Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w01 1.12. 8—13 бет.
  • Ехобаның баталарына ие боласыңдар ма?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның баталарына ие боласыңдар ма?
  • 2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Бата ма, әлде қарғыс па?
  • Боғоз Құдайдың айтқанын істеді
  • Набал Құдайдың айтқанын істеген жоқ
  • Ханнаның сынақтарға ұшырауы мен баталарға ие болуы
  • Ехобаның айтқандарын істеңдер!
  • Ол ішіндегісін ақтарып дұға етті
    Сенімін серік еткендер
  • Ханна ұл бала сұрап дұға етті
    Киелі кітап оқиғаларынан тәлім алайық
  • Әбигел мен Дәуіт
    Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым
  • Ол ақылмен әрекет етті
    Сенімін серік еткендер
Көбірек мәлімет
2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w01 1.12. 8—13 бет.

Ехобаның баталарына ие боласыңдар ма?

“Егер Тәңір Құдайыңның айтқандарын істейтін болсаң, осы баталар басыңа қонып, оларға ие боласың” (ЗАҢДЫ ҚАЙТАЛАУ 28:2, СА).

1. Исраилдіктердің батаға ие болуы мен қарғысқа ұшырауы неге байланысты болды?

ШӨЛ ДАЛАДА қырық жыл бойы жиһан кезген исраилдіктер Моаб жазығында шатырларын тікті. Уәде етілген жер олардың қарсы алдында жатыр. Мұса қазір “Заңды қайталау” кітабын жазу үстінде. Бұл кітаптың ішінде баталар мен қарғыстар да бар. Исраил халқы Құдайға мойынсұнып, ‘Тәңір Құдайларының айтқандарын істейтін болса’, баталарға ‘ие болар’ еді. Ехоба оларды “өзінің халқы” ретінде жақсы көрді және олардың игілігіне күшін көрсеткісі келді. Алайда Құдайдың айтқандарын істеуден бас тартатын болса, қарғысқа ұшырайтындары да анық еді (Заңды қайталау 8:10—14; 26:18; 28:2, 15).

2. Заңды қайталау 28:2-де “айтқандарын істеу” және “ие болу” деп аударылған еврей етістіктерінің мағынасы қандай?

2 Заңды қайталау 28:2-де қолданылған “айтқандарын істеу” деп аударылған еврей етістігі толассыз әрекетті білдіреді. Ехобаның халқы оның айтқандарын оқта-текте тыңдап қана қоймаулары керек; қай уақытта, қандай жағдайда болмасын тыңдаулары керек. Сонда ғана олар Құдайдың баталарына ие болады. “Ие болу” деп аударылған еврей етістігі аңшылардың сөздік қорынан алынған, ол көбінесе “қуып жету” немесе “қолы жету” дегенді білдіреді.

3. Біз қалай Ешуа сияқты бола аламыз және неліктен бұның өмірлік маңызы бар?

3 Исраилдіктердің көсемі Ешуа Ехобаның айтқандарын істеуді таңдап, Құдайдың баталарына ие болды. Ешуа былай деді: “Кімге қызмет ететіндеріңді қазір таңдап алыңдар... ал мен және менің үй ішім Тәңірге қызмет етеміз”. Мұны естіген халық: “Жоқ, Тәңірді тастап, өзге құдайларға қызмет етпейміз”,— деп жауап берді (Ешуа 24:15, 16). Дұрыс ой қалпын танытқанының арқасында Ешуа уәде етілген жерге кірген азғана замандастарының қатарында болды. Бүгінде біз уәде етілген одан да керемет жердің, яғни Құдайдың оң ықыласына ие болғандарға Ешуаның кезіндегі исраилдіктерді күтіп тұрған баталардан әлдеқайда асып түсетін баталар берілетін жерде орнайтын жұмақтың, табалдырығында тұрмыз. Сендер сол баталарға ие боласыңдар ма? Егер Ехобаның айтқандарын істейтін болсаңдар, ие боласыңдар. Ехобаның айтқандарын істеймін деген шешімімізді нығайту үшін ежелгі Исраил халқының жалпы тарихын, сондай-ақ үлгі-өнеге аларлық және сабақ боларлық жеке адамдардың өмірін қарастырып көрелік (Римдіктерге 15:4).

Бата ма, әлде қарғыс па?

4. Құдай Сүлейменнің дұғасына жауап ретінде не берді және мұндай баталарға деген көзқарасымыз қандай болу керек?

4 Сүлеймен патшалық еткен уақыттың басым бөлігінде исраилдіктер Ехобаның керемет баталарына ие болды. Олар қауіпсіздік пен молшылықта өмір сүрді (3 Патшалықтар 4:25). Құдайдан материалдық байлық сұрамаса да, Сүлейменнің дәулеті асып, аңызға айналды. Жас әрі тәжірибесіз кезінде ол шын жүректен тілалғыш бола білуге көмектесуін сұрап дұға етті, яғни Ехобаның даналық пен түсінік беруін өтінді. Соның арқасында Сүлеймен жақсы мен жаманды ажыратып, адамдарға дұрыс төрелік ете білді. Құдай оған байлық пен даңқты қоса бергенімен, Сүлеймен жас жігіт кезінде рухани байлықтың әлдеқайда маңыздылығын түсініп, жоғары бағалады (3 Патшалықтар 3:9—13). Дүние-мүлкіміз көп пе, аз ба, егер Ехобаның ықыласына ие болып, рухани жағынан дәулетті болсақ, қаншалықты риза болуымызға болады десеңші!

5. Исраил мен Яһуда халқы Құдайдың айтқандарын істемеген кезде не болды?

5 Исраилдіктер баталары үшін Ехобаға ризашылық білдірмеді. Оның айтқандарын істемегендері үшін алдын ала айтылған қарғыстарға ұшырады. Нәтижесінде жаулары Исраил және Яһуда патшалықтарын жаулап алып, тұрғындарын тұтқынға алып кетті (Заңды қайталау 28:36; 4 Патшалықтар 17:22, 23; 2 Шежірелер 36:17—20). Осындай азап көрген Құдай халқы Ехобаның айтқандарын істейтіндер ғана баталарға ие болатынын түсінді ме екен? Б. з. б. 537 жылы туған жеріне қайта оралған яһудилердің тамтығының ‘жүректеріне даналық’ ұялатқан-ұялатпағанын, сондай-ақ Құдайдың айтқандарын істеу керек екенін ұғынған-ұғынбағанын іс жүзінде көрсетуге мүмкіндіктері болды (Забур 89:12).

6. а) Ехоба Нағай мен Зәкәрия пайғамбарды өзінің халқына неліктен жіберді? ә) Құдайдың Нағай арқылы айтқан хабарынан қандай принципті көруге болады?

6 Қайта оралған яһудилер құрбандық шалатын орын орнатты және Иерусалимдегі ғибадатхананы қалпына келтіре бастады. Алайда қатты қарсылыққа ұшыраған кезде олардың құлшынысы әлсірей бастады да, ақырында құрылыс тоқтап қалды (Езра 3:1—3, 10; 4:1—4, 23, 24). Сондай-ақ олар өз ыңғайларын бірінші орынға қоя бастады. Сол себепті өз халқының шынайы ғибадатқа деген құлшынысын қайта ояту үшін Құдай Нағай және Зәкәрия пайғамбарларды жіберді. Нағай арқылы Ехоба былай деді: “Ал сендер өздерің безендірілген үйлерде тұратын уақыт па, бұл [ғибадат ететін] үй қараусыз жатқанда?.. Жүректеріңді жолдарыңа бұрыңдар. Сендер көп егіп, аз өнім аласыңдар; тамақтанасыңдар, бірақ тоймайсыңдар; ішесіңдер, бірақ шөлдерің қанбайды; киінесіңдер, бірақ жылына алмайсыңдар; еңбек еткендер тесік әмиян үшін табыс табады” (Нағай 1:4—6). Материалдық игілікті рухани мақсаттан жоғары қойған адам Ехобаның батасына ие бола алмайды (Лұқа 12:15—21).

7. Ехоба неліктен яһудилерді ‘жүректерін жолдарына бұруға’ шақырды?

7 Күнделікті шаруаның қамына беріліп кеткен яһудилер әрқашан, тіпті қарсылыққа қарамастан, Құдайдың айтқандарын істеген жағдайда ғана жауын, жемісті маусым сияқты баталарға ие бола алатынын ұмытып кетті (Нағай 1:9—11). Сол себепті, “жүректеріңді жолдарыңа бұрыңдар” деген ескерту қаншалықты орынды айтылған десеңші! (Нағай 1:7). Анығын айтқанда, Ехоба оларға былай деді: ‘Ойланыңдар! Танаптағы еңбектеріңнің зая кетіп жатқаны Менің ғибадат етуге арналған үйімнің қаңырап бос жатқанына байланысты екенін түсіне біліңдер’. Ехобаның пайғамбарларының киелі рухтың жетелеуімен айтқан сөздері ақыр аяғында тыңдаушылардың жүрегіне жетіп, халық ғибадатхананы қалпына келтіруді қолға алып, оны б. з. б. 515 жылы аяқтады.

8. Малахияның кезінде Ехоба яһудилерге қандай ескерту жасады және неліктен?

8 Кейінірек, Малахия пайғамбардың кезінде яһудилер тағы да рухани тұрақсыздық таныта бастады, тіпті Құдайға ұнамсыз құрбандықтар ұсынды (Малахия 1:6—8). Сол себепті Ехоба оларға өнімдерінің оннан бір бөлігін өзінің қоймасына алып келуді, сөйтіп, аспан қақпаларын айқара ашып қалағандарынша батасын жаудырар ма екен, соны тексеруді ескертті (Малахия 3:10). Айтқандарын істесе Құдай молынан бермек болып отырған нәрселерге яһудилердің ауыр еңбекпен қол жеткізбек болғаны қандай ақымақтық десеңші! (2 Шежірелер 31:10).

9. Киелі кітапта жазылған қандай үш адамның өмірін қарастырамыз?

9 Киелі кітапта Исраил халқының тарихымен қатар, Ехобаны тыңдаған-тыңдамағанына байланысты Құдайдың батасына ие болған немесе қарғысқа ұшыраған көптеген адамдардың өмірі жайлы айтылған. Солардың үшеуінің — Боғоз, Набал және Ханнаның — өмірінен не нәрсеге үйренуімізге болатынын көрелік. Ол үшін, мүмкін, Рут кітабын және 1 Патшалықтар 1:1—2:21 тармақтар мен 1 Патшалықтар 25:2—42 тармақтарды оқып шыққыларың келер.

Боғоз Құдайдың айтқанын істеді

10. Боғоз бен Набалдың екеуіне де ортақ қандай нәрселер болған?

10 Боғоз бен Набал бір уақытта өмір сүрмегендерімен, екеуіне де ортақ нәрселер болған. Мысалы, екеуі де Яһудея елінде өмір сүрген. Екеуі де ауқатты жер иелері болған және мұқтаждықтары бар адамдарға қамқорлық көрсетуге деген ерекше мүмкіндіктері болған. Бірақ олардың арасындағы ұқсастық осымен ғана шектеледі.

11. Боғоз Ехобаның айтқандарын істейтінін қалай көрсетті?

11 Боғоз Исраилдегі билер дәуірінде өмір сүрді. Ол өзгелерді құрметтейтін және егін жинаушылары оны өте сыйлайтын (Рут 2:4). Заңның талап еткеніндей, бақытсыздыққа ұшыраған жандар мен жарлылар үшін Боғоз өзінің танаптарында масақтар қалғанын қадағалаған (Леуіліктер 19:9, 10). Рут пен Нағима жөнінде естіп, қартайған енесін қамтамасыз ету үшін Руттың қаншалықты күш салып жүргенін көргенде Боғоз не істеді екен? Ол Рутқа ерекше көңіл бөліп, жұмысшыларына оның өзінің танабынан масақ теруіне кедергі жасамауды бұйырды. Өзінің сөздері мен сүйіспеншілікке толы істері арқылы ол өзін Ехобаны тыңдайтын рухани адам ретінде танытты. Сол себепті ол Құдайдың ықыласы мен батасына ие болды (Леуіліктер 19:18; Рут 2:5—16).

12, 13. а) Боғоз Құдайдың әмеңгерлікке байланысты заңын терең құрметтейтінін қалай көрсетті? ә) Боғоз Құдайдың қандай баталарына ие болды?

12 Боғоздың Ехобаның айтқанын істейтіндігінің ең керемет дәлелі — қайтыс болған туысының мүлкінің құнын өтеп алуға байланысты Құдайдың заңына сай риясыздықпен әрекет еткені болды. Боғоз туысынан, яғни Нағиманың қайтыс болып кеткен күйеуі Елимелехтен, қалған мұраның Елимелехтің өзінің отбасында қалуы үшін қолынан келгеннің бәрін істеді. “Әмеңгерлік” заңына сәйкес, жесір әйел қайтыс болған ерінің жақын туысына тұрмысқа шығуы керек еді, сөйтіп олардан туған ұл қайтыс болған кісіден қалған мұраға ие бола алар еді (Заңды қайталау 25:5—10; Леуіліктер 25:47—49). Бала көтеретін жастан өтіп кеткен Нағиманың орнына Рут өзі тұрмысқа шығуға даяр болды. Елимелехтің жақынырақ туысы Нағимаға көмектесуден бас тартқан соң, Боғоз Рутқа үйленді. Олардың ұлы Обид Нағиманың ұрпағы және Елимелехтің заңды мұрагері ретінде саналды (Рут 2:19, 20; 4:1, 6, 9, 13—16).

13 Құдайдың заңын риясыздықпен орындағаны үшін, Боғоз мол баталарға ие болды. Ұлдары Обид арқылы Боғоз бен Рут Иса Мәсіхтің арғы ата-анасы болу құрметіне ие болды (Рут 2:12; 4:13, 21, 22; Матай 1:1, 5, 6). Боғоздың риясыз істеріне қарап біз өзгелерге сүйіспеншілік көрсететін және Құдайдың талаптарына сәйкес әрекет ететін адамдар ғана баталарға ие бола алатындығын білеміз.

Набал Құдайдың айтқанын істеген жоқ

14. Набал қандай адам болған еді?

14 Боғозға қарама-қайшы Набал Ехобаның айтқанын істеген жоқ. Ол Құдайдың: “Жақыныңды өзіңдей жақсы көр”,— деген заңын бұзды (Леуіліктер 19:18, СА). Набал рухани адам болған жоқ; ол “қатыгез де зұлым адам болатын”. Тіпті қызметшілері де оны “зұлым” адам санайтын. Оның есімі “ақымақ” немесе “зердесіз” дегенді білдіретін. Оның солай аталуы орынды да еді (1 Патшалықтар 25:3, 17, 25). Сонымен, мұқтаж адамға — Ехобаның майланғаны Дәуітке — жақсылық жасауға мүмкіндігі болған кезде Набал қалай әрекет етті екен? (1 Патшалықтар 16:13).

15. Набал Дәуітке қалай қарады және Әбигел осы жағдайға байланысты күйеуінен қандай өзгешелік танытты?

15 Шатырлары жақын болған кезде Дәуіт пен жанындағы адамдары ешқандай ақы сұрамастан Набалдың отарларын тонаушылардан қорғады. “Қастарында қой баққан кездерімізде бізді қамал сияқты күні-түні қорғап жүрді”,— деді Набалдың қойшыларының бірі. Алайда Дәуіт жіберген адамдар біраз азық-түлік сұраған кезде, Набал ‘оларды балағаттап’, құр қол қайтарып жіберді (1 Патшалықтар 25:2—16). Ал, Набалдың әйелі Әбигел болса, кідірместен Дәуітке азық-түлік жинады. Өйтпегенде қатты ашуланған Дәуіт Набал мен оның адамдарын жойып жіберуге шақ қалған еді. Осылайша Әбигелдің ынтасының арқасында көп адамның өмірі сақталды және Дәуіт қан төгуден аман қалды. Алайда Набал тым ашкөз әрі дөрекі болатын. Шамамен он күн өткен соң “Жаратқан Ие Набалға ажал жіберді” (1 Патшалықтар 25:18—38).

16. Біз қалай Боғозға еліктеп, Набал сияқты болмауымызға болады?

16 Боғоз бен Набал қалай бір-бірінен ерекше болған десеңші! Набалдың дөрекілігі мен өзімшілдігіне емес, Боғоздың мейірімділігі мен риясыздығына еліктегейміз (Еврейлерге 13:16). Егер елші Пауылдың келесі кеңесін ұстанар болсақ, Боғозға еліктегеніміз: “Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!” (Ғалаттықтарға 6:10). Бүгінде Исаның ‘басқа қойлары’, яғни жерде өмір сүруге деген үміті бар мәсіхшілер, көктегі мәңгі өмірді сыйға алатын Ехобаның майланғандарына — 144 000-нан қалған тамтыққа — жақсылық жасау құрметіне ие (Жохан 10:16; 1 Қорынттықтарға 15:50—53; Аян 14:1, 4). Сүйіспеншілікке толы мұндай істерді Иса өзіне жасалған деп санайды және мұндай игі істер істеген адамдар Ехобаның мол батасына ие болады (Матай 25:34—40; 1 Жохан 3:18).

Ханнаның сынақтарға ұшырауы мен баталарға ие болуы

17. Ханна қандай сынаққа ұшырады және қандай ой қалпын танытты?

17 Құдайды қастерлейтін Ханна есімді әйел де Ехобаның баталарына ие болды. Ол леуілік күйеуі Елқанамен бірге Ефремнің таулы өңірінде өмір сүрген еді. Заң рұқсат ететін болғандықтан, Елқананың Пәнана деген тағы бір әйелі бар еді. Пәнананың біраз балалары болып, өзі құрсақ көтермегендіктен Ханна исраилдік әйелдер үшін масқара болып есептелетін жағдайда еді (1 Патшалықтар 1:1—3; 1 Шежірелер 6:16, 33, 34). Ханнаны жұбатқанның орнына Пәнана оны кекетіп-мұқататын да, Ханна жылап, асқа тәбеті шаппайтын. Ең өкініштісі, бұл жағдай “жыл сайын” бүкіл отбасы Шилоға Ехобаның үйіне барған кезде қайталанатын (1 Патшалықтар 1:4—8). Пәнананың тарапынан қандай мейірімсіздік, ал Ханна үшін қандай сынақ болған десеңші! Алайда Ханна ешқашан Ехобаны кінәлаған емес; күйеуі Шилоға барған кезде де үйінде қалған жоқ. Сол себепті ақыр аяғында ол мол батаға ие болды.

18. Ханна қандай үлгі қалдырды?

18 Ханна бүгінгі мәсіхшілер үшін, әсіресе өзгелердің жанға бататын сөздерін естіп, қиналып жүргендерге, жақсы үлгі қалдырды. Мұндай жағдайда өзгелерден бөлектену арқылы қиыншылық шешілмейді (Нақыл сөздер 18:1). Ханна сынақтардың Құдай Сөзіне үйрететін және Құдай халқы ғибадат етуге жиналатын жерлерде болуға деген ықыласын әлсіретуіне жол бермеді. Сол себепті рухани күйін сақтай алды. Оның рухани күйінің деңгейін 1 Патшалықтар 2:1—10 тармақтарда жазылған дұғасынан көруге боладыa.

19. Рухани нәрселерге деген ризашылығымызды қалай көрсете аламыз?

19 Ехобаның бүгінгі қызметшілері ретінде біз киелі шатырда ғибадат етпейміз. Сөйткенмен де біз Ханна сияқты рухани нәрселер үшін ризашылығымызды білдіре аламыз. Мысалы, рухани байлығымыз үшін терең ризашылығымызды мәсіхшілердің жиналыстарына, конгрестерге үзбей бару арқылы көрсетеміз. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, бір-бірімізді ‘Өзіне еш алаңсыз қызмет етіп... көз алдында қасиетті де әділ өмір сүруге мүмкіндік берген’ Ехобаға адал ғибадат етуге жігерлендіргейміз (Лұқа 1:74, 75; Еврейлерге 10:24, 25).

20, 21. Құдайға шын берілгендігі үшін Ханна қандай батаға ие болды?

20 Ехоба Ханнаның шын берілгендігін байқап, оған молынан батасын төкті. Отбасымен жыл сайын Шилоға баратын сапарларының бірінде қайғылы Ханна өтіне дұға етіп: “Уа, Әлемнің Иесі! Осы күңіңнің қайғы-қасіретіне көңіл бөліп, назарыңда ұстай гөр. Маған рақымыңды түсіріп, бір ұл сыйласаң, соны өмір бойы Тәңіріме бағыштар едім, Оның басына ешқашан ұстараның жүзі тимес еді”,— деп ант берді” (1 Патшалықтар 1:9—11). Құдай Ханнаның өтінішін естіп, ұл берді де, Ханна оны Самуил деп атады. Ал емшектен шығарылған кезінде оны киелі шатырда қызмет етуге Шилоға апарды (1 Патшалықтар 1:20, 24—28).

21 Ханна Құдайды жақсы көрді және Самуилге байланысты антында тұрды. Сүйікті ұлдары Құдайдың киелі шатырында қызмет атқарып, Ханна мен Елқананың қандай мол батаға ие болғаны жайлы ойлаңдаршы! Көптеген мәсіхші ата-аналар ұл-қыздары толық уақытты ізашар, Бетел отбасының мүшесі ретінде немесе өзге де жолдармен Ехобаны дәріптеп жүргендіктен осы сияқты қуаныш пен баталарға ие.

Ехобаның айтқандарын істеңдер!

22, 23. а) Ехобаның айтқандарын істейтін болсақ, не нәрсеге сенімді бола аламыз? ә) Келесі мақалада не туралы айтылады?

22 Егер Ехобаның айтқандарын істейтін болсақ не нәрсеге сенімді бола аламыз? Егер Құдайды жан-тәнімізбен жақсы көретінімізді көрсетіп, өзімізді оған арнағанымызға лайық өмір сүретін болсақ, рухани жағынан дәулетті боламыз. Тіпті мұндай өмір жолы үшін кейбір сынақтарға ұшырайтын болсақ та, міндетті түрде Ехобаның батасына ие боламыз. Көбіне бұл баталар біз ойлағаннан әлдеқайда мол болады (Забур 36:4; Еврейлерге 6:10).

23 Құдай халқы көптеген баталарға болашақта ие болады. “Үлкен тобыр” мойынсұнғыштықпен Ехобаны тыңдағандары үшін “ауыр азап” кезінде аман қалып, Құдайдың жаңа дүниесінде қуанышқа кенелетін болады (Аян 7:9—14; 2 Петір 3:13). Ол жерде Ехоба, әділ болғандықтан, өзінің халқының қалағандарының бәрін береді (Забур 144:16). Алайда, келесі мақаладан көретініміздей, Ехобаның айтқандарын істейтін адамдар қазірдің өзінде ‘әрбір игі тарту мен кемелді сыйға’ ие болуда (Жақып 1:17, СА).

[Сілтеме]

a Ханнаның дұға айтқандағы сөздері Мәриям қыздың өзінің Мәсіхтің анасы болатынын білген соң айтқан сөздеріне біраз ұқсайды (Лұқа 1:46—55).

Естеріңде ме?

• Исраил халқының тарихынан Құдайдың баталарына қатысты не нәрсеге үйренуге болады?

• Боғоз бен Набалдың қандай айырмашылығы болды?

• Біз Ханнаға қалай еліктей аламыз?

• Неліктен Ехобаның айтқандарын істеуіміз керек?

[8-беттегі сурет]

Сүлеймен патша шын жүректен тілалғыш болуды сұрап дұға етті де, Ехоба оған даналық берді

[10-беттегі сурет]

Боғоз өзгелерді құрметтеген және мейірімді болған

[13-беттегі сурет]

Ханна Ехобаға үміт артқаны үшін мол баталарға ие болды

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу