Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 қыркүйек 2—7 бет.
  • Ақсақалдардың көмегіне жүгінуден тартынбаңыз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ақсақалдардың көмегіне жүгінуден тартынбаңыз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • АҚСАҚАЛДАРДЫҢ КӨМЕГІНЕ ҚАЙ КЕЗДЕ ЖҮГІНУІМІЗ КЕРЕК?
  • АҚСАҚАЛДАРДЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
  • АҚСАҚАЛДАР БІЗГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?
  • ӘР МӘСІХШІ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
  • Сүюші ақсақалдар күнә жасаған адамға мейіріммен қарайды
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Қауымдар қандай тәртіппен құрылған?
    Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз! (интерактивті Киелі кітап сабақтары)
  • Ер бауырластар, ақсақал болуға ұмтылып жүрсіз бе?
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Құдай халқының игілігі үшін қам жейтін бағушылар
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2023)
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 қыркүйек 2—7 бет.

36-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

Ақсақалдардың көмегіне жүгінуден тартынбаңыз

“Онда қауым ақсақалдарын шақырсын” (ЖАҚ. 5:14).

НЕГІЗГІ ОЙ

Көмекке мұқтаж кезіңізде ақсақалдарға жүгініңіз.

1. Ехоба үшін қызметшілері қаншалықты бағалы?

ҚОЙШЫ өз қойларын күтіп-баптайтынындай, Ехоба да өз отарын аялап, қамқорлайды. “Өз Ұлының қанымен сатып алынған” отарын бағуды Ехоба ақсақалдарға сеніп тапсырған (Ел. іс. 20:28). Ол аса жоғары құн төленген отарын ақсақалдар да мәпелеп жүрсе екен дейді. Мәсіхтің жетекшілігімен ақсақалдар Құдайдың отарын жігерлендіріп, жұбатып, рухани қауіп-қатерден қорғайды (Ишая 32:1, 2).

2. Ехоба әсіресе кімдерге ерекше көңіл бөледі? (Езекиел 34:15, 16)

2 Ехобаға отарындағы әрбір қойдың жағдайы маңызды. Ол әсіресе қиналып жүрген қызметшілеріне ерекше көңіл бөледі. Мысалы, қателік жасап, соның зардабын шегіп жүргендерге Ехоба ақсақалдар арқылы рухани көмек көрсетеді (Езекиел 34:15, 16 оқыңыз). Бірақ ол бізге бұндай жағдайда ғана емес, барлық кезде қол ұшын беруге әзір. Көмекке мұқтаж кез келген уақытта Ехоба біздің дұға етіп қана қоймай, қауымдағы “бағушыларға және ұстаздарға” жүгінгенімізді қалайды (Ефес. 4:11, 12).

3. Қауымдағы ақсақалдардың рөлін түсініп алу неге бәріміз үшін де маңызды?

3 Бұл мақалада Ехоба қызметшілеріне ақсақалдар арқылы қалай рухани көмек көрсететінін білеміз. Ол үшін келесі үш сұрақты қарастырамыз: Ақсақалдардың көмегіне қай кезде жүгінуіміз керек? Олардың көмегіне жүгіну неге маңызды? Ақсақалдар бізге қалай көмектеседі? Рухани күйіміз қазір мықты болса да, бұл мақаланың пайдасы көп. Біріншіден, қауымдағы ақсақалдардың қызметін бағалай түсеміз. Екіншіден, ақсақалдардың көмегі қажет болған жағдайда не істеу керектігін білеміз.

АҚСАҚАЛДАРДЫҢ КӨМЕГІНЕ ҚАЙ КЕЗДЕ ЖҮГІНУІМІЗ КЕРЕК?

4. Жақыптың сөздері рухани ауырып қалған адамға қатысты айтылғанын қайдан білеміз? (Жақып 5:14—16, 19, 20) (Суреттерді де қараңыз.)

4 Ехоба ақсақалдар арқылы қызметшілеріне қалай көмектесетініне назар аударып, шәкірт Жақып былай деген: “Араларыңдағы біреу ауырып қалды ма? Онда қауым ақсақалдарын шақырсын” (Жақып 5:14—16, 19, 20 оқыңыз). Бұл жерде Жақып кәдімгі ауырып қалған адам жайлы емес, рухани ауырып қалған, яғни Ехобамен қарым-қатынасын бұзып алған адам жайлы айтқан. Мұны қайдан білеміз? Байқасақ, Жақып ауырып қалған адам дәрігерді емес, ақсақалдарды шақырсын деген. Сондай-ақ науқас сауығады дегенде, оның күнәлары кешірілетінін айтқан. Кәдімгі сауығу мен рухани сауығу шынымен де ұқсас келеді. Әдетте ауырып қалған адам дәрігерге барады, оған не мазалайтынын айтып береді, сосын сауығу үшін дәрігердің айтқандарын істейді. Тура солай, рухани ауырып қалған адам ақсақалдарға барып, жағдайын бүкпей айтып, кейін олардың Киелі кітаптан берген кеңестерін орындап, рухани сауығады.

Коллаж: 1. Ер адам дәрігерге ауырып тұрған иығын көрсетіп жатыр. 2. Ер бауырлас ақсақалға жағдайын айтып беріп жатыр. Екеуі далада скамейкада отыр.

Ауырып қалғанда дәрігерге баратынымыздай, рухани ауырғанда ақсақалдарға баруымыз керек (4-абзацты қараңыз)


5. Рухани күйіміз әлсіреп жатыр ма, жоқ па — оны қалай анықтасақ болады?

5 Жақып 5-тарауда айтылғандай, рухани күйіміз әлсірегендей көрінген кез келген жағдайда ақсақалдарға жүгінуіміз керек. Бірақ біз бұны Ехобамен достығымыз бұзылмай тұрып істеуіміз қажет. Бұл орайда өз-өзімізді алдамай, шыншыл болғанымыз аса маңызды. Киелі жазбаларда айтылғандай, біз рухани әлсіз болсақ та, өзімізді рухани мықтымыз деп ойлауымыз мүмкін (Жақ. 1:22). Сардтағы кейбір мәсіхшілер де өздері жайлы осындай жаңсақ пікірде болған, бірақ Иса олардың рухани күйлері мүшкіл екенін айтқан (Аян 3:1, 2). Олай болса, Ехобамен қарым-қатынасымыз жақсы екеніне қалай көз жеткізсек болады? Бұның бір жолы — Ехобаға бұрын қалай қызмет еткен едік, қазір қалай қызмет етіп жүрміз, соны салыстырып көру (Аян 2:4, 5). Бұл үшін өзіңізден былай деп сұраңыз: “Соңғы кездері Киелі кітапты өзімді қинап оқып жүрмін бе? Қауымға дайындалмай баратын болдым ба? Қауым кездесулеріне бір барып, бір бармай жүрмін бе? Уағыздауға құлшынысым сөніп қалды ма? Бар ойым ақша табу мен зат сатып алу болып кетті ме?” Осы сұрақтардың біреуіне болса да “иә” деп жауап берсеңіз, онда рухани күйіңіз бұрынғыдай мықты емес. Жағдайды түзету үшін әрекет етпесеңіз, рухани күйіңіз барған сайын нашарлай береді. Егер рухани күйіңізді оңалту өз қолыңыздан келмей жатқанын байқасаңыз, я болмаса Ехобаға ұнамайтын бір нәрсе істеп қойғаныңызды түсінсеңіз, онда міндетті түрде ақсақалдардың көмегіне жүгініңіз.

6. Ауыр күнә жасаған адам не істеу керек?

6 Ауыр күнә жасаған адам қауымнан аластатылуы мүмкін. Ондай адам ақсақалдардың көмегіне жүгінбесе болмайды (Қор. 1-х. 5:11—13). Өйткені ауыр күнә жасаған адам өз бетінше Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіре алмайды. Құдайдың кешіріміне ие болу үшін ол күнәсіна өкініп, өкінгенін “іс жүзінде көрсетуі” керек (Ел. іс. 26:20). Ақсақалдарға барып, күнәсін мойындау — өкінгенін көрсетудің бір жолы.

7. Ақсақалдардың көмегіне тағы кімдер жүгіну керек?

7 Ақсақалдар сондай-ақ тән қалауымен күресіп жүргендерге көмектеседі (Ел. іс. 20:35). Егер шындыққа дейін есірткіге не порнография көруге тәуелді болған болсаңыз немесе азғын өмір кешкен болсаңыз, тән қалауымен күресу оңай емес шығар. Бірақ бұл күресте сіз жалғыз емессіз, қасыңызда көмекші ақсақалдарыңыз бар. Өзіңіз сенім артатын, ашылып сөйлесе алатын ақсақалға жолығып көріңіз. Ол сізді мұқият тыңдап, ақыл-кеңесін айтады. Сондай-ақ ол тән қалауына берілмесеңіз, Ехобаның ықыласынан айырылмайтыныңызды айтып, жігер береді (Уағ. 4:12). Ал тән қалауымен күресіп шаршап кеткен кездеріңізде ақсақалдар сізді кішіпейілділігіңіз үшін мақтап, рухыңызды көтереді. Расында да, ақсақалдарға жүгіну — кішіпейілділіктің белгісі. Бұл сіздің Ехобамен достығыңызға бейжай қарамайтыныңызды және өзіңізге тым сенімді емес екеніңізді көрсетеді (Қор. 1-х. 10:12).

8. Ақсақалдарға әрбір қателігімізді айтуымыз қажет пе? Түсіндіріңіз.

8 Дегенмен де ақсақалдарға әрбір қателігімізді айтып бара берудің қажеті жоқ. Мысалы, бір бауырласқа ашуланып, қатты сөйлеп қойдыңыз делік. Ондай кезде ақсақалдарға бармай-ақ Исаның кеңесі бойынша сол бауырласпен сөйлесіп, татуласуға тырысыңыз (Мат. 5:23, 24). Сондай-ақ жұмсақтық, шыдамдылық, ұстамдылық жайлы зерттеп, алдағы уақытта сол қасиеттерді жақсырақ танытуды мақсат етіп қойыңыз. Бірақ бауырласпен мәселеңіз содан кейін де шешілмесе, ақсақалдардың көмегіне жүгінсеңіз болады. Кезінде елші Пауыл да філіпіліктерге хат жазғанда бір ер бауырластан өзара келісе алмай жүрген Еуодия мен Синтихеге көмектесуді өтінген. Філіпідегі сол ер бауырлас сияқты қауымыңыздағы ақсақалдар да сізге бауырластармен татулық орнатуға көмектесе алады (Філіп. 4:2, 3).

АҚСАҚАЛДАРДЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІНУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

9. Ақсақалдардан көмек іздеуден неге қысылмауымыз керек? (Нақыл сөздер 28:13)

9 Ауыр күнә жасап қойғанда не тән қалауына берілмес үшін өзімізді әрең ұстап жүргенде, бұл жайлы ақсақалдарға барып айту оңай емес. Бірақ біз ақсақалдардан көмек іздеуден қысылмауымыз керек. Өйткені Ехоба ақсақалдарды бізге рухани көмек көрсетсін деп тағайындаған. Егер ақсақалдардың көмегіне жүгінсек, Ехобаға мойынсұнғымыз келетінін және оған сенім артатынымызды көрсетеміз. Аяғымыз тайып бара жатқанда біз Ехобаның көмегіне мұқтажбыз (Зәб. 94:18). Ал күнә жасап қойған жағдайда күнәмізді мойындап, жаман жолдан қайтсақ, Ехоба бізді кешіреді (Нақыл сөздер 28:13 оқыңыз).

10. Күнәмізді жасырсақ не болады?

10 Ақсақалдарға жүгініп, күнәсін мойындаған адам Ехобаның кешіріміне де, батасына да ие болады. Ал күнәсін жасырған адам, керісінше, өзін азапқа душар етеді. Мысалы, Дәуіт патша күнәсі жайлы ешкімге тіс жармағанда, әбден қиналған. Ехобаның ықыласынан айырылғанын түсінгеннен жаны күйзеліп, тіпті бойынан әлі кетіп, ауырып қалған (Зәб. 32:3—5). “Ауруын жасырған өледі” демекші, адам дәрігерге бармай, емделмей жүре берсе, ауруы күннен-күнге жанына батып, қиналады, тіпті түбінде сол үшін өліп кетуі де мүмкін. Ақсақалдарға бармай, күнәсін жасырып жүрген адам да жасаған ісі үшін өз-өзін жазғырып, түңіліп кетуі мүмкін, тіпті рухани өлуі, яғни Ехобамен достығынан айырылып қалуы ғажап емес. Ехоба біздің осындай күйге жеткенімізді қаламайды. Сондықтан ол бізді “мәселені ортаға салуға”, яғни ақсақалдармен сөйлесуге шақырады (Ишая 1:5, 6, 18).

11. Өзіміздің не біреудің күнәсін жасырсақ, бұл басқаларға қалай әсер етуі мүмкін?

11 Күнәмізді жасырсақ, бұдан өзіміз ғана емес, өзгелер де жапа шегеді. Күнәміздің кесірінен Ехоба қауымға киелі рухын төкпей қоюы мүмкін. Сондай-ақ бауырластардың арасында түсініспеушілік туындап, қауымның тыныштығы бұзылуы ықтимал (Ефес. 4:30). Ал егер біз басқа біреудің күнә жасағанын біліп қалсақ, ол адамды ақсақалдармен сөйлесуге талпындыруымыз керек. Егер ол белгілі бір уақыттың ішінде ақсақалдарға барып, күнәсін мойындамаса, онда ақсақалдарға өзіміз баруымыз керек. Өйткені біреудің күнәсін жасырған адам Ехобаның алдында өзі де кінәлі болып қалады (Мұс. 3-ж. 5:1). Бізді ақсақалдарға барып, бәрін жасырмай айтуға Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бен адалдығымыз талпындырады. Ақсақалдарды хабардар ететін болсақ, қауымның тазалығын сақтап, бауырластарды қорғаймыз және күнә жасаған адамның Ехобамен қайтадан достасуына септігімізді тигіземіз.

АҚСАҚАЛДАР БІЗГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?

12. Ақсақалдар рухани әлсіздерге қалай көмектеседі?

12 Киелі кітапта ақсақалдар рухани әлсіздерге, яғни Ехобамен достығына сызат түскендерге көмектесетіні айтылған (Сал. 1-х. 5:14). Егер сіз күнә жасап қойсаңыз, ақсақалдар ойыңыз бен сезімдеріңізді білу үшін сізге сұрақтар қоюы мүмкін (Нақ. с. 20:5). Олар сізге көмектесе алу үшін, сұрақтарына еш қысылмай жауап беруге тырысыңыз. Мінезіңіз ұяң болса да, істеген ісіңізге қанша ұялып тұрсаңыз да, ақсақалдарға бәрін бүкпей айтып беріңіз. “Ашына сөйлеп” қойсам не болады деп қорқып, уайымдаудың қажеті жоқ (Әйүп 6:3). Өйткені ақсақалдар ешқашан асығыс тұжырым жасамайды. Олар кеңес бермес бұрын сізді мұқият тыңдап, мән-жайды түгел біліп алады (Нақ. с. 18:13). Бұл үшін біраз уақыт кететінін және мәселе бір отырып сөйлескеннен шешілмеуі мүмкін екенін олар жақсы біледі.

13. Ақсақалдардың айтқан дұғасы мен Киелі кітаптан берген кеңестерінің әсері қандай? (Суреттерді де қараңыз.)

13 Ақсақалдарға барсам, жасаған қателігімді айтып, мені ұялтады деп ойламаңыз. Керісінше, олар көңіліңізді орнықтырып, рухани сауығуыңыз үшін бәрін жасайды. Мысалы, олар сіз үшін дұға етеді. Ақсақалдардың айтқан дұғасының “әсері орасан зор”. Ехоба олардың дұғасына қалай жауап бергенін көріп таңғалып қалуыңыз мүмкін. Сондай-ақ ақсақалдар “Ехобаның атынан [сізге] май жағады” (Жақ. 5:14—16). Олардың жағатын “майы” Құдай Сөзіндегі шындықты білдіреді. Ақсақалдар Киелі кітаптан тармақтар оқып беріп, сізді барынша жұбатады және Ехобамен достығыңызды қалпына келтіруге көмектеседі (Ишая 57:18). Олардың Киелі кітаптан берген кеңестері сізге алдағы уақытта дұрыс нәрсені істей беруге күш беріп, ерік-жігеріңізді қайрайды. Осылайша ақсақалдар арқылы Ехоба сізге: “Жол — мынау, осы жолмен жүр”,— деп бағыт-бағдар көрсетеді (Ишая 30:21).

Коллаж: 1. Алдыңғы суреттегі дәрігер ер адамның иығын ұстап, қарап жатыр. Қабырғадағы сөреде рентгенге түсірілген иықтың кескіні тұр. 2. Алдыңғы суреттегі ақсақал ер бауырластың үйінде оған Киелі кітаптан тармақ оқып беріп жатыр, қасында тағы бір ақсақал бар. Ер бауырлас ақсақалдарды күлімсіреп тыңдап отыр.

Ақсақалдар рухани әлсіздерді Құдай Сөзімен жұбатып, көңілдерін жайландырады (13, 14-абзацты қараңыз)


14. Ғалаттықтарға 6:1-ге сай, ақсақалдар “шалыс қадам” жасаған мәсіхшіге қалай көмектеседі? (Суреттерді де қараңыз.)

14 Ғалаттықтарға 6:1 оқыңыз. Бұл тармақтағы “шалыс қадам” адамның Құдай заңына қайшы жасалған таңдауына не ауыр күнәсіна нұсқайды. Шалыс қадам жасаған мәсіхшіні Құдайдың әділ заң-талаптарына сай өмір сүріп жүр деп айта алмайсың. Сондықтан ақсақалдар “мұндай адамды жұмсақтықпен түзетеді”. Ал “түзету” деп аударылған грек сөзі сынған сүйекті орнына салуды білдіреді. Әдетте дәрігер сынған сүйекті орнына салғанда, мұны барынша ауыртпай істеуге тырысады. Сол сияқты ақсақалдар да адамға рухани көмек көрсеткенде, оның онсыз да сыздап жүрген жүрегін одан сайын ауыртпайды. Ақсақалдар адамды түзеткенде “мұны сақтықпен істейді”, яғни өздерінің де кемелсіз екендерін және өздері де қателік жасайтындарын есте ұстайды. Олар шалыс қадам жасаған адамға ешқашан жоғарыдан қарамайды, тым әділсініп, оны қатты сөкпейді, қайта, барынша жанашырлық танытады (Пет. 1-х. 3:8).

15. Қандай да бір мәселе туындағанда не істесек болады?

15 Ехоба ақсақалдарға көп тәлім береді. Мысалы, оларға мәліметті құпия сақтауды, кеңесті өз ойларына емес, Киелі кітапқа негіздеп беруді және біздің ауыртпалығымызды көтерісуді үйретеді (Нақ. с. 11:13; Ғал. 6:2). Сондықтан қауымыңыздағы ақсақалдарға толық сенім артсаңыз болады. Әрине, олардың мінездері де, тәжірибелері де әртүрлі. Бірақ сіз кез келген ақсақалға барып, мәселеңізді айта аласыз. Алайда бұл өзіңізге ұнайтын кеңесті естігенше, әрбір ақсақалға бара беруді білдірмейді. Егер солай етсеңіз, онда сіз “дұрыс ілімге құлақ аспай”, тек “құлағыңызға жағатынды” іздеп жүргеніңіз (Тім. 2-х. 4:3). Бір ақсақалға жолыққанда, ол сізден мәселеңіз жайлы басқа ақсақалмен сөйлестіңіз бе, сөйлескен болсаңыз, ол қандай кеңес берді, соны сұрауы мүмкін. Сондай-ақ ол қарапайымдылық танытып, сіздің мәселеңіз бойынша тағы бір ақсақалмен ақылдасуды жөн көруі мүмкін (Нақ. с. 13:10).

ӘР МӘСІХШІ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

16. Әр мәсіхші не істеу керек?

16 Ақсақалдар Құдайдың отарын бағуға тағайындалғанмен, олар бізге “былай істе, былай істеме” деп кесіп айтпайды. Өйткені Ехобаны жақсы көретінін, оған ұнамды болғысы келетінін әр мәсіхші өзі дәлелдеу керек. Біз айтқан сөзіміз бен істеген істеріміз үшін Құдайдың алдында жауап береміз. Дей тұрғанмен Ехобаның өзі бізге дұрыс шешім қабылдауға және мінсіздік сақтауға көмектеседі (Рим. 14:12). Ал ақсақалдар біз үшін шешім қабылдап, не істеу керектігін айтпай, жай ғана Киелі кітаптан Ехоба жағдайға қалай қарайтынын көрсетеді. Олардың Құдай Сөзіне негізделген кеңестеріне құлақ асатын болсақ, “түйсіну қабілетімізді” машықтандырып, Ехобаға ұнамды шешімдер қабылдауды үйренеміз (Евр. 5:14).

17. Ехоба біздің не істегенімізді қалайды?

17 Қамқор бағушымыз Ехобаның отарында жүру неткен бақыт! Ехоба бізге “ізгі бағушы” Исаны берді. Ол біз мәңгі өмір сүрсін деп жанын қиды (Жох. 10:11). Сондай-ақ Ехоба әр қауымда ақсақалдар тағайындап қойған. Осылайша “мен сендерге көңіліме жаққан бағушыларды беремін, олар сендерді біліммен және түсінікпен бағатын болады” деген уәдесінде тұрды (Ерм. 3:15). Ендеше, рухани күйіміз әлсіреп жатса, ақсақалдардан көмек іздеуге асығайық. Сонда Ехоба ақсақалдарды біздің игілігіміз үшін тағайындағанына көзіміз жетеді.

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?

  • Ақсақалдардың көмегіне қай кезде жүгінуіміз керек?

  • Ақсақалдардың көмегіне жүгіну неге маңызды?

  • Ақсақалдар бізге қалай көмектеседі?

31-ӘН Құдаймен бірге жүргейсің!

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу