Таңдау еркіндігі сыйын бағалайық
“Ехобаның рухы бар жерде азаттық бар” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 2-ХАТ 3:17).
1, 2. а) Таңдау еркіндігіне қатысты адамдардың пікірлері қандай? ә) Киелі кітапта таңдау еркіндігі жайлы не айтылған және қандай сұрақтарды қарастырамыз?
ЖЕКЕ ШЕШІМ қабылдау керек болғанда, бір әйел досына: “Мен басымды қатырғым келмейді. Не істеуім керектігін айта салшы, ең оңайы сол”,— деген екен. Ол Жаратушысынан алған құнды сыйды, таңдау еркіндігін, қолданудың орнына, өзі үшін біреудің шешкенін қалаған. Ал сіз ше? Өзіңіз шешім қабылдағанды жақсы көресіз бе, әлде біреудің сіз үшін шешкенін бе? Таңдау еркіндігі жайлы не ойлайсыз?
2 Таңдау еркіндігіне қатысты адамдар әртүрлі пікірде. Кейбірінің ойынша, таңдау еркіндігі деген нәрсе жоқ, себебі Құдай не істеп, не қоятынымыздың бәрін маңдайымызға жазып қойған. Ал басқалары шексіз еркіндікке ие болсақ қана бізде таңдау еркіндігі болады деп ойлайды. Алайда бұл жайтты дұрыс түсіну үшін Құдай Сөзі Киелі кітапқа жүгінелік. Онда Ехоба Құдайдың бізге таңдау еркіндігін, яғни саналы түрде жеке шешім қабылдауға қабілет пен еркіндік бергені айтылады (Ешуа 24:15 оқыңыз). Киелі кітаптан сондай-ақ мына сұрақтардың жауабын біле аламыз: Таңдау еркіндігіміздің шегі бар ма? Шешім қабылдауға деген бостандығымызды қалай қолданғанымыз абзал? Таңдау еркіндігін қалай қолданатынымыздан Ехобаны қаншалықты сүйетініміз қалай көрінеді? Өзгелердің шешімін құрметтейтінімізді қалай көрсетеміз?
ЕХОБА МЕН ИСАДАН НЕГЕ ҮЙРЕНЕ АЛАМЫЗ?
3. Ехоба өзінің шексіз еркіндігін қалай қолданады?
3 Тек Ехобада ғана шексіз еркіндік бар. Ол соны қалай қолданатынымен бізге үлгі көрсетеді. Мысалы, ол Исраил халқын өз халқы, “ерекше меншігі” етіп таңдап алуды шешті (Мұсаның 5-жазбасы 7:6—8). Ехоба мұны жөн-жосықсыз істей салған жоқ. Ол ғасырлар бұрын досы Ыбырайымға берген сөзінде тұрғысы келді (Мұсаның 1-жазбасы 22:15—18). Оның үстіне, Ехоба өз еркіндігін сүйіспеншілік пен әділдік сияқты қасиеттерімен үйлестіре отырып қолданады. Мұны шынайы ғибадаттан қайта-қайта тайған исраилдіктерді қалай жөнге салғанынан көреміз. Олар шын жүректен өкінгенде, Ехоба сүйіспеншілігі мен рақымын көрсетті. Ол: “Мен оларды сауықтырамын, енді опасыздық жасамайды... Оларды өз еркіммен жақсы көремін”,— деді (Ошия 14:4). Ехоба өз еркіндігін басқалардың игілігі үшін қолдануымен бізге керемет үлгі көрсетеді!
4, 5. а) Құдай таңдау еркіндігін ең алғаш рет кімге сыйлады және ол оны қалай қолданды? ә) Әрқайсысымыз қандай сұрақ жайлы ойлануымыз қажет?
4 Ехоба саналы жаратылыстарды жаратқанда, оларға ерік бостандығын беруді шешті. Осы сыйға алғаш ие болған — оның тұңғыш жаратылысы әрі “көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі” Иса (Қолостықтарға 1:15). Иса өзінің еркіндігін қалай қолданды? Тіпті жерге келмей тұрып, ол Құдайға адал болып қалуды және Шайтанның бүлігіне қосылмауды шешкен. Ал жер бетіне келген соң, өз еркімен Шайтанның азғыруларына қарсы тұрды (Матай 4:10). Өлер алдындағы түні айтқан дұғасында Иса Құдайдың еркін орындауға нық бекінгенін тағы да анық көрсетті. Ол: “Әке, егер қаласаң, бұл тостағаннан маған ішкізе көрме. Бірақ менің емес, сенің еркің болсын”,— деді (Лұқа 22:42). Біз де Исаға еліктеп, таңдау еркіндігімізді Ехобаны дәріптеу үшін әрі оның еркін орындау үшін пайдалана аламыз ба?
5 Иә, бұл жағынан Исаның үлгісіне еліктей аламыз, өйткені біз де Құдайға ұқсас етіп жаратылғанбыз (Мұсаның 1-жазбасы 1:26). Алайда бізде Ехобанікіндей шексіз еркіндік жоқ. Құдай Сөзінде Ехоба біздің еркіндігімізге шектеулер қойғаны әрі бізден солардың аясынан шықпайды деп күтетіні түсіндіріледі. Мәселен, отбасында әйелдер күйеулеріне, ал балалар ата-аналарына бағынулары қажет (Ефестіктерге 5:22; 6:1). Мұндай шектеулер таңдау еркіндігін қолдануымызға қалай әсер етеді? Біздің мәңгілік болашағымыз осы сұрақтың жауабына байланысты.
ТАҢДАУ ЕРКІНДІГІН ДҰРЫС НЕ БҰРЫС ПАЙДАЛАНУ
6. Еркіндігіміздің шектеулі болғаны неге орынды екеніне мысал келтіріңіз.
6 Шектеулі еркіндікті нағыз еркіндік деуге бола ма? Әрине, болады! Неге? Өйткені шектеулер бізді қорғайды. Айталық, сіз алыстағы бір қалаға баруды шештіңіз. Бірақ ол жолда ешқандай жол ережесі жоқ, жүргізушілер өздері қалаған жылдамдықпен, жолдың қалаған жағымен жүре береді. Мұндай жолда өзіңізді қауіпсіз сезінер ме едіңіз? Сірә, сезінбессіз. Олай болса, жұрттың бәрі нағыз еркіндіктің игілігін көру үшін шектеулер қажет-ақ. Қазір таңдау еркіндігімізді Ехоба қойған шектеулердің шеңберінде қолданудың қаншалықты пайдалы екенін Киелі кітаптағы кейбір мысалдардан көрейік.
7. а) Адамның хайуанаттардан бір айырмашылығы неде еді? ә) Адам ата таңдау еркіндігін қалай қолданғанына бір мысал айтып беріңіз.
7 Ехоба Адам атаны жаратқанда, оған да періштелерге берген сыйын, яғни таңдау еркіндігін, берді. Бұл оны инстинктімен тіршілік ететін хайуанаттардан ерекшелендірді. Адам ата өзінің таңдау еркіндігін дұрыс пайдаланғанына мысал келтірейік. Жан-жануарлар адамнан бұрын жаратылды. Әйтсе де оларға ат қоюдың қызығын Ехоба алғашқы адам баласына қалдырды. Құдай хайуанаттарды “қалай атайтынын білу үшін адамға әкелді”. Сонда Адам ата олардың әрбірін жақсылап бақылап, мағыналы ат қойды. Ехоба Адамның таңдауына қол сұғып, қойған аттарының ешқайсысын өзгерткен жоқ. Қайта, Адам “әрбір тіршілік иесін қалай атаса, солай аталатын болды” (Мұсаның 1-жазбасы 2:19).
8. Адам ата таңдау еркіндігін қалай бұрыс пайдаланды және бұл неге әкеп соқты?
8 Ехоба Адам атаға жер бетін жұмаққа айналдыруды тапсырып: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер. Теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға иелік етіңдер!”— деді (Мұсаның 1-жазбасы 1:28). Осы тапсырманы орындау үшін әжептәуір еркіндік берілсе де, Адам мұны қанағат тұтпады. Ол Құдайдың белгілеген шегін аттап өтіп, тыйым салынған жемісті жеуді шешті. Оның таңдау еркіндігін бұрыс пайдаланғанының кесірінен адамзат мыңдаған жыл бойы жапа шегіп келеді (Римдіктерге 5:12). Ендеше, Адам атаның шешімі неге әкеп соққанын естен шығармайық. Бұл бізді ерік бостандығымызды жауапкершілікпен әрі Ехоба қойған шектеулердің аясында қолдануға талпындырады.
9. Ехоба өз халқына қандай таңдау жасауға мүмкіндік берді және олар нені уәде етті?
9 Адам ата мен Хауа ана ұрпақтарының бәріне кемелсіздік пен өлімді қалдырды. Алайда адам баласында әлі де керемет сый — таңдау еркіндігін қолдану құқығы болды. Мұны Құдай мен Исраил халқының қарым-қатынасынан көреміз. Ехоба халқына өзінің ерекше меншігі болу-болмауға қатысты өз таңдауын жасауға мүмкіндік берді (Мұсаның 2-жазбасы 19:3—6). Олар өз еріктерімен Құдай халқы болуды таңдап, оның қойған шектеулерін бірауыздан қабыл алды да: “Ехобаның айтқандарының бәрін орындауға дайынбыз”,— деді (Мұсаның 2-жазбасы 19:8). Өкінішке қарай, уақыт өте келе халық таңдау еркіндігін бұрыс пайдаланып, уәдесінде тұрмады. Бұл — біз үшін маңызды ескерту. Ехобаға етене жақын болып, оның әділ талаптарына мойынсұну арқылы әрқашан таңдау еркіндігі сыйын жоғары бағалайық (Қорынттықтарға 1-хат 10:11).
10. Кемелсіз адамдар таңдау еркіндігін Құдайды дәріптеу үшін қолдана алатынына қандай дәлелдер бар? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
10 Еврейлерге арналған хаттың 11-тарауында аты аталған 16 ер мен әйел Ехобаның қойған шектеулерін сыйлауды шешті. Соның арқасында олар көптеген батаға кенелді және болашаққа деген керемет үмітке ие болды. Мысалы, Нұх зор сенім танытып, өз отбасы мен келер ұрпақты сақтау үшін кеме тұрғызуға қатысты Құдайдың нұсқауларына мойынсұнуды шешті (Еврейлерге 11:7). Ыбырайым мен Сара да даярлықпен Құдайдың айтқанын істеп, уәде етілген елге аттанды. Осы ұзақ сапар кезінде олардың өркениетті Ур қаласына “кері қайтуға” мүмкіндігі болды. Бірақ екеуі сенім көздерін “Құдайдың уәде еткендерінен” тайдырмай, “әлдеқайда жақсы... мекенге ұмтылды” (Еврейлерге 11:8, 13, 15, 16). Мұса болса Мысырдың қазына-байлығынан бас тартып, “күнәдан уақытша рақат алудан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады” (Еврейлерге 11:24—26). Ендеше, ежелдегі сол адал жандардың сеніміне еліктеп, ерік бостандығын Құдайдың еркін орындау үшін қолдана отырып, осы сыйды бағалай білейік.
11. а) Таңдау еркіндігінің арқасында кенелетін зор баталардың бірі қандай? ә) Таңдау еркіндігін дұрыс қолдануға сізді не талпындырады?
11 Біз үшін біреудің шешім қабылдай салғаны оңай көрінер, бірақ бұлай етсек, таңдау еркіндігінің арқасында кенелетін зор баталардың бірінен құралақан қаламыз. Ол нендей бата? Бұл туралы Мұсаның 5-жазбасы 30:19, 20-да (оқыңыз) айтылған. 19-тармақта Құдай исраилдіктерге таңдау бергені жазылған. Ал 20-тармақтан Ехоба оларға өзін қаншалықты сүйетінін көрсетуге керемет мүмкіндік бергенін білеміз. Біз де Ехобаға ғибадат етуді таңдай аламыз. Біздің еншімізде де Құдай сыйлаған таңдау еркіндігін оны мадақтау үшін және қаншалықты жақсы көретінімізді көрсету үшін қолдануға ерекше мүмкіншілік бар!
ТАҢДАУ ЕРКІНДІГІ СЫЙЫН ТЕРІС ҚОЛДАНБАЙЫҚ
12. Құдай сыйлаған таңдау еркіндігімен не істемеуіміз керек?
12 Сіз досыңызға бір қымбат сыйлық жасадыңыз делік. Ол сыйлығыңызды қоқысқа тастаса, не тіпті онымен біреуді жаралаған болса, нендей сезімде болар едіңіз? Бұған қатты қынжылсаңыз керек. Ехоба бізге таңдау еркіндігін сыйлады. Ал егер адамдар оны теріс қолданып, бұрыс шешім қабылдап жатса не біреулерге зақым келтіріп жатса, бұл оған ауыр тиетіні түсінікті. Киелі кітапта “соңғы күндері” адамдардың “алғысты білмейтіні” айтылып кеткен (Тімөтеге 2-хат 3:1, 2). Сондықтан да Ехоба берген осы қымбат сыйды теріс қолданудан не қадірін білмей кетуден аулақ болайық. Алайда оны теріс қолданбау үшін не істеуіміз керек?
13. Мәсіхшілер үшін өз еркіндігін бұрыс пайдаланудан аулақ болудың бір жолы қандай?
13 Бәріміз де кіммен дос болатынымызды, қандай киім киетінімізді, сырт келбетіміздің қалай көрінетінін және қалай көңіл көтеретінімізді таңдауға еріктіміз. Алайда “еркіндігімізді жаман істерімізді жасыру”, не ақтау, үшін пайдаланып, тәндік қалауларымыздың жетегіне еруді немесе осы дүниенің беталысымен жүруді таңдап кетуіміз мүмкін (Петірдің 1-хаты 2:16 оқыңыз). Ендеше, еркіндігімізді “тәндік құмарлықтарды қанағаттандыру үшін пайдаланудың” орнына, “бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер” деген кеңеске сай болатын таңдау жасауға бекінелік (Қорынттықтарға 1-хат 10:31; Ғалаттықтарға 5:13).
14. Неге таңдау еркіндігін қолданғанда Ехобаға сенім артуымыз қажет?
14 Ехоба: “Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін, Жүрулерің тиіс жолмен жетелеймін”,— деген (Ишая 48:17). Сондықтан Ехобаға сенім артып, бізді қорғау үшін орнатқан шектеулерін қабылдауымыз қажет. Сондай-ақ мына сөздердің растығын да кішіпейілділікпен мойындаймыз: “Пенденің өмір жолы өз билігінде емес... Адам тіпті өз қадамына бағыт бере алмайды” (Еремия 10:23). Олай болса, Адам атаға және исраилдіктерге ұқсап, Ехоба қойған шектеуден аттап өтіп, өз ақылымызға сүйеніп жүрмейік. Қайта, “Ехобаға бар жүрегімізбен сенім артайық” (Нақыл сөздер 3:5).
ӨЗГЕЛЕРДІҢ ТАҢДАУ ЕРКІНДІГІН ҚҰРМЕТТЕУ
15. Ғалаттықтарға 6:5-тегі принциптен не нәрсеге үйренеміз?
15 Сонымен қатар біз өзгелердің таңдау жасау құқын құрметтеуге тиіспіз. Неліктен? Таңдау еркіндігі сыйы бәрінде бар, сондықтан екі мәсіхші әрқашан бірдей шешім қабылдамайды. Бұған тіпті ғибадатымыз бен жүріс-тұрысымызға қатысты мәселелер де жатады. Ғалаттықтарға 6:5-тегі (оқыңыз) принципті еске алайықшы. Әр мәсіхші жасаған шешімі үшін өзі жауап беретінін мойындасақ, өзгелердің өз таңдау еркін қолдану құқын сыйлайтын боламыз.
Біз жеке шешім қабылдаймыз, бірақ өзгелерді біздікіндей шешім қабылдауға мәжбүрлемейміз (15-абзацты қараңыз)
16, 17. а) Қалайша Қорынттағы қауымда таңдау еркіндігіне қатысты мәселе көтерілді? ә) Пауыл бұл мәселені қалай шешті және бұдан біз қандай сабақ аламыз?
16 Киелі кітаптан басқа бауырластардың таңдау еркіндігін неліктен сыйлауымыз керектігін көрсететін бір мысалды қарастырайық. Қорынт қауымындағы мәсіхшілер пұттарға бағышталған болуы мүмкін етті базардан сатып алып жеуге қатысты сөз таластырған. Кейбір мәсіхшілер: “Пұттар түкке тұрғысыз болғандықтан, етті таза ар-ұжданмен жей беруге болады”,— деп ойлаған. Алайда араларындағы кейбірі кезінде пұттарға табынғандықтан, мұндай етті жеуді соларға табынумен тең деп есептеген (Қорынттықтарға 1-хат 8:4, 7). Бұл қауымды жікке бөлуі мүмкін шиеленісті мәселе еді. Пауыл мәсіхшілерге осы дауды шешуге қалай көмектесті?
17 Алдымен, Пауыл екі топқа да тамақтың оларды Құдайға жақындатпайтынын айтты (Қорынттықтарға 1-хат 8:8). Содан соң, оларға “таңдау еркіндіктері әлсіздерді сүріндіріп жүрмеуін” ескертті (Қорынттықтарға 1-хат 8:9). Ал кейінірек, ар-ұждандары сезімтал мәсіхшілерге осындай етті жеуді шешкендерді соттамауды айтты (Қорынттықтарға 1-хат 10:25, 29, 30). Демек, ғибадатқа байланысты бұл маңызды мәселеде әр мәсіхші өзі шешім қабылдауы керек еді. Біз де бауырластардың тіпті кішігірім мәселелерде жеке шешім қабылдауға деген құқын сыйлауымыз керек емес пе? (Қорынттықтарға 1-хат 10:32, 33).
18. Таңдау еркіндігі сыйын бағалайтыныңызды қалай көрсете аласыз?
18 Ехоба бізге таңдау еркіндігін сыйлаған, соның арқасында бізде нағыз азаттық бар (Қорынттықтарға 2-хат 3:17). Біз бұл сыйды жоғары бағалаймыз, өйткені сол арқылы Ехобаны қаншалықты сүйетінімізді көрсететін шешімдер қабылдай аламыз. Ендеше, таңдау еркіндігін Құдайға мадақ әкелетіндей етіп қолдану арқылы және өзгелердің осы сыйды қолдану құқын құрметтеу арқылы осы құнды сыйға деген ризашылығымызды білдіре берейік.