Жер бетіндегі ұйымдар бейбітшілік орната ала ма?
Бүгінде тұтас жаһанда соғыстар мен қақтығыстар көп орын алуда. Сондықтан да Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да ұйымдар бітімгершілік операцияларын жасап, қақтығыс орын алған жерлерге өкілдерін жібереді. Олардың мақсаты — зорлық-зомбылық болып жатқан жерде тұрақтылық, тыныштық орнату. БҰҰ-ның бас хатшысы Антонио Гутеррештің айтуы бойынша, “БҰҰ-ның бітімгерлері жер бетінде тыныштық орнатуда маңызды рөл атқарады”.
Жылдар бойы жасалған бітімгершілік операциялары қандай да бір нәтиже әкелгені рас. Мысалы, олар бейбіт тұрғындарды қорғады, босқындарды өз елдеріне қайтарды, гуманитарлық көмектер жіберді және қираған ғимараттарды қайта тұрғызды. Бірақ олар көптеген қиындықтарға кезігіп, адамдардың проблемаларын толығымен шешуге шамалары жетпей отыр. Ендеше нағыз бейбітшілік пен тыныштық орнайды деп күте аламыз ба? Бұл жайлы Киелі кітапта не айтылған?
Бітімгерлер кезігетін қиындықтар және Киелі кітапта айтылған шешім
Қиындық: бірліктің болмауы. Әртүрлі елден болғандықтан, әскери ұйымдар мен басқа да ұйымдарға бірлесе әрекет ету қиын. Өзара түсініспеушіліктің кесірінен не мақсаттары әртүрлі болғандықтан, бұл ұйымдар бір-бірімен қызметтесе алмай жатады.
Киелі кітапта айтылған шешім: “Көктегі Құдай... патшалық орнатады... Ол сол патшалықтардың [жердегі үкіметтердің] бәрін қиратып, өзі мәңгі тұрады” (Даниял 2:44).
Жақын болашақта Құдай соғыстарды тоқтатып, дүниежүзінде тыныштық пен бейбітшілік орнатады (Зәбүр 46:8, 9). Жердегі барлық үкіметтердің орнына бір ғана үкімет болады, ол — Құдай Патшалығы. Көктен бір үкімет билік жүргізетіндіктен, жер бетінде ешқандай қақтығыс болмайды. Сондықтан бітімгершілік ұйымдарының да қажеті болмайды.
Қиындық: күштері мен мүмкіндіктері шектеулі. Қолдайтын адамдары аз болғандықтан, қаржының, басқа да ресурстардың жетіспеушілігінен бітімгершілік операциялары ойдағыдай нәтиже бермей жатады. Бітімгершілік операцияларын жасау үшін, сол ұйымының мүшелеріне өте қауіпті, жағдайы шиеленіскен жерлерге баруға тура келеді.
Киелі кітапта айтылған шешім: “Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы... [Исаны] көкте өзінің оң жағына отырғызды... [Ол] күллі үкімет пен биліктен, күштен... әлдеқайда жоғары” (Ефестіктерге 1:17, 20, 21).
Құдіреті шексіз Ехобаa Құдай Патшалығының патшасы Исаға билік етуге қажетінің бәрін берді (Даниял 7:13, 14b). Құдай Исаға ешқандай үкімет пен ұйымдарда жоқ құдірет, білім, даналық пен түсінік сыйлады (Ишая 11:2). Сондай-ақ Исаның құдіретті періштелерден тұратын әскері бар (Аян 19:14). Сондықтан да Иса үшін шеше алмайтын қиындық жоқ.
Иса Құдай берген мүмкіндік пен күшті тек қақтығыстарды тоқтату үшін ғана қолданбайды. Ол Құдай Патшалығында әрбір адамның қауіпсіздікте, тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүруі үшін қам жасайды (Ишая 32:17, 18).
Қиындық: құқықтары шектеулі. Бітімгершілік ұйымдарының мүшелері кейде қалай әрекет ету керектігін білмейді. Олардың анық та нақты нұсқаулары болмағандықтан және құқықтары шектеулі болғандықтан көп нәрсе істей алмайды. Соның кесірінен адамдарды өздері ойлағандай қорғап, мақсаттарына толықтай жете алмайды.
Киелі кітапта айтылған шешім: “[Исаға] көк пен жердегі барлық билік берілген” (Матай 28:18).
Құдай Исаға жер бетінде тыныштық орнату үшін нақты да анық нұсқаулар берген, оны жүзеге асыруға толықтай билік те берген (Жохан 5:22). Иса ешқашан әділетсіз әрекет етпейді, пара да алмайды (Ишая 11:3—5). Киелі кітапта Иса “Тыныштық бекзадасы” деп бекер айтылмаған, ол Патшалығында “әділдік пен туралық” орнатады (Ишая 9:6, 7).
Нағыз тыныштықты Құдай Патшалығы орнатады
Бітімгершілік ұйымдары ары кетсе қандай да бір жердегі соғысты тоқтата алатын шығар. Бірақ олар зұлымдықтың түп тамырын, яғни адамдардың жүрегіндегі жеккөрушілікті жоя алмайды.
“Тыныштық сақтау үшін алдымен тыныштықтың өзі болу керек, жоқ тыныштықты қалай сақтайсың?” (АҚШ-тың бұрынғы елшісі Деннис Джетт).
Ал Құдай Патшалығы нағыз тыныштық орната алады, өйткені ол адамдарға жеккөрушіліктен арылуға көмектеседі. Мысалы, Иса жер бетінде болғанда ісімен де, сөзімен де ізбасарларына өзгелерді жақсы көруге, адамдармен тату болуға үйреткен.
Иса Құдай Патшалығының азаматтары өзара сүйіспеншіліктерімен ерекшеленетінін айтқан. Киелі кітапта өзгелерді жек көретіндер Құдай Патшалығында өмір сүрмейтіні айтылған.
Барлық адамзатты жаратқан Ехоба Құдай ғана жер бетінде тыныштық орната алады. Адамдар қанша тырысса да, бітімгершілік ұйымдары қанша күш салса да, бейбітшілік орната алмай жатыр, оны Құдай Патшалығы ғана орнатады.
a Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деген мақаланы қараңыз.
b Даниял 7:13, 14-тегі “адам ұлы” деген тіркес Иса Мәсіхке нұсқайды (Матай 25:31; 26:63, 64).