Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w25 маусым 20—25 бет.
  • Зерттеушіге шындықта нық тұруға көмектесіңіз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Зерттеушіге шындықта нық тұруға көмектесіңіз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • РУХАНИ ӨСУІНЕ НЕ КЕДЕРГІ ЕКЕНІН ТҮСІНУГЕ КӨМЕКТЕСІҢІЗ
  • ЕХОБАҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІН АРТТЫРУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ
  • ЕХОБАНЫ ӨМІРДЕ БАСТЫ ОРЫНҒА ҚОЮҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ
  • ҚАРСЫЛЫҚТАРҒА ДАЙЫН БОЛУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ
  • ЗЕРТТЕУШІҢІЗГЕ СЕНЕТІНІҢІЗДІ КӨРСЕТІҢІЗ
  • Зерттеушілерге шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесіңіз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
  • Киелі кітапты зерттеушіге рухани өсуге көмектесіңіз (2-бөлім)
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • “Тәлім беру шеберлігін” жетілдірудің тиімді әдістері
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Киелі кітапты зерттеушіге рухани өсуге көмектесіңіз (1-бөлім)
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
w25 маусым 20—25 бет.

27-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

79-ӘН Оларға берік тұруды үйретіңдер

Зерттеушіге шындықта нық тұруға көмектесіңіз

“Сенімде нық тұрыңдар... Берік болыңдар” (ҚОР. 1-Х. 16:13).

НЕГІЗГІ ОЙ

Зерттеушінің сенімі мен батылдығын арттырып, оған шындықта нық тұруға көмектесу — тәлімгердің жауапкершілігі.

1, 2. а) Неге кейбір зерттеушілер шындыққа аяқ басудан тартынады? ә) Бұл мақалада не қарастырамыз?

КЕЗІНДЕ сіз Ехоба куәгері болудан қорыққансыз ба? Бәлкім, әріптестерім, достарым мен отбасым бұған қалай қарайды екен деп уайымдаған шығарсыз. Я болмаса Ехобаның заң-талаптарына сай өмір сүре алмаймын деп ойлаған боларсыз. Бұндай қорқыныш сізге таныс болса, онда сіз шындыққа аяқ басудан тартынып жүрген зерттеушілерді жақсы түсінесіз.

2 Иса адамның бойындағы қорқыныш рухани өсуге кедергі жасайтынын жақсы білді (Мат. 13:20—22). Бірақ ол соңынан еруден тартынған адамдардан күдерін үзбеді. Керісінше, ол сондай адамдарға көмектесуге дайын болды. Иса оларға 1) рухани өсуіне не кедергі екенін түсінуге, 2) Ехобаға деген сүйіспеншілігін арттыруға, 3) Ехобаны өмірде басты орынға қоюға және 4) қарсылықтарға дайын болуға көмектесті. Зерттеушіге шындықта нық тұруға көмектесу үшін, біз де Исаға еліктейік. Қазір “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабын зерттеп жатқанда, осы төрт қадамды іс жүзінде қалай істеуге болатынын көрейік.

РУХАНИ ӨСУІНЕ НЕ КЕДЕРГІ ЕКЕНІН ТҮСІНУГЕ КӨМЕКТЕСІҢІЗ

3. Нікөдемге Исаның шәкірті болуға не кедергі болды?

3 Исаның жерде қызмет етіп жүргеніне небәрі алты ай болғанда, яһудилердің басшысы Нікөдем оның Құдай жіберген Мәсіх екенін мойындады (Жох. 3:1, 2). Бірақ ол “яһудилерден қорыққандықтан”, жұрт көзіне түспей Исаға түнде келді (Жох. 7:13; 12:42). Сонда Нікөдем неден қорықты? Ол Исаның шәкірті болсам, ел алдындағы дәрежемнен айырылып қаламын деп уайымдаса керекa.

4. Иса Нікөдемге қалай көмектесті?

4 Нікөдем Мұса Заңын өте жақсы білді, бірақ ол Ехоба одан не талап ететінін түсінбеді. Иса оған қалай көмектесті? Нікөдем түн жамылып келсе де, Иса онымен асықпай, ұзақ сөйлесті. Соңынан еріп шәкірті болу үшін, күнәға өкіну, шомылдыру рәсімінен өту және Құдай Ұлына сену қаншалықты маңызды екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді (Жох. 3:5, 14—21).

5. Рухани өсуіне не кедергі екенін түсіну үшін зерттеушіңізге қалай көмектессеңіз болады?

5 Кейбір зерттеушілер Киелі кітапты жақсы біліп тұрса да, оларға рухани өсуге бір нәрсе кедергі болып тұрады. Бұл жұмысы не отбасының қарсылығы болуы мүмкін. Бұндай жағдайда біз оларға нақты не кедергі екенін түсінуге көмектесуіміз керек. Бұл үшін Иса сияқты зерттеушіңізге көбірек уақыт бөліңіз. Оны кофе ішіп қайтуға не серуендеп келуге шақырыңыз. Бұл сіздерге ашылып сөйлесуге жағдай жасайды. Сонда зерттеушіңіз өмірінде не болып жатқанын көбірек айтып беріп, оған рухани өсуге не кедергі болып жатқанын байқай аларсыз. Байқаған соң, оған нақты не істеу керектігін айтыңыз. Бірақ бұны сізге емес, Ехобаға ұнау үшін істеу керектігін түсіндіріңіз.

6. Білгендерін жүзеге асырудан қорықпас үшін зерттеушіңізге қалай көмектессеңіз болады? (Қорынттықтарға 1-хат 16:13)

6 Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүруге Ехобаның өзі көмектесетініне сенімді болса, зерттеушіңіз білгендерін жүзеге асырудан қорықпайды (Қорынттықтарға 1-хат 16:13 оқыңыз). Тәлімгер мектептегі мұғалім сияқты. Есіңізде ме, сізге мектепте қандай мұғалімдер ұнаушы еді? Қабілетіңіз бар екеніне сенетін, қолыңыздан бәрі келетінін айтып отыратын мұғалім емес пе?! Ендеше, сіз де сондай тәлімгер болыңыз. Зерттеушіңізге Құдайдың заң-талаптарын үйретіп қана қоймай, Ехобаның көмегімен ол кез келген өзгерісті жасай алатынына да сендіріп отырыңыз.

ЕХОБАҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІГІН АРТТЫРУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

7. Адамдардың Ехобаға деген сүйіспеншіліктерін арттыру үшін Иса не істеді?

7 Адам Ехобаны жақсы көргенде ғана оған ұнамды өмір сүруге тырысатынын Иса жақсы білді. Сондықтан ол Әкесінің қаншалықты сүюші Құдай екені жайлы жиі айтты. Бірде ол Ехобаны балаларына жақсы сый беретін әкеге теңеді (Мат. 7:9—11). Кейін Ехобаны бейбастақ өмір кешіп, қайтып келген ұлын құшақ жая қарсы алған әкемен де салыстырды. Тыңдаушыларының арасында әкенің махаббатын көрмей өскендер болған болса, бұл мысалдан олардың жүректері елжіреп кеткен шығар. Осылай Иса көктегі Әкелері қаншалықты сүюші әрі жанашыр екеніне адамдардың көзін жеткізуге барынша тырысты (Лұқа 15:20—24).

8. Зерттеушіңіздің Ехобаға деген сүйіспеншілігі арта беру үшін не істесеңіз болады?

8 Зерттеушіңізге Ехобаны жақсы көре түсуге көмектесу үшін, оның тамаша қасиеттеріне жиі назар аударыңыз. Зерттеу сабағын өткенде, негізгі тақырыптың Ехобаның сүйіспеншілігімен қандай байланысы бар екенін көруге көмектесіңіз. Мысалы, төлем жайлы сабақты өтіп жатқанда, төлемнің оған қандай қатысы бар екеніне екпін түсіріңіз (Рим. 5:8; Жох. 1-х. 4:10). Ехоба жеке оны жақсы көретінін түсінген сайын, зерттеушіңіздің оған деген сүйіспеншілігі арта береді (Ғал. 2:20).

9. Майклды өмірін өзгертіп, Ехобаға бағышталуға не талпындырды?

9 Индонезияда тұратын Майкл шындықта өссе де, шомылдыру рәсімінен өтпей жүре берген. Ол 18 жасында жұмыс істеу үшін басқа елге кетеді. Кейін үйленіп, балалы болса да, ол қайтадан шетелге жұмыс істеуге кетіп қалады. Сол аралықта әйелі мен қызы зерттеу сабағын бастап, рухани қадамдар жасайды. Бір күні анасы қайтыс болып, Майкл әкесіне қарау үшін үйіне оралады. Сол кезде ол да зерттеу сабағын бастайды. “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 27-сабағы Майклдың өмірін түбегейлі өзгертеді. Ұлының қиналып жатқанын көргенде Ехобаның не күй кешкенін елестетіп, Майкл көзіне жас алады. Ехоба мен Исаның оны қаншалықты жақсы көретінін түсінгенде, Майкл шомылдыру рәсімінен өтуге талпынады.

ЕХОБАНЫ ӨМІРДЕ БАСТЫ ОРЫНҒА ҚОЮҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

10. Иса шәкірттеріне Ехобаны өмірде басты орынға қоюға қалай көмектесті? (Лұқа 5:5—11) (Суретті де қараңыз.)

10 Кейбір шәкірттер Исаның Мәсіх екенін бірден мойындаса да, Ехобаны өмірде басты орынға қою керектігін түсінбеген. Иса оларға қалай көмектесті? Мысалы, біраз уақыттан бері шәкірті болып жүрген Петір мен Әндірді Иса өзімен бірге уағыздауға шақырды (Мат. 4:18, 19). Бұл уақытта олар балық аулаумен айналысып жүрген. Бұл табысты кәсіптерін олар Жақыппен және Жоханмен бірге дөңгелетсе керек (Мар. 1:16—20). Бірақ “олар ауларын тастай сала”, Исаның соңынан еруді шешті. Олар қызмет етіп жүргенде отбасыларын қалай асырайтындарын да ойластырса керек. Сонда көп ақша табуды емес, уағыздауды таңдауға оларды не талпындырды? Иса олардың көз алдында керемет жасап, Ехоба әрқашан қамдарын жасайтынына көздерін жеткізді (Лұқа 5:5—11 оқыңыз).

Иса балықшыларды соңынан еруге шақырып тұр. Екі балықшы қайықтан түсіп бара жатыр. Ал қалған балықшылар қайықтың ішінде ауларын жамап отыр.

Зерттеушіге Ехобаны өмірде басты орынға қоюды үйреткенде, Исаға қалай еліктесек болады? (10-абзацты қараңыз)b


11. Зерттеушіңіздің сенімін нығайту үшін не істесеңіз болады?

11 Иса сияқты керемет жасап, зерттеушіміздің көзін жеткізе салу қолымыздан келмес. Бірақ сіз оған өз басыңыздан өткен жағдайларды айтып бере аласыз. Мысалы, сіз кезінде қауым кездесуіне бару үшін қандай өзгерістер жасаған едіңіз? Бәлкім, бастығыңызбен сөйлесіп, қауымға кедергі жасайтын уақыттары жұмыс істей алмайтыныңызды айтқан шығарсыз. Сол кезде Ехоба сізге көмектесіп, оны өмірде басты орынға қойғаныңыз үшін батасын бергені анық. Зерттеушіңізге сол жайлы айтып берсеңіз, сенімі бір нығайып қалады емес пе?!

12. а) Неге зерттеу сабағына әртүрлі бауырластарды шақырған дұрыс? ә) Зерттеушіңізге жақсы тәлім беру үшін видеоларды қалай қолдансаңыз болады? Мысал келтіріңіз.

12 Сіздің ғана емес, басқа бауырластардың да оқиғалары зерттеушіңіз үшін пайдалы болады. Сондықтан зерттеу сабағына әртүрлі бауырластарды шақырып тұрыңыз. Олардан шындыққа қалай келгендерін, Ехобаны өмірде басты орынға қою үшін не істегендерін айтып беруді сұраңыз. Сондай-ақ “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабындағы “Тереңірек үңіліңіз” немесе “Қосымша ізденіңіз” бөліміндегі видеоларды зерттеушіңізбен бірге көріп, талқылаңыз. Мысалы, 37-сабақты қарастырып жатқанда, “Ехоба қамымызды ойлайды” деген видеоны көрсеңіздер болады. Видеоны талқылағанда, зерттеушіңіз Ехобаны өмірде басты орынға қойса, Ехоба оны ешқашан қалдырмайтынына назар аударыңыз.

ҚАРСЫЛЫҚТАРҒА ДАЙЫН БОЛУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ

13. Иса шәкірттерін қарсылықтарға қалай дайындады?

13 Иса шәкірттері өзгелерден, тіпті үй ішіндегілерден қарсылық көретінін қайта-қайта ескертті (Мат. 5:11; 10:22, 36). Ал қызметінің соңына таман қудаланбақ түгілі, өлімге кесілулері мүмкін екенін айтты (Мат. 24:9; Жох. 15:20; 16:2). Сондықтан Иса оларды мейлінше сақ болуға талпындырды. Уағыз ісі алға баса беру үшін парасаттылық танытып, қарсыластармен айтыспау керектігін айтты.

14. Зерттеушіңізді қарсылықтарға қалай дайындасаңыз болады? (Тімөтеге 2-хат 3:12)

14 Сіз де зерттеушіңізді қарсылықтарға алдын ала дайындаңыз. Әріптестері, достары, туған-туыстары Киелі кітапты зерттеп жатқанына қуана қоймауы мүмкін екенін айтыңыз (Тімөтеге 2-хат 3:12 оқыңыз). Әріптестері мен туыстары оны жақтырмай, тіпті күлкі-мазақ етуі мүмкін. Осындай қиындықтарға зерттеушіңізді ерте бастан дайындасаңыз, қарсылыққа кезіге қалған жағдайда, ол дайын болады.

15. Зерттеушіңіз отбасынан қарсылық көріп жүрсе, оған қалай көмектессеңіз болады?

15 Зерттеушіңіз отбасынан қарсылық көріп жүрсе, олардың шындықты жақтырмай, қарсы шығуына жиі не себеп болып жататынын түсіндіріңіз. Туыстары оны адасып жүр деп ойлауы мүмкін екенін, я болмаса Ехоба куәгерлері жайлы неше түрлі қауесет естіп, қорқулары мүмкін екенін айтыңыз. Кезінде Исаны да туыстары есінен адасқан деп ойлаған (Мар. 3:21; Жох. 7:5). Зерттеушіңізді туған-туыстарына да, өзге адамдарға да мейлінше шыдаммен қарап, әрдайым әдеппен сөйлеуге талпындырыңыз.

16. Зерттеушіңізге нанымдарын түсіндіруді қалай үйретсеңіз болады?

16 Туыстары шындыққа қызығып жатса, зерттеушіңіздің бар білетінін бір дегенде айта салмағаны дұрыс. Әйтпесе олар мезі болып, келесі жолы сөйлескісі келмеуі мүмкін. Сондықтан зерттеушіңізді аз-аздан, олардың қызығушылығын бірте-бірте оятатындай етіп айтуға талпындырыңыз (Қол. 4:6). Я болмаса оларға jw.org сайтын беріп көрсін. Сонда өздері қалаған уақытта сайтқа кіріп, Ехоба куәгерлері жайлы біле береді және өздеріне ұнаған басқа да тақырыптарды оқып көре алады.

17. Ехоба куәгерлері жайлы қате пікірлерге қарапайым жауап беруді зерттеушіңізге қалай үйретсеңіз болады? (Суретті де қараңыз.)

17 Зерттеушіңізге jw.org сайтындағы “Жиі қойылатын сұрақтар” деген бөлімді көрсетіңіз. Сондағы мақалалардың көмегімен туыстарының, әріптестерінің қоюы мүмкін сұрақтарына қарапайым жауап беруді үйретіңіз (Тім. 2-х. 2:24, 25). Сондай-ақ әр зерттеу сабағының соңында “Кейбіреулердің айтатыны” деген бөлімді талқылаңыз. Зерттеушіңіз нанымдары жайлы өз сөзімен айтып жаттықсын. Түзететін, жақсартатын тұстары болса, қысылмай айтып отырыңыз. Зерттеушіңіз осылай жаттығып жүрсе, өзінің сенімін батыл қорғай алады.

Зерттеу сабағында әйел бауырлас зерттеушісіне уағыздауды үйретіп жатыр. Зерттеуші “Маңызды сұрақтардың жауабын қайдан табуға болады?” деген буклетпен тәлімгеріне уағыздап тұр.

Зерттеушіңізге уағыздау оңай болу үшін, бірге жаттығып тұрыңыз (17-абзацты қараңыз)c


18. Зерттеушіңізді жариялаушы болуға қалай талпындырсаңыз болады? (Матай 10:27)

18 Иса шәкірттерін ізгі хабарды көпшілікке уағыздауға талпындырды (Матай 10:27 оқыңыз). Зерттеушіңіз уағыздауды неғұрлым тезірек бастаса, Ехобаға сенім артуды соғұрлым тезірек үйренеді. Оған жариялаушы болуға қалай көмектессеңіз болады? Қауымда уағыздау науқаны жайлы хабарланғанда, одан жариялаушы болуға қатысты не ойлайтынын сұрап көріңіз. Кейін бұл үшін не істеу керектігін айтып түсіндіріңіз. Науқан кезінде уағыздап бастау әлдеқайда оңай екенін айтыңыз. Апта ішіндегі қауым кездесуінде тапсырмамен шығудың да пайдасы көп. Зерттеушіңіз осы мақсатқа ұмтылса, нанымдары жайлы сенімділікпен айтуды тезірек үйренеді.

ЗЕРТТЕУШІҢІЗГЕ СЕНЕТІНІҢІЗДІ КӨРСЕТІҢІЗ

19. Иса шәкірттеріне сенетінін қалай көрсетті және біз оған қалай еліктей аламыз?

19 Көкке көтерілмес бұрын, Иса шәкірттерімен көп ұзамай қайта қауышатынын айтты. Бірақ шәкірттері оның не айтып тұрғанын түсінбеді. Сонда Иса олардың көп нәрсені түсінбегеніне емес, Ехобаға деген адалдықтарына көбірек назар аударды (Жох. 14:1—5, 8). Көкке қайта тірілу сияқты кейбір жайттарды түсіну үшін оларға уақыт керек екенін ол жақсы түсінді (Жох. 16:12). Исаға еліктеп, біз де зерттеушілеріміз Ехобаны қуантқысы келетініне шын жүректен сенейік.

Зерттеушіңіз уағыздауды неғұрлым тезірек бастаса, Ехобаға сенім артуды соғұрлым тезірек үйренеді

20. Чифундо бауырлас зерттеушісіне сенетінін қалай көрсетті?

20 Біз зерттеушілер бірте-бірте Киелі кітапқа сай өмір сүріп бастайтындарына сенеміз. Малавиде тұратын Чифундо бауырлас католик дінін ұстанатын Алинафи деген бір қызбен зерттеу сабағын бастайды. “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 14-сабағын өтіп болған соң, ол одан мүсіндерге табыну-табынбауға қатысты не түсінгенін сұрайды. Сонда ол ашуланып: “Бұны әркім өзі біледі!”— деп жауап береді. Сонда Чифундо бұл зерттеуіміз ұзаққа бармайды-ау деп ойлайды. Бірақ мүсіндерге табыну дұрыс емес екенін бір күні түсінер деген үмітпен зерттеуді жалғастыра береді. 34-сабаққа келгенде, Чифундо кітаптағы мына сұрақты қояды: “Киелі кітапты зерттеп, шынайы Құдай Ехоба жайлы біліп жатқаныңыздың қандай пайдасын көрдіңіз?” Алинафидің берген жауабы оны қатты таңғалдырады. Чифундо былай дейді: “Ол біраз пайдасын көргенін айтты, сондай-ақ оған Ехоба куәгерлері Киелі кітап айыптайтын ешбір нәрсені жасамайтыны ұнаған екен”. Көп ұзамай Алинафи мүсіндерін тастап, шомылдыру рәсімінен өтті.

21. Зерттеушімізге шындықта нық тұруға қалай көмектессек болады?

21 Әрине, зерттеушіні өсіретін Ехоба, бірақ оның рухани өсуі бізге де байланысты (Қор. 1-х. 3:7). Біз зерттеушімізге тәлім беріп қана қоймаймыз. Біз оған Ехобаға деген сүйіспеншілігін арттыруға көмектесеміз, Ехобаны өмірде басты орынға қоюға талпындырамыз. Қарсылыққа кезіккенінде Ехобаға сенім артуды үйретеміз. Сондай-ақ бір күні өмірін өзгертіп, Киелі кітапқа сай өмір сүріп бастайтынына сенеміз. Осындай сенімділігімізді көргенде, ол Ехобаның заң-талаптарына сай өмір сүру қолынан келетініне сеніп, шындықта нық тұруға ұмтылады.

ЗЕРТТЕУШІҢІЗГЕ... ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕССЕҢІЗ БОЛАДЫ?

  • рухани өсуіне не кедергі екенін түсінуге

  • Ехобаға деген сүйіспеншілігін арттыруға

  • Ехобаны өмірде басты орынға қоюға

55-ӘН Олардан қорықпаңдар!

a Нікөдем Исамен сөйлескеннен кейін де екі жарым жыл бойы яһудилердің Жоғарғы Сотының мүшесі болған (Жох. 7:45—52). Кейбір тарихшылардың айтуынша, ол Исаның өлімінен кейін ғана оның шәкірті болған (Жох. 19:38—40).

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Петір мен қасындағы балықшылар Исаның соңынан еру үшін ауларын тастап бара жатыр.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әйел бауырлас зерттеу сабағында зерттеушісіне қалай уағыздау керектігін үйретіп жатыр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу