Зұлымдар қашан жойылады?
«Неге Сен [Ехоба]... зұлым өзінен әділірек адамды жұтып жатқанда үн қатпайсың» (АВВАКУМ 1:13).
1. Жер беті Ехобаның даңқы туралы білімге қашан толады?
ҚҰДАЙДЫҢ зұлымдарды жоятын уақыты келе ме? Келетін болса, әлі қанша уақыт күтуіміз керек? Осы сияқты сұрақтар бүкіл жер шарындағы адамдарды ойландырады. Жауабын қайдан табуға болады? Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған белгіленген уақытқа қатысты пайғамбарлық сөздерден. Бұл сөздер Ехобаның жақында зұлымдарды соттайтынына кепілдік береді. Содан кейін ғана «судың теңізді толтырғанындай, жер беті Тәңірдің даңқы туралы білімге толады». Біз бұл пайғамбарлық уәдені Аввакум 2:14-те жазылған Құдайдың Киелі Сөзінен табамыз.
2. Аввакумның кітабында Құдайдың қандай үш үкімі жазылған?
2 Шамамен б. з. б. 628 жылы жазылған Аввакумның кітабында Ехобаның үш айыптау үкімі жазылған. Бұл үкімдердің екеуі әлдеқашан орындалып қойды. Біріншісі Ехобаның ежелгі Иудей елінің бағынбайтын халқына шығарған үкімі болды. Ал екіншісі ше? Құдайдың мейірімсіз Бабылға шығарған үкімі. Сондықтан Құдайдың осы үкімдерінің үшіншісінің де орындалатынына сенуімізге жеткілікті негіз бар. Шын мәнінде, оның өте жақын уақытта орындалуын күтуімізге болады. Осы соңғы күндері өмір сүріп жатқан әділ адамдардың игілігі үшін, Құдай барлық зұлым адамдарды жояды. Олардың соңғылары тез жақындап келе жатқан «шексіз Құдіретті Құдайдың ұлы күні» жойылады (Аян 16:14, 16).
3. Қазір өмір сүріп жатқан зұлымдар неден қашып құтыла алмайды?
3 Құдайдың ұлы күні болатын шайқас күн өткен сайын жақындап келеді. Иуда мен Бабылға шығарған үкімі сияқты, Құдайдың қазір өмір сүріп жатқан зұлымдарға шығарған үкімінің де орындалатыны сөзсіз. Ал қазір өзімізді Аввакумның кезіндегі Иудей елінде елестетіп көрейікші. Бұл елде не болып жатыр?
Тәртіпсіздік жайлаған ел
4. Аввакум қандай қорқынышты хабар алады?
4 Ехобаның пайғамбары Аввакумның кешкі самалға көкірегін тосып рақаттанып, үйінің төбесінде отырғанын көзіңе елестетші. Оның жанында музыкалық аспап жатыр (Аввакум 1:1; 3:19, тармақтың астындағы жазу, ЖД). Бірақ Аввакумға қорқынышты хабар келеді. Иудейлердің патшасы Жоақим Ұрия пайғамбарды өлтіртіп, денесін жай адамдарды жерлейтін молаға тастауды бұйырған (Еремия 26:23). Иә, Ұрия Ехобаға деген сенімін сақтамай, қорыққаннан Мысырға қашып кеткен болатын. Бірақ Жоақимның бұл істі Ехобаны құрметтегендіктен істемегені Аввакумға белгілі. Бұны патшаның Құдай заңын елемейтіндігінен және Еремия пайғамбар мен басқа да Ехобаға қызмет ететін адамдарды жек көретіндігінен байқауға болады.
5. Иудеядағы рухани жағдай қандай және бұл Аввакумға қалай әсер етеді?
5 Аввакум көрші үйлердің төбесінен шығып жатқан түтетілген хош иісті заттардың түтінін көреді. Ол адамдар хош иісті заттарды Ехобаға арнап түтетіп жатқан жоқ. Олар жалған мінажатқа қатысуда. Мұны иудейлердің зұлым патшасы Жоақим да қолдап отыр. Қандай масқара! Аввакумның көзі жасқа толып, Құдайға жалбарынады: «Уа, Тәңірім, қашанғы мен жалбарынамын, ал Сен естімейсің, зорлық-зомбылықты айтып қашанғы зар илеймін, ал Сен құтқармайсың? Не үшін жауыздықты көріп, бақытсыздықтардың куәсы болуға мәжбүр етесің? Көз алдымда тонау мен зорлық-зомбылық болып, қастық ушығып, жанжал шығуда. Сол себепті заң күшінен айырылған, әділетті сот та жоқ: құдайсыздар әділдерді билеп жатқандықтан, сот та бұрмаланып жатыр» (Аввакум 1:2—4).
6. Иудеядағы заң мен сот қандай күйде?
6 Иә, тонау мен зорлық-зомбылық көп еді. Қайда қараса да, Аввакумның көргені бақытсыздық, қастық пен жанжал болды. «Заң күшінен айырылған». Ал сот ше? «Әділетті сот та жоқ!» Әділдік жеңіске жетіп жатқан жоқ. Оның орнына күнәсыздарды қорғауға арналған заңдарды аттап өтіп, «құдайсыздар әділдерді билеп жатыр». Шынымен де «сот бұрмалануда». Сотта әділдік жоқ. Қандай қайғылы жағдай!
7. Аввакум қандай шешім қабылдайды?
7 Аввакум осы туралы ойға шомады. Ол сенімін жоғалтар ма екен? Әрине жоқ! Құдайдың әділ қызметшілері ұшыраған қуғын-сүргіндерді есіне түсірген бұл шын берілген адам, әлі де Ехобаның берік те, қажырлы пайғамбары болып қалуды шешеді. Бұл үшін тіпті өлімге ұшырайтын болса да, Аввакум Құдайдың хабарын жариялай береді.
Ехоба бұрын-соңды болмаған «іс» істейді
8, 9. Ехоба қандай бұрын-соңды болмаған «іс» істейді?
8 Аввакумға аян беріліп, ол, Құдайды масқаралап жатқан діни екі жүзділерді көреді. Ехобаның оларға не айтқанын тыңдаңдаршы: «Халықтарға көз тастап, анықтап қараңдар, сонда қатты таңданасыңдар». Аввакум Құдайдың бұл зұлым адамдарға неліктен бұлай дегеніне аң-таң болса керек. Сонда ол Ехобаның оларға былай деп айтқанын естиді: «Себебі көздерің тірі тұрғанда Мен, біреу айтса сендер сенбейтіндей іс жасаймын» (Аввакум 1:5). Шын мәнінде Ехобаның өзі олар сенбейтіндей іс істейді. Ол не істер екен?
9 Аввакум Құдайдың Аввакум 1:6—11 тармақтарда жазылған келесі сөздерін мұқият тыңдайды. Бұл Ехобаның айтқан сөздері, сондықтан ешқандай жалған құдай немесе жансыз бұт оның орындалуына кедергі жасай алмайды: «Өйткені, міне, Мен өзінің иелігіне жатпайтын ауылдарды иемденіп алу үшін жерді белшесінен басып жүрген, қатыгез, жүгенсіз халық — Халдейлерді көтеремін. Бұл халық қорқынышты да, қаһарлы; оның жазасы да, билігі де өз қолында. Оның аттары барыстан жылдам, іңірде жортқан қасқырдан ширақ; атты әскері әр тарапқа шауып барады; олардың салт аттылары алыстан, олжасына шүйілген бүркіттей ұшып келеді. Бар ынтасымен тонау үшін келеді; тек қана алға ұмтылып, құм сияқты көптеген тұтқындар алып кетеді. Патшаларды да қорлап, ел билеушілерді де келеке етеді; қандай болмасын қамалдарды күлкі етеді: жал үйіп, қамалды алады. Сөйтіп, ол паңданып, елеуреп жүреді; оның күші — оның құдайы».
10. Ехоба кімді көтереді?
10 Құдіретті Құдайдан келген қандай керемет пайғамбарлық ескерту десеңші! Ехоба Бабылдық қатыгез халық — халдейлерді көтереді. «Жерді белшесінен» басқан бұл халық көптеген тұрғын жерлерді басып алады. Қандай қорқынышты! Халдейлердің ордасы «қорқынышты да қаһарлы», қатыгез және жексұрын. Олар өздерінің қатаң заңдарын жасайды. «Олардың [бұл халықтың] жазасы да... өз қолында».
11. Бабыл әскерінің Иудеяға қарсы жасаған жорығын қалай суреттер едіңдер?
11 Бабылдықтардың аттары барыстан жылдам. Олардың атты әскерлері түнде жортқан аш қасқырлардан ширақ. Шабуға дайын аттар шыдамсыздықпен жер тепкілеп тұр. Олар алыстағы Бабылдан Иудеяға қарай ұмтылуда. Өзінің олжасына асыға ұшқан бүркіттей, халдейлер жақында өз құрбандарына тап береді. Бірақ бұл жай ғана шапқыншылық немесе шамалы ғана әскердің шабуылы ма? Жоқ! Ойрандауға жиналған қалың қол сияқты, «бар ынтасымен тонау үшін келеді». Қыза ұмтылған олар, шығыстан соққан желдей, Иудея мен Иерусалимге қарай жылдам шауып келеді. Бабылдық шапқыншылардың қолға түсірген тұтқындарының көптігі соншалық, оларды құммен салыстыруға болады.
12. Бабылдықтардың көңілі неде және бұл «шектен шыққан» қорқынышты жау не үшін кінәлы болады?
12 Халдейлердің әскері, өздерінің мейірімсіздікпен жүргізген шабуылын тоқтатуға шамалары жоқ патшаларды қорлап, ел билеушілерді келеке етеді. Олар «қандай болмасын қамалдарды» күлкі етеді, өйткені «жал үйіп», сол жерден шабуылдайтын бабылдықтардың тегеурініне ешбір қамал төтеп бере алмайды. Ехоба белгілеген уақытта қаһарлы жау елеурей бастайды. Иуда мен Иерусалимге шабуыл жасаған ол, Құдай халқына зиян келтіріп, Жаңа Дүние аудармасына сәйкес, «шын мәнінде кінәлы болады». Таңғаларлық жеңіске жеткен соң, халдейлердің әскер басы «оның күші — оның құдайы» екендігіне мақтанатын болады. Бірақ, шындығына келгенде, оның білетіні шамалы ғана!
Үміттің берік негізі
13. Неліктен Аввакумның сенімі мен үміті арта түсті?
13 Аввакум Ехобаның еркін жақсы түсіне бастайды да, оның жүрегінде үміт оты лаулай түседі. Жүрегін сенім кернеген ол, Ехобаны мадақтайды. Аввакум 1:12-де, Жаңа Дүние аудармасы бойынша, былай делінген: «Сен ежелден бері бар емессің бе, о Ехоба? О, Құдайым менің. Менің киелім. Сен ешқашан да өлмейсің!» Шын мәнінде «ғасырдан ғасырға», яғни мәңгі Құдай — Ехоба (Забур 89:2, 3).
14. Иудеядағы жолдан тайғандар қандай қылық көрсетті?
14 Құдай берген аян туралы ойланып, оның мағынасына түсінетіндігіне қуанған пайғамбар былай деп жалғастырады: «Тәңірім, Сен оны соттау үшін ғана келтірдің. Жартасым менің! Сен оны жазалауға тағайындадың». Құдай жолдан тайған иудейлерді айыптайды. Сөйтіп Ехоба, олардың айыбын бетіне басып, қатаң жазалайтын болады. Олар Ехобаға тірек, жалғыз ғана нағыз қорған, баспана және құтқарушы ретінде қараулары керек (Забур 61:8; 93:22; 94:1). Бірақ Иудейлердің жолдан тайған басшылары Құдайға жақындағылары келмейді. Олар Құдайға табынатын жазықсыз адамдарға әлі де қысым көрсетуде.
15. «Көздері таза» Ехоба қай мағынада «зұлымдықты көріп, қарап тұра алмайды»?
15 Құдайдың пайғамбары бұл жағдайға қатты қайғырады. Сондықтан ол былай дейді: «Жауыздыққа қарау Сенің таза көздеріңе тән емес, қысымшылықты көріп, қарап тұра алмайсың» (Аввакум 1:13). Иә, Ехобаның көзі өте таза болғандықтан, «қысымшылықты көріп қарап тұра алмайды», яғни заңсыздыққа немқұрайды қарамайды.
16. Аввакум 1:13—17 тармақтарда жазылғандарды қысқаша қалай айтып берер едіңдер?
16 Аввакумды ойландырған біраз сұрақтар бар еді. Ол былай дейді: «Неге Сен жауыздарға қарап, зұлым өзінен әділірек адамды жұтып жатқанда үн қатпайсың, адамдарды теңіздегі балықтай, басшысы жоқ бауырымен жорғалаушылардай қалдырасың? Олардың бәрін қармаққа іліп, торға түсіреді, оларды ауға да салады, сөйтіп қуаныштан салтанат құрады. Сол үшін өзінің торына құрбандық шалып, ауының құрметіне қош иісті зат түтетеді, өйткені солардың арқасында оның сыбағасы майлы және ас-суы да мол. Осылай болу үшін, сонда ол өзінің торын босатып, халықтарды аяусыз ұрып-соға беруі керек пе?» (Аввакум 1:13—17).
17. а) Иуда мен Иерусалимге шабуыл жасауы арқылы бабылдықтар қалай Ехобаның ниетін орындайды? ә) Ехоба Аввакумға нені ашады?
17 Иудея мен оның астанасы Иерусалимге шабуыл жасаған бабылдықтар өз еркінше әрекет етеді. Құдайдың оларды жолдан тайған халқын әділ түрде жазалау үшін қолданып отырғанын олар білмейді. Өзінің үкімін орындау үшін Құдайдың зұлым бабылдықтарды қолданып отырғанын түсіну Аввакум үшін неліктен қиын екені түсінікті. Қатыгез халдейлер Ехобаға мінажат етпейді. Олардың көздерінде адамдар ұстап алып, өздеріне бағындыруға болатын «теңіздегі балықтай... бауырымен жорғалаушыдай». Бірақ бұл Аввакум үшін түсініксіз жай ұзаққа созылмайды. Ехоба өзінің пайғамбарына ашкөздікпен тонап, бекер қан төккендері үшін бабылдықтардың жазасыз қалмайтынын ашады (Аввакум 2:8).
Ехобаның жаңа түсіндірмелерін қабылдауға дайын
18. Аввакум 2:1-де пайғамбар туралы не жазылған және біз одан не нәрсеге үйрене аламыз?
18 Ал енді, Аввакум Ехобаның әрі қарай түсіндіруін күтуде. Пайғамбар батылдықпен былай дейді: «Мен күзетке шықтым да, мұнарада тұрып, Оның мен арқылы не айтатынын, және де шағымыма қандай жауап берерімді білу үшін бақылап тұрдым» (Аввакум 2:1). Пайғамбар ретінде, өзі арқылы Құдайдың не айтатынын Аввакумның қатты білгісі келеді. Ол Ехобаның зұлымдыққа төзбейтін Құдай екендігіне сенгендіктен, неліктен зұлымдықтың көп екендігі туралы ойланады. Бірақ ол өзінің ойын өзгертуге дайын. Ал біз туралы не айтуға болады? Неге зұлымдыққа жол берілген деген сұрақ туғанда, байсалдылық танытып, оған үміт артуымызға Ехобаның әділдігіне деген сенімділігіміз көмектесуі керек (Забур 41:6, 12).
19. Ехобаның Аввакумға айтқан сөздеріне сәйкес, құдайға мойынсынбаған еврейлер неге ұшырады?
19 Аввакумға айтқан сөздеріне сәйкес, Ехоба бағынбайтын Исраил халқына шығарған үкімін орындап, бабылдықтардың Иудеяны жаулап алуына жол берді. Б. з. б. 607 жылы олар Иерусалим мен ғибадатхананы қиратты, кәрілерді де, жастарды да өлтірді және көпшілігін тұтқынға алып кетті (2 Шежіре 36:17—20). Бабылда көп уақыт тұтқында болған соң иудейлердің адал қалдығы өз отанына қайта оралып, уақыт өте келе ғибадатхананы қалпына келтірді. Бірақ, ақырында, иудейлер қайтадан Ехобаның жолынан тайып кетті. Бұл әсіресе Исаны Мәсіх деп мойындамаған кезде білінді.
20. Пауыл Аввакум 1:5-ті қалай Исадан бас тартумен байланыстырды?
20 Елшілердің істері 13:38—41 тармақтарға сәйкес, Пауыл Антақиядағы иудейлерге Исадан және оның өтем құрбандығынан бас тартудың нені білдіретінін көрсетті. Грек Септуагинтасынан Аввакум 1:5-ті келтіре отырып, ол былай деп ескертті: «Сонымен байқаңдар, пайғамбарлар жазбаларындағы мына сөздер бастарыңа келмесін: „Сақтаныңдар, Құдайдың айтқанын менсінбейтіндер, таңғалыңдар да үрейленіңдер! Себебі көздерің тірі тұрғанда Мен, біреу айтса сендер сенбейтін, үрей туғызатындай іс жасаймын“». Пауылдың келтірген үзіндісіне сәйкес, Аввакум 1:5-тегі жазылған сөздер б. з. 70 жылы рим әскері Иерусалим мен ғибадатхананы қиратқанда екінші мәрте орындалды.
21. Аввакумның кезінде бабылдықтардың Иерусалимді жоюына қатысты Құдайдың «ісіне» еврейлердің көзқарасы қандай болды?
21 Аввакумның кезінде өмір сүрген еврейлер Құдай бабылдықтар арқылы Иерусалимді қирату «ісін жасайды» деп ойламаған еді. Өйткені бұл қала Ехобаға мінажат ететін орталық болған және мұнда майланған патшалар таққа отыратын (Забур 131:11—18). Бұның алдында Иерусалим ешқашан мұндай жайды басынан кешпеген еді. Оның ғибадатханасы ешқашан өртелмеген болатын. Патшалық еткен Дәуіттің ұрпағы да ешқашан тақтан түскен емес. Ехобаның мұндай жағдайға жол беруі мүмкін еместей болып көрінді. Бірақ Ехоба Аввакуум арқылы бұндай жан түршігерлік оқиғалардың шын мәнінде болатыны туралы айқын ескерту жасады. Және бұл пайғамбарлықтың орындалғанын тарих көрсетіп отыр.
Біздің уақытымыздағы бұрын-соңды болмаған Құдайдың «ісі»
22. Біздің уақытымызда Ехоба қандай бұрын-соңды болмаған «іс» жасайды?
22 Біздің уақытымызда Ехоба бұрын-соңды болмаған «іс» жасайды ма? Скептиктер үшін бұл мүмкін емес болып көрінгенімен, Құдайдың бұндай іс жасайтынына күмәнданбаңдар. Ехобаның бұл жолғы сенуге қиын ісі — христиан әлемін жоюы. Ежелгі Иудея сияқты христиан әлемі де Құдайға мінажат етудеміз деп сендіргенімен, іс жүзінде олар мүлдем жолдан тайған. Ехоба, дүниежүзілік жалған діндерді бейнелейтін «ұлы Бабылдың» жойылатыны сияқты, христиан әлемінің де діни жүйесінің толық жойылуын қадағалайды (Аян 18:1—24).
23. Құдайдың рухы Аввакумды қандай келесі тапсырмаға талпындырды?
23 Б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің жойылуына дейін Ехоба Аввакумға тағы бір тапсырма берген болатын. Құдай өзінің пайғамбарына тағы не айтты екен? Естіген сөздері қатты әсер еткені соншалық, Аввакум музыкалық аспабын қолына алып, Ехобаның алдында зарлау әнін айтты. Бірақ, осының алдында, Құдайдың рухы пайғамбарды алда күтіп тұрған қайғы туралы жариялауға талпындырды. Құдай белгілеген уақытқа қатысты осындай пайғамбарлық сөздердің терең мағынасын түсінгіміз келетіндігі сөзсіз. Сондықтан Аввакумның пайғамбарлықтарын әрі қарай мұқият қарастырайық.
Естеріңде ме?
• Аввакумның кезінде Иудея қандай күйде еді?
• Аввакумның кезінде Ехоба қандай бұрын-соңды болмаған «іс» істеді?
• Аввакумның үміт артуына не себеп болды?
• Ехоба біздің уақытымызда қандай бұрын-соңды болмаған «іс» істейді?
[19-беттегі сурет]
Аввакумды Құдайдың неліктен зұлымдықтың үстемдік етуіне жол бергендігі ойландырды. Сені ше?