‘Өзара сүйіспеншіліктерің’ болсын!
“Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (ЖОХАН 13:35).
1. Өлерінен аз уақыт бұрын Иса қандай қасиетке ерекше көңіл бөлді?
“КІШКЕНЕ балаларым” (Жохан 13:33, ЖД). Иса өлер күні түнде елшілерін жанға жағымды осындай сөзбен атаған. Осыған дейін Ізгі хабарларда Исаның оларға осыншама мейір-шапағатқа толы сөздер айтқаны жөнінде мәлімет жоқ. Алайда сол бір ерекше түні шәкірттеріне деген зор сүйіспеншілігін ол осындай мейірлі сөздермен жеткізді. Сол түні ол сүйіспеншілік жайында 30-ға жуық рет айтты. Неге Иса осы қасиетке ерекше көңіл бөлді екен?
2. Неге мәсіхшілер үшін сүйіспеншілік танытқанның маңызы аса зор?
2 Сүйіспеншіліктің неге соншалық маңызды екенін Исаның өзі түсіндірді. Ол: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деді (Жохан 13:35; 15:12, 17). Мәсіхтің ізбасары болу бауырластарға сүйіспеншілік көрсетумен тығыз байланысты. Шынайы мәсіхшілер елден өзгеше киінетіндіктерімен немесе ерекше салт-жораларымен емес, өзара шын жүректен әрі мейірімділікпен сүйіспеншілік танытатындықтарымен ерекшеленеді. Осындай керемет сүйіспеншілік — алдыңғы мақалада айтылған Мәсіхтің шәкірттеріне қойылатын үш талаптың екіншісі. Әрі қарай да сүйіспеншілік таныта беруімізге не көмектеседі?
‘Алға баса беріңдер’
3. Пауыл сүйіспеншілікке қатысты қандай өсиет берді?
3 Мәсіхтің бірінші ғасырдағы ізбасарларының арасында болғанындай, мұндай керемет сүйіспеншілік қазіргі адал шәкірттерінің арасында да бар. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге елші Пауыл былай деп жазды: “Бауырластарға деген сүйіспеншілік туралы мен жазбай-ақ қояйын, бір-біріңді сүюді Құдайдың Өзі үйретті ғой. Оны бүкіл... бауырластарыңа іс жүзінде көрсетіп жүрсіңдер”. Осыдан кейін: “Бұдан былай да осы жөнінде алға баса берулеріңді тілейміз”,— деп қосты (1 Салониқалықтарға 3:12; 4:9, 10). Біз де Пауылдың сөздерін бар көңілімізбен қабылдап, бір-бірімізге сүйіспеншілік танытуда ‘алға баса беруіміз’ керек.
4. Пауыл мен Исаның сөздеріне сәйкес, кімдерге ерекше көңіл қоюымыз керек?
4 Тап сол хатында Пауыл киелі рухтың жетелеуімен бауырластарын ‘жасқаншақтарға жігер беріп’, ‘әлсіздерді қолдауға’ шақырды (1 Салониқалықтарға 5:14). Ал өзге бір хатында ‘әлділер, әлсіздердің әлсіздіктерін көтеруге тиіс’ екенін мәсіхшілердің есіне салды (Римдіктерге 15:1, сілтемені қара). Иса да әлсіздерге көмектесуге қатысты нұсқау берген. Тұтқынға алынатын түні Петірдің өзін тастап кететінін алдын ала айтқаннан кейін, Иса оған: “Құдай жолына қайтқаннан кейін бауырластарыңның сенімін нығайтатын бол”,— деді. Неге? Өйткені оларда Исаны тастап кетіп, соның нәтижесінде көмекке мұқтаж болады (Лұқа 22:32; Жохан 21:15—17). Осылайша, Құдай Сөзі бізге рухани әлсіздерге және мәсіхшілердің қауымынан алыстап кеткендерге қол ұшын беруді бұйырады (Еврейлерге 12:12). Неге бұлай етуіміз керек? Мұның жауабы Иса келтірген әсерлі екі астарлы әңгімеден көрінеді.
Жоғалып, табылған қой және теңге
5, 6. а) Иса қандай шағын екі астарлы әңгіме айтқан? ә) Бұл әңгімелерден Ехоба туралы не білуге болады?
5 Адасқандарға Ехобаның қалай қарайтынын көрсету үшін, Иса шағын екі астарлы әңгіме айтады. Біріншісі — қойшы туралы. Иса былай деді: “Егер араларыңдағы біреудің жүз қойы болып, солардың бірін жоғалтып алса, ол тоқсан тоғыз қойын далада қалдырып, жоғалып кеткенін тапқанша іздемей ме? Тауып алған соң, оны қуана-қуана иығына салып алады. Үйіне келгеннен кейін: — Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар! — деп достарын, көршілерін шақырады. Сендерге шындығын айтайын: сол сияқты, “Маған теріс жолдан қайтудың қажеті жоқ” дейтін тоқсан тоғыз “әділ” кісіден гөрі, теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға көктегілер көбірек қуанады!” (Лұқа 15:4—7).
6 Екінші астарлы әңгімесі — бір теңгесін жоғалтып алған әйел туралы. Иса былай деп әңгімеледі: “Он күміс теңгесі бар әйел біреуін жоғалтып алса, оны тапқанша шам жағып, үйді сыпырып, бар ынтасымен іздемей ме? Тауып алған соң: “Жоғалтқан теңгемді тауып алдым, менің қуанышыма ортақ болыңдар!” — деп достары мен көрші-көлемдерін шақырады. Сендерге шын айтамын, Құдайдың періштелері теріс жолдан қайтқан бір күнәкар үшін де дәл солай қуанады!” (Лұқа 15:8—10).
7. Жоғалып, табылған қой мен теңге туралы астарлы әңгімелерден қандай екі сабақ алуға болады?
7 Осы шағын астарлы әңгімелерден қандай үлгі аламыз? Олар 1) рухани әлсіреп қалғандарға қатысты біз не сезінуіміз және 2) оларға көмектесу үшін не істеуіміз керек екенін көрсетеді. Осыларды тереңірек қарастырайық?
Жоғалып кетсе де бағалы
8. а) Қойшы және әйел жоғалған заттарына қалай қараған? ә) Бұдан олардың жоғалған заттарын қалай бағалағаны туралы не білуге болады?
8 Екі әңгімеде де қандай да бір зат жоғалған, бірақ иелерінің жоғалған заттарына деген көзқарастарына көңіл бөліңдерші. Қойшы: “Сол біреуін қайтемін, әлі 99 қойым бар ғой! Онсыз да күнім қараң қалмас”,— деген жоқ. Ал әйел: “Бір теңгеге бола шала бүлініп не керек? Маған қалған тоғызы да жетеді”,— демеді. Қойшы жоғалған қойын жар дегендегі жалғыз қойы іспетті іздейді. Әйел де содан басқа ақшасы жоқ сияқты бір теңгесін жоғалтып алғанына қамығады. Екі жағдайда да жоғалған заттар бағалы болып есептеледі. Бұл нені білдіреді?
9. Қойшы мен әйелдің абыржуы нені көрсетеді?
9 Әрбір әңгімесін аяқтаған соң, Исаның не дегеніне көңіл аударайықшы: “Теріс жолдан қайтқан бір күнәкарға көктегілер көбірек қуанады” және “Сендерге шын айтамын, Құдайдың періштелері теріс жолдан қайтқан бір күнәкар үшін де дәл солай қуанады”. Осылайша, қойшы мен әйелдің қобалжуы қандай да бір дәрежеде Ехоба мен оның көктегі жаратылыстарының сезімін көрсетеді. Жоғалған заттары қойшы мен әйелге қалай бағалы болған болса, Ехоба үшін де оның өз халқымен байланыстарын жоғалтып алғандар бағалы болып қала береді (Еремия 31:3). Бәлкім, мұндай адамдар рухани әлсіреп қалған болар, алайда бұл олар Құдайға мойынсұнуды мүлдем қойған дегенді білдірмейді. Рухани әлсіз болса да, сірә, олар қандай да бір дәрежеде Ехобаның талаптарына сай келетін болса керек (Забур 118:176; Елшілердің істері 15:29). Сондықтан ежелде Ехоба олардан ‘бас тартуға’ қалай асықпаған болса, қазір де солай асықпайды (4 Патшалықтар 13:23).
10, 11. а) Қауымнан алыстап кеткендерге қалай қарауымыз керек? ә) Исаның екі астарлы әңгімесіне сәйкес, оларды ойлап, уайымдайтынымызды қалай көрсете аламыз?
10 Біз де Ехоба мен Исаға еліктеп, рухани әлсіреп, мәсіхшілер қауымынан алыстап кеткендердің игілігін ойлап қатты уайымдаймыз (Езекиел 34:16; Лұқа 19:10). Рухани әлсіреп қалғандарды біржола жоғалғандар емес, адасқандар ретінде қарастырамыз. Біз: “Әлсіреген бір адамға бола уайымдаудың қажеті не? Онсыз қауымның күні қараң қалмайды”,— деп ойлаудан аулақпыз. Қайта, адасып, бірақ қайта оралғысы келетіндерді Ехоба сияқты бағалы зат ретінде қарастырамыз.
11 Алайда оларды ойлап, уайымдайтынымызды қалай көрсетуімізге болады? Исаның екі астарлы әңгімесінен мұны 1) бірінші болып әрекет ету, 2) мейірімді және 3) ынталы болу арқылы жүзеге асыруға болатыны көрінеді. Осылардың әрқайсысын бөлек-бөлек қарастырып көрейік.
Бірінші болып әрекет ету
12. ‘Жоғалып кеткенін... іздейді’ деген сөздерден қойшының ниеті туралы не білеміз?
12 Астарлы әңгімелердің біріншісін келтіре отырып, Иса қойшының ‘жоғалып кеткенін іздеуге’ шыққаны туралы айтқан. Қойшы бірінші болып әрекет етіп, жоғалған қойын іздеуге саналы түрде күш салды. Оған қиыншылық та, қауіп-қатер мен жолдың қашықтығы да кедергі бола алмайды. Ол қайтпастан қойын ‘тапқанша іздейді’ (Лұқа 15:4).
13. Құдайдың ертедегі адал қызметшілері әлсіреп қалғандардың мұқтаждықтарына қалай қараған және біз қалай оларға еліктей аламыз?
13 Сол сияқты жігерлендіруді қажет етіп жүрген адамға көмектесу үшін, жиі анағұрлым әлділерінен бірінші болып әрекет ету талап етіледі. Мұны Құдайдың ертедегі қызметшілері де түсінген. Мысалы, Саул патшаның ұлы Жонатан жақын досы Дәуітке жігер беру керектігін сезіп, ‘ну орманға келіп, оның Құдайға деген сенімін нығайтқан’ (1 Патшалықтар 23:15, 16). Ғасырлар өткен соң, Нехемия әкім яһуди бауырластарының әлсіреп қалғандарын көріп, ол да кідірместен орнынан “тұрып” оларды “Тәңірді ойларында сақтауға” шақырған (Нехемия 4:14). Қазіргі уақытта біз де әлсірегендерді нығайту үшін орнымыздан “тұруымыз”, яғни бірінші болып әрекет етуіміз, керек. Бірақ қауымда мұны кімдер істеуге тиіс?
14. Қауымда әлсіреп қалғандарға кім белсене көмектесу керек?
14 “Әлсіреген қолдарыңды нығайтыңдар, дірілдеген тізелеріңді қатайтыңдар. Жасқаншақтарға: — Берік болыңдар, қорықпаңдар! — деңдер”. Бұл сөздер ең алдымен мәсіхші ақсақалдарға арналған (Ишая 35:3, 4; 1 Петір 5:1, 2). Десе де, Пауылдың ‘жасқаншақтарға жігер беріп’, ‘әлсіздерді қолдаңдар’ деген өсиеті тек ақсақалдарға берілмегенін ескере кеткен жөн. Ол ‘Салониқадағы қауымдағылардың’ бәріне қатысты айтқан (1 Салониқалықтарға 1:1; 5:14). Демек, әлсіреп қалғандарға мәсіхшілердің бәрі белсене көмектесулері керек. Әрбір мәсіхшінің астарлы әңгімедегі қойшы іспетті ‘жоғалып кеткендерді іздеуге’ талпынысы болу керек. Әрине, мұны ақсақалдармен қызметтесе отырып істеген анағұрлым тиімді болады. Қауымыңда әлсіреп қалған бауырлас бар болса, сен қандай да бір көмек көрсете алар ма едің?
Мейірімді бол
15. Не себепті қойшы қойын иығына алған болуы мүмкін?
15 Қойшы қойын тауып алған соң не істейді? Оны “иығына салып алады” (Лұқа 15:5). Жүрекке жылы тиетін қандай көрініс десеңші! Бәлкім, жоғалған қой бірнеше күн бойы өзіне беймәлім жерлермен жүріп, тіпті арыстанның тырнағына ілігу қаупіне де тап болған шығар (Әйүп 38:39, 40). Оның әбден ашығып, қалжыраған болуы да сөзсіз. Отарына қайтар жолдың ауыртпалығын өздігінен көтеруге оның дәрмені жетпейді. Сондықтан қойшы иіліп, оны мейірлене көтеріп алып, отарға оралар жолдың ауыртпалықтарынан алып өтеді. Қалай осы қойшының қамқорлығына еліктеуімізге болады?
16. Неге біз қойшының жоғалған қойға көрсеткен мейірімділігіне еліктеуге тиіспіз?
16 Қауымнан алыстап кеткен адам рухани мағынада қалжыраған болуы мүмкін. Қойшыдан алыстап кеткен қой іспетті ол осы зұлым дүниені мақсатсыз кезіп жүрген болар. Мәсіхшілер қауымының панасынан тыс жүріп, ол ‘ақырған арыстандай айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүрген’ Ібілістің шабуылдарының алдында барынша қорғансыз болған (1 Петір 5:8). Оның үстіне, рухани ас-судан тапшылық көріп қалжырап та қалған. Сондықтан ол қауымға қайта оралу жолында кездесетін қиыншылықтарды өз бетінше жеңе алмаса керек. Олай болса, бейнелі сөздермен айтқанда, әлсіреп қалған адамды еңкейіп, мейірлене көтеріп алып, қайта қауымға әкелуіміз керек (Ғалаттықтарға 6:2). Мұны қалай іске асыруға болады?
17. Әлсіреп қалған мәсіхшінің жағдайын білуге барғанда, қалай біз елші Пауылға еліктей аламыз?
17 Елші Пауыл: “Біреу әлсіз болса, мен де өзімді әлсіз сезінбеймін бе?” — деп сұраған (2 Қорынттықтарға 11:29; 1 Қорынттықтарға 9:22). Ол әлсіздерді қоса алғанда, адамдарға жаны ашыған. Біз де әлсіреп қалғандарға жанашырлық танытуымыз керек. Әлсіреп қалған мәсіхшінің жағдайын білуге барғанда, Ехобаның оны бағалайтынын, сондай-ақ оның қауымдағы орны үңірейіп қалғанын айтыңдар (1 Салониқалықтарға 2:17). Бауырластарының қол ұшын беруге даяр екендерін және ол үшін ‘бақытсыздыққа душар болған кезде туған бауырлары сияқты жанынан табылғылары’ келетіндерін білдіріңдер (Нақыл сөздер 17:17; Забур 33:19). Осылайша шын жүректен айтылған сөздеріміз арқылы еппен, мейірімділікпен қауымға қайта оралуы үшін рухын көтереміз. Бұдан кейін не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабын әйел мен жоғалған теңге туралы астарлы әңгімеден табамыз.
Ынталы болыңдар
18. а) Неге астарлы әңгімедегі әйел өз жағдайын күдер үзерліктей емес деп есептейді? ә) Әйел қалай бар ынтасымен күш салады және мұның нәтижесі қандай болады?
18 Күміс теңгесін жоғалтып алған әйел жағдайдың ауыр екенін, бірақ күдер үзетіндей емес екенін біледі. Егер күміс теңге қалың жыңғыл өсіп кеткен ен далаға не терең, лайлы өзенге түсіп кетсе, сірә, әйел теңгені мәңгіге жоғалды деп есептесе керек. Бірақ теңгенің үй ішінде, табуға болатын жерде, екендігін білгендіктен, ол мұқият, бар ынтасымен іздеуге кіріседі (Лұқа 15:8). Алдымен ол қараңғылықты сейілту үшін шам жағады. Сосын теңгенің сыңғырын естуді үміт етіп, үй ішін сыпырады. Ақырында шам сәулесіне жалт еткен күмісті көрмейінше, барын салып бұрыш-бұрыштың бәрін қарайды. Әйелдің бар ынтасымен күш салғаны жеміссіз қалмайды.
19. Жоғалған күміс теңге туралы астарлы әңгімедегі әйелден әлсіреп қалғандарға қатысты қандай сабақ алуға болады?
19 Астарлы әңгімедегі осы бір ұсақ-түйек нәрсе, Киелі кітапқа негізделген әлсіреп қалған мәсіхшілерге көмектесуге деген міндетімізді орындау қолымыздан келетінін есімізге салады. Сөйтсе де мұның күш салуды талап ететінін түсінеміз. Мысалы, елші Пауыл ефестік ақсақалдарға: ‘Ауыр еңбек ете жүріп, мүсәпірлерге [“әлсіздерге”, ЖД] жәрдемдесу керексіңдер’,— деген (Елшілердің істері 20:35). Естеріңде болсын, әйел күміс теңгесін анда-санда, құлықсыз іздеп қана қойған жоқ. Ол мақсат етіп, қайтпастан ‘тапқанша іздеді’. Сол сияқты біз де әлсіреген адамға көмектескенде, бар ынтамызбен әрі мақсат етіп әрекет етуіміз керек. Мұны қалай жүзеге асыруға болады?
20. Әлсіздерге көмектесу үшін не істеуге болады?
20 Әлсіреп қалған адамның сенімін нығайтып, шындыққа деген ризашылығын арттыруына қалай көмектесуге болады? Бәлкім, бар болғаны мәсіхшілердің осы жағдайға лайықты басылымын қолданып, Киелі кітапты зерттеу керек болар. Расында да әлсіреп қалған мәсіхшімен Киелі кітапты зерттеу оған бірізділікпен жүйелі әрі тиянақты түрде көмектесуге мүмкіндік береді. Қажетті көмекті кімнің көрсеткені дұрыс екенін қызмет бақылаушысы анықтай алатын болар. Сондай-ақ ол қандай тақырыптарды және қандай басылымды зерттеген анағұрлым пайдалы болатынына қатысты да кеңес беруі мүмкін. Астарлы әңгімедегі әйелдің өз ісін атқаруына көмектесетін құралдары болғаны сияқты Құдай әлсіздерге көмектесіңдер деп тапсырылған міндетімізді атқаруда көмек болатын біздің де құралдарымыз бар. Осындай жағдайда әсіресе жаңадан шыққан екі басылым көмектеседі. Бұл — “Жалғыз шынайы Құдайға ғибадат етіңдер” және “Ехобаға жақында” кітаптарыa.
21. Қалай әлсірегендерге көмек көрсету бәріне батасын әкеледі?
21 Әлсіздерге көрсетілген көмек бәріне батасын әкеледі. Көмек көрсетілген адам нағыз достарымен қайта табысқанына қуанады. Ал біз тек беру арқылы ғана сезінуге болатын бақытқа кенелеміз (Лұқа 15:6, 9; Елшілердің істері 20:35а). Қауымның әрбір мүшесі шын жүректен бір-бірінің қамын ойлайтын болса, бауырластар арасындағы сүйіспеншілік арта түседі. Ал ең бастысы, қамқор Бақташыларымыз Ехоба мен Исаны мадақтаймыз, өйткені біз де солар сияқты әлсіздерді қолдаймыз ғой (Забур 72:12—14; Матай 11:28—30; 1 Қорынттықтарға 11:1; Ефестіктерге 5:1). Бұдан былай да арамызда сүйіспеншілік болу үшін күш салуға талпындыратын қандай келелі себептер десеңші!
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неге әрқайсысымыз сүйіспеншілік танытуға тиіспіз?
• Неге әлсіздерге сүйіспеншілік танытуымыз керек?
• Жоғалған қой мен жоғалған күміс теңге туралы астарлы әңгімелерден біз қандай сабақ аламыз?
• Әлсіреп қалған мәсіхшіге іс жүзінде қалай көмектесуге болады?
[24-беттегі суреттер]
Әлсірегендерге көмектесуімізбен бірінші болып әрекет етеміз, мейірімділік танытамыз және ынталы боламыз
[25-беттегі сурет]
Әлсіздерге көмектесу бәріне батасын әкеледі