Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w24 шілде 26—29 бет.
  • Жаңа қауымға сіңісіп кету үшін не істеуге болады?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Жаңа қауымға сіңісіп кету үшін не істеуге болады?
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЖАҢА ҚАУЫМҒА ҮЙРЕНУГЕ КӨМЕКТЕСЕТІН ТӨРТ КЕҢЕС
  • “БІР-БІРІҢДІ ҚАБЫЛДАҢДАР”
  • РУХАНИ ӨСУДІҢ МҮМКІНДІГІ
  • Қауым рухани күшейіп, нығая берсін
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехобаның қауымында сіздің өз орныңыз бар!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2020
  • Қауым Ехобаны дәріптесін
    2007 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Сіз жалғыз емессіз!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2021
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
w24 шілде 26—29 бет.

Жаңа қауымға сіңісіп кету үшін не істеуге болады?

ЖАҢА қауымға ауысып көргенсіз бе? Солай болса, Джон-Чарльздің сөздерімен келісетін боларсыз. Ол былай дейді: “Жаңа қауымға үйренісіп кету, сөйте жүріп отбасындағы әрбір адамның рухани күйін сақтау оңай емес”. Жаңа жерге көшкенде, жұмысың да, баспанаң да, балалардың мектебі де ауысады. Бұған қоса, сол жердің мәдениетіне, ауа райына және уағыздайтын аумағына үйрену керек болуы мүмкін.

Жаңа қауымға ауысқандар тағы бір қиындыққа кезігеді. Франция филиалының тағайындауымен жаңа қауымға ауысқан Николас пен Селен былай дейді: “Алғашында қуанып көшіп барғанымызбен, кейін достарымызды сағына бастадық. Өйткені жаңа қауымдағы бауырластарды әлі жақсы танымайтын едік”a. Қиындықтарға қарамастан жаңа қауымға тастай батып, судай сіңуге не көмектеседі? Бұл жағынан басқалар сізге қалай көмектесе алады? Жаңа қауымда қандай баталарға кенелуіңіз мүмкін және қауым үшін сіз не істей аласыз?

ЖАҢА ҚАУЫМҒА ҮЙРЕНУГЕ КӨМЕКТЕСЕТІН ТӨРТ КЕҢЕС

Әйел бауырлас қораптардағы заттарын шығаруды қоя тұрып, Киелі кітабын оқып отыр.

Ехобаға арқа сүйеңіз

1. Ехобаға арқа сүйеңіз (Зәб. 37:5). Жапонияда тұратын Казуми бауырласқа, күйеуінің жұмысы басқа жаққа ауысқандықтан, 20 жыл қызмет еткен қауымын ауыстыруға тура келді. Сол кезде ол “жолыңды Ехобаға тапсыр” деген сөздерге сай әрекет етті. Ол былай дейді: “Бойымды үрей, уайым меңдеп, жалғыздық сезінгенде, Ехобаға бар жүрегімді ақтарып, қайта-қайта дұға еттім. Ехоба дұғаларыма әрдайым жауап беріп, мені нығайтып отырды”.

Ехобаға көбірек арқа сүйеу үшін не істеуіңіз қажет? Өсімдік өсу үшін оны суғарып, нәрлендіру керек, сол сияқты сеніміміз өсу үшін де оны нәрлендіріп отыруымыз керек. Жоғарыда айтылып кеткен Николас Ехобаның еркін орындау үшін көптеген құрбандықтарға барған Ыбырайым, Иса, Пауыл жайлы ой жүгірткен. Соның арқасында Ехоба көмекке келетін Құдай екеніне көзі жеткен. Жүйелі түрде Киелі кітапты зерттесеңіз, кез келген өзгерістерге бейімделе аласыз. Бұған қоса, жаңа қауымдағы бауырластарыңызбен бөлісетін рухани сыйларыңыз да болады.

Ақсақал Патшалық сарайында аудио-видео аппаратураны қалай қолданатынын түсіндіріп жатқан екі жас ер бауырласты тыңдап тұр.

Салыстырмаңыз

2. Салыстырмаңыз (Уағ. 7:10). Жуль есімді бауырлас Бениннен Құрама Штаттарға көшкенде, оған мүлдем басқа мәдениетке үйренуге тура келді. “Мен қауымдағы әрбір адамға өзім жайлы айта беруден шаршап кеттім. Бұл маған жат нәрсе болғандықтан, бауырластардан қашқақтай бастадым. Бірақ кейін оларды жақыннан тани келе, ойымды өзгерттім. Дүниенің қай бұрышында тұрса да, адамдардың бәрі бірдей екенін түсіндім. Олар жай ғана бір-бірінен өзгеше болуы мүмкін. Адамдарды қалай бар, солай қабылдау өте маңызды”,— дейді Жуль. Жаңа қауымыңызды бұрынғысымен салыстырмаңыз. Анна-Лиз есімді ізашар бауырлас: “Мен бұл қауымға бәрі бұрынғыдай болады деп емес, жаңа нәрселерді білуге келдім”,— дейді.

Ақсақалдар да жаңа қауымын бұрынғы қауымымен салыстырмағаны жөн. Жаңа қауымдағы бауырластардың қандай да бір нәрсені басқаша істегені олардікі қате дегенді білдірмейді. Ұсыныс айтпас бұрын, жергілікті жағдайды жақсы біліп алғаныңыз даналыққа жатады (Уағ. 3:1, 7ә). Басқаларға өз ойыңызды тықпыштағаннан гөрі, іс-әрекетіңізбен үлгі болғаныңыз жақсы (Қор. 2-х. 1:24).

Екі ер бауырлас Патшалық сарайында терезе сүртіп жатыр.

Қауыммен біте қайнасыңыз

3. Қауыммен біте қайнасыңыз (Філіп. 1:27). Бір жерге көшу көп уақыт пен күшті алады. Бірақ соған қарамастан, қауым кездесуіне бірден бара бастаңыз. Мүмкін болса, онлайн емес, жүзбе-жүз қатысыңыз. Жаңа қауымыңыздағы бауырластар сізді мүлдем көрмесе не анда-санда ғана көрсе, сізге қалай көмектеспек?! Екі қызымен Оңтүстік Африканың үлкен қаласына көшіп барған Люсинда бауырлас былай дейді: “Достарым маған жаңа қауымға бірден кірісіп, бауырластармен аралас-құралас болуға кеңес берді. Біз оларға құлақ асып, бауырластармен қызметке шықтық және қауым кездесулерінде түсініктеме бердік. Сондай-ақ біз бауырластарға үйімізді уағызға арналған кездесу өткізуге ұсындық”.

Қауымның істерін бауырластармен иық тіресе атқарсаңыз, өзіңізді де, оларды да нығайтасыз. Ақсақалдар жоғарыда айтылған Анна-Лиз бауырласты барлық бауырластармен қызметке шығуға талпындырыпты. “Қауымға сіңісіп кетудің ең жақсы жолы осы екен”,— дейді Анна-Лиз. Сондай-ақ Патшалық сарайын тазалау, жөндеу жұмыстарына да атсалысыңыз. Осылай жаңа қауымды өз қауымыңыз деп санайтыныңызды көрсетесіз. Қауымның істеріне көбірек аралассаңыз, бауырластар да сізге тезірек үйренеді. Сөйтіп, жаңа қауымыңыз сізге отбасыңыздай болып кетеді.

Екі ерлі-зайыпты бірге тамақтанып жатыр.

Жаңа достар табыңыз

4. Жаңа достар табыңыз (Қор. 2-х. 6:11—13). Достар табудың ең жақсы жолы — адамға көңіл бөлу. Бауырластармен танысуға жеткілікті уақыт болу үшін, қауымға ертерек келіңіз және артынан бірден кетіп қалмаңыз. Бауырластардың есімін жаттауға күш салыңыз. Олардың есімін білсеңіз және өзіңіз жақындап, жылы шырай танытсаңыз, олар да сізге тартылады. Осылай тамаша достыққа бастама бересіз.

Өзгелерге жағынамын деп, өзіңізді басқаша ұстамаңыз. Бауырластар сізді қалай бар, солай танығаны жөн. Сіз де Люсинда бауырлас сияқты істеп көріңіз. Ол былай дейді: “Біз көп бауырластарды қонаққа шақырдық. Соның арқасында олармен жақын дос болып кеттік”.

“БІР-БІРІҢДІ ҚАБЫЛДАҢДАР”

Танымайтын адамдарға толы жаңа қауымға бару кейбіреулер үшін оңай емес. Қауымымызға жаңадан келгендер өздерін еркін сезіне алулары үшін біз не істесек болады? Елші Пауыл: “Мәсіх бізді қалай қабылдаған болса, сендер де бір-біріңді солай қабылдаңдар”,— деген (Рим. 15:7). Мәсіхке еліктеп, ақсақалдар жаңадан келген бауырластарды жылы қарсы алып, өздерін жайлы сезінулеріне жағдай жасай алады (“Жаңа жерге тастай батып, судай сіңу үшін” деген қоршауды қараңыз). Бірақ тек ақсақалдар ғана емес, қауымда бәріміз де, тіпті балалар да бұған үлес қоса алады.

Жаңа жерге тастай батып, судай сіңу үшін

Сіз не істеуіңіз керек? Қазіргі және жаңа қауымыңыздағы ақсақалдармен алдын ала сөйлесіп, қашан көшетініңізді, жаңа мекенжайыңызды және телефон нөміріңізді айтып қойыңыз. Жаңа жерде Патшалық сарайының қай жерде екенін және қауым кездесуі қашан өтетінін біліп алыңыз. Ал қауымға бірінші рет барған кезде, ақсақалдармен, өзге бауырластармен танысыңыз.

Ақсақалдар не істеулері керек? Бұрынғы қауымындағы хатшы бауырлас жайлы мінездеме хат пен Жариялаушының есеп карточкасын жаңа қауымға тез арада жіберуі керек. Жаңа Қауымның қызмет комитеті жаңадан келген бауырласты бірден уағыздау тобына тағайындау қажет. Ал топ бақылаушының жаңадан келген бауырласқа жолығып, көңіл бөлгені жақсы.

Бір-бірімізді қабылдауға бауырластарды қонаққа шақыру және іс жүзінде көмек көрсету жатады. Мысалы, бір әйел бауырлас алтын уақытын аямай, жаңадан көшіп келген бауырласқа қаланы көрсеткен және қоғамдық көліктердің қалай жүретінін түсіндірген. Бұндай көмекке риза болған жаңадан келген бауырлас қауымға тез-ақ сіңісіп кетті.

РУХАНИ ӨСУДІҢ МҮМКІНДІГІ

Шегіртке ұшатын қанаты пайда болғанға дейін бірнеше рет терісін тастайды. Тура солай, жаңа қауымға ауысқанда сізге де Ехобаға қанатыңызды кең жайып, қызмет етуге кедергі болатын жайттардан арылуға тура келеді. Николас пен Селен былай дейді: “Жаңа жерге көшуді өзіндік бір мектеп деуге болады. Өйткені жаңа адамдар мен жаңа ортаға үйренісу үшін жаңа қасиеттерді танытуды үйренесің. Кіріспе абзацта айтылған Джон-Чарльз бауырлас басқа қауымға көшкендері отбасына жақсы ықпал еткенін айтты. Ол былай дейді: “Жаңа қауымда балаларымыз ашылып, гүлдей жайнады. Бірнеше айдан кейін қызымыз апта ішіндегі кездесуде тапсырмамен шықты. Ал ұлымыз шомылдыру рәсімінен өтпеген жариялаушы болды”.

Ал егер басқа жаққа, мысалы, қажеттілік бар жерге көшіп баруға мүмкіндігіңіз болмаса, не істесеңіз болады? Осы мақаладағы кеңестерді неге өз қауымыңызда қолданып көрмеске?! Ехобаға арқа сүйеп, қауым істеріне барынша атсалысыңыз. Мысалы, қауымдағы бауырластармен қызметке шығыңыз. Жаңа достар табыңыз. Бар достарыңызбен арақатынастарыңызды жақсарта беріңіз. Бәлкім, жаңадан келгендерге не мұқтаждық көріп жүрген бауырластарға іс жүзінде қандай да бір көмек көрсете аларсыз. Өзгелерге сүйіспеншілік танытып, оларға көмектессеңіз, бұл рухани өсуіңізге септігін тигізеді. Өйткені сүйіспеншілікті шынайы мәсіхшілер ғана танытады (Жох. 13:35). Сондай-ақ “мұндай құрбандықтар Құдайға ұнамды” екеніне сенімді болыңыз (Евр. 13:16).

Қиындықтарға қарамастан көптеген бауырластар жаңа қауымдарына тастай батып, судай сіңген. Бұл сіздің де қолыңыздан келеді! “Қауымымды ауыстырғаным жүрегімді айқара ашуға көмектесті”,— дейді Анна-Лиз. Ал Казуми басқа жаққа көшкеннің арқасында Ехобаның қолдауын басқа қырынан көрген. Ал Жуль былай дейді: “Достарымның арқасында қазір өзімді бөтен сезінбеймін, қауымда өз орным бар. Енді мен бұл қауымды да қимайтын сияқтымын”.

a Жаңа жерде жалғыздық сезінгенде көмек болатын ойларды 1994 жылғы, 15 мамыр айындағы “Күзет мұнарасының” “Как быть проповеднику, когда томит ностальгия” (ор.) деген мақаласынан қараңыз.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу