Ехоба куәгерлері бұрын Ехоба куәгері болған адамға қалай қарайды?
Біз барлық адамдарды жақсы көріп, оларды құрметтеуге тырысамыз. Егер бір сенімдегі бауырымыз қауымға келмей кетсе не Ехобаға құлшылық етуді доғарса, біз одан теріс айналмаймыз. Қайта, оның хал-жағдайын біліп, жақсы көретінімізді айтып, қайтадан бұрынғыдай Құдайға құлшылық етуіне көмектесеміз (Лұқа 15:4—7).
Кейбір кездері адамды жаман әрекеттері үшін қауымнан аластатуға тура келуі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 5:13). Бірақ адам жасаған әрекеті үшін бірден қауымнан аластатылмайды. Біз бауырымызды шын жақсы көргендіктен, ол қауымнан аластатылмас үшін оған алдымен көп көмектесуге тырысамыз. Тіпті адам қауымнан аластатылған күннің өзінде, оны сүюді, құрметтеуді доғармаймыз, өйткені Киелі кітап бізді осыған шақырады (Марқа 12:31; Петірдің 1-хаты 2:17).
Адам не себепті қауымнан аластатылады?
Киелі Кітапта егер мәсіхші ауыр күнә жасаса және түзелуге тырыспаса, қауымнан аластатылуыa керектігі анық жазылған (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13). Ал ауыр күнәға не жатады? Бұл да Киелі кітапта жазылған. Бұндай істерге азғындық, зина жасау, маскүнемдік, кісі өлтіру, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету, ұрлық жасау жатады (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10; Ғалаттықтарға 5:19—21; Тімөтеге 1-хат 1:9, 10).
Алайда ауыр күнә жасаған адам бірден қауымнан аластатылмайды. Ондай адамға қауым ақсақалдарыb көмектесіп, теріс жолынан қайтаруға тырысады (Римдіктерге 2:4). Олар мейірімділік, жұмсақтық танытып, адамның жүрегіне жол табуға тырысады (Ғалаттықтарға 6:1). Осындай көмектен кейін күнә жасаған адам қатесін түсініп, өкінуі мүмкін (Тімөтеге 2-хат 2:24—26). Ақсақалдар қанша рет көмектесуге тырысса да, адам істеген ісіне өкінбей, Құдайдың заң-талаптарын бұза берсе, ол қауымнан аластатылады. Ақсақалдар ондай адамды “пәленше бұдан бұлай Ехоба Куәгері емес” деп қауымға хабарлайды.
Ақсақалдар мейірімділікпен, жұмсақтықпен адамның жүрегіне жол табуға тырысады
Күнә жасауын қоймайтын адам қауымнан аластатылса, қауымдағы басқа адамдар Құдайдың заң-талаптарын берік ұстанады және әлгі адамның жаман ықпалына берілмейді (Қорынттықтарға 1-хат 5:6; 15:33; Петірдің 1-хаты 1:16). Бұған қоса, күнә жасаған адам теріс жолынан қайтып, өзгеруге талпынуы мүмкін (Еврейлерге 12:11).
Ехоба куәгерлері қауымнан аластатылған адамға қалай қарайды?
Киелі кітапта қауымнан аластатылған адамдармен “араласуды доғарыңдар, ондайлармен тіпті дастарқандас та болмаңдар” делінген (Қорынттықтарға 1-хат 5:11). Сондықтан біз қауымнан аластатылған адамдармен араласпаймыз. Бірақ бұл — оларды мүлдем елемей кетеміз деген сөз емес. Біз оларды әрі қарай да құрметтей береміз. Егер діни жиындарымызға келем десе, оларға әрдайым есігіміз ашық. Қауымдағы кейбір Ехоба куәгерлері олармен амандасуы да мүмкінc. Сондай-ақ қауымнан аластатылған адам қауымға қайта оралу үшін ақсақалдардан көмек сұрай алады.
Қауымнан аластатылған адам діни жиындарымызға келем десе, оған әрдайым есігіміз ашық
Ал отағасы қауымнан аластатылып, жұбайы мен кішкентай балалары Ехоба Куәгерлері болып қала берсе ше? Оның отбасымен діни байланысы үзілгенмен туыстық байланысы үзілмейді. Олар бір үйде тұрғандықтан, некелік және отбасылық міндеттерін атқарып, әрі қарай да бір-біріне сүйіспеншілік таныта береді.
Қауымнан аластатылған адам ақсақалдардың көмегіне жүгіне алады. Ал ақсақалдар мейіріммен Киелі кітапқа негізделген кеңес беріп, адамды өкінуге және Құдайға қайта бет бұруға талпындырады (Зәкәрия 1:3). Егер адам жаман істерін доғарып, Киелі кітап талаптарына сай өмір сүргісі келетінін көрсетсе, ол қауымға қайта қосыла алады. Ежелде Қорынт қаласында да осындай жағдай орын алған. Елші Пауыл қауымды күнәсіна өкініп, теріс жолынан қайтқан адамды “мейіріммен кешіріп, жұбатуға” шақырған (Қорынттықтарға 2-хат 2:6—8).
Қауымнан аластатылып, қайта оралғандардың айтқан сөздері
Бір кездері қауымнан аластатылып, кейін қауымға қайта оралған кейбір Ехоба Куәгерлерінің айтқан сөзіне ден қояйық.
“Мен ондаған жылдар бойы қауымда болмадым. Қауымға қайта ораламын деп шешкенімде, ақсақалдар менен осы жылдар бойы не істеп, не қойғанымды ұсақ-түйегіне дейін қазбалап сұрай ма деп уайымдадым. Бірақ ақсақалдар маған: “Бұрын не істегенің емес, қазір не істейтінің маңызды. Сондықтан жақсаруға тырысып, алға қарай ұмтыла бер”,— деді. Бұл сөздерден кейін үстімнен ауыр жүк түскендей болып, өзімді жақсы сезініп қалдым” (Мария, Құрама Штаттар).
“Қауымдағылар менің қайта оралғанымды күткен екен. Бұны көріп, мен өзімді керек сезініп қалдым. Бауырластарымның арқасында Ехоба мені кешіргенін түсіндім. Олар маған өткенді ұмытып, алға қарай ұмтылуға көмектесті. Аяққа тұрып кетуім үшін ақсақалдар да үнемі көмектесетін. Олар маған ақыл-кеңес беріп, Ехоба мені әлі де сүйетінін, бағалайтынын айтып отырды” (Малком, Сьерра-Леоне).
“Ехоба өз халқын қатты жақсы көргендіктен ұйымын таза сақтауға тырысады. Бәлкім, басқалар қауымнан шығару шарасын тым қатал деп айтатын шығар. Бірақ қауым таза болу үшін бұл қажет шара және оның артында сүйіспеншілік жатыр. Көктегі Әкеміз Ехоба — сүйіспеншілігі мен кешірімі мол Құдай. Осыны ойлағанда, жүрегім ризашылыққа толады” (Санди, Құрама Штаттар).
a Бұрын біз күнәсіна өкінбеген адамға қатысты “қауымнан шығару” деген тіркесті қолданатынбыз. Ал қазір Киелі кітапта жазылған “қауымнан аластату” деген тіркесті қолданамыз.
b Ақсақалдар қауымдағы сенімі мықты, рухани толысқан ер кісілер. Олар қауымдағы адамдарға Киелі кітаптан тәлім беріп, оларды қамқорлайды. Ақсақалдар қызметтері үшін ақы алмайды (Петірдің 1-хаты 5:1—3).
c Кейде қауымнан аластатылған адам қоймай жалған ілім таратуы не өзгелерді Құдай заңына қайшы әрекет етуге үгіттеуі мүмкін. Мұндайда біз Киелі кітапта жазылған сөздерге сай, оның “сәлемін де алмаймыз” (Жоханның 2-хаты 9—11).