Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w00 1.5. 10—15 бет.
  • Сендерде «Мәсіхтің ой-ниеті» бар ма?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Сендерде «Мәсіхтің ой-ниеті» бар ма?
  • 2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Жақындау оңай
  • Өзгелерге деген ықылас-ілтипат
  • Өзгелерге сенім артуға дайын болу
  • Ол шәкірттеріне сенім білдіретін
  • Мәсіх — “Құдайдың құдіреті”
    Ехобаға жақында
  • «Мәсіхтің ой-ниетін» білудеміз
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Иса сияқты әрекет етуге талпынудасыңдар ма?
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Иса пайғамбар кемелді үлгі көрсетті
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w00 1.5. 10—15 бет.

Сендерде «Мәсіхтің ой-ниеті» бар ма?

«Сондықтан табандылық пен жұбаныш беретін Құдай сендерге Иса Мәсіхтің ой қалпын берсін» (РИМДІКТЕРГЕ 15:5, ЖД).

1. Христиан әлемінің көптеген суреттерінде Иса қалай бейнеленген және неліктен олар Исаны дұрыс бейнелейді деуге болмайды?

«ЕШКІМ оның күлгенін көрген емес». Авторы ежелгі Римнің шенеунігі деп жалған есептелетін бір тарихи құжатта Иса осылай суреттелген. Қазіргі түрінде XI ғасырдан бері белгілі бұл құжат көптеген суретшілерге әсерін тигізген деп айтыладыa. Көп суреттерде Иса күлу өзіне тән емес, қайғылы адам ретінде бейнеленген. Бірақ бұл суреттер Ізгі хабарларда сезімтал, ақ жүрек, мейірімді адам ретінде суреттелген Исаны дұрыс бейнелейді деп айту қиын.

2. Қалай біз «Иса Мәсіхтің ой қалпын» дамыта аламыз және бұның бізге қандай көмегі болады?

2 Иә, нағыз Исаны білу үшін, жерде өмір сүрген кезінде оның қандай адам болғанын ой-санамызбен ұғынып, жүрегімізбен сезінуіміз керек. Сондықтан «Мәсіхтің ой-ниетін», яғни оның сезімі мен дүниетанымын, ойы мен ой қалпын түсінуімізге көмектесетін Ізгі хабарлардың кейбір мәлімдемелерін қарастырып көрейікші (1 Қорынттықтарға 2:16). Ал талқылау барысында «Иса Мәсіхтің ой қалпын» қалай дамытуымызға болатыны жайында ойлана отырайық (Римдіктерге 15:5, ЖД). Бұл өз өмірімізде және өзгелермен қарым-қатынасымызда оның үлгісіне жақсырақ еліктеуімізге көмектеседі (Жохан 13:15).

Жақындау оңай

3, 4. а) Марқа 10:13—16 жазылған оқиға қандай жағдайда болды? ә) Өзіне балаларды жібергісі келмеген шәкірттерінің ісіне Иса қалай қарады?

3 Иса адамдарды өзіне баурай білетін. Барлық жастағы және әлеуметтік жағдайы әр түрлі адамдар оған жақындауға еш қаймықпайтын. Марқа 10:13—16 жазылған оқиғаны қарастырып көрейікші. Бұл оқиға Исаның қызметінің соңында — Иерусалимге соңғы рет, азапты өлімге ұшырауға келе жатқан кезінде — болған еді (Марқа 10:32—34).

4 Осы оқиғаны көзімізге елестетіп көрейікші. Міне, Исаның батасын алу үшін халық балалары мен нәрестелерін алып келе бастадыb. Бірақ шәкірттері балаларды Исаға жібермеуге тырысып бағуда. Олар осы шешуші соңғы апталар ішінде Исаның балаларға көңіл бөлетін уақыты жоқ деген ойда болған болса керек. Бірақ олар қателеседі. Иса шәкірттерінің ісін құптамады. Ол: «Балалардың Маған келуіне рұқсат беріңдер, оларға кедергі жасамаңдар»,— деп, балаларды өзіне шақырды (Марқа 10:14). Исаның бұдан кейінгі істеген ісінен мейірімділік пен сүйіспеншілік көрінеді. Ізгі хабарда былай делінген: «Балаларды құшақтап, бастарына қолын қойып, оларға батасын берді» (Марқа 10:16). Мейірбан жан Исаның құшағында балалар өздерін еркін сезінгені анық.

5. Исаның қандай адам болғаны туралы Марқа 10:13—16 жазылған оқиғадан не білуге болады?

5 Осы аз ғана мәліметтен Исаның қандай адам болғаны туралы көп нәрсе білуге болады. Оған жақындау оңай болғанына көңіл аударыңдаршы. Ертеде аспанда жоғары қызметте болғанына қарамастан, кемелсіз адамдар одан еш қорықпайтын және өздерін төмен санамайтын (Жохан 17:5). Тіпті балалардың да оның алдында өздерін еркін сезінгендері көңілімізді аудармай ма? Әрине, олар ешқашан езу тартпайтын және күлмейтін түсі суық, мұң басқан адамға жақындамас еді. Барлық жастағы адамдар Исаға жақындауға қымсынбайтын, өйткені оның мейірімін, қамқорлығын сезінетін және оның ешқашан да өздерінен теріс айналмайтынына сенімді болған.

6. Өзгелердің жақындауы оңай болу үшін қариялар не істей алады?

6 Осы үзіндіге ой жүгірте отырып, өзімізден былай деп сұрауымызға болады: менде Мәсіхтің ой-ниеті бар ма? Өзгелердің маған жақындауы оңай ма? Осы қиын-қыстау күндері Құдайдың қойлары «желден қорған» бола алатын жақындау оңай бақташыларға мұқтаж (Ишая 32:1, 2; 2 Тімотеге 3:1). Қариялар, егер бауырластарға шынайы, ақ жүректен шыққан ықылас білдіріп, оларға уақыттарың мен күш-қуаттарыңды жұмсауға дайын болсаңдар, олар сендердің қамқорлықтарыңды сезінетін болады. Оны олар сендердің жүздеріңнен көріп, дауыстарыңның екпінінен еститін болады және биязы мінездеріңнен де байқайтын болады. Осындай шынайы ықылас пен қамқорлық сенімділік оятып, соның арқасында барлық адамдар балаларға дейін жасқанбай, сендермен еркін араласатын болады. Бір қариямен ашық әңгімелесудің өзіне неліктен оңай болғанын бір мәсіхші әйел былай деп түсіндірді: «Ол жұмсақ және жаны аши сөйледі. Өйтпегенде, мен ештеңе айтпас едім. Мен оған сенім арта алдым».

Өзгелерге деген ықылас-ілтипат

7. а) Иса өзгелерге қалай қамқорлық көрсетті? ә) Исаның зағип адамды бірден айықтырмауының себебі не болуы мүмкін?

7 Иса қамқоршыл болған. Ол өзгелердің сезімдерін түсіне білген. Жаралы жандарды көргеннің өзінде-ақ жаны қатты ашып, ауыртпалықтарын жеңілдетуге тырысатын (Матай 14:14). Сонымен қатар ол өзгелердің мүмкіншіліктерінің шектеулі екенін түсініп, олардың мұқтаждықтарына мұқият болған (Жохан 16:12). Бір жолы оған зағип адамды алып келіп, оны айықтыруын өтінеді. Иса ол адамды бірден айықтырмай, оның көру қабілетін біртіндеп қалпына келтірді. Алғашында оған «жүріп бара жатқан кісілер... ағаштар сияқты» көрінді, яғни ол анық көре алмады. Содан соң ғана Иса оны толық айықтырды. Неге ол зағип адамды бірден айықтырмады екен? Қараңғылықта өмір сүріп үйренген адамның күннің шуағына шомылған әр алуан дүниені бірден көргендегі әсерге шыдай алуы қиын болған болар еді. Сол себепті Исаның осылай істеуі әбден мүмкін (Марқа 8:22—26).

8, 9. а) Иса шәкірттерімен Он-Қалаға кіре сала қандай оқиға болды? ә) Исаның саңырау адамды қалай айықтырғанын әңгімелеп беріңдер.

8 Ал енді, б. з. 32 жылы Құтқарылу мейрамынан кейін болған оқиғаны қарастырайықшы. Иса мен шәкірттері Ғалилея теңізінен шығысқа қарай орналасқан Он-Қала өлкесіне келіп кіреді. Ол жерде де көп ұзамай көп халық жиналып, Исаға аурулар мен мүгедектерді алып келеді де, Иса олардың бәрін сауықтырады (Матай 15:29, 30). Бір қызығы, Иса бір адамға ерекше көңіл бөледі. Ізгі хабарды жазғандардың ішінде бұл оқиғаны жалғыз Марқа ғана жазған (Марқа 7:31—35).

9 Бұл адам саңырау әрі тілі мүкіс еді. Иса бұл адамның қатты толқып, қысылып тұрғанын сезсе керек. Сол кезде Иса әдеттегіден тыс бір нәрсе істеді. Ол оны жұрттан шеткерек, оңаша жерге алып келді де, ымдап не істемек ойы бар екенін көрсетті. Иса «оның екі құлағына өз саусақтарын тықты. Сонсоң жерге түкірді де, өз қолын кісінің тіліне тигізді» (Марқа 7:33). Сонсоң аспанға қарап, Құдайға дұға еткенін білдірді, содан соң терең дем алды. Иса өзінің бұл әрекеті арқылы, «қазір мен сен үшін істейтінімнің бәрі де Құдайдың күшінің арқасында болады» дегендей болды. Ақырында Иса: «Ашыл!» — деді (Марқа 7:34). Сол кезде ол адамның құлағы ашылып, анық сөйлей алатын болды.

10, 11. Қауымда өзгелердің сезімін сыйлайтынымызды қалай көрсете аламыз? Отбасында ше?

10 Иса өзгелерге қандай қамқорлық көрсеткен десеңші! Ол олардың күйін түсіне білгендіктен айналасындағылардың сезімін сыйлай білді. Осыған байланысты, мәсіхшілер ретінде, біз де Мәсіхтің ой-ниетін дамытып, оны іс жүзінде көрсетуіміз керек. Киелі кітап бізге мынадай талап қояды: «Қорыта айтқанда бәрің де өзара пікірлес, қайғыға ортақтас, бір-біріңді туған бауырлардай сүйетін, қайырымды, тату, кіші пейіл болыңдар» (1 Петір 3:8). Бұл бізден сөйлегенде және әрекет еткенде өзгелердің сезімімен санасуымызды талап ететіндігі сөзсіз.

11 Қауымдағылардың адамгершілік қасиеттерін сыйлап, өзімізге қалай қарағанын қаласақ, оларға да солай қарау арқылы олардың сезіміне ықылас көрсетеміз (Матай 7:12). Не айтатынымызды және қалай айтатынымызды ойланғанымыз да біздің өзгелерге деген ықыласымызды білдіреді (Қолостықтарға 4:6). «Ойланбай сөйлейтін адамның сөзі қылыштай жаралайтынын» естен шығармаңдар (Нақыл сөздер 12:18). Отбасында ше? Бір-бірін шын сүйетін ерлі-зайыптылар бір-бірінің сезімдерін түсіне біледі (Ефестіктерге 5:33). Олар бір-біріне қатты сөйлемейді, үнемі сынап отырудан және кекесін мысқылдан аулақ болады, өйткені бұның бәрі адамның жанын қатты жаралап, жараның жазылуы қиынға соғуы мүмкін. Балалардың да сезімдері бар, сондықтан балаларын жақсы көретін ата-ана олардың сезімдерімен санасады. Ұл-қыздарын жөнге салу керек болғанда мұндай ата-ана олардың абыройын сыйлап, шектен тыс ұялтпайдыc (Қолостықтарға 3:21). Өзгелерге осылай ықылас білдіруімізбен өзімізде Мәсіхтің ой-ниетінің бар екенін көрсетеміз.

Өзгелерге сенім артуға дайын болу

12. Исаның шәкірттеріне деген көзқарасы қандай болды?

12 Иса өзінің шәкірттерінен артық нәрсе талап етпеген. Ол олардың кемелсіз екенін жақсы білді. Өйткені ол адамның жүрегіндегіні оқи білген (Жохан 2:24, 25). Сөйтсе де ол олардың кемелсіздігін ғана көріп қоймай, жақсы қасиеттерін де көре білген. Сонымен қатар Иса Ехоба өзіне жақындатқан адамдардың мүмкіндіктерін де көре білді (Жохан 6:44). Шәкірттерінің жақсы қасиеттерін көре білгені Исаның олармен қарым-қатынасынан анық көрінді. Мысалы, Иса оларға сенім артуға дайын екенін көрсеткен.

13. Шәкірттеріне сенім артатынын Иса қалай көрсеткен?

13 Иса оларға сенім артатынын қалай көрсеткен? Көкке көтерілер кезінде ол майланған шәкірттеріне өте жауапты іс тапсырды. Ол оларға өзінің Патшалығына қатысты бүкіл дүниежүзілік істерді сеніп тапсырды (Матай 25:14, 15; Лұқа 12:42—44). Өзінің қызметінің барысында ол шәкірттеріне тіпті ұсақ-түйек нәрселерге байланысты және жанама жолмен де сенім танытқан. Мысалы, халықты тамақтандыру үшін керемет жасап, азықты көбейткен кезде, азықты үлестіруді шәкірттеріне тапсырды (Матай 14:15—21; 15:32—37).

14. Марқа 4:35—41 қандай оқиға жазылған?

14 Марқа 4:35—41 жазылған оқиғаны да қарастырып көрейікші. Иса мен шәкірттері қайыққа отырды да, Ғалилея теңізінің шығыс жағалауын бетке ұстап жүзіп кетті. Аз уақыттан кейін Иса қайықтың артқы жағына жатып, қатты ұйықтап кетті. Бірақ көп ұзамай «күшті дауыл көтерілді». Мұндай дауылдар Ғалилея теңізінде жиі болып тұратын. Өйткені ол теңіз деңгейінен әлдеқайда төмен (200 метрге) жатқандықтан, ауаның температурасы айналасындағы аудандарға қарағанда анағұрлым жылы болып, сол себепті ауа райы күрт өзгеріп тұратын. Оның үстіне Ғалилея теңізінің солтүстігінде орналасқан Хермон тауынан Иордан өзенін қуалай қатты жел соғатын. Мүлгіген тыныштық бір сәтте-ақ қатты дауылға айналуы мүмкін еді. Енді ойланып көрелік: Ғалилеяда өскендіктен бұл жиі соғатын дауыл туралы Исаның білгені анық. Сөйте тұра ол шәкірттерінің кәсіби дағдысына сенім артып, алаңсыз ұйқыға кетті. Өйткені олардың арасында балықшылар да бар еді (Матай 4:18, 19).

15. Өзгелерге сенім артуға дайын болғанына байланысты Исаға қалай еліктеуге болады?

15 Шәкірттеріне сенім артуға дайын болғанына байланысты Исаға қалай еліктеуімізге болады? Кейбіреулер үшін жүктелген міндеттерді өзгелермен бөлісу қиынға соғады. Олар, былайша айтқанда, бәрін өздері басқарулары керек. Олар былай ойлауы мүмкін: «Егер істің дұрыс болғанын қаласам, оны өзім істеуім керек». Алайда барлық істі өзіміз атқаратын болсақ, әбден қажуымыз және отбасына бөлуге тиіс уақытымызды жөн-жосықсыз жұмсауымыз мүмкін. Сонымен қатар өзгелерге қолынан келетін тапсырмалар беріп, мүмкіндіктеріне сай міндеттер жүктемесек, оларды қандай да бір дағдыға үйреніп, қажетті тәжірибе жинау мүмкіндігінен айырамыз. Өзгелерге қандай да бір істі тапсырып, оларға сенім артуды үйренгеніміз ақылдылық болған болар еді. Өзімізден: «Мен осы жағынан “Мәсіхтің ой-ниетіне” сай әрекет етемін бе? Олардың бар ынтасын салатынына сеніп, өзгелерге тапсырма беруге дайынмын ба?» — деп шын жүректен сұрағанымыз дұрыс болар еді.

Ол шәкірттеріне сенім білдіретін

16, 17. Жердегі өмірінің соңғы түні шәкірттерінің өзін тастап кететінін біле тұра, Иса оларды не нәрсеге сендірді?

16 Исаның шәкірттеріне деген оң көзқарасы басқа маңызды салада да көрінді. Ол оларға сенетінін білдірді. Бұны жердегі өмірінің соңғы түні Исаның елшілеріне айтқан жігерлендіретін сөздері анық көрсетеді. Сол кезде қандай оқиға болғанын көрейік.

17 Сол күні кеште Иса көп оқиғаны басынан кешті. Елшілерінің аяғын жуып, оларға кіші пейілділіктің үлгісін көрсетті. Содан соң еске алу Кешін енгізді. Кейін бұл кешті шәкірттері оның өлімін еске алу үшін мейрамдау керек болды. Ал одан кейін елшілердің арасында тағы да кімнің үлкен екендігі туралы дау туды. Әрқашан төзімділік таныта білген Иса оларды сөкпеді, қайта дұрыс ойлауға көмектесті. Иса оларға алда не күтіп тұрғанын айтты: «Бұл түні сендердің бәрің де Маған сенбей қалып жолдан таясыңдар. [Киелі кітапта] былай деп жазылған: “Мен бақташыны ұрып өлтіремін, сонда қойлары бытырап кетеді”» (Матай 26:31; Зәкәрия 13:7). Ол ең жақын достарының ең керек сәтте тастап кететінін білді. Сөйтсе де оларды кінәлаған жоқ. Оның орнына оларға: «Бірақ Мен қайта тірілгенімнен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын»,— деді (Матай 26:32). Иә, олар тастап кеткенімен де, өзінің оларды тастамайтынына сендірді. Ауыр сынақтардың бәрі артта қалғанда, олармен тағы кездесетінін білдірді.

18. Ғалилеяда Иса шәкірттеріне қандай жауапты істі сеніп тапсырды және елшілер оны қалай орындады?

18 Иса сөзінде тұрды. Кейінірек қайта тірілген Иса Ғалилеяда өзінің адал он бір елшісіне көрінді, ал ол кезде шәкірттерімен бірге басқа да көп адамдар болған болуы керек (Матай 28:16, 17; 1 Қорынттықтарға 15:6). Сол жерде Иса шәкірттеріне аса жауапты істі сеніп тапсырды: «Сондықтан барып, барлық ұлттарды Маған шәкірт қылыңдар, оларды Әкенің, Ұлдың, Киелі Рухтың атына шомылдырыңдар. Оларды Менің сендерге бұйырғанымның бәрін сақтауға үйретіңдер» (Матай 28:19, 20). Елшілердің бұл тапсырманы бұлжытпай орындағаны Елшілердің істері кітабынан анық көрінеді. Олар І ғасырда ізгі хабарды уағыздау ісіне басшылық етіп, адалдық танытты (Елшілердің істері 2:41, 42; 4:33; 5:27—32).

19. Исаның қайта тірілгеннен кейінгі іс-әрекетінен Мәсіхтің ой-ниеті туралы не нәрсеге үйренуімізге болады?

19 Бұл хабардан Мәсіхтің ой-ниеті туралы не нәрсеге үйренуімізге болады? Иса елшілерінің жаман іс-әрекеттерін көріп тұрса да, «оларға деген сүйіспеншілігін ақырына дейін... толық көрсетті» (Жохан 13:1). Кемшіліктеріне қарамастан, өзінің оларға сенетінін білдірді. Исаның сенімінің ақталғанына көңіл аударыңдаршы. Оның сенім білдіруі шәкірттерін жігерлендіріп, тапсырмаларын орындауға шешіліп кірісуіне себеп болғаны сөзсіз.

20, 21. Бауырластарымызға қалай дұрыс көзқарас таныта аламыз?

20 Бауырластарға сенім арта білуге байланысты Мәсіхтің ой-ниетін қалай көрсетуге болады? Бауырластарға сенімсіздікпен қараған дұрыс емес. Егер олар туралы жаман ойлайтын болсаңдар, бұл сөздерің мен істеріңнен көрінеді (Лұқа 6:45). Бірақ Киелі кітап бізге сүйіспеншіліктің «ұдайы сенетіндігін» айтады (1 Қорынттықтарға 13:7). Сүйіспеншілік жамандықты емес, жақсылықты көре біледі. Ол жасытпайды, қайта жігер береді. Адамдарға қорқытудан гөрі сүйіспеншілік пен жігер беретін сөздер көп әсер етеді. Оларға сенетінімізді білдіру арқылы өзгелерді жігерлендіріп, қайраттандыра аламыз (1 Салониқалықтарға 5:11). Егер, Мәсіх сияқты, бауырластарға дұрыс көзқараспен қарайтын болсақ, оларды нығайтып, бойларында ізгі істерге деген ынта пайда болуына көмектесеміз.

21 Мәсіхтің ой-ниетін дамытып, оны таныту үшін, оның кейбір іс-әрекеттеріне ғана еліктеп қойған аз. Алдыңғы мақалада айтылғандай, Исаға іс жүзінде еліктеу үшін, алдымен барлық нәрсеге оның көзімен қарап үйренуіміз керек. Ізгі хабарлар оның бойынан тағы да бір ерекшелікті көруімізге мүмкіндік береді. Өзіне тапсырылған жұмысқа байланысты не ойлап, қандай сезімге бөленген. Бұл туралы келесі мақаладан оқимыз.

[Сілтемелер]

a Жасанды құжаттың авторы Исаның шашының, сақалының, көзінің түсін, яғни оның «келбетін» суреттеген. Киелі кітапты аударушы Эдгар Гудспид бұл жалған құжат «суретшілерге арналған анықтамаларда кездесетін Исаның келбетінің суреттемесін тарату үшін арналған» деп түсіндіреді.

b Балалардың жасы әр түрлі болса керек. «Балалар» деп аударылған сөз Иаирдың 12 жасар қызына да байланысты қолданылған (Марқа 5:39, 42; 10:13). Бірақ Лұқа жазған ізгі хабарда осы оқиғаға байланысты қолданылған сөз нәрестелерге де қатысты айтылады (Лұқа 1:41; 2:12; 18:15).

c 1998 жылдың 1 сәуіріндегі «Күзет мұнарасы» журналындағы «Өзгелердің абыройын құрметтейсіңдер ме?» (ор.) атты мақаланы қараңдар.

Түсіндіре аласыңдар ма?

• Өзіне балаларды жібергісі келмеген шәкірттерінің ісіне Иса қалай қарады?

• Иса өзгелерге қалай қамқорлық көрсетті?

• Исаның шәкірттеріне сенім артуға дайын болғанына қалай еліктей аламыз?

• Исаның өзінің елшілеріне сенім білдіргеніне біз қалай еліктей аламыз?

[12-беттегі сурет]

Балалар Исаның жанында өздерін еркін сезінетін.

[13-беттегі сурет]

Иса өзгелерге жанашырлық танытқан.

[14-беттегі сурет]

Жақындау оңай қариялар — Құдайдың батасы.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу