіз болатын датадан бастаған жөн. Яғни осы әлемнің тарихшылары мойындайтын әрі Киелі кітаптағы нақты оқиғаға сай келетін датадан бастауға тиіспіз. Осылайша, бүгінгі таңда көпшілік мойындайтын Григорий күнтізбегі бойынша Топан судың нақты қашан болғанын санап біле аламыз.
Сондай даталардың бірі — б. з. б. 539 жыл. Сол жылы Парсы патшасы Кир Бабылды күйреткен. Кирдің патшалық еткен уақытына қатысты ғылыми мәліметтерге Бабыл тақтайшалары және Сицилиялық Диодор, Юлий Африкан, Кесариялық Евсевийдің және Птолемейдің құжаттары жатады. Соларға сәйкес, Кирдің Яһуди халқының тамтығының Бабылдан шығып, туған жерлеріне оралуы жөніндегі жарғысы б. з. б. 537 жылы шыққан. Сол жылы Яһуда елінің 70 жыл бойы қаңырап бос жататын кезеңі аяқталған еді, ал ол елдің күйреуі Киелі кітаптың мәлімдеуінше б. з. б. 607 жылдан басталған. Билер мен Исраил патшаларының патшалық еткен кездерін есептеу арқылы исраилдіктердің Мысырдан шыққан уақыты б. з. б. 1513 жыл екенін анықтауымызға болады. Киелі кітапқа негізделген хронологияға сәйкес 430 жыл кері қарай санайтын болсақ, б. з. б. 1943 жылы Ыбырайыммен келісім жасалған уақытқа келіп тірелеміз. Бұдан кейін Тарах, Нахор, Серук, Регу, Пелек, Ебер, Шелахтардың, сондай-ақ ‘Топан судан кейін екі жыл өткенде дүниеге келген’ Арпақшадтың туылуы мен қанша өмір сүргенін санап шығуымыз керек (Жаратылыс 11:10—32). Сонда Топан су басталған уақыт, яғни б. з. б. 2370 жыл, келіп шығадыa.
Топан судың басталуы
Нұхтың заманында болған оқиғаларды қарастырмас бұрын, Жаратылыстың басталуы кітабының 7-тарауының 11-тармағынан 8-тарауының 4-тармағына дейін оқыңдаршы. Нөсерлеп жауған жаңбыр жөнінде біз мынаны оқимыз: ‘Нұх алты жүз жасқа келгенде [б. з. б. 2370 жылы], екінші айдың он жетісінде — дәл сол күні терең тұңғиықтағы барлық қайнар көздерден су атқылап, әрі аспан қақпалары айқара ашылды’ (Жаратылыс 7:11).
Нұх жылды 30 күннен тұратын 12 айға бөлген. Ертеде бірінші ай өзіміз қолданып жүрген күнтізбе бойынша, қыркүйектің орта шенінен басталатын. “Екінші айдың он жетісінде” басталып, б. з. б. 2370 жылдың қазаны мен желтоқсан айларының аралығында 40 күн, 40 түн бойы су көтеріле береді.
Сондай-ақ сол оқиға жөнінде келесі сөздерді оқимыз: “Жүз елу күн бойы жер бетінде су үздіксіз көтерілумен болды... [Сосын] Жер жүзіндегі судың беті қайтып, жүз елу күн бойы су біртіндеп тартыла берді. Содан жетінші айдың он жетінші күні болғанда, кеме Арарат тауының үстіне тоқтады” (Жаратылыс 7:24—8:4). Осылайша, жер бетін топан су жайлағаннан су тартыла бастағанға дейін 150 күн, немесе бес ай, өткен. Сосын кеме б. з. б. 2369 жылы сәуір айында Арарат тауына кеп тоқтаған.
Енді Жаратылыс 8:5—17 тармақтарын оқып көрейік. Шамамен екі жарым айдан (немесе 73 күннен) кейін, “оныншы айдың [мамырдың] бірінші күні” тау шыңдары көріне бастайды (Жаратылыс 8:5)b. Үш ай (90 күн) өткеннен кейін, “Нұхтың алты жүз бір жасқа толған жылының бірінші айының бірінші күні”, немесе б. з. б. 2369 жылдың қыркүйек айының орта шенінде, ол кеменің шатырын ашады да, ‘жердің кепкенін көреді’ (Жаратылыс 8:13). Ал бір ай 27 күннен кейін (57 күн), яғни ‘екінші айдың жиырма жетінші күні [б. з. б. 2369 жылдың қазан айының орта шенінде] жер беті мүлдем құрғап болады’. Сөйтіп Нұх пен оның отбасы кемеден құрғап болған жерге түседі. Осылайша, Нұх пен оның отбасы кемеде ай жылы күнтізбесіне сәйкес, бір жыл 10 күн (370 күн) болған (Жаратылыс 8:14).
Оқиғалар, ұсақ-түйектер мен нақты уақыт кезеңдерінен тұратын осы тура мәлімет нені дәлелдейді? Ол еврей пайғамбары Мұса көпке танымал Жаратылыстың басталуы кітабын аңыздарға емес, расында да болған айғақтарға негіздегені сөзсіз екенін дәлелдейді. Сол себепті Топан судың біз үшін зор маңызы бар.
Киелі кітаптың өзге жазушылары Топан суды қалай қарастырған?
Жаратылыстың басталуы кітабының мәлімдемесіне қоса, Киелі кітапта Нұх немесе Топан су жайында өзге де көптеген мәлімет бар. Мысалы:
1) Зерттеуші Езра Нұх пен оның ұлдарын (Шам, Хам және Япшіні) Исраил ұлтының шежіресіне ендірген (1 Шежірелер 1:4—17).
2) Дәрігер әрі Ізгі хабар жазушысы Лұқа Нұхты Иса Мәсіхтің ата тегі шежіресіне қосқан (Лұқа 3:36).
3) Елші Петір бір сенімдегі мәсіхшілерге жазған хаттарында Топан су туралы бірнеше рет атап өткен (2 Петір 2:5; 3:5, 6).
4) Елші Пауыл өз отбасын сақтап қалу үшін кеме соққанда, Нұхтың танытқан зор сенімі туралы айтқан (Еврейлерге 11:7).
Рухтың жетелеуімен Киелі кітаптың бөліктерін жазған осы кісілер Жаратылыстың басталуындағы Топан су туралы мәліметтің растығын мойындағандарында күмән болуы мүмкін бе? Олар Топан судың болған оқиға екеніне еш шүбәланбаған.
Иса және Топан су
Иса Мәсіх адам баласынан бұрын тіршілік еткен (Нақыл сөздер 8:30, 31). Топан судың кезінде ол көктегі рухани жаратылыс болған. Сол себепті көзбен көрген куә ретінде Иса бізге Нұх пен Топан су туралы Жазбалар арқылы ең сенімді дәлел келтіреді. Ол былай деді: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады: топан судан бұрын, Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді. Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша олар ештеңені ұқпады. Менің билеуші ретінде көктен қайтып келуімде де осылай болады!” (Матай 24:37—39).
Иса бізге осы заманның ақыры таяп қалғанын ескерту үшін аңызды қолданар ма еді? Олай етуі екіталай. Құдайдың зұлымдарға шығарған үкіміне қатысты оның расында да болған оқиғаны қолданғанына сенімдіміз. Иә, Топан суда көп адам өмірінен айырылған, сөйтсе де Нұх пен оның отбасының аман қалғаны бізге жұбаныш береді.
‘Нұхтың заманында’ болған оқиға Иса Мәсіхтің ‘билеуші ретінде’ тақта отырған кезінде өмір сүріп жатқан адамдар үшін аса маңызды. Нұхтың жазбасындағы дүниежүзілік Топан су туралы егжей-тегжейлі мәліметке сәйкес, біз оның расында болған тарихи мәлімет екеніне сенімді бола аламыз. Сондай-ақ киелі рухтың жетелеуімен жазылған Жаратылыстың басталуы кітабындағы Топан су туралы мәліметтің біз үшін зор мәні бар. Нұх, әйелі және оның ұлдары мен келіндері үшін Құдайға сену құтқарылуды білдіргені сияқты бүгінгі таңда біздің де Исаның азаттық төлеміне негізделген Ехобаның қорғанында паналауымызға болады (Матай 20:28). Оның үстіне, біз Нұхтың жазбасынан Топан су сол замандағы құдайсыз адамдарды жойып жібергенде, оның отбасының аман қалғанын көрдік. Сол сияқты біздің де осы зұлым заманның ақыры келгенде, аман қалатындардың қатарында болуға деген үмітіміз бар.
[Сілтемелер]
a Топан судың датасына қатысты егжей-тегжейлі мәліметті Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” (ағ.) энциклопедиясының І том, 458—460-беттерінен қараңдар.
b Кил Деличтің “Көне өсиет түсіндірмелерінің” І том, 148-бетінде былай делінген: “Сірә, кеме тоқтаған соң, 73 күннен кейін таулар, яғни кеме тіреліп қалған Арменияның тау шыңдары, көрінсе керек”.
[5-беттегі қоршау]
Олар соншама ұзақ өмір сүрген бе?
“НҰХ барлығы тоғыз жүз елу жыл өмір сүріп, қайтыс болды”,— делінген Киелі кітапта (Жаратылыс 9:29). Адамзат тарихындағы бізге мәлім ең ұзақ өмір сүрген адам — Нұхтың атасы Мәтусала. Ол 969 жыл жасаған. Адам атадан Нұхқа дейінгі он атаның орташа өмір ұзақтығы 850 жыл болған (Жаратылыс 5:5—31). Расында да адамдар сол уақытта соншама ұзақ өмір сүрген бе?
Құдайдың бастапқы ниетіне сай адамзат мәңгі өмір сүру керек-тін. Алғашқы адам Адам ата Құдайға мойынсұнатын болса, ешқашан өлім көрмейтіндей етіп жаратылған болатын (Жаратылыс 2:15—17). Бірақ ол Құдайға мойынсұнбай, сол мүмкіндігінен айырылып қалды. Өлімге қарай баяу жылжи отырып, 930 жыл өмір сүргеннен кейін, Адам өзі жаратылған жердің қойнына қайта кіреді (Жаратылыс 3:19; 5:5). Алғашқы адам өзінен кейінгі бүкіл ұрпағына күнә мен өлімді мұра етіп қалдырды (Римдіктерге 5:12).
Десе де, Адамның кемелді болған кезіне жақын өмір сүргендердің кейінгілерге қарағанда ұзағырақ ғұмыр кешуінің себебі әсте содан болса керек. Сондықтан топан суға дейін кейбіреулер орта есеппен жүздеген жыл жасайтын болған, бірақ топан судан кейін адам өмірінің ұзақтығы күрт төмендеген. Мысалы, Ыбырайым не бары 175 жыл өмір сүрген (Жаратылыс 25:7). Ал ол өмірден өткен соң, 400 жылдан кейін Мұса пайғамбар былай деп жазды: “Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар, күш-қуат жетсе, мүмкін, сексен болар, осы аралық шегеміз бейнет-азап” (Забур 89:10). Бүгінгі таңдағы адам өмірінің ұзақтығы да осындай.
[6-беттегі таблица/суреттер]
Кирдің яһудилердің тұтқыннан еліне қайтуы жөнінде шығарған жарлығынан Нұхтың заманында болған Топан суға дейін есептеу
537 Кирдің жарлығыc
539 Парсылық Кирдің Бабылды күйретуі
68 жыл
607 Яһуда елінің 70 жыл қаңырап бос тұратын уақытының басталуы
Исраилдің көсемдері,
билері мен
патшалары
билік жүргізген
906 жыл
1513 Исраилдіктердің Мысырдан шығуы
430 жыл Исраил әулетінің 430 жыл бойы Мысыр
мен Қанахан жерінде өткізген мезгілі
1943 Ыбырайыммен жасалған келісім
205 жыл
2148 Тарахтың туылуы
222 жыл
2370 Топан судың басталуы
[Сілтеме]
c Кир яһудилерді тұтқыннан босату жөніндегі жарлығын б. з. б. 538 немесе б. з. б. 537 жылдың басында, яғни ‘Кирдің парсы патшалығына билік құруының алғашқы жылында’ шығарса керек.