Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w00 1.6. 4—7 бет.
  • Сиқырлық жөнінде білуіміз керек нәрсе

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Сиқырлық жөнінде білуіміз керек нәрсе
  • 2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • О дүниеде кім мекендейді?
  • Магияның жағымды түрі бар ма?
  • Зұлым рухтар бар ма?
  • Ақиқатқа негізделген дін
  • Сиқырлық туралы не білесіңдер?
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Сиқырлық зұлымдыққа жатады
    Сен Құдаймен дос бола аласың!
2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w00 1.6. 4—7 бет.

Сиқырлық жөнінде білуіміз керек нәрсе

ҚАЗІРГІ сиқырлыққа анықтама берудің өзі қиын. Мұның себебі сиқырлықтың әр алуан түрлі болуында. Сиқырлықпен айналысатындардың өз нанымдарына тірек етер ортақ басшысы, ілімі немесе киелі кітабы жоқ. Олар бір-бірінен салт-дәстүрімен ерекшеленеді, олардың жөн-жоралғылары әр түрлі, әрі әр түрлі құдайларға табынады. Бір басылымда былай деп ескерілген болатын: «Оккультизм әлемі адамға ой түзудің „дербес базарын“ ұсынуда». Ал басқа бір басылымда былай делінген еді: «Қазіргі кезде бұтқа табынып жүргендердің көпшілігінің ойы бір-бірімен еш қиыспайды».

Көпшілігі бұндай қайшылықтарға көңіл қоя бермейді. Мыстандықты енді ғана үйреніп жүргендерге арналған бір басшылықта былай делінген: «Сізге қайшылас болып көрінетін мәлімет ұсынылса, оны зерттеп шығып, нені ұстанатыныңызды шешіп алыңыз. Сезіміңізге сүйеніңіз. Басқа сөзбен айтқанда, көңіліңізге ұнаған ғұрыптар мен сол ғұрыптар жайлы кітаптарды іріктеп алыңыз».

Ақиқаттың мәнін түсінетіндер мұндай қайшылықтарды қабылдамайды. Ақиқат — бұл расында да бар нәрсенің айғағы. Біреудің көңіліне ұнағандықтан ғана немесе оған ақиқат сияқты болып көрінгендіктен ғана кез келген нәрсе ақиқат бола бермейді. Мысалы, бір кездері дәрігерлер тірі тауықты қақ бөліп, ауру адамның көкірегіне таңып қою арқылы өкпенің қабынуын емдеуге болатынына сенген. Аурулардың көпшілігі осындай емнің шипа болатындығына бар көңілімен үміттенгенінде сөз жоқ. Алайда олардың сенімі мен үміті іс жүзінде ақталмайтын: өкпенің қабынуына бұндай емнің шипасы болмайтын. Адамдар ақиқатты ойлап таппайды, олар оны жете ұғынуға тырысады.

Киелі кітап рухани нәрселерге байланысты шындық тек осы кітапта, яғни Киелі кітапта екендігіне сендіреді. Иса Мәсіх жер бетінде өмір сүрген кезінде, Әкесіне дұға етіп былай деген болатын: «Сенің сөзің — шындық» (Жохан 17:17). Елші Пауыл былай деп жазды: «Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылған» (2 Тімотеге 3:16). Сиқырлықпен айналысатындардың көпшілігі бұнымен келіспейді. Оның орнына олар аңыздардан, ежелгі діндерден, тіпті ғылыми қиялдан басшылық іздейді. Ең болмаса Киелі кітапта не жөнінде айтылғанын қарастырып көру ақылдылыққа жатпас па еді? Өйткені бүкіл дүние жүзінде бұл кітап киелі жазба ретінде мойындалған ғой. Сонымен қатар, бұл — бізге жеткен діни кітаптардың ең көнесі. Киелі кітап 1600 жыл аралығында жазылған, бірақ оның ілімдерінің бәрі өзара үйлесімді. Келіңдер, бүгінде сиқырлықпен айналысып жүргендердің көпшілік мақұлдаған кейбір көзқарастарын Киелі кітаптың ілімдерімен салыстырып көрелік.

О дүниеде кім мекендейді?

Рухани шындықты ұғыну үшін, «рухтар әлемінде кім мекендейді?» деген сұраққа жауап тауып алу керек. Қазіргі сиқыршылардың көпшілігі табиғи күштерге сенетін — политеистер, бірақ олардың кейбіреулері қыз, ана және кемпір сияқты үш жақты рөл ойнайтын ұлы құдай-анаға табынады. Бұл құдай-ананың сүйіктісі — мүйізді құдай. Кейбір сиқыршылар осы екі құдайға бірдей табынады. Бір автор былай деп ескерді: «Осы әйел Құдай мен еркек Құдай табиғаттағы ұрғашы мен еркектің бастамасын білдіреді. Олардың әрқайсысы қайталанбас қасиеттердің иесі және үйлесімді бірігуімен тіршілік тудырады». Басқа бір әйгілі автор былай деп жазды: «Сиқырлық саласында байланыста болғысы келген құдайды (әйел немесе еркек құдайды) әркімнің өзі таңдап алуының маңызы зор... Ол тәңірдің қандай түрін таңдап алса, соған табынуға ерікті».

Киелі кітап бұндай көзқарастардың ешқайсысын қолдамайды. Иса Мәсіхтің бүкіл қызметі адамдарға «жалғыз шынайы Құдай» — Ехоба туралы білім беруге арналған болатын (Жохан 17:3). Киелі кітапта былай делінген: «Өйткені Тәңір ұлы әрі мадақталуға лайық, өзге құдайлардың бәрінен де қорқынышты. Өйткені халықтардың құдайларының бәрі түкке тұрғысыз, ал Тәңір көкті жаратқан» (1 Шежіре 16:25, 26).

Ал Шайтан ше, Шайтан бар ма? Гранаттың орыс библиографиялық институтының энциклопедиялық сөздігінде сиқырлық «шайтанмен бітім жасасу» деп аталған. Бүгінгі күні Шайтан Ібілістің бар екендігіне көпшілік мүлдем сенбейтін болғандықтан, жоғарыда келтірілген тұжырыммен келісе қоятын сиқыршыны немесе мыстанды табу қиын. «Айриш таймс» газетінде «мыстандардың ең танымал жиындарының бірінде жетекшілік ететін атақты сиқыршы» жас келіншектің сөздері келтірілген болатын: «Ібіліске сену христиандықты мойындауды білдіреді... Құдай жоқ Әлемде [Шайтан] мекендей алмайды».

Ал Киелі кітап, керісінше, Ібілістің бар екендігін дәлелдейді, сонымен қатар жер бетінде қайғы-қасірет пен астан-кестен тәртіпсіздіктің болуына, ең алдымен, Ібілістің кінәлы екеніне нұсқайды (Аян 12:12). Иса Ібілістің бар екендігін ғана айтып қойған жоқ. Ол сонымен қатар адамның, онысын өзі аңдамай, Ібілістің еркін орындаушы болып қалуы мүмкін екендігін ескерткен. Мысалы, бірінші ғасырдағы өз-өзіне сенімді дін басылары өздерін қандай да бір мағынада Құдайдың ұлдары екендігіне және Құдайдың еркін орындап жүргендіктеріне сендірген. Иса олардың көңілінде не бар екенін білетін, сондықтан олар жөнінде басқаша ойда еді. Иса оларға былай деп ашып айтты: «Сендердің рухани аталарың — әзәзіл, соның құмарлықтарын орындағыларың келеді» (Жохан 8:44). Ал Киелі кітаптың Аян кітабында Ібілістің «бүкіл әлемді азғырып» жүргендігі туралы айтылған (Аян 12:9).

Магияның жағымды түрі бар ма?

Магияның әрқашан оккультизммен байланыста болғандығында еш күмән жоқ. Ежелдегідей қазіргі кезде де адамдардың көпшілігі магияның жамандық істеуге бағытталғанына сенімді. Сиқыршылар біреуге қатты нұқсан келтіре алады, тіпті өлімге де ұшырата алады деген ұғым бар. Атам заманнан бері сиқыршыларды сәтсіздік пен ауру-сырқауға, өлімге ұшырау, сондай-ақ астықтың шықпай қалуы сияқты бақытсыздықтардың себепшісі ретінде айыптаған.

Қазіргі сиқыршылар мұндай айыптарды мойындамай, ат-тонын ала қашады. Олар сиқыршылардың арасында адамдарға кесірін тигізетін алаяқтар да кездесетінін мойындағанмен, көпшілігі өз магиясының жамандыққа емес, жақсылыққа бағытталғанына сендіреді. Викка ағымына жататындар, магиямен айналысатындардың істеген істерінің әсері өздеріне үш есе болып қайтады деп үйретеді екен. Мұндай түсінік сиқырлықпен айналысатындарды адамдарға жамандық жасаудан тежейтін ең тиімді әдіс-мыс. Мысалы, бұндай «залалсыз» магияға бойтұмар тағып жүру, үйді бұрынғы тұрғындардан қалған жағымсыз энергиядан тазарту, біреуді дуалап алу үшін ішірткі жасау, адамдарды емдеп, айықтыру, сонымен қатар жұмыс орнынан айырылып қалмау немесе баю үшін жасалған сиқырлық әрекеттер жатады. Сиқырлық пен магияның осындай үлкен мүмкіндіктері бар деп мойындалатын болса, олардың осыншама кең етек алғаны таңғалдырмайды.

Бірақ Киелі кітап сиқыршылықты «ақ магия», «қара магия» деп бөле-жара айырмайды. Мұсаға берген заңында Құдай анық талап қойған. Ол былай деген: «Сиқырлық та жасамаңдар, бал да ашпаңдар» (Леуі 19:26). Сонымен қатар біз былай деп оқимыз: «Сенің араңда... сәуегей, жорушы, бал ашушы, арбаушы, рухтарды шақырушы болмауы керек» (Заңды қайталау 18:10, 11).

Құдай неге мұндай нұсқаулар берген? Әрине бізді қандай да бір пайдалы нәрседен құр қалдыру үшін емес. Ехоба бұл заңдарды адамдарды жақсы көргендіктен, әрі олардың үрей мен ырымшылдықтың құлына айналмауын қалағандықтан берген. Сондықтан қызметшілерінің қажет еткені болса, барлығын Құдай өзінен сұрауға шақырады. «Барлық игі де, мүлтіксіз сыйды» Құдай береді (Жақып 1:17). Елші Жохан бауырластарын былай деп сендірген: «[Құдайдан] не сұрасақ та, аламыз. Өйткені Оның өсиеттерін орындап, не қаласа, соны істейміз» (1 Жохан 3:22).

Зұлым рухтар бар ма?

Сиқыршылардың көбісі бұл мәселеде Киелі кітаппен келіседі — зұлым рухтар бар. Сиқыршылықты қолдаушылардың бірі былай деп ескерткен: «Аруақтар біздің жанымызда, олар біздікімен қатар жүретін көзге көрінбейтін әлемде мекен етеді, олар тірі... «Жын-жыбыр», «зұлым рух», «пері» деген сөздердің мағынасы бірдей. Бұл рухтар аса үлкен күш иесі... Олардың ең ақылдылары... (егер сіз оларға жол ашуға даяр болсаңыз) сіздің дүниеңізге енуге қабілеті бар... Олар сіздің тәніңізді иемденіп, тіпті қандай да бір шамада сізді өзіне бағындырып та ала алады. Бәрі де тап ежелгі тарихта суреттелген жын соққан адамдардың күйіндей болады».

Киелі кітап жазылып жатқан уақытта, түрлі әдістермен жын соғатын. Олардың қармағына түскендер мылқау немесе соқыр болып қалатын, кейбіреулері арқасы ұстап жынданып кететін, ал басқа біреулері табиғаттан тыс күшке ие болатын (Матай 9:32; 12:22; 17:15, 18; Марқа 5:2—5; Лұқа 8:29; 9:42; 11:14; Елшілердің істері 19:16). Кейде, кейбіреулерге жындардың үлкен тобы кіріп алып, оларды қатты азаптайтын (Лұқа 8:2, 30). Ехобаның адамдарды сиқырлықтан, сондай-ақ басқа да оккульттық әрекеттерден неге аулақ жүруге шақыратындығы енді бізге түсінікті болып отыр.

Ақиқатқа негізделген дін

Еш залалсыз табиғи күштерге сенім болып қана көрінгендіктен, бүгінгі күні сиқырлық көп адамдарды қызықтырады. Кейбір жерлерде сиқырлық кең етек алып кеткен. Ешкімді үрейлендірмейді де. Керісінше, жиі оны көңіл қоюға тұрмайтын нәрсе ретінде есептейді. Діни төзімділік әр түрлі түсініксіз, оғаш ағымдардың дамуына жол бере беретін жерлерде сиқырлықтың беделі жоғары.

Діни әлем аяқ киім алғысы келген әркім көңіліне жаққанын таңдап алатын базарға айналып кеткендей. Ал Иса болса тек екі жол жөнінде айтқан: «Тар қақпадан кіріңдер! Өйткені өлімге апаратын қақпа кең, жол да үлкен, сонымен жүретіндер көп. Ал өмірге апаратын қақпа тар, жол да тар, оларды табатындар аз» (Матай 7:13, 14). Әрине қай жолмен жүру біздің өз еркімізде. Бірақ қандай талғам жасағанымыздың біз үшін маңызы зор, өйткені біздің мәңгілік болашағымыз бен игілігіміз осыған байланысты. Рухани білім — бұл тек Құдай Сөзі — Киелі кітаптан ғана табуға болатын ақиқат жолы.

[5-беттегі сурет]

Бүгінгі күні адамдардың көпшілігі сиқырлықты еш залалы жоқ табиғи күштерге сенім ретінде қарастырады.

[6-беттегі сурет]

Магия әрқашан оккультизммен байланыста болған.

[6-беттегі сурет]

Сиқырлықпен айналысатын адам расында да, өзі мұнысын аңдамай, Ібілістің еркін орындайды ма?

[7-беттегі суреттер]

Киелі кітап ақиқатқа жол ашады.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу