Неліктен максималист болмауымыз керек?
Әрқашан бәрін мүмкіндігінше жақсы істеуге тырысасыз ба? Мұндай қасиеттің көбінесе өзіңе және айналаңдағыларға пайдалы екені анық. Алайда, кейбіреулер тым шектен шығып кетіп, максималист бола бастайды. Максималист болу дегеніміз не?
МАКСИМАЛИСТ адам кемеліне жеткізілмеген еш нәрсені мойындамайды. Мүмкін осындай бейімділігі бар адамдарды кездестірген боларсыз. Өзгелерге шектен тыс талап қою, адамда қанағаттанбаушылық сезімін тудырып немесе көңілін қалдырып, көп қиыншылыққа ұшырататыны анық. Байсалды көзқарастағы адамдардың басым көпшілігі өмірдің барлық саласында тым шектен шыққан, қисынсыз талап қою ешкімге ұнай қоймайтын нәрсе екенін мойындайды. Мұндай бейімділікті жеңе білу керек. Бірақ өзіміздің көзқарасымыз бен мінезімізден максимализмге бейімділікті танып білу қиын. Сондықтан оны жеңе білу оңайға соқпайды.
Нельсон аса жауапты қызмет атқаратын болғандықтан оған көптеген мәселелерді шешуге тура келеді. Ол үнемі статистиканы зерттейді және жұмысы жатса да, тұрса да ойынан шықпайды. Көп адамдар максимализм еңбек нарығындағы бәсекеде табысқа жету үшін өте қажет деп ойлайды. Кейбір адамдар Нельсонның іскерлігін бағалайтын шығар, бірақ ол өзіне тым жоғары талап қоюының салдарынан зорығып, басы ауырып, денсаулығына зиян келтіруде. Нельсонның күйін өзіңізден де байқайсыз ба?
Максимализмнен жастар да зардап шегеді. Рио-де-Жанейро қаласында тұратын Рита бала күнінде мектепте оқығанды ұнататын. Ол атаққұмар болмауға тырысатын, бірақ “өте жақсы”-дан төмен баға алса, қатты қапаланатын. Рита былай дейді: “Кішкентай күнімнен өзге балалардың бос уақыты көп екенін байқайтынмын, ал мен болсам әрқашан зорығып, тірлігім таусылмайтын. Қашан да істейтін нәрсе табылатын болғандықтан, үнемі демалуға уақытым жоқ сияқты болып тұратын”.
Мария кішкентай күнінде суретті өзгелер сияқты жақсы сала алмаса, отыра қалып жылайтын. Кейінірек өзінің музыкадағы өнерін шыңдау барысында, музыка аспабында ойнап немесе өлең айтқаннан ләззат алғанның орнына, көбінесе күйіп-пісіп, уайымдайтын. Бақталастыққа салынбау үшін абай болуға тырысқан тағы бір бразилиялық Таня деген қыз, әрқашан мектепте де, үйде де өзіне тым жоғары талаптар қойғанын мойындады. Оның ойынша, істерінің бәрі өте жоғары сапада болмаса, өзгелер оны ұната қоймас еді. Оның үстіне ол кейде өзгелерден де тым көп нәрсе күткендіктен, үміті ақталмай, қапа болатын.
Өнерлі, ынталы болу мен өз ісінен қанағат сезіну қажет болғанымен, адам алдына қол жетпес мақсат қойса, сәтсіздікке ұшыраудан қорқып, жағымсыз сезімдер билеуі мүмкін. Ата-аналары немесе өзгелер баланың сабақ үлгерімінде және спортта үздік болуын талап етуі мүмкін, алайда бұл баланы қатты қинайды. Мысалы, Рикардоға анасы өте үлкен үміт артып, оның дәрігер болғанын, фортепианода ойнағанын және бірнеше тілде сөйлегенін қалады. Мұндай тым жоғары талап қою адамды қиындықтарға немесе түңілуге әкеп соқтыратыны анық емес пе?
Максималист болған неліктен дұрыс емес?
Әрқашан да жұмысты сапалы, жоғары дәлдікпен және шебер орындаған бағаланады. Сол себепті еңбек нарығында да үлкен бәсекені көруге болады. Сонымен қатар күнелтуге қажет қаржыдан айырылып қалудан қорыққаннан да адамдардың көпшілігі күннен-күнге жұмысқа барын сала түсуде. Кейбір жұмысшылар рекордты жаңарту үшін жанын салатын спортшыға ұқсайды. Қатаң бәсекеге тап болған спортшы — өзіне одан да көп талап қойып, жақсы көрсеткішке және жеңіске қол жеткізу үшін тіпті организмді сергітетін әр түрлі дәрі-дәрмек (допинг) қабылдауы да мүмкін. Бір кітапта қандай да бір қабілетті жетілдіруге тырысқанның дұрыс екені, бірақ максималист болған адамды “сәтсіздіктің алдындағы қорқыныш” немесе “бірінші болуға деген ниет” билейтіні айтылған (The Feeling Good Handbook).
Әрине, кейбіреулер өздерінің өнердегі және спорттағы жетістіктерін әрқашан жақсартып отыруға мүмкіндігіміз бар деп ойлайды. Сөйткенмен де, доктор Роберт Элиоттың айтуы бойынша, “максимализм — ешқашан ақталмайтын нәрсеге үміт арту”. Ол тағы былай дейді: “Ол — өзін кінәлы сезіну, қорғану және мазаққа қалудан қорқу сияқты сезімдердің жиынтығы”. Демек, дана Сүлеймен патшаның: “Сондай-ақ мен әрбір еңбектің және әрбір істегі табыстың адамдар арасында өзара көре алмаушылық тудыратынын көрдім. Бұл да — бос әурешілік, әрі жанды қинайды екен”,— деген сөздері қаншалықты дұрыс айтылған десеңші! (Екклесиаст 4:4).
Егер максимализмге бейімділігіңіз болса не істеуіңізге болады? Тырыса түскен сайын көңіліңіздің де құлази түсетіні рас емес пе? Шектен тыс талап қоймайтын байсалдырақ адам болғыңыз келе ме? Кемелді болу деген не? Өзіңіздің мүмкіндігіңізді толық пайдаланып, сөйте тұра максимализмнен аулақ болғыңыз келеді емес пе? Егер кемелсіз адамдардың өздері Құдай берген қабілеттерінің арқасында өзгелерге пайда келтіретін жаңалықтар аша алатын болса, адамзат Құдайдың басшылығымен кемелді жағдайларда неге қол жеткізе алатынын көзіңізге елестетіп көріңізші!
[4-беттегі сурет]
Ата-аналары немесе өзгелер балалардан қол жеткізу мүмкін емес кемелділікті талап етуі мүмкін.