Ехобаға қызмет етуде қуаныштарыңнан айырылмаңдар!
“Әрдайым Иемізбен [Ехобамен] байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар!” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 4:4).
1, 2. Бір бауырласымыз барлық дүние-мүлкінен айырылғанына қарамастан, қалайша отбасымен бірге қуанышынан айырылмады?
СЬЕРРА-ЛЕОНЕДЕ тұратын Джеймс деген жетпіс жастағы мәсіхші өмір бойы адал еңбек еткен. Ақыр аяғында төрт бөлмелі қарапайым үйге жететіндей қаржы жинап біткенде оның қалай қуанғанын көз алдарыңа елестетіп көріңдерші! Біраз уақыт өткен соң Джеймс отбасымен бірге жаңа үйге көшіп барады, бірақ, елде азамат соғысы басталып кетіп, оның үйін түгін қалдырмай өртеп жібереді. Олар үйлерінен айырылады, бірақ қуаныштарынан айырылмайды. Неге?
2 Джеймс пен оның отбасы жоғалтқан нәрселеріне емес, өздерінде қалған нәрселерге көбірек көңіл аударған. Ол былай деп түсіндірді: “Осындай аласапыран уақыттың өзінде біз қауым кездесулерін өткізіп, Киелі кітапты оқып, бірігіп дұға айтып және азын-аулақ нәрселерімізбен өзгелермен бөлістік. Біз ең алдымен еш нәрсе тең келмейтін Ехобамен қарым-қатынасымыз туралы ойлағандықтан, қуанышымызды сақтап қала алдық”. Өздерінде бар игі нәрселер жөнінде ойлағандықтан — ал олардың ең бағалысы Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу — бұл адал мәсіхшілер ‘қуана берді’ (2 Қорынттықтарға 13:11, ЖД). Ауыр жағдайларды бастан кешіру оларға оңай болған жоқ, әрине. Десе де, олар Ехобаны ойлап қуануды доғарған жоқ.
3. Ертедегі кейбір мәсіхшілер қуаныштарын қалай сақтаған?
3 Ертедегі мәсіхшілер де Джеймс пен оның отбасының кездестіргені іспеттес қиыншылықтарға кезігіп отырған. Алайда елші Пауыл еврейден шыққан мәсіхшілерге былай деп жазды: “Мал-мүліктеріңді талан-таражға салғанда, бұны тіпті қуана қабылдадыңдар!” Бұдан кейін Пауыл олардың қуанышты болуларының себебін түсіндірді: “[Сендер] көкте өздеріңе арналған, одан әлдеқайда құнды, мәңгілік дәулеттің бар екенін білдіңдер” (Еврейлерге 10:34). Иә, бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің керемет үміттері бар болатын. Олар болашақта ешқашан талан-таражға салынбайтын нәрсеге — Құдайдың көктегі Патшалығында ешқашан солмайтын “өмір тәжіне”— ие болатындарына сенімді болған (Аян 2:10). Бүгінгі күні де біздің мәсіхшілерге тән үмітіміз — көктегі не жердегі өмірге болсын — қиыншылықтарға кезіксек те қуаныштан айырылмауымызға көмектеседі.
“Үміттеніп қуаныңдар”
4, 5. а) Неге Пауылдың “үміттеніп қуаныңдар” деген кеңесі Римдегі мәсіхшілер үшін дер кезінде берілген кеңес болды? ә) Қандай себептермен мәсіхші үмітін көзден таса етіп алуы мүмкін?
4 Елші Пауыл Римдегі сенушілерді мәңгілік өмірге ‘үміттеніп қуануға’ шақырған (Римдіктерге 12:12). Римдегі мәсіхшілер үшін бұл дер кезінде айтылған кеңес болатын. Пауылдың оларға жазғанынан он жылдан да аз уақыт өткеннен кейін олар қуғынға ұшырап, ал кейбіреулері император Неронның бұйрығымен азапталып өлтірілген болатын. Құдайдың өмір тәжін беретіндігі жөніндегі уәдесі олардың қиыншылықтарға төтеп беруіне көмектескені сөзсіз. Ал біз жөнінде не деуге болады?
5 Мәсіхшілер ретінде біз де қудаланамыз деп күтеміз (2 Тімотеге 3:12). Сондай-ақ біз кез келген адамның кездейсоқ жағдайға ұшырап қалуы мүмкін екенін де түсінеміз (Екклесиаст 9:11). Сүйікті адамдарымыздың бірі кездейсоқ апатқа ұшырап өліп кетуі мүмкін. Ата-анамыздың не жақын жолдастарымыздың бірі жазылмайтын ауыр науқасқа шалдығуы ықтимал. Патшалыққа деген үмітімізді анық есте ұстамайтын болсақ, осындай қиыншылықтарға кездескенде рухани күйімізге қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: “Мен ‘үміттеніп қуанып’ жүрмін бе? Үмітім туралы жиі ойланамын ба? Болашақта жұмақ орнайтынына шынымен сенемін бе? Өзімнің сонда жүргенімді елестете аламын ба? Қазіргі зұлым заманның ақырын шындықты бірінші рет естігендегідей тағатсыздана күтемін бе?” Соңғы сұрақтың маңызы аса зор. Неге? Өйткені егер біздің денсаулығымыз, жалақымыз жақсы болса және біз соғыс пен аштық жоқ, немесе жоқтың қасы, сондай-ақ табиғи апат болмайтын елде өмір сүріп жатқан болсақ, бәлкім, тап қазіргі уақытта Құдайдың жаңа дүниесінің орнауына мұқтаж екендігімізді көзден таса етіп алуымыз мүмкін.
6. а) Пауыл мен Сыйлас қиыншылыққа кезіккенде не туралы ойлаған? ә) Пауыл мен Сыйластың үлгісі бүгінгі күні бізді қалайша жігерлендіреді?
6 Әрі қарай Пауыл римдіктерді ‘қиыншылықтарға шыдауға’ шақырған (Римдіктерге 12:12). Пауыл ‘қиыншылық’ дегеннің не екенін білетін. Бір күні оған аян беріледі де, бір кісі оны “Македонияға келіп”, ондағы адамдардың Ехоба туралы білім алуларына көмектесуге шақырады (Елшілердің істері 16:9). Осыдан кейін Пауыл Лұқа, Сыйлас, Тімотелермен бірге кемеге отырып Еуропаға жүріп кетеді. Құлшынысқа толы миссионерлерді онда не күтіп тұрды екен? Қиыншылық күтіп тұрды! Македонияның Філіпі деген қаласында уағыздағаннан кейін Пауыл мен Сыйласты соққыға жығып, түрмеге қамап тастайды. Філіпінің кейбір тұрғындары Патшалық туралы хабарға жай енжар ғана емес, дұшпандықпен қараған болса керек. Жағдайдың осылайша бағыт алғаны құлшынысқа толы миссионерлерді қуаныштан айырды ма екен? Жоқ, айырған жоқ. Оларды соққыға жығып, түрмеге тастағаннан кейін “түн ортасында Пауыл мен Сыйлас Құдайға сиынып, Оны ән-жыр айтып дәріптейді” (Елшілердің істері 16:25, 26). Әрине, соққыдан алған жарақаттары Пауыл мен Сыйласты қуантқан жоқ, бірақ бұл миссионерлер ол туралы ойлаған жоқ. Олар Ехоба жөнінде және оның өздеріне қалай батасын беріп жатқаны жөнінде ойлады. ‘Қиыншылыққа шыдап’, қуаныштарын сақтап қалуларымен Пауыл мен Сыйлас Філіпідегі және басқа жерлердегі бауырластарға керемет үлгі көрсетті.
7. Неге дұғаларымызда ризашылық та білдіруіміз керек?
7 Пауыл былай деп жазды: ‘Ұдайы сиыныңдар’, яғни дұға етіңдер (Римдіктерге 12:12). Қиын шақтарда сендер дұға етесіңдер ме? Не жөнінде дұға етесіңдер? Бәлкім, қандай қиыншылыққа кезіккендеріңді атап айтып, Ехобадан көмек сұрайтын боларсыңдар. Алайда дұғаларыңда өздеріңді қуанышқа бөлеп отырған баталарға ризашылық білдірулеріңе де болады. Қиыншылықтарға кезіккенде Ехобаның мейірімділігі жөнінде және оның өзінің қызметшілері үшін жасап жатқан игі істері жөнінде ойлау ‘үміттеніп қуануымызға’ көмектеседі. Өмірінде көп қиыншылықтарға кезіккен Дәуіт былай деп жазды: “Сен өте көп нәрсе жасадың Тәңір, Құдайым менің: Сенің кереметтерің және біз туралы ойларың жайлы уағыздап, айтқым-ақ келер еді, бірақ оларға сан жетпейді. Саған кім тең келер дейсің!” (Забур 39:6). Біз де, Дәуіт сияқты, Ехобадан алып жатқан баталарымыз жөнінде ойланар болсақ, қуанышты болмауымыз мүмкін емес.
Дұрыс көзқараста болыңдар
8. Қуғынға душар болғанда мәсіхшінің қуаныштан айырылмауына не көмектеседі?
8 Иса өзінің ізбасарларын сынақтарға кезіккенде дұрыс көзқараста болуға шақырады. Ол былай деді: “Адамдар сендерді Маған бола қорлап, қудалап, әр түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар!” (Матай 5:11). Осындай жағдайларға тап болғанда не себепті біз қуанышты бола аламыз? Қарсылықтарға қарсы тұра алатындығымыз бізде Ехобаның рухының бар екенін білдіреді. Елші Петір өзі өмір сүрген уақыттағы мәсіхшілерге былай деген: “Мәсіхтің атына бола қорлық көрсеңдер, бақыттысыңдар, себебі ұлылыққа бөлейтін Құдай Рухы сендерге орнығады” (1 Петір 4:13, 14). Ехоба өзінің рухы арқылы бізге де барлық нәрсеге шыдауға көмектеседі, ал бұл қуанышымыздан айырылмауға септігін тигізеді.
9. Сенімдері үшін түрмеге қамалған бауырластарымызға қуанышты болуға себеп табуға не нәрсе көмектесті?
9 Тіпті өте ауыр жағдайларда да қуанышты болуға себеп табуымызға болады. Адольф деген мәсіхші солай екендігін өз тәжірибесінен көрді. Ол Ехоба Куәгерлерінің ісіне ұзақ уақыттан бері тыйым салынған елде тұрады. Адольфты бірнеше серіктерімен бірге Киелі кітапқа негізделген сенімдерінен бас тартпағандары үшін ұзақ мерзімге түрмеге жабады. Түрмедегі өмір өте ауыр болады, сөйтсе де, Пауыл мен Сыйлас сияқты, Адольф пен оның серіктері Құдайға ризашылық білдіруге себеп тапқан. Олардың айтуынша, түрмеде отырған уақытта сенімдері нығайған, сонымен қатар олар жомарттық, жанашырлық, бауырмалдық сияқты мәсіхшілерге тән қасиеттерді дамытқан. Мысалы, олардың біреуі үйлерінен бірдеңе ала қалса, онымен бір сенімдегілермен бөлісетін, ал соңғылары мұны ‘берген қай нәрсесі де игі’ Беруші Ехобадан келген көмек ретінде қарастырып қабыл алатын. Мейірімділікке толы мұндай әрекет берушіні де, алушыны да қуанышқа бөлейтін. Осылайша, сенімдерінен айыру үшін жасалған әрекет, керісінше, оларды рухани нығайтты! (Жақып 1:17; Елшілердің істері 20:35).
10, 11. Қалай бір бауырласымыз үздіксіз жауап алынып, сосын ұзақ уақыт түрмеде отырған?
10 Элланы өзінің үмітімен өзгелермен бөліскені үшін тұтқындайды. Ол да Патшалық ісіне ұзақ уақыт бойы тыйым салынып келген елде тұрады. Элладан сегіз ай бойы үздіксіз жауап алады. Ақыр аяғында сот болады да, оны он жылға бас бостандығынан айырады, ал түрмеде болса Элладан басқа Ехобаға бас иетін ешкім жоқ еді. Ол уақытта Элла не бары 24 жаста болатын.
11 Әрине, ол өзінің жастық шағын камерада өткізгісі келмеді. Алайда болып жатқан жағдайларды өзгерте алмайтын болған соң, Элла сол жағдайларға деген көзқарасын өзгертуді шешеді. Түрмені ол өзінің учаскесі деп есептей бастайды. “Өте көп уағыздау керек болатын,— деп есіне алады Элла,— сол себепті жылдар зымырап өтіп кетті”. Бес жылдан аса уақыт өткен соң одан қайтадан жауап ала бастайды. Қапастың оны сенімінен айыра алмағанын көрген жауап алушылар: “Сен өзгермепсің. Біз сені босатпаймыз”,— дейді. Элла: “Жоқ, мен өзгердім! — деп батыл жауап береді.— Мерзімімнің басындағыға қарағанда қазір менің рухым анағұрлым қатайды, ал сенімім анағұрлым нығайды”. Сосын былай деп қосты: “Егер сендер мені босатқыларың келмесе, мен мұнда Ехоба қажет деп тапқан уақытқа дейін боламын”. Бес жарым жыл қамауда отырғандығы Элланы қуанышынан айыра алмайды! Ол барлық жағдайда тоқмейіл болуды үйренді. Оның көрсеткен үлгісінен біздің сабақ алуымызға болар ма екен? (Еврейлерге 13:5).
12. Қиын жағдайларда мәсіхшінің жайбарақат болуына не нәрсе көмектеседі?
12 Осындай қиыншылықтарға төтеп бере алатындай Эллаға ерекше бір қасиет берілген болар деп ойламаңдар. Үкім шығарғанға дейін бірнеше ай бойы өзінен жауап алғанын есіне алып, Элла былай деді: “Тісім-тісіме тимей діріл қағып, өзімді қорыққан торғайдай сезінгенім есімде”. Бірақ Элланың Ехобаға деген сенімі берік болатын. Ол Ехобаға арқа сүйеуді үйренді (Нақыл сөздер 3:5—7). Осының арқасында Құдайдың тұлғасы ол үшін бұрынғыдан да айқындала түсті. Элла былай деп түсіндірді: “Жауап алатын бөлмеге кірген сайын жаным жайбарақаттана қалатын... Жағдай қаншалықты қорқынышты болса, бұл сезім соншалықты тереңдей түсетін”. Бұл жайбарақаттық Ехобадан келген болатын. Елші Пауыл былай деп жазған: “Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7).
13. Неге біз қиыншылықтарға төтеп беруге күшіміздің жететіндігіне сенімді бола аламыз?
13 Ақыр аяғында босатылған Элла, ауыр жағдайларға қармастан, қуанышынан айырылмаған. Бірақ ол мұны өзінің күшінің арқасында емес, Ехобаның күшінің арқасында істей алды. “Сондықтан Мәсіхтің құдіретінің бойымда орнығуы үшін азаптан арылтуды сұраудың орнына күшсіздігіме қуана-қуана мақтанамын... Себебі өзім күшсіз болғанымда Ол [Ехоба] арқылы күштімін”,— деп жазған Пауыл да солай еткен (2 Қорынттықтарға 12:9, 10).
14. Қиын жағдайда мәсіхшінің қалай дұрыс көзқараста бола алатынына мысал келтіріңдерші және мұның нәтижесі қандай болуы мүмкін?
14 Бүгінгі күні біздің кездесіп жүрген қиыншылықтарымыз жоғарыда суреттелгендерден өзгеше болуы мүмкін. Алайда, қандай болмасын, оларға төтеп беру оңай емес. Мысалы, бастықтарың сендердің жұмыстарыңа қатты сынмен қарауы мүмкін, яғни басқа дінді ұстанатын әріптестеріңе қарағанда анағұрлым қаттырақ сынауы мүмкін. Ал басқа жұмыс табу мүмкін емес. Қалай қуанышты болып қалуға болады? Түрмеде отырған кездерінде өте қажетті қасиеттер дамытуға үйренген Адольф пен оның серіктерін еске түсірейікші. Бастықтарыңның, мейлі ол қатал болсын, талаптарын адал орындауға тырысатын болсаңдар, сендер табандылық және шыдамдылық сияқты мәсіхшілерге тән қасиеттерді дамыта аласыңдар (1 Петір 2:18). Сондай-ақ соның арқасында анағұрлым бағалы жұмысшы болуларың әбден мүмкін, ал бұл болса болашақта лайықты жұмыс табуға деген мүмкіндіктеріңді арттырады. Ехобаға қызмет еткенде тағы да қалай қуанышымызды сақтап қалуға болатынын қарастырып көрейік.
Өмірді жеңілірек ету қуанышқа бөлейді
15—17. Қиындық тудырып отырған мәселе толық шешілмегенмен, бір ерлі-зайыптылар өмірлерін қалай жеңілірек етті?
15 Қайда және кіммен жұмыс істеуді таңдау сендердің еріктеріңде болмағанмен, өмірлеріңе қандай болмасын әйтеуір бір өзгеріс ендіре алатын боларсыңдар. Бір мысалды қарастырып көрейікші.
16 Мәсіхші ерлі-зайыптылар бір қарияны қонаққа шақырады. Кешкі ас үстінде бауырласымыз әйелі екеуінің соңғы кездері өмірден шаршап жүргендерін айтып бөліседі. Екеуі де азаннан кешке дейін жұмыс істейтін, жұмыстары көп күш жұмсауды талап ететін, ал басқа жұмыс табу болса мүмкін еместей болып көрінетін. Олар мұндай жағдайға қанша уақыт шыдай алатындарын білмейтін.
17 Ерлі-зайыптылар қариядан кеңес сұрайды, сонда ол: “Өмірлеріңді жеңілірек етіңдер”,— дейді. Қалайша? Екеуінің жұмысқа барып-келуіне үш сағаттай уақыт кететін. Ерлі-зайыптыларды жақсы білетін қария жолға кететін уақытты қысқарту үшін, оларға жұмыстарына жақынырақ жерге көшуді ұсынады. Ал үнемделген уақытты әлдеқайда маңыздырақ істерге немесе демалуға жұмсауға болар еді. Үнемі қол босамайтындығы қандай да бір мөлшерде бізді қуаныштан айыратын болса, неге өмірімізді жеңілірек етудің жолын іздемеске?
18. Шешім қабылдамас бұрын неге жан-жақты мұқият салмақтап-саралаған дұрыс?
18 Сонымен қатар, өмірімізді жеңілірек ету үшін, қандай да бір шешім қабылдамас бұрын жақсылап салмақтап-саралаған жөн. Мысалы, бір мәсіхші үй салуды ұйғарады. Бұған дейін ешқашан құрылыспен айналыспағанмен, ол өте күрделі жобаны таңдайды. Орынсыз әлектен аулақ болу үшін, үйдің жобасын таңдамас бұрын “өзінің әр қадамына көңіл қоюы” керек еді. Ал қазір болса ол мұны түсінеді (Нақыл сөздер 14:15, ЖД). Басқа бір мәсіхші бір сенімдегі бауырласының алған несиесіне кепілдік беруге, яғни несие сомасын қайтару жауапкершілігін мойнына алуға, келіседі. Келісім-шарт бойынша, егер несиегер қарызын төлей алмаса, сома кепілдік бергеннен өндірілуі тиіс болатын. Алдымен бәрі ойдағыдай болатын, бірақ кейінірек несиегер келісім-шартты бұзады. Несие беруші қобалжып кепілдік берушінің несие сомасын төлеуін талап етеді. Соңғысы тұйыққа тіреледі. Өзгенің қарызы үшін кепілдік бермес бұрын барлығын салмақтап-сараласа, мұндай жағдайдан аулақ болуға болар еді (Нақыл сөздер 17:18).
19. Күнделікті өмірдің қысымын қалай азайтуға болады?
19 Шаршаған уақытта жеке зерттеуге, уағыздау қызметіне бару мен кездесулерге қатысуға бөлінген уақытты қысқарту арқылы жағдайымызды жеңілдетіп қуанышқа қайта бөленеміз деп ойламауымыз керек. Осылардың арқасында біз Ехобаның киелі рухын алып отырмыз ғой, ал қуаныш — киелі рухтың игілікті жемісі (Ғалаттықтарға 5:22). Мәсіхшілердің істері әрқашан күш береді, әрі әдетте қатты шаршатпайды (Матай 11:28—30). Шындығында, рухани істер емес, осы дүниенің істері мен көңіл көтеру тәсілі шаршатады. Тым кеш жатпауға дағдылансақ, мұның көп көмегі тиеді. Аз да болса қосымша тынығып алудың пайдасы көп. Ехоба Куәгерлерінің Басқарушы кеңесінде қызмет еткен Нейтан Норр өмірінің аяғына дейін миссионерлерге былай деп келген: “Ұнжырғаларың түскенде, ең алдымен демалып алу керек. Қызық, бірақ жақсылап үйқыны қандырып алсаң болғаны, қандай қиыншылықтың болмасын шешімі анағұрлым оңайырақ болып көрінеді”.
20. а) Қуанышымызды қалай сақтап қалуға болатындығының бірнеше тәсілін атап өтіңдерші. ә) Қуанышты болу үшін не жөнінде ойлануға болады? (23-беттегі қоршауға қараңдар.)
20 Мәсіхшілердің керемет мүмкіндіктері, яғни “бақытты Құдайға” қызмет ету мүмкіндіктері бар (1 Тімотеге 1:11, ЖД). Өзіміз көріп отырғандай, үлкен қиыншылықтарға кезіккенде де қуанышты болып қалуға болады екен. Патшалыққа деген үмітімізді әрқашан есте ұсталық, қажет болса көзқарасымызды өзгертейік және өмірімізді жеңілірек етуге болатынын да ұмытпалық. Сонда басымызға қандай іс түссе де елші Пауылдың келесі сөздеріне құлақ асатын боламыз: “Әрдайым Иемізбен [Ехобамен] байланыстарыңа қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар!” (Філіпіліктерге 4:4).
Келесі сұрақтардың үстінен жақсылап ой жүгіртіңдер:
• Неге мәсіхшілер үнемі Патшалық туралы үмітті анық есте ұстаулары керек?
• Қиын жағдайларда қуанышты болып қалуға не нәрсе көмектеседі?
• Не себепті біз өмірімізді жеңілірек етуге тырысуымыз керек?
• Қай жағынан кейбіреулер өмірлерін жеңілірек еткен?
[23-беттегі қоршау/суреттер]
Қуанышты болудың себептері
Бізде, яғни мәсіхшілерде, қуанышты болуға себептер көп. Мынау солардың кейбіреулері.
1. Біз Ехобаны білеміз.
2. Біз Құдай Сөзіндегі шындықты білдік.
3. Исаның құрбандығына сенудің арқасында күнәларымыз кешіріледі.
4. Құдай Патшалығы билігін жүргізуде. Жақында жаңа дүние орнайды.
5. Ехоба бізге рухани жұмақ сыйлады.
6. Біз мәсіхшілермен игілікті қарым-қатынасымызға қуаныштымыз.
7. Біз уағыздау ісіне қатысуға мүмкін-ігіміздің бар екендігіне қуаныштымыз.
8. Біз аманбыз және қандай да бір шамада қажыр-қайратымыз бар.
Сендер ше, қуанышты болудың қанша себебін келтіре алар едіңдер?
[19-беттегі сурет]
Пауыл мен Сыйлас түрмеде де қуанышты болған
[21-беттегі суреттер]
Сендердің назарларың Құдайдың жаңа дүниесіне деген қуанышты үмітте ме?