Иса пайғамбар қай мағынада “Құтқарушымыз”?
Киелі кітаптың жауабы
Иса пайғамбар Құдайға сенетін адамдар үшін жанын төлем ретінде беріп, құтқарылуға жол ашты (Матай 20:28). Сондықтан Киелі кітапта Иса пайғамбардың “құтқарушы ретінде дүниеге жіберілгені” айтылған (Жоханның 1-хаты 4:14). Сондай-ақ онда: “[Исадан] басқа бізді ешкім құтқара алмайды, өйткені бізді құтқаратын есім жердегілердің ешқайсысына берілген жоқ”,— делінген (Елшілердің істері 4:12).
Иса пайғамбар өзіне сенген “күллі адамдар үшін өлді” (Еврейлерге 2:9; Жохан 3:16). Бірақ “Құдай оны қайта тірілтті”, сөйтіп ол рухани кейіпте көкке оралды (Елшілердің істері 3:15). Енді “Иса өзі арқылы Құдайға дұға ететіндерді толығымен құтқара алады. Ол әрдайым тірі болғандықтан, олар үшін өтініш жасайды” (Еврейлерге 7:25).
Иса пайғамбардың біз үшін өтініш жасауына неге мұқтажбыз?
Бәріміз де күнәкармыз (Римдіктерге 3:23). Бұл күнәкарлық бізге Құдайға жақындауға кедергі болып отыр және ақырында өлімге апарады (Римдіктерге 6:23). Бірақ төлем құрбандығына сеніп, оны бағалаған адамдар үшін Иса араша түседі, яғни қорғаушы ретінде әрекет етеді (Жоханның 1-хаты 2:1, сілтеме). Иса пайғамбар Құдайдан біздің дұғаларымызды тыңдауын және күнәларымызды кешіруін өтінеді (Матай 1:21; Римдіктерге 8:34). Бұл өтініштер Құдайдың еркіне сай болғандықтан, Құдай оларды тыңдайды. Өйткені Құдай Иса пайғамбарды адамзатты құтқару үшін жіберген (Жохан 3:17).
Құтқарылуымыз үшін Иса пайғамбарға сену ғана жеткілікті ме?
Жоқ. Құтқарылу үшін Иса пайғамбарға сеніп қана қою жеткіліксіз (Елшілердің істері 16:30, 31). Киелі кітапта: “Рухсыз тәннің өлі болатынындай, іс-әрекетсіз сенім де өлі”,— делінген (Жақып 2:26). Сондықтан құтқарылу үшін келесі жайттар да маңызды:
Иса пайғамбар мен оның әкесі Ехоба жайлы білім алу (Жохан 17:3).
Оларға сену (Жохан 12:44; 14:1).
Сенетінімізді олардың айтқандарын орындау арқылы көрсету (Лұқа 6:46; Жоханның 1-хаты 2:17). Иса пайғамбар: “Маған “Ием! Ием!” дейтіндер емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Көк Патшалығына кіреді”,— деп үйреткен (Матай 7:21).
Қиындықтарға қарамастан сеніміңізден таймаңыз. Өйткені Иса пайғамбар: “Соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады”,— деп анық айтқан (Матай 24:13).