Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w03 1.5. 17—22 бет.
  • ‘Айтқандарымды естеріңде сақтаңдар’!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • ‘Айтқандарымды естеріңде сақтаңдар’!
  • 2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ‘Ізгі хабарды есту’
  • Жүректің күйі және терең ой жүгірту
  • ‘Жол бойына түскендер’ — күйбең тірлікке салынғандар
  • ‘Тастақ жерге түскендер’ — үрейге берілгендер
  • ‘Тікен арасындағылар’ — жүректері екі ойлы болғандар
  • Өсімді Құдай береді!
    2008 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Құдай Сөзін сүюдің пайдасы
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Патшалыққа қатысты мысалдар
    Иса пайғамбар — жол, шындық, өмір
  • Астарлы әңгімелер арқылы тәлім беру
    Тарихтағы ең ұлы адам
Көбірек мәлімет
2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w03 1.5. 17—22 бет.

‘Айтқандарымды естеріңде сақтаңдар’!

“Егер сендер айтқандарымды естеріңде сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар” (ЖОХАН 8:31).

1. а) Иса аспанға қайта оралғанда, артында не қалдырды? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

МӘСІХШІЛІКТІҢ негізін қалаған Иса Мәсіх көкке қайта оралғанда, артында жазып кеткен кітап та, ескерткіш те, зор дәулет те қалдырмаған. Ол шәкірттеріне және шәкірті болғысы келгендерге арналған нақты талаптар қалдырған. Жохан жазған Ізгі хабардан Исаның ізбасары болғысы келетін кез келген адамның орындауы тиіс маңызды үш талап жөнінде айтқанын білеміз. Ол қандай талаптар болды екен? Оларға сай болу үшін не істеу керек? Сондай-ақ расында да Мәсіхтің шәкірті болғанымызға қалай сенімді бола аламызa?

2. Шәкірт болғысы келгендерге қатысты Жоханның Ізгі хабарында жазылған маңызды талап қандай?

2 Өлерінен шамамен алты ай бұрын Иса Иерусалимге барып, бір аптаға созылатын Шыбық күрке мейрамын тойлауға жиналған көп халыққа уағыз айтады. Мейрамның жартысы өткен кезде, ‘халықтың көбі Исаға сенеді’. Иса уағыз айтуын тоқтатпайды, сөйтіп, мейрамның соңғы күні де ‘көптеген адамдар Оған сенді’ (Жохан 7:10, 14, 31, 37; 8:30). Сонда Иса жаңадан сенуші болғандарға баса көңіл аударып, шәкірт болу үшін қандай маңызды талап қойылатынын айтты. Елші Жоханның Ізгі хабарында былай делінген: “Егер сендер айтқандарымды естеріңе сақтап, жүзеге асырсаңдар, шынымен Менің шәкірттерім боласыңдар” (Жохан 8:31).

3. Исаның ‘айтқандарын есте сақтау’ үшін қандай қасиет қажет?

3 Бұлай деуімен Иса өзіне жаңадан сенгендердің сенімі аз дегісі келген жоқ. Мұнысымен ол өзінің сөздерін естеріне сақтап, төзімділік танытса, шынайы шәкірт болуға мүмкіндіктері бар екеніне баса көңіл бөлген. Олар Исаның сөзін қабылдаған еді, бірақ енді соны әрі қарай да естерінде сақтаулары керек болатын (Жохан 4:34; Еврейлерге 3:14). Иса төзімділікті шәкірттеріне қажетті аса маңызды қасиет ретінде қарастыратынын көрсетіп, елшілерімен соңғы рет сөйлескенінде, Жоханның мәлімдеуіне сәйкес, “әрі қарай да менің жолыммен жүре бер” деген сөзді екі рет қайталап айтқан (Жохан 21:19, 22, ЖД). Ертедегі мәсіхшілердің көбісі солай еткен де (2 Жохан 4). Олардың төзімді болуларына не көмектесті?

4. Ертедегі мәсіхшілердің төзімді болуларына мүмкіндік берген не?

4 Шамамен жетпіс жыл бойы Мәсіхтің адал шәкірті болған елші Жохан бір маңызды нәрсеге көңіл бөлген. Ол шынайы мәсіхшілерді мақтап: “Сендер күштісіңдер, Құдай сөзі жан дүниелеріңнен орын алып, әзәзілді жеңіп шықтыңдар”,— деген. Мәсіхтің сол шәкірттері Құдайдың сөзін естерінде сақтап, төзімділік танытты, өйткені Құдайдың сөзі жан дүниелерінен орын алды. Олар оны шын жүректен бағалайтын (1 Жохан 2:14, 24). Сол сияқты бүгінгі таңда да ‘ақырына дейін төзімді’ болу үшін, Құдайдың сөзінің жан дүниемізден орын алғанына сенімді болуымыз керек (Матай 24:13, ЖД). Мұны қалай жүзеге асыруға болады? Бұл сұрақтың жауабын Исаның астарлы әңгімесінен табамыз.

‘Ізгі хабарды есту’

5. а) Иса астарлы әңгімелерінің бірінде топырақтың қандай түрлері жөнінде айтты? ә) Ондағы тұқым мен топырақ нені бейнелейді?

5 Иса тұқым себуге шыққан диқан жайында астарлы әңгіме айтады. Бұл астарлы әңгіме Матай, Марқа және Лұқа жазған Ізгі хабарларда жазылған (Матай 13:1—9, 18—23; Марқа 4:1—9, 14—20; Лұқа 8:4—8, 11—15). Аталмыш Ізгі хабарларда осы әңгімені оқи отырып, оның түйіні мынада екенін байқайсың: бірдей тұқымның дәндері әр түрлі топыраққа түсіп, нәтижесі де әр түрлі болады. Бірінші жағдайда топырақ тапталған қатты, екіншісінде жұқа, ал үшінші жағдайда тікенді болады. Топырақтың төртінші түрі болса, қалған үшеуінен өзгеше — ‘құнарлы топырақ’. Исаның түсіндіруіне сәйкес, тұқым Құдайдың ізгі хабарын, ал топырақ әр түрлі жүректі білдіреді. Әр түрлі топырақ ретінде суреттелген адамдардың арасында қандай да бір ортақ нәрсе бар болғанмен, құнарлы жерге теңелгендерін қалғандарынан өзгешелендіретін бір ерекшелігі бар.

6. а) Исаның астарлы әңгімесіндегі топырақтың төртінші түрінің қалған үшеуінен қандай ерекшелігі бар және ол нені білдіреді? ә) Мәсіхтің шәкірттері ретінде төзімділік таныту үшін не қажет?

6 Лұқа 8:12—15 тармақтарынан төрт жағдайда да адамдардың ‘ізгі хабарды естігені’ көрінеді. Бірақ ‘ізгі, таза жүректілер’ ‘естіп’ қана қоймайды, оны “сақтап, шыдамдылықпен өнім береді”. Топырақ құнарлы, яғни жұмсақ әрі қалың, болғандықтан тұқым тамырлап өніп шығады да, жеміс береді (Лұқа 8:8). Сол сияқты жүректері жақсы адамдар Құдайдың сөзін түсініп, бағалап, өмірлерін соған арнайды (Римдіктерге 10:10; 2 Тімотеге 2:7). Құдайдың сөзі олардың жан дүниелерінен орын алады. Осының нәтижесінде төзімділік көрсетіп, жеміс әкеледі. Осылайша, Мәсіхтің шәкірттері ретінде төзімділік таныту үшін, Құдай Сөзін шын жүректен бағалаудың маңызы зор (1 Тімотеге 4:15). Алайда Құдай Сөзін шын жүректен бағалауды қалай үйренуге болады?

Жүректің күйі және терең ой жүгірту

7. Жақсы жүрекпен қандай әрекет байланысты?

7 Киелі кітапта жақсы жүрек қандай әрекетпен байланыстырылатынына көңіл бөлейік. “Әділ адамның жүрегі ойланып жауап береді” (Нақыл сөздер 15:28). “Лайым менің аузымдағы сөздерім әрі жан дүниемдегі [“жүрегімдегі”, ЖД] ойларым ұнамды болсын Саған, о, Тәңірім” (Забур 18:15). “Жүрек толғанысым ұғыну туралы болады” (Забур 49:3, ЖД).

8. а) Киелі кітапты оқығанда, неден аулақ болғанымыз және не істегеніміз дұрыс? ә) Құдай Сөзінің үстінен дұға етіп ой жүгіртудің біз үшін қандай пайдасы бар? (‘Шынайы ілімді берік ұстанғандар’ қоршауын қараңдар.)

8 Осы тармақтарды жазған адамдар іспетті біз де Құдай Сөзі мен оның әрекеті жөнінде ризашылықпен әрі дұға етіп ой жүгіртуіміз керек. Киелі кітапты не оған негізделген басылымдарды оқығанда, бір жерден екінші жерге жүгіріп, айналадағы сұлу жерлердің бәрін суретке түсіріп, бірақ өзі дұрыстап еш нәрсе көрмейтін асығыс турист сияқты болмайық. Оның орнына, Киелі кітапты зерттегенде кідіріп, былайша айтқанда, айналадағы көрініске көз тойдырғанымыз абзалb. Оқығанымыздың үстінен асықпай ой жүгіртер болсақ, Құдайдың сөзі жүрегімізге әсер етіп, жан дүниемізге жетеді және ой-қалпымызды қалыптастырады. Сондай-ақ дұға етіп, ішкі ой толғанысымызды Құдаймен бөлісуге талпындырады. Осының нәтижесінде Ехобаға деген берілгендігіміз нығайып, оған деген сүйіспеншілігіміз қиыншылықтарға қарамастан Исаның ізімен жүруді жалғастыра беруге талпындырады (Матай 10:22). Иә, ақырына дейін төзімділігімізді сақтағымыз келсе, Құдайдың айтқандары жөнінде ой жүгірткеніміз маңызды (Лұқа 21:19).

9. Жүрегіміз Патшалықтың тұқымын қабылдауға және жеміс әкелуге бейім екендігіне қалай сенімді бола аламыз?

9 Сонымен қатар Исаның астарлы әңгімесінен тұқымның, яғни Құдайдың сөзіндегі ізгі хабардың, өсуіне бірдеңенің кедергі болатыны көрсетілген. Сондықтан Мәсіхтің шынайы шәкірті болып қала бергіміз келсе, біз 1) астарлы әңгімедегі топырақтың құнарсыз болуына не әсер еткенін анықтауымыз және 2) оны түзетуіміз не одан аулақ болуымыз керек. Осылайша жүрегіміз Патшалықтың тұқымын қабылдауға және жеміс әкелуге бейім екендігіне сенімді боламыз.

‘Жол бойына түскендер’ — күйбең тірлікке салынғандар

10. Исаның астарлы әңгімесіндегі топырақтың бірінші түрін суреттеп және оның нені білдіретінін түсіндіріңдер.

10 Бірінші жағдайда тұқым ‘жол бойына’ түсіп, ‘тапталып қалады’ (Лұқа 8:5). Жүрушілер таптап тастағандықтан, егістік танабынан өтетін жол бойындағы топырақ қатты болады (Марқа 2:23). Сол сияқты осы дүниенің әуре-сарсаң істерінің уақыт пен қажыр-қайраттан айыруына жол беретіндер, әдетте уақыттары тым тапшы болып, Құдайдың сөзіне шынайы ризашылық дамыта алмайды. Олар оны естиді, бірақ ой жүгіртпейді. Сондықтан ізгі хабар жүректеріне еш әсер етпейді. Олар оған деген сүйіспеншілік дамытпас бұрын “шайтан келіп, сенбесін, құтқарылмасын деп, жүректеріне қонған сөздерді ұрлап алып кетеді” (Лұқа 8:12). Бұған жол бермеуге бола ма?

11. Жүрегіміз тапталған топырақ сияқты болып кетпеу үшін не істеуімізге болады?

11 Жүректің жол бойындағы қатты топырақ іспетті болып кетпеуі үшін біраз нәрсе істеуге болады. Тапталған, қатты жерді жыртып, қайтып жаяу адам да, көлік те жүрмейтіндей етсе, жұмсарып құнарлы болады. Сол сияқты Құдай Сөзін зерттеп, ой жүгіртуге уақыт бөлінсе, жүрек те құнарлы, жақсы топырақ іспетті болады. Ең бастысы — өмірдің әуре-сарсаң істеріне салынып кетпеу (Лұқа 12:13—15). Өмірде “ненің ізгілікті екенін ажыратып” ойлануға уақытың бар екеніне сенімді бол (Філіпіліктерге 1:9—11).

‘Тастақ жерге түскендер’ — үрейге берілгендер

12. Исаның астарлы әңгімесіндегі топырақтың екінші түріне түсіп, көктеп шыққан тұқымның қурап қалуының нағыз себебі неде?

12 Топырақтың екінші түріне түскен тұқым бірінші жағдайдағыдай бетінде жатпайды. Тамыр тартып, көктеп шығады. Бірақ күн шыққан соң оның табына күйіп, қурап қалады. Алайда бір нәрсені ескерген жөн: көктеп шыққан дәннің қурап қалуының нағыз себебі күннің табы емес. Құнарлы топыраққа түскен тұқымға да күн сәулесі түседі ғой, бірақ ол қурап қалмайды, қайта, жайқала түседі. Айырмашылығы неде? Иса түсіндіргендей, ‘топырағы жұқа болғандықтан’, оған ‘ылғал жетпейді’ (Матай 13:5, 6; Лұқа 8:6). Топырақтың жоғарғы қабатындағы “тастақ” тұқымның терең тамыр жаюына кедергі болып, ылғал жетіспегендіктен жерге берік орныға алмайды. Топырақ жұқа болғандықтан, көктеп шыққан тұқым қурап қалады.

13. Қандай адамдар топырағы жұқа жерге ұқсайды және олардың сондай күйінің нағыз себебі неде?

13 Астарлы әңгіменің осы тұсында ‘Ізгі хабарды қуанышпен қабылдап’, “уақытша ғана” Исаға құлшына еретін адамдар суреттелген (Лұқа 8:13). Алайда күннің табы іспетті ‘азап не қуғынға’ кезіккенде, олардың қатты үрейге берілетіні соншалық, қуаныш пен күш-жігерлерінен айырылып, Мәсіхтің ізімен жүруді қояды (Матай 13:21). Алайда олардың үрейленулерінің нағыз себебі көрсетілген қарсылық емес. Мәсіхтің миллиондаған өзге де шәкірттері түрлі-түрлі қиыншылықтарға кезігіп жүр ғой, бірақ олар адалдықтарын сақтауда (2 Қорынттықтарға 2:4; 7:5). Кейбіреулердің үрейге беріліп, шындық жолын тастап кетулерінің нағыз себебі — жігер беретін рухани нәрселердің үстінен терең ой жүгіртуге кедергі болатын тас болып семіп қалған жүректері. Соның нәтижесінде Ехобаға және оның сөзіне деген сүйіспеншіліктері тым үстіртін әрі әлсіз болғандықтан, олар қысымға төтеп бере алмайды. Осындай жағдайға қалай жол бермеуге болады?

14. Жүрегіміз топырағы жұқа жер іспетті болмау үшін қандай қадамдар жасауымыз керек?

14 Адам қатты қайғыға батудың, жасырын өзімшілдік рухының немесе сол сияқты жасырын жағымсыз сезімдердің салдарынан жүрегінің тас болып семіп қалмағанына көз жеткізу керек. Осындай нәрселерге бой алдырып қойған болсақ, Құдай сөзінің күші оны жоя алады (Еремия 23:29; Ефестіктерге 4:22; Еврейлерге 4:12). Ал дұға етіп ой жүгірту ‘себіліп жатқан Ізгі хабардың’ адамның жүрегіне терең тамыр тартуына ықпал етеді (Жақып 1:21). Бұл қамыққанда күш, сондай-ақ қиыншылықтарға қарамай адал болуға қажетті батылдық береді.

‘Тікен арасындағылар’ — жүректері екі ойлы болғандар

15. а) Неге Иса ескеріп өткен топырақтың үшінші түрі ерекше көңіл қоюға тұрарлық? ә) Ақырында топырақтың үшінші түріне не болады және неге?

15 Топырақтың үшінші түрі — тікенді топырақ. Топырақтың осы түрі көп жағынан құнарлы топыраққа ұқсайды, сондықтан ол ерекше көңіл қоюға тұрарлық. Тікенді топыраққа түскен тұқым да құнарлы топыраққа түскендері сияқты тамыр жайып, көктеп шығады. Бастапқыда осы екі түрлі топыраққа түскен дәннің өсуінде еш айырмашылық болмайды. Алайда уақыт өте келе, қандай да бір жайттардың салдарынан жаңа көктеп шыққан тұқым қурап қалады. Құнарлы топырақтан өзгешелігі, бұл топырақты тікен басып кетеді. Тұқым жаңа көктеп шығысымен “бірге өскен тікендермен” бәсекеге түседі. Қандай да бір уақыт аралығында олар нәр, жарық пен орын үшін күреседі, ақырында тікендер басым болып, көктеген тұқымды “тұншықтырып, өсірмей тастайды” (Лұқа 8:7).

16. а) Қандай адамдар тікенді топыраққа ұқсайды? ә) Үш Ізгі хабардың үзінділеріне сәйкес, тікендер нені білдіреді? (Сілтемені қараңдар.)

16 Қандай адамдар тікенді топыраққа ұқсайды? Иса былай деп түсіндірді: “Адамдар Ізгі хабарды естиді. Алайда былай шыға бере, тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлық пен ләззаттың қызығына алданады. Осылайша, Ізгі хабар ескерусіз қалып, өнімі пісіп үлгермейді” (Лұқа 8:14). Диқан сепкен тұқым мен тікеннің бір мезгілде өсетіні сияқты кейбіреулер Құдайдың сөзі мен осы дүниенің ‘қызығын’ қатар иемденгісі келеді. Олардың жүректеріне Құдайдың сөзіндегі шындық себіледі, бірақ ол онда адамның өзге құмарлықтарымен күресіп, оның өмірінен орын алу үшін бәсекеге түседі. Мұндай адамдардың бейнелі жүректері екі ойлы (Лұқа 9:57—62). Осының нәтижесінде олар Құдайдың сөзінің үстінен дұға етіп, терең ой жүгіртуге жеткілікті уақыт таппайды. Құдайдың сөзіне өмірлерінен маңызды орын бермегендіктен, оны шын жүректен бағаламайды. Ал бұл болса, төзімділік танытуға аса қажетті. Біртіндеп осы дүниелік құмарлықтардың рухани нәрселерден үстем болғаны соншалық, мұндай адамдар толықтай ‘тұншықтырылады’c. Ехобаны шын жүректен сүймейтіндердің ақыры қандай қайғылы болады десеңші! (Матай 6:24; 22:37).

17. Исаның астарлы әңгімесінде суреттелген бейнелі тікен бізді тұншықтырып тастамау үшін не істеуіміз керек?

17 Материалдық заттардан гөрі, рухани нәрселерге көбірек ден қою арқылы біз қайғы-мұң мен осы дүниенің қызығының тұншықтырып тастауынан аулақ боламыз (Матай 6:31—33; Лұқа 21:34—36). Киелі кітапты оқу мен оның үстінен ой жүгіртуге ешқашан құлықсыз қарамауға тиіспіз. Мүмкіндігінше өмірімізді қарапайым етер болсақ, ойымызды жинақтап, дұға етіп ой жүгіртуге көбірек уақыт табамыз (1 Тімотеге 6:6—8). Осылай етіп жүрген, яғни жеміс беретін өсімдікке көбірек нәр, жарық пен орын болу үшін тікендерді топырақтан түп-тамырымен жұлып тастаған Ехобаның қызметшілері оның батасын алуда. Жиырма алты жасар Сандра былай деді: “Шындық жолындағы баталарым туралы ой жүгірткенде, мен осы дүниенің соларға тең келетін ештеңе бере алмайтынын түсінемін” (Забур 83:12).

18. Қалай біз Құдайдың сөзіне жан дүниемізден орын беріп, мәсіхшілер ретінде шыдамдылық таныта аламыз?

18 Кәрі демей, жас демей бәріміз Құдайдың сөзінің жан дүниемізден орын алуына қаншалықты жол берсек, соншалықты оны есте сақтап, Мәсіхтің шәкірттері ретінде төзімділік таныта береріміз анық. Сондықтан бейнелі жүрегіміздің топырағы ешқашан қатты болып, семіп немесе жұқа, ылғалсыз емес, жұмсақ та терең күйде екеніне сенімді болайық. Сонда Құдайдың сөзіне өмірімізден орын беріп, ‘шыдамдылықпен өнім бере’ аламыз (Лұқа 8:15).

[Сілтемелер]

a Осы мақалада Исаның шәкірттеріне қойылатын талаптардың біріншісін қарастырамыз. Қалған екеуі кейінгі мақалаларда талқыланады.

b Киелі кітаптан оқығандарыңның үстінен дұға етіп ой жүгірткенде, өздеріңе мынадай сұрақтар қоюларыңа болады: бұдан Ехобаның қандай да бір қасиеті көріне ме? Мұның Киелі кітап тақырыбымен қандай байланысы бар? Мен мұны өмірімде немесе өзгелерге көмектескенде қалай қолдануыма болады?

c Исаның астарлы әңгімесі суреттелген үш Ізгі хабардың үзінділеріне сәйкес, тұқымды тұншықтырып өсірмей тастаған қайғы-мұң мен осы дүниенің қызығы: ‘Бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржу’, ‘байлыққа алдану’, “өзге құмарлықтар” мен ‘ләззат қызығы’ (Марқа 4:19; Матай 13:22; Лұқа 8:14; Еремия 4:3, 4).

Қалай жауап берер едіңдер?

• Неге біз Исаның сөздерін есте сақтауымыз керек?

• Құдайдың сөздері жан дүниемізден орын алу үшін не істеуіміз керек?

• Иса суреттеген төрт түрлі топырақ қандай адамдарды бейнелейді?

• Құдайдың сөзінің үстінен ой жүгіртуге қалай уақыт табуға болады?

[22-беттегі қоршау/сурет]

‘ШЫНАЙЫ ІЛІМДІ БЕРІК ҰСТАНҒАНДАР’

КӨП ЖЫЛДАН бері Мәсіхтің шәкірті болып келе жатқандардың көбісі ‘шынайы ілімді берік ұстанып’ жүргендерін дәлелдеуде (2 Петір 1:12). Оларға шыдамды болуға не көмектесіп жүр екен? Өз ауыздарынан тыңдап көрейік.

— Мен әрбір күннің аяғында Киелі кітапты оқып, дұға етемін. Сосын оқығаным жөнінде ойланамын (Джин, 1939 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).

— Әлемдегі ең құдіретті тұлға Ехобаның бізге деген зор сүйіспеншілігі туралы ой жүгірткенім қауіпсіздік сезіміне бөлеп, адалдығымды сақтауға күш береді (Патриция, 1946 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).

— Дағдылы түрде Киелі кітапты зерттеу мен ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарына’ барынша көңіл қоюдың арқасында оған қызмет етуді жалғастырып келемін (1 Қорынттықтарға 2:10) (Анна, 1939 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).

— Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді жүрегім мен бойымдағы қозғаушы күшті тексеріп отыру үшін оқимын (Зелда, 1943 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).

— Менің ең жақсы көретін кезім — серуендеп жүріп Ехобаға дұға ету, жай ғана оған бар сезімімді жайып салу (Ральф, 1947 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).

— Мен күнімді күнделікті оқуға арналған тармақ пен Киелі кітапты оқумен бастаймын. Бұл маған күні бойы ой жүгіртуім үшін ой азығы болады (Мари, 1935 жылы шомылдыру рәсімінен өткен.)

— Киелі кітаптың бір кітабының әрбір тармағы талқыланатын болса, мен жігерленіп қаламын (Дэниел, 1946 жылы шомылдыру рәсімінен өткен).

Сендер ше, Құдайдың сөзін дұға етіп оқып, ой жүгіртуге қалай уақыт тауып жүрсіңдер? (Даниял 6:10ә; Марқа 1:35; Елшілердің істері 10:9).

[22-беттегі сурет]

Рухани нәрселерді бірінші орынға қою арқылы ‘шыдамдылықпен өнім бере’ аламыз

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу