Мәселені тез арада шешіңіз
СІЗ бір бауырласқа ренжіп, араласпай кететіндей жағдайға жеттіңіз бе? Онда мәселені тез арада шешіп, бауырласыңызбен татуласуыңыз керекa.
Мысалы, сынған сүйекті бірден орнына салу керек. Егер емдемей жүре берсе, жаныңа батып, сыздап ауырады. Одан да жаманы, сүйек қисық бітіп кетуі мүмкін, ондай кезде оны қайтадан орнына келтіру өте қиын болады.
Тура солай, бауырласыңызбен араңызға сызат түскенде ештеңе істемей, жүре беруге болмайды. Әйтпесе болған жағдай жаныңызға батып, бара-бара ол бауырласпен араңыз суып кетеді. Осылай досыңыздан біржола айырылып қаласыз. Сондықтан Иса айтқандай, “мәселені тезірек шешкен” маңызды (Мат. 5:25). Бауырласыңызға барып, болған жағдайды сабырмен талқылап, ашық сөйлесіңіз. Бірақ осы бір қарапайым қадамды жасау кейде қиын болып жатады. Неге?
Біріншіден, біреулер ашық сөйлесуден қорқып, мәселені шешуден қашып жүредіb. Киелі кітаптағы Еуодия мен Синтихенің жағдайын алсақ, олар бір-бірімен келіспей қалған көрінеді. Бұл жағдай сонау Римде жүрген Пауылдың құлағына жеткенін ескерсек, олар араларындағы мәселені ұзақ уақыт бойы шешпей жүріп алған секілді. Пауыл бұл екі бауырласты татуласып, бір ойда болуға шақырды (Філіп. 4:2). Егер олар кішіпейілділік танытып, ашық әңгімелесіп, бір-бірін кешіре білген болса, достықтары қайтадан нығайғанында күмән жоқ.
Екіншіден, кейбіреулер басқа адамды кінәлі санап, өзі келсін деп күтіп отырады. Бірақ кінәліні табудан гөрі, бауырласыңызбен татуласу әлдеқайда маңызды емес пе?! Әдетте дәрігер де сүйек қалай сынғанын тәптіштеп сұрап жатпай, бірден сүйекті орнына салып, емдейді ғой. Сіз де бауырласыңызбен сөйлескенде, болған жағдайды қазбалап, кінәліні іздемеңіз. Оның орнына, ол адам сізге қаншалықты қымбат екенін және онымен татуласу үшін не істесеңіз болады, соны көбірек ойлаңыз.
Егер бауырласыңызға ренжіп жүрген болсаңыз, неге онымен бүгін-ақ сөйлесіп көрмеске?! Осылай сіз Киелі кітаптағы “күн батпай тұрып ашуларыңды басыңдар” деген кеңеске сай әрекет етесіз (Ефес. 4:26). Бауырласыңызбен мүмкіндігінше тезірек татуласатын болсаңыз, қауымның бірлігін сақтап қаласыз (Ефес. 4:1—3).
a Кішігірім түсініспеушіліктер туындағанда, бауырластар жеке сөйлесіп, мәселені шешуге және бір-бірін кешіруге дайын болуы керек (Мат. 5:23, 24). Ал күрделі мәселелер туындағанда, кейде ақсақалдардың көмегі қажет болуы мүмкін (Мат. 18:17). Бірақ ақсақалдарға жүгінбес бұрын, бауырлас Матай 18:15, 16-дағы қадамдарды жасауы керек.
b Егер бауырластың қандай да бір әрекеті көңіліңізге тиіп, бірақ бұл арадағы достыққа сызат түсірмеген болса, онда болған жағдайды онымен талқылаудың қажеті жоқ, оны жай ғана ұмыта салғаныңыз дұрыс болады (Нақ. с. 26:20).