Оқырман сауалдары
Қазіргі уағыз ісі қашан аяқталады?
Иса былай деген: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді” (Мат. 24:14). Бұл тармақтағы “соңы” деп аударылған гректің “телос” сөзі 6-ншы және 13-інші тармақтарда да кездеседі. Бұл сөз Армагеддонда Шайтанның дүниесі жойылатын уақытқа нұсқайды (Аян 16:14, 16). Демек, біз ізгі хабарды Армагеддон басталғанға дейін уағыздай береміз.
Бұған қатысты түсінігіміз бұрын басқаша еді. Біз Ұлы Бабыл құлағанда, яғни зор алапат басталғанда уағыз ісі тоқтайды деп ойлап келдік (Аян 17:3, 5, 15, 16). Сол уақытта “Ехобаның ықылас түсіретін жылы” аяқталады деп есептедік (Ишая 61:2). Сондай-ақ адамдар Ехобаға адал екендерін зор алапатқа дейін дәлелдеу қажет деп ойладық. Бұндай тұжырым жасауға б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің күйреуімен байланысты жағдай негіз болды. Сол кезде Ехобаға ғибадат еткен әрі зұлымдықты жек көрген яһудилерге алдын ала таңба қойылып, солар ғана аман қалған еді (Езек. 5:11; 9:4). Бірақ бұл тұжырым Исаның Матай 24:14-тегі сөздерімен сай келмейді. Иса ізгі хабар Армагеддон басталғанға дейін уағыздалатынын айтқан. Демек, адамдар сол уақытқа дейін хабарымызға құлақ асып, құтқарыла алады.
Матай 24:14-ке қатысты жаңа түсінігіміз Аян 16:21-дегі бұршақ сияқты ауыр хабарға қатысты бұрынғы түсінігімізді өзгертті. Зерттей келе, бұл екі тармақтың бір-бірін толықтыратынын көрдік. Бұны түсіну үшін Пауылдың сөздеріне назар аударайық. Ол уағыздайтын хабарымыз “құтқарылатындар үшін... өмір иісі”, яғни ізгі хабар болатынын, ал “жойылатындар үшін... өлім иісі”, яғни жағымсыз хабар болатынын айтқан (Қор. 2-х. 2:15, 16). Құдайдың жауларының ізгі хабарды жек көретін себебі — бұл хабар осы дүниені әшкерелейді. Олар жақсы көретін бұл дүние шын мәнінде зұлым екені, оны Шайтан билеп отырғаны және осы дүние көп ұзамай жойылатыны құлақтарына мүлдем жақпайды. Сонымен, жоғарыдағы екі тармақтың байланысы мынау: екі тармақта да бір хабар жайлы айтылады, бірақ адамдар оны екі түрлі қабылдайды (Жох. 7:7; Жох. 1-х. 2:17; 5:19).
Аян 16:21-де бейнелі мағынадағы бұршақ жауғанда “өте ауыр алапат” болатыны айтылған. Бұл сөздер нені білдіреді? Зор алапат кезінде ізгі хабар бұрын-сонды болмағандай қарқынмен, ашық та тікесінен уағыздалатыны сонша — барлық адам Ехобаның кім екенін білетін болады (Езек. 39:7). Ұлы Бабыл құлап, уақыт бітуге шақ қалғанда кейбіреулер үшін ізгі хабар “хош иіс” болуы мүмкін бе? Әбден мүмкін. Ехоба куәгерлерінің жалған діндер жойылатыны жайлы айтқан сөздері дәл орындалғанда, кейбіреулер “олар бұл жайлы талай жылдан бері уағыздап келген еді ғой” деп естеріне алуы мүмкін. Ал білмегендер сол кезде естірі анық.
Мысалы, ежелгі Мысырда болған жағдайды еске алайықшы. Ехоба “Мысырдың барлық құдайларын жазалаған” соң, исраилдіктерге “көптеген жатжұрттықтар” еріп шықты (Мұс. 2-ж. 12:12, 37, 38). Олар Мұсаның он жазаға қатысты айтқан әрбір сөзі жүзеге асқанын көріп, Ехобаға бет бұруды таңдаған болуы мүмкін.
Ұлы Бабыл жойылған соң Ехобаға бет бұруды шешкендердің Мәсіхтің бауырларын қолдауға мүмкіндіктері болады. Өйткені майланғандар сол кезде әлі де жер бетінде болады (Мат. 25:34—36, 40). Алайда олар Армагеддонның дәл алдында көкке көтерілетіндіктен, адамдардың қойлардың қатарына қосылуға уақыттары тым көп болмайды.
Бұл жаңа түсінік Ехобаның қаншалықты рақымды Құдай екеніне тағы бір көзімізді жеткізді. “Ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” деген сөздер неткен дәл айтылған! (Пет. 2-х. 3:9).