ӨМІРБАЯН
Мен даналармен жүрудің зор игілігін көрдім
ОҢТҮСТІК ДАКОТАДАҒЫ (АҚШ) Брукингс қаласының бір қара суық таңы әлі есімде. Бұл көп кешікпей-ақ аязды күндер басталатындығының жаршысы еді. Біз бірнеше адам болып дірдек қағып суық қорада, мұздай су құйылған үлкен астаудың алдында тұрдық. Суық күні мұнда не үшін келгенімізді айтпас бұрын, өз өмірім жайлы қысқаша баяндап берейін.
ОТБАСЫМ
Әкем мен ағасы Альфред
Мен 1936 жылдың 7 наурызында дүниеге келдім. Үйдегі төрт баланың ең кенжесімін. Біз Оңтүстік Дакотаның шығысында бір шағын фермада тұрдық. Бұл шаруашылық отбасымыз үшін маңызды болғанмен, өміріміздің төрінде тұрған жоқ-тын. Ата-анам 1934 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болды. Олар өмірін Ехобаға бағыштағандықтан, Құдайдың еркін орындауды ең басты орынға қойды. Әкем Кларинс, ал кейінірек оның ағасы Альфред Оңтүстік Дакотадағы Конди қаласында шағын қауымымызда серіктестік қызметші (қазір ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі) міндетін атқарды.
Қауым кездесулеріне бару мен Киелі кітаптағы тамаша үміт жайлы үйме-үй уағыздау отбасымыз үшін жақсы дағдыға айналған еді. Әке-шешеміздің үлгісі мен берген тәлім-тәрбиесі өмірімізде өшпес із қалдырып, Ехобаны жақсы көруге көмектесті. Әпкем Дороти де, мен де 6 жаста жариялаушы болдық. 1943 жылы мен енді ғана бастау алған Теократиялық қызмет мектебіне жазылдым.
Ізашар болып қызмет етуім (1952 жыл)
Конгрестер өміріміздің маңызды бөлігі болды. 1949 жылы Оңтүстік Дакотадағы Су-Фолс қаласында өткен облыстық конгресте Грант Сьютер бауырластың “Бұл дүниенің соңы сендер ойлағаннан да жақын!” деген негізгі баяндамасы күні бүгінгідей есімде. Ол Құдайға бағышталған мәсіхшілердің бәрі өмірін Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауға арнаулары керектігіне баса назар аударды. Бұл мені өмірімді Ехобаға бағыштауға талпындырды. Содан 1949 жылы 12 қарашада Брукингсте өткен келесі аудандық конгресте шомылдыру рәсімінен өттім. Жоғарыда айтып кеткенімдей, сол бір суық қорада тұруым да содан еді. Болаттан жасалған үлкен астау сол жерде тұрған төртеуміз үшін шомылдыру рәсімінен өтуге арналған “бассейн” болды.
Содан кейін мен ізашарлық қызметті мақсат етіп қойдым. Бұл қызметті 1952 жылдың 1 қаңтарында 15 жасымда бастадым. Киелі кітапта: “Данамен жүрген дана болар”,— делінген. Менің отбасымда ізашар боламын деген байламыма қолдау көрсеткен дана жандар көп болды (Нақыл сөздер 13:20). Әкемнің 60 жастағы ағасы Джулиус ізашарлық серігім болды. Жас айырмашылығымызға қарамастан, екеуіміз қызметке бірге шыққанды жақсы көретінбіз. Мен оның өмірлік бай тәжірибесінен даналық нәрін жинадым. Дороти да көп кешікпей ізашар болды.
АУДАНДЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ
Жас кезімде ата-анам үйімізге аудандық бақылаушылар мен әйелдерін көп шақыратын. Солардың бірі Джесси мен Лин Кантвелдердің маған зор көмегі тиді. Негізі, менің ізашар болуыма серпін берген солар десем де болады. Олардың жеке көңіл бөлгені менде рухани мақсаттар қоюға деген зор ықылас оятты. Жақын маңдағы қауымдарды аралап жүргенде, олар кейде мені қызметке шақыратын. Бұл бір көңілді, бойға қанат бітіретін сәттер еді!
Келесі аудандық бақылаушымыз Бад Миллер болды. Зайыбы Джоан екеуі біздің қауымға келгенде, мен 18-де болатынмын. Сол кезде мені әскерге шақыру комиссиясы шақыртты. Олар маған бір жұмысты ұсынды. Бірақ мен оны Исаның саясатта бейтараптық сақтауға қатысты бұйрығына қайшы келеді деп есептедім. Менің қалауым Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау еді (Жохан 15:19). Сондықтан мені діни қызметші ретінде қарастыруларын сұрап, шағымдандым.
Миллер бауырлас менімен бірге комиссиямен кездесуге баратынын айтқанда, қатты қуанып кеттім. Ол ашық-жарқын, ешкімнен сескенбейтін батыл кісі еді. Оның үстіне, Киелі жазбаларды өте жақсы білетін. Қасымда осындай адамның болғаны маған зор сенімділік берді! Сот тыңдауынан кейін 1954 жылы жаздың соңына таман әскери комиссия мені діни қызметші ретінде мойындады. Бұл маған басқа теократиялық мақсатқа ұмтылуға жол ашты.
Бетелге енді келген кезім (ферма машинасының жанында)
Көп ұзамай мен сол кезде Нью-Йорк қаласындағы Статен-Айлендтегі Күзет мұнарасының фермасы деп аталған Бетелде қызмет етуге шақырылдым. Ол жерде үш жылдай қызмет еттім. Осы уақыттың ішінде көптеген дана жандармен танысып, олармен бірге еңбектенгенімнің арқасында бірталай керемет оқиғаларды бастан өткердім.
БЕТЕЛДЕГІ ҚЫЗМЕТІМ
Френц бауырласпен бірге WBBR радиостансысында
Статен-Айлендтегі фермада WBBR радиостансысы орналасқан еді. Бұл стансыны Ехоба куәгерлері 1924—1957 жылдар аралығында қолданды. Фермаға Бетел отбасының небәрі 15—20 мүшесі тағайындалатын. Көбіміз жас едік, тәжірибеміз де аз болатын. Алайда бізбен бірге үлкен жастағы Элдон Вудворт деген майланған бауырлас қызмет етті. Ол тура әкеміздей болып кетті, біз одан көп нәрсе үйрендік. Кейде кемелсіздіктен арамызда қиындықтар туындағанда, Элдон бауырлас: “Иеміздің өзімен бірге еңбектеніп жатқан пенделердің қолымен қандай істер атқарып жатқаны бір ғажап қой!”— дейтін.
Қызметке жан сала қатысқан Харри Питерсон
Фредерик Френц бауырластың да бізбен бірге болғаны зор мәртебе еді. Ол Жазбаларды бес саусағындай жетік білетін дана кісі болатын. Әрбірімізге көңіл бөлуден еш жалықпайтын. Ал аспазымыз Харри Питерсон деген бауырлас болды. Бізге оның Папариропулос деген шын тегін айтқаннан гөрі, Питерсон дей салу әлдеқайда жеңіл-тін. Ол да майланған бауырлас еді, әрі қызметке ерекше құлшыныспен қатысатын. Бетелдегі жұмысын сүйіп атқарса да, уағызды ешқашан шет қалдырмайтын. Ол ай сайын жүздеген журнал таратушы еді. Харри бауырлас та Киелі кітапты өте жақсы білетін, сондықтан көп сұрағымызға жауап беретін.
ДАНА ӘЙЕЛ БАУЫРЛАСТАРДАН ҮЙРЕНУІМ
Фермада біз жемістер мен көкөністерді ыдыстарға жауып әзірлейтінбіз. Жылына Бетел отбасына арнап шамамен 42 600 литр банка жабылатын. Мен Этта Хут деген өте дана әйел бауырласпен жұмыс істедім. Жеміс пен көкөністерді жабуға арналған рецептерді әдетте сол жасайтын. Бізге жергілікті қыз бауырластар келіп көмектесіп жүрді, ал Этта олардың жұмысын ұйымдастыруға жәрдем беретін. Этта өз ісінің қас шебері болса да, фермадағы бақылаушы ер бауырластарды әрдайым құрметтейтін. Мен ол кісіні теократиялық басшылыққа мойынсұнудың керемет үлгісі деп білетінмін.
Энджела, мен және Этта Хут
Фермаға көмектесуге келетін қыз бауырластардың арасында Энджела Романо да бар еді. Ол шындықты білгенде, Этта оған көмектесіпті. Осылай мен Бетелде жүріп, тағы бір дана жанды кездестірдім. Энджи екеуміз 1958 жылдың сәуірінде шаңырақ көтеріп, міне, 58 жыл бойы Ехобаға жұбымыз жазылмай қызмет етіп келеміз. Жылдар бойы Энджидің Ехобаға деген кіршіксіз адалдығы некеміздің берік ұйытқысы болды. Қандай қиындыққа кезікпейік, мен оған толықтай сенім артамын.
МИССИОНЕРЛІК ҚЫЗМЕТ ПЕН АРАЛАУШЫ БАҚЫЛАУШЫ МІНДЕТІ
1957 жылы Статен-Айлендтегі WBBR радиостансысы сатылған соң, мен Бруклиндегі Бетелде қысқа уақыт қызмет еттім. Сосын Энджиге үйленіп, Бетелден кеттім. Үш жыл бойы біз Статен-Айлендте ізашар болып қызмет еттік. Мен тіпті біраз уақыт бойы WPOW деп аталатын радиостансының жаңа иелеріне жұмыс істеп жүрдім.
Қажеттілік бар кез келген жерде қызмет ете алу үшін Энджи екеуміз қарапайым тұрмыс кешуге бекіндік. Сөйтіп, біз 1961 жылдың басында Небраска штатындағы Фолс Ситиде арнайы ізашар ретінде қызмет етуге шақырылдық. Ол жерге аяқ басқанымыз сол еді, Саут-Лансингте (Нью-Йорк) өтетін бір айлық Патшалық қызмет мектебіне шақыру келді. Бізге мектеп қатты ұнады, алған білімімізді Небраскаға оралып, игілігімізге асырамыз деген ойда едік. Бірақ үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген жайт болды: біз миссионерлер ретінде Камбоджаға тағайындалдық! Оңтүстік-шығыс Азиядағы бұл әсем елдегі таңғажайып табиғат, небір үндер мен аңқыған жұпар иістер біз үшін таңсық болды, бұрын мұндайды көрген емеспіз. Біз сол жерде Патшалық туралы ізгі хабарды жариялауға асық болдық.
Энджела екеуміз теледидардан сұхбат берер алдында (1975 жыл)
Алайда Камбоджада саяси жағдай ушығып, бізге Оңтүстік Вьетнамға баруға тура келді. Өкінішке орай, екі жылдың ішінде денсаулығым қатты сыр беріп, Құрама Штаттарға қайтуға мәжбүр болдық. Оңалып кету үшін біраз уақыт қажет болды, бірақ мен аяққа тұрысыммен, ізашарлық қызметке кірістік.
1965 жылдың наурызында біз қауымдарды аралай бастадық. Энджи екеуміз 33 жыл бойы аудандық және облыстық қызметті атқардық, конгрестердің дайындық істеріне көп көмектестік. Бұл маған сондай ұнайтын, өйткені мен үшін конгрестердің орны бөлек. Біраз жыл біз Нью-Йорк қаласындағы және оның айналасындағы қауымдарды араладық. Ал конгрестердің көбісі Янки стадионында өтетін.
БЕТЕЛГЕ ЖӘНЕ ТЕОКРАТИЯЛЫҚ МЕКТЕПТЕРГЕ ҚАЙТЫП ОРАЛУ
Энджи екеуміз жылдар бойы толық уақытты қызметте қызығы мен шыжығы мол көптеген тапсырмалар атқардық. Мысалы, 1995 жылы маған Қызметті жетілдіру мектебінде сабақ беру тапсырылды. Ал үш жылдан соң Бетелге шақырылдық. Арнайы толық уақытты қызметіме бастама берген жерге 40 жылдан соң қайта оралу мен үшін зор бақыт еді! Мен онда біраз уақыт бойы қызмет бөлімінде істедім және көптеген теократиялық мектепте оқытушы болдым. 2007 жылы Басқарушы кеңес Бетелде өтетін мектептердің бәріне қарайтын Теократиялық мектептер бөлімін құрды. Мен бірнеше жыл бойы сол бөлімнің бақылаушысы ретінде қызмет ету мәртебесіне ие болдым.
Соңғы жылдары біз теократиялық білім беру саласында орын алған елеулі өзгерістерге куә болдық. 2008 жылы Қауым ақсақалдарына арналған мектеп басталды. Алғашқы екі жылдың ішінде Паттерсон мен Бруклиндегі Бетелде өткен бұл мектепте 12 000-нан астам ақсақал тәлім алды. Қазір мектеп басқа да көптеген жерлерде өткізілуде. Ал 2010 жылы Қызметті жетілдіру мектебінің атауы Салтбасты ер бауырластарға арналған Киелі кітап мектебі деп өзгертілді, сондай-ақ Мәсіхші ерлі-зайыптыларға арналған Киелі кітап мектебі деп аталатын жаңа мектеп құрылды.
2014 жылдың қыркүйегінде аталмыш екі мектеп біріктіріліп, Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп болды. Бұл мектепте ерлі-зайыптылар да, салтбасты ер және қыз бауырластар да оқи алады. Осы мектептің енді өз елдерінде өтетінін естігенде, дүниенің шартарабындағы бауырластардың төбесі көкке жеткені анық. Теократиялық мектептерде білім алуға кеңінен жол ашылып жатқанын көру бір ғанибет! Осындай тәлім алу үшін өмірінде өзгерістер жасаған көптеген бауырластармен танысқаныма сондай қуаныштымын.
Сонау бір суық қорадағы астауда шомылдыру рәсімінен өткен кезімнен қазірге дейінгі өміріме көз жіберсем, шындық жолында маған медет болған талай дана жандарды кездестіріппін. Сол үшін Ехобаға алғысым шексіз. Олардың бірі менен үлкен болса, бірі кіші, мәдениеттері де өзгеше еді. Бірақ бәрі рухани толысқан адамдар болатын. Олардың іс-әрекеттері мен көзқарастарынан Ехобаға деген зор сүйіспеншіліктің лебі есіп тұратын. Иә, Ехобаның ұйымында бізге үлгі-өнеге болатын дана адамдар көп. Мен сондай жандармен жүрудің зор игілігін көрдім.
Төрткіл дүниеден келген студенттермен кездесуді ұнатамын