САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
Ұлы Тәлімгерімізді мадақтайтын ғимараттар
1 ШІЛДЕ, 2023
Ехоба өз халқына тәлім бергенді жақсы көреді. Сондықтан да жариялаушылар өз қызметтерін толықтай атқара алу үшін бірнеше теократиялық мектептер құрылды. Осындай мектептердің бірі — Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп (ПЖМ). Соңғы жылдары Ехобаның ұйымы тек оқу бағдарламасына ғана емес, сондай-ақ тәлім берілетін мектеп ғимараттарына да мән беруде. Бұлай етудегі басты мақсат — студенттер мен оқытушылар үшін оқу кезінде ыңғайлы жағдай жасау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ерікті садақаларыңыздың рөлі қандай?
Студенттер үшін қолайлы жағдай жасалуда
Көптеген жылдар бойы теократиялық мектептер Патшалық сарайлары мен Конгресс сарайларында өткізіліп келеді. Олай болса, неліктен қазір арнайы теократиялық мектептер үшін ғимараттарды соғу не жөндеу қажет болып жатыр? Мұның үш себебін қарастырайық.
Түлектерге деген қажеттілік. “Дүниежүзіндегі филиалдардың есебіне сай, танапта қажеттілік орасан зор. Мәселен, 2019 жылы Бразилия филиалы елдегі жағдайға байланысты оларға тағы 7600-ге жуық ПЖМ түлегі қажет екенін анықтады”,— деді Кристофер Мейвор бауырлас (Басқарушы кеңестің Қызмет комитетінің көмекшісі). Ал Құрама Штаттардағы филиалдың есебіне сай, жергілікті жариялаушыларды ірі қалалардағы көпшілік орындарында, порттарда және түрмелерде уағыздауға үйрететін тәжірибелі ізашарлар қажет. Сонымен қатар жергілікті жобалау және құрылыс бөлімімен, ауруханалармен байланыс комитеттерімен қызметтесетін ер бауырластарға қажеттілік бар. ПЖМ түлектері осы салаларда көп көмек көрсете алады.
Оқуға деген жоғары сұраныс. Филиалдарға мектепте оқуға көптеген сұраныстар келіп түсуде, бірақ оқу ғимараттарындағы орын саны шектеулі. Мысалы, Бразилия филиалына бір жылдың ішінде 2500 өтініш келсе, тек 950 студент қана ПЖМ-да оқи алды.
Тұратын жердің қолайлы болуы. Теократиялық мектептер Патшалық сарайында не Конгресс сарайында өткізілсе, әдетте студенттерді жергілікті бауырластардың үйінде жайғастырады. Бұл жыл сайын бір-екі сынып өткізілетін аумақтар үшін тиімді. Бірақ жылына бірнеше сынып өткізілсе, айлар бойы студенттерді қабылдау жергілікті бауырластарға қиын болуы мүмкін. Сол себепті мектеп өтетін ғимараттар оқу аудиторияларымен және студенттерге арналған жатын бөлмелермен жабдықталған.
Оқытушылар мен шамамен 30 студентке арналған бөлмелері бар ғимараттарды соғу бірнеше миллиондаған АҚШ долларын қажет етеді, бұл құн жергілікті немесе басқа да жағдайларға байланысты есептеледі.
Оқу ғимараттарының ерекшеліктері
Әдетте ғимараттар қала сыртындағы тыныш әрі көлікпен оңай жетуге болатын жерлерде орналасқан. Сондай-ақ олардың түлектерге қолдау көрсетіп, ғимараттарды күтіп ұстауға өз үлестерін қоса алатын жариялаушылар көп аймақта орналасқаны әсіресе тиімді.
Ғимараттардың ішінде кітапханалар, зерттеуге арналған орындар, компьютерлер, принтерлер мен басқа да оқуға қажетті жабдықтар бар. Бұған қоса көп ғимараттарда студенттер мен оқытушылар бірге тамақтанатын асхана, жаттығу жасайтын және демалатын орындар да бар.
Сабақ өтетін сынып бөлмелері де жақсылап ойластырылған. Уорвиктегі дүниежүзілік жобалау және құрылыс бөлімінде қызмет ететін Трой бауырлас былай деді: “Біз студенттердің қолайлы жағдайда тәлім алғандарын қаладық. Сондықтан сынып бөлмелерінің жобасын жасау үшін теократиялық мектептер бөлімімен ақылдастық. Бауырластар бізге бөлменің өлшеміне, жобасына, сондай-ақ аудио-видео жабдықтарына қатысты нұсқаулар берді”. Венгриядағы ПЖМ оқытушысы Золтан бауырлас аудио жабдықтары жайлы былай деді: “Бастапқы кезде микрофондарымыз болмағандықтан, студенттерден дауыстап айта берулерін сұрайтынбыз. Бірақ қазір студенттер отыратын әр үстелге микрофон қойылды, осылай бұл мәселенің де шешімі табылды”.
“Ехобаның қадірлі қонағы”
Тәлім алуға қолайлы жағдай жасалғаны оқытушылар мен студенттерге қалай әсер етті? Флоридадағы (АҚШ) Палм-Кост қаласында ПЖМ-дан өткен Анджела былай деді: “Барлығы жанға жайлы, қолайлы етіп жасалған. Сынып бөлмелері мен жататын бөлмелер бүге-шігесіне дейін ойластырылғаны көрініп-ақ тұр. Соның арқасында еш алаңдамай оқи алдық”. Ал Венгриядағы мектепте тәлім берген Чаба бауырлас студенттермен бірге тамақтанатын уақытты қатты бағалайды екен. Ол былай деді: “Мұндай кезде олар ашылып, тәжірибелерімен еркін бөліседі. Осылай біз бір-бірімізбен жақынырақ танысамыз және оқу бағдарламасын олардың қажеттіліктеріне қарай бейімдей аламыз”.
Оқытушылар мен студенттер мектеп ғимараттарының жақсартылғанын Ұлы Тәлімгер Ехобаның батасы деп қарастырады (Ишая 30:20, 21). Бауырластар Филиппиндегі бір дайын ғимаратты ПЖМ өтетіндей етіп жөндеді. Сонда оқыған бір әйел бауырлас былай деді: “Барлығының ыңғайлы етіп жасалғанына қарап, өзімізді тек тәлім алатын оқушы ғана емес, Ехобаның қадірлі қонағы іспетті сезіндік. Ехоба өз Сөзін рақаттанып оқығанымызды қалайды”.
Сіздердің берген садақаларыңыздың арқасында теократиялық мектеп ғимараттары жаңадан соғылып, жөнделіп, сондай-ақ оларды күтіп-ұстау жұмыстары атқарылып жатыр. Мұндай садақалардың көбісі donate.jw.org сайты арқылы жасалынады. Жомарттықтарыңызға көп рақмет!