ӨМІРБАЯН
Ехоба мен ойламаған жақсылығымен марапаттады
“Мен ізашар болуым керек. Бірақ бұл қызмет маған ұнай ма екен?” Бұл менің санамда жүрген уайымым еді. Мен өз жұмысымды қатты жақсы көретінмін. Дәнді-дақылдар мен ұн сияқты қажетті заттарды Африканың көптеген жерлеріне жөнелтетін едім. Оның арасында Дар-эс-Салам, Элизабетвиль және Асмэра бар еді. Күндердің күнінде толық уақытты қызмет атқарып, Африканың осы және басқа да жерлерін аралайтынымды кім білген?!
Ақыры күмәнімді жеңіп, ізашарлық қызметті бастағанда, алдымнан мен ойламаған есіктер ашылды (Ефес. 3:20). Қандай дейсіздер ғой? Әңгімемді басынан тарқатайын.
Мен 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың басталғанына бірнеше ай болғанда, Берлин (Германия) қаласында дүниеге келдім. 1945 жылы соғыс соңына таяп қалған кезде Берлин қаласы аяусыз бомбаланып жатты. Бірде бомба біздің көшеге түсіп, бүкіл көшені өртке орады. Біз отбасымызбен бірге бас сауғалайтын жерге қашып кеткен едік. Кейін бас амандығымыз үшін анамның туған қаласы Эрфуртқа көштік.
Ата-анам, қарындасым және мен (1950 жыл, Германия)
Анам шындықты іздеген жан еді. Ол көптеген философтардың еңбектерін оқып, түрлі діндерді зерттейтін. Бірақ ешқайсысы көңілін көншітпеді. 1948 жылға таман біздің үйге екі Ехоба куәгері келді. Анам оларды үйге кіргізіп, көптеген сұрақтар қоя бастады. Олардың келгеніне бір сағат болар-болмас анам қарындасым екеумізге: “Мен шындықты таптым!”— деді. Содан көп ұзамай анам, қарындасым үшеуміз Эрфурттағы жиналысқа бара бастадық.
1950 жылы біз қайтадан Берлинге көшіп, “Берлин-Кройцберг” қауымына баратын болдық. Кейін Берлиннің басқа жеріне көштік. Ол жерде “Берлин-Темпельхоф” қауымына барып жүрдік. Уақыт өте келе анам шомылдыру рәсімінен өтті, бірақ мен тартыншақтадым. Неліктен?
ҰЯЛШАҚТЫҒЫМДЫ ҚАЛАЙ ЖЕҢДІМ?
Ұялшақтығым Ехобаға көбірек қызмет етуіме кедергі жасады. Екі жыл қызметке шығып жүрсем де, бірде-бір адаммен сөйлескен емеспін. Бірақ батылдығы мен Құдайға деген шын берілгендігін дәлелдеп шыққан бауырластармен араласқаным маған қатты әсер етті. Олардың кейбірі нацистік концлагерьлерде немесе Шығыс Германиядағы түрмелерде қамауда болған еді. Өзгелері өз өмірлерін қауіпке тігіп, жасырын түрде Шығыс Германияға әдебиеттер алып баратын. Олардың Ехоба мен бауырластар үшін түрмеге жабылудан қорықпай, тіпті өмірлерін қатерге тіккендері маған қатты әсер етті. Сондықтан мен де өз ұялшақтығыммен күресуім керек деп ойладым.
1955 жылы өткен арнайы уағыз науқанына қатысқаным ұялшақтығымды жеңуге көмектесті. “Хабаршыда”a Нейтан Норр сол науқанның ұйым тарихында айтулы шаралардың бірі болатынын хабарлады. Оның айтуынша, жариялаушылардың барлығы қатысса, “жер жүзінде бұрын соңды болмағандай куәлік берілетін ерекше ай болар еді”. Бәрі Норр бауырлас айтқандай болды! Көп ұзамай мен өмірімді Ехобаға бағыштап, 1956 жылы әкем, қарындасым үшеуміз шомылдыру рәсімінен өттік. Бірақ алда мені тағы бір шешім күтіп тұрды.
Әйтеуір бір күні ізашар болуым керектігін білсем де, мен бұны кейінге ысыра бердім. Алдымен, мен түрлі тауарларды алып-сатуды үйреніп алайын, одан кейін мамандығым бойынша жұмыс істеп тәжірибе жинақтап алайын деген ой болды. Сөйтіп, 1961 жылы Германияның ең ірі порт қаласына Гамбургқа жұмысқа тұрдым. Жұмысыма басыммен кірген сайын ізашарлығым кейінге ысырыла берді, ысырыла берді. Енді қайтпек едім?
Ехобаға мың да бір рақмет, ол маған бауырластар арқылы рухани мақсаттарды орын-орнымен қоюға көмектесті. Менің бірнеше досым ізашарлық қызметті бастап, маған жақсы үлгі болды. Бұған қоса, кезінде концлагерьде қамауда болған Эрих Мунт бауырлас мені Ехобаға сенім артуға талпындырды. Ол бір сөзінде лагерьде өз күшіне сенім артқан ер бауырластар уақыт өте рухани жағынан әлсірегенін айтып берген еді. Ал Ехобаға толықтай сенім артқандар адал болып қалып, кейін қауымның тірегіне айналды.
1963 жылы ізашарлықты бастаған кез
Басқарушы кеңесте қызмет еткен Мартин Пётцингер бауырлас: “Батылдық — сендерге қажет ең құнды қасиет!”— деп жігерлендірді. Осы сөздер жайлы ойланған соң, ақыры жұмысымды тастап, 1963 жылы ізашарлық қызметті бастадым. Өмірімдегі ең дұрыс шешімім осы болған шығар. Екі айдан кейін әлі жұмыс іздеуге кіріспей тұрғанда-ақ, Ехоба мені арнайы ізашар етіп тағайындады. Бірнеше жылдан кейін Ехоба маған тағы бір күтпеген сый жасады: мен Ғалақат мектебінің 44-сыныбына шақырылдым.
ҒАЛАҚАТТАН АЛҒАН ҒИБРАТЫМ
Ғалақаттан “тағайындалған жерден көңілің қалмасын” деген сабақты түйіп алдым. Әсіресе Нейтан Норр мен Лайман Суингл осы ойға баса назар аударды. Олар қиындығына қарамастан қызметімізді тастамауға шақырды. Нейтан Норр бауырлас былай деді: “Сендер назарларыңды не нәрсеге бағыттайсыңдар: сол жердің шыбын-шіркейіне, кедейшілігіне, ластығына ма? Әлде айналадағы ағаштарға, гүлдерге, адамдардың бақытты жүздеріне ме? Адамдарды жақсы көруді үйреніңдер”. Лайман бауырлас кейбіреулердің не себепті қызметтерін тастайтынын айтқанда, көңілі босап, көзіне жас толды. Баяндамасын жалғастыра алмай, іркіліп қалды. Бұл жүрегіме дейін жетті. Сонда мен Мәсіхті де, оның адал бауырларын да ренжітпеймін деген шешімге келдім (Матай 25:40).
Мен, Клод және Генрих миссионерлік қызметте (1967 жыл, Лубумбаши)
Қайда тағайындалғанымыз белгілі болғаннан кейін, кейбір бетелдіктер қайда кететінімізді сұрап жатты. Олар әр бауырластардың тағайындалған жерлері жайлы жылы сөздер айтып жатты. Кезек маған келіп: “Конго (Киншаса)”,— деп едім, олар үндемей қалды. Сосын: “Оһ, Конго?! Онда Ехоба саған жар болсын”,— деді. Сол күндері Конгодағы адамдардың қырылысып, бір-бірін өлтіріп жатқаны туралы жаңалықтарда көп айтатын. Бірақ мен Ғалақадтан білген-түйгенімді ойымда мықтап ұстадым. 1967 жылы қыркүйекте болған бітіру салтанатынан кейін Генрих Денбостель, Клод Линдсей және мен Конгоның астанасы Киншасаға жол жүріп кеттік.
МИССИОНЕРЛІККЕ БАУЛЫҒАН ҚЫЗМЕТ
Киншасаға келген соң біз үш ай француз тілін үйрендік. Сосын Конгоның оңтүстігінде, Замбияның шегарасына жақын жатқан Лубумбаши қаласына (бұрынғы Элизабетвиль) ұшып бардық. Біз қаланың ортасында орналасқан миссионерлер үйіне көшіп бардық.
Бізге дейін Лубумбаши қаласының көп жері мүлдем уағыздалмағандықтан, тұрғындарға шындық жайлы бірінші болып айтатынымызға қатты қуандық. Киелі кітапқа қызыққан адамдардың көп болғаны сонша — бәрімен бірдей зерттеу өткізуге уақыт таппайтынбыз. Мемлекет қызметкерлеріне де, полиция қызметкерлеріне де уағыздайтынбыз. Олардың көбісі Құдай Сөзіне және біздің ісімізге үлкен құрметпен қарады. Адамдардың көбі суахили тілінде сөйлегендіктен, Клод бауырлас екеуміз сол тілді меңгеруге күш салдық. Содан кейін бізді суахили тілді қауымға тағайындады.
Қызметіміздің қызығымен қатар шыжығы да болмады емес, болды. Бізге жиі қаруланған, оның үстіне мас сарбаздар, ашулы полиция қызметкерлері істемегенді істеді деп жала жабушы еді. Бірде тапанша ұстаған көп полицейлер миссионерлер үйінде өтіп жатқан қауым кездесуіне кіріп келіп, бізді орталық полиция бөлімшесіне алып кетті. Лас еденге отырғызып, түнгі ондарға дейін ұстады.
1969 жылы мен аралаушы бақылаушы болдым. Сол ауданда жүріп, Африканың батпағын да, биік шөптерін де көрдік. Бір ауылда мынадай қызық жағдай болды. Түнде дәл төсегімнің астында бір тауық балапандарымен бірге жайғасып алыпты. Ал таңға жуық даланы әлі қараңғы басып жатқанда, әлгі тауық бар дауысымен мені ұйқыдан оятпасы бар ма?! Бауырластармен бірге кешқұрым оттың айналасында отырып, Киелі кітаптың құнды шындықтары жайлы айтқан әңгімелеріміз жиі ойыма оралады. Бұл да мен үшін бір әдемі естелік болып қалды.
Сол жылдары қиын да күрделі болған мәселе жалған Ехоба куәгерлері еді. Олар “Китавала”b деген қозғалыстың жақтаушылары болатын. Олардың кейбірі шомылдыру рәсімінен өтіп, тіпті қауым ақсақалы болып тағайындалды. Қауымда “қауіпті жартастар” сияқты болған бұл адамдар адал бауырластарды алдай алмады (Яһуда 12). Ехоба бұл адамдарды қауымнан өзі-ақ аластатты. Содан кейін адамдар шындық жолына ағылып келді.
1971 жылы мен Киншаса филиалына тағайындалдым. Ол жерде хат алысу, әдебиетке тапсырыс беру сияқты қызметтер атқардым, сондай-ақ қызмет бөліміне көмектестім. Бетелде жүріп жарық жүйесі, жолдары, тасымалдау саласы дамымаған ірі елдерде біздің ісімізді ұйымдастыруды үйрендім. Кейде хаттарымыз қауымдарға жету үшін айлар кететін. Хаттарымыз ұшақтан кемелерге тиелетін. Кеме бірнеше апта суда кілем сияқты жайылып өсетін гиацинтке тіреліп, жүре алмай қалатын. Осындай қиындықтар мен басқа да кедергілерге қарамастан біздің ісіміз тоқтап қалмады.
Бауырластар қолдағы аз қаражатпен үлкен конгрестерді қалай өткізіп жатқандарын көріп таң-тамаша болатынмын. Олар термиттердің илеуінен сахна жасайтын. Піл шөбі деп аталатын шөпті қабырға ретінде, ал оның оралған түрін көпшік ретінде қолданатын. Бамбуктан тіреуіш жасап, ал қамыстан шатыр және үстел істейтін. Шеге болмағандықтан, ағаштың қабығын жұқа етіп кесіп, шегенің орнына жұмсайтын. Бауырластардың осындай тапқырлықтарын көріп таңғалатынмын. Олар жаныма сондай жақын болып кетті. Олардан кетіп, басқа жерге тағайындалғанда, қалай сағынғанымды білсеңіздер ғой!
КЕНИЯДАҒЫ ҚЫЗМЕТ
1974 жылы мен Найробидегі (Кения) филиалға ауыстырылдым. Жұмыс бастан асатын, өйткені Кениядағы филиал көршілес жатқан 10 елдің уағыз ісіне бас-көз болатын. Ол елдің кейбірінде ісімізге тыйым салынған еді. Мені сол елдерге жиі жіберетін, әсіресе Эфиопияға. Ол жердегі бауырластар қуғындалып, ауыр сынақтарға төтеп беріп жатты. Бауырластарды ешкім аяп жатпады, оларды түрмеге жапты, кейбірін тіпті өлтіріп тастады. Бірақ олар темір қазықтай нық тұрып, адал екенін көрсетті. Өйткені Ехобамен және бір-бірімен қарым-қатынастары жақсы еді.
1980 жылы өмірімде бір керемет өзгеріс болды. Мен Канаданың тумасы Гейл Мэтсан есімді қызға үйлендім. Негізі екеуміз Ғалақадтың бір сыныбында оқығанбыз. Бір-бірімізге хат жазып, хабарласып тұратынбыз. Ол Боливияда миссионер болып жүрді. Арада 12 жыл өткен соң екеуміз Нью-Йорк қаласында қайта кездестік. Содан көп ұзатпай-ақ біз Кенияда үйлендік. Гейлдың бойында бір ұнайтыны — оның кез келген нәрсеге рухани көзқарасы мен барға қанағат ететіні. Осы күнге дейін ол — қасымда тілеуімді тілеп, қолтығымнан демеп жүрген жан серігім.
1986 жылы мені аралаушы бақылаушы қызметіне тағайындады. Әйелім екеуміз Кенияның филиалы бас-көз болған көптеген елдерді аралайтынбыз. Сол қызметпен қатар филиал комитетінде де қызмет етіп жүрдім.
Конгресте баяндама айтып жатқан кез (1992 жыл, Асмэра)
1992 жылы Асмэрада (Эритрея) конгреске жасалған дайындық жұмыстары әлі күнге дейін көз алдымда. Ол кезде ісімізге тыйым салынбаған еді. Конгресс үшін біздің бар тапқанымыз ішінен гөрі сырты тәуір көрінген ұсқынсыз бір қойма болатын. Конгресс күні бауырластар сол жерді хан сарайдай құлпыртып, ғибадат етуге лайық жерге айналдырып жібергенін көргенде, аузым ашылды да қалды. Көп отбасы көркемдеу үшін заттарын алып келді. Жыртығын жамап дегендей, қойманың көріксіз жерлерін жасырып қойды. Сөйтіп, конгреске келген 1279 адаммен бірге бәріміз бағдарламаны қуана, рақаттана тыңдадық.
Тоқтайтын үйлеріміз әртүрлі болғандықтан, бізге апта сайын бейімделу керек еді, бұны оңай деп айту қиын. Бірде теңіздің жағасындағы әдемі үйге жайғассақ, басқа жолы темірден жасалған қарапайым үйге тоқтайтынбыз. Дәретханаға бару үшін 100 метрдей жүру керек еді. Бірақ қайда қызмет етсек те, жалындап тұрған ізашарлармен, жариялаушылармен өткізген күндеріміз — біз үшін ең қымбат естелік. Жаңа тағайындалу алғанда, қаншама достарымызбен қимастықпен қоштасуға мәжбүр болдық.
ЭФИОПИЯДАҒЫ БАТАЛАР
1980 жылдардың аяғы мен 90 жылдардың басында Кениядағы филиалдың қарамағындағы бірнеше елде біздің ісіміз ресми тіркелді. Соның нәтижесінде әр жерде филиалдар мен жергілікті кеңселер бой көтерді. 1993 жылы бізді Аддис-Абебадағы (Эфиопия) кеңсеге тағайындады. Қаншама жылдар біздің ісіміз жасырын түрде атқарылып, енді, міне, заңды түрде мойындалды.
Аралаушы бақылаушы кезім (1996 жыл, Эфиопиядағы ауыл)
Ехоба Эфиопиядағы ісімізге көл-көсір батасын төкті. Көптеген бауырлас ізашарлық қызметті бастады. 2012 жылдан бастап жыл сайын жариялаушылардың 20 пайыздан көбі тұрақты ізашар болып қызмет етеді. Бұған қоса, теократиялық мектептер қажетті тәлім беріп жатыр. 120-дан көп Патшалық сарайлары соғылды. Ал 2004 жылы Бетел отбасы жаңа ғимаратқа көшті. Бетелдің қасында соғылған Конгресс сарайы да бауырластар үшін орны бөлек бір бата болды.
Қаншама жылдан бері Эфиопиядағы бауырластардың көбісімен жақсы араласып, туған бауырдай болып кеттік. Олардың мейірімділігі мен махаббаттары жүрегімізден ойып тұрып орын алды. Жақында денсаулығымыз сыр бергендіктен, бізді Орталық Еуропа филиалына тағайындады. Бұл жерде бізді аялы алақанға салғандықтан, қамқорлықты сезініп жатқан жайымыз бар. Десе де жүрегіміз Эфиопиядағы бауырластармен бірге қалды.
ӨСІРЕТІН — ЕХОБА
Ехоба өз ісіне қалай өсім беретінін өз көзімізбен көрдік (Қор. 1-х. 3:6, 9). Мысалы, Конгоға мыс іздеп келген руандалықтарға уағыздағанда, Руандада жариялаушылар әлі болмаған еді. Ал қазір ол жерде 30 000-нан аса бауырлас бар. 1967 жылы Конгода (Киншаса) шамамен 6000 бауырлас бар еді, ал қазір 230 000-ға жуық жариялаушы бар. 2018 жылы Еске алу кешіне миллионнан аса адам келді. Бір кездері Кенияның қарамағында болған барлық елдегі жариялаушылардың жалпы саны 100 000-нан артты.
Өз өмірімнің тарих дөңгелегін 50 жылға кері айналдырсам, маған толық уақытты қызметтің дәмін сездіру үшін Ехоба қанша бауырласты жұмылдырды десеңізші! Қанша жыл өтсе де, мен әлі де ұялшақпын. Бірақ мен Ехобаға толықтай сенім артуды үйрендім. Африка мен үшін үлкен өмір мектебі болды, мен шыдамдылыққа, барға шүкіршілік етуді үйрендім. Гейл екеуміз аяулы бауырластардың керемет қонақжайлылығына, асау қиындыққа мойымайтындарына, Ехобаға таудай сенімдеріне тәнтіміз. Ехобаның рақымына деген ризашылығым жүрегімнің тереңінен бастау алады. Ехоба мені өзім ойламаған жақсылығымен марапаттады (Зәб. 37:4).
a Бұрын “Біздің қасиетті қызметіміз”, ал қазір “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері деп аталады.
b “Китавала” деген атау суахили тіліндегі “үстем ету, басқару немесе билік ету” дегенді білдіретін сөзден шыққан. Бұл саяси қозғалыстың мақсаты Бельгиядан тәуелсіздік алу еді. Бұл топ Ехоба куәгерлерінің басылымдарын алатын, зерттейтін және тарататын. Өздерінің саяси көзқарастарын, ырым-жырымдарын, құлықсыз өмір салттарын ақтау үшін Киелі кітап ілімдерін бұрмалаған.