8-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
123-ӘН Құдай орнатқан тәртіпке бағынайық
Ехобаның жетелеуімен жүре берейік
“Мен Құдайларың Ехобамын. . . Жүрулерің тиіс жолмен жетелеймін” (ИШАЯ 48:17).
НЕГІЗГІ ОЙ
Бұл мақалада Ехоба бүгінде өз халқын қалай жетелейтінін және оған құлақ ассақ қандай баталарға кенелетінімізді білеміз.
1. Не үшін Ехобаның жетелеуіне мұқтажбыз? Мысал келтіріңіз.
СІЗ ну орманда адасып қалдыңыз делік. Ол жерде жүру өте қауіпті, өйткені жыртқыш аңдар, ауру тарататын жәндіктер мен улы өсімдіктер бар. Бұған қоса, аңдамай басып, шұңқырға құлап түсуіңіз мүмкін. Осындайда қасыңызда сол жерді жақсы білетін және сізді қауіпсіз жермен алып жүретін адам болса, қандай жақсы болар еді! Осы дүниені сол орманға теңеуге болады. Онда рухани күйімізге қауіп төндіретін жайттар көп. Бірақ қуанышқа орай, бізді ең дұрыс жолмен жетелейтін Ехоба бар. Ол бізді қауіпсіз жолмен алып жүріп, жаңа дүниедегі мәңгілік өмірге жеткізеді.
2. Ехоба бізді қалай жетелейді?
2 Ехоба бізді қалай жетелейді? Ең алдымен, өз Сөзі — Киелі кітап арқылы. Сондай-ақ ол өзі тағайындаған адамдар арқылы да басшылық береді. Мысалы, “адал да ақылды құл” арқылы рухани ас-су бергенінің арқасында біз жақсы шешімдер қабылдай аламыз (Мат. 24:45). Ехоба басқа да қабілетті ер бауырластарды, мысалы, аудандық бақылаушыларды, қауымдағы ақсақалдарды қолданады. Олар бізді қиын шақтары жігерлендіріп, нұсқаулар мен ақыл-кеңестер береді. Осы соңғы қиын-қыстау күндері Ехоба бізге дұрыс жол көрсетіп отырғанына шексіз ризамыз! Осының арқасында Ехобаның ықыласынан айырылмай, өмір жолынан ауытқымай келеміз.
3. Бұл мақалада не талқылаймыз?
3 Бірақ кейде, Ехобаның басшылығын кемелсіз адамдар арқылы алғанда, мойынсұну әсіресе қиын болып жатады. Бұған не себеп болуы мүмкін? Бауырластар берген нұсқау бізге ұнамайтын шығар немесе ол ақылға қонымсыз көрінгендіктен Ехобадан келмеген деп пайымдайтын шығармыз. Бірақ дәл осындай кезде бізді жетелейтін Ехобаның өзі екеніне және оған мойынсұнсақ, әрқашан батаға кенелетінімізге сенімді болуымыз қажет. Осы орайда сенімділігімізді қайрайтын үш жайтты қарастырайық: 1) Ехоба ежелде өз халқын қалай жетелеген? 2) Бүгінде қалай жетелейді? 3) Оның жетелеуімен жүре берсек, қандай пайдасын көреміз?
Ехоба ежелден бері өз халқын жердегі адамдар арқылы жетелеп келеді (3-абзацты қараңыз)
ЕХОБА ИСРАИЛ ХАЛҚЫН ҚАЛАЙ ЖЕТЕЛЕДІ?
4, 5. Ехоба халқын Мұса арқылы жетелеп жатқанын қалай көрсетті? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)
4 Ехоба Мұсаны исраилдіктерді Мысырдан алып шығуға тағайындады. Халықты Мұса арқылы жетелеп келе жатқанын дәлелдейтін нақты белгілер де көрсетті. Мысалы, ол күндіз бұлт бағанасын, ал түнде от бағанасын жіберетін (Мұс. 2-ж. 13:21). Мұса осы бағанаға ілесіп, халықты Қызыл теңізге алып барды. Алайда Қызыл теңіз бен Мысыр әскерінің ортасында қалғанда, халық қатты абыржып, шошып кетті. Сонда олар “Мұсаның бізді осы жерге алып келгені дұрыс болған жоқ” деп ойлады. Бірақ бұл қателік емес еді. Ехоба Мұса арқылы оларды сол жерге әдейі әкелген еді (Мұс. 2-ж. 14:2). Сосын ол халықты ғажайып түрде құтқарып қалды (Мұс. 2-ж. 14:26—28).
Мұса шөл далада Құдай халқын алып жүру үшін бұлт бағанасына адал еріп отырды (4, 5-абзацтарды қараңыз)
5 Мұса Құдай шөл далада халқын бұлт бағанасы арқылы жетелеп келе жатқанына сеніп, 40 жыл бойы соған адал ілесе бердіa. Бір кездері Ехоба бұл бағананы Мұсаның шатырының үстіне қойды және оны бүкіл халық көрді (Мұс. 2-ж. 33:7, 9, 10). Ехоба Мұсаға осы бағанадан сөйлеп, нұсқаулар беретін. Ал Мұса оны халыққа жеткізетін (Зәб. 99:7). Демек, Ехоба исраилдіктерді Мұса арқылы жетелеп жатқаны халыққа тайға таңба басқандай анық еді.
Мұса орынбасары Ешуамен (5, 7-абзацтарды қараңыз)
6. Исраилдіктер Ехобаның басшылығына қалай қарады? (Мұсаның 4-жазбасы 14:2, 10, 11)
6 Мұса Ехобаның атынан сөйлейтініне айқын дәлелдер болса да, өкінішке қарай, исраилдіктердің көбісі оны жоққа шығарды (Мұсаның 4-жазбасы 14:2, 10, 11 оқыңыз). Олар Мұсаның рөлін мойындамай қойды. Сол үшін Ехоба сол ұрпақты Уәде етілген жерге кіргізбеді (Мұс. 4-ж. 14:30).
7. Ехобаның басшылығына мойынсұнғандар жайлы айтып беріңіз. (Мұсаның 4-жазбасы 14:24) (Суретті де қараңыз.)
7 Алайда исраилдіктердің арасында Ехобаның басшылығына мойынсұнғандар да болған. Мысалы, Ехоба: “Халеп. . . айтқандарымды шын жүректен орындады”,— деген (Мұсаның 4-жазбасы 14:24 оқыңыз). Сол үшін Ехоба оған батасын беріп, Қанаханнан өзі қалаған жерді алуға рұқсат берген (Ешуа 14:12—14). Исраилдіктердің келесі ұрпағы да Ехобаның басшылығына мойынсұнған. Олар Мұсаның орнына жетекші болып тағайындалған Ешуаны “құрметтеді” (Ешуа 4:14). Сондықтан Ехоба оларды жарылқап, Уәде етілген жерге кіргізді (Ешуа 21:43, 44).
8. Ехоба патшалардың тұсында халқын қалай жетелеген? (Суретті де қараңыз.)
8 Жылдар өте Ехоба халқына басшылық беру үшін билерді тағайындады. Ал патшалардың тұсында пайғамбарларын жіберіп отырды. Адал патшалар сол пайғамбарлардың кеңесіне құлақ асқан. Мысалы, Дәуіт патша Натан пайғамбар оны жөнге салғанда, кішірейіп, күнәсін мойындаған (Сам. 2-ж. 12:7, 13; Шеж. 1-ж. 17:3, 4). Ал Жосафат патша Жахазиел пайғамбардың айтқанына мойынсұнып, халықты “[Құдайдың] пайғамбарларына сенім артуға” шақырған (Шеж. 2-ж. 20:14, 15, 20). Езекия патша болса қысылтаяң шақта Ишая пайғамбардың көмегіне жүгінген (Ишая 37:1—6). Патшалар оның басшылығына құлақ асқан сайын, Ехоба оларды жарылқап, халқын қорғап отырған (Шеж. 2-ж. 20:29, 30; 32:22). Ехоба халқын пайғамбарлар арқылы жетелеп отырғанын барлығы түсінуі керек еді. Бірақ патшалардың да, халықтың да басым бөлігі олардан бас тартқан (Ерм. 35:12—15).
Езекия патша мен Ишая пайғамбар (8-абзацты қараңыз)
ЕХОБА АЛҒАШҚЫ МӘСІХШІЛЕРДІ ҚАЛАЙ ЖЕТЕЛЕДІ?
9. I ғасырдағы мәсіхшілерге жетекшілік ету үшін Ехоба кімдерді қолданды? (Суретті де қараңыз.)
9 I ғасырда Ехоба мәсіхшілер қауымын құрды. Ехоба оларға қалай жетекшілік етті? Ол қауымның басы етіп Иса Мәсіхті тағайындады (Ефес. 5:23). Бірақ Иса әрбір шәкіртіне жеке-жеке басшылық беріп отырған жоқ. Бұл үшін елшілер мен Иерусалимдегі ақсақалдарды қолданды (Ел. іс. 15:1, 2). Сондай-ақ әр қауымда жетекшілік ететін ақсақалдар тағайындалды (Сал. 1-х. 5:12; Тит. 1:5).
Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдар бас қосып отыр (9-абзацты қараңыз)
10. а) I ғасырдағы мәсіхшілер басшылықты қалай қабылдады? (Елшілердің істері 15:30, 31) ә) Ежелде кейбіреулер неге Ехобаның атынан сөйлеген адамдарды мойындамаған? (“Айқын көрініп тұрса да, неге кейбіреулер мойындамады?” деген қоршауды қараңыз.)
10 I ғасырдағы мәсіхшілер басшылықты қалай қабылдады? Басым бөлігі нұсқауларға қуана мойынсұнды. Олар тіпті жетекшілікті қолға алған бауырластардың “жігер беретін сөздерін оқып, қуанып қалған” (Елшілердің істері 15:30, 31 оқыңыз). Ал Ехоба бүгінде халқын қалай жетелеуде?
ЕХОБА БІЗДІ ҚАЛАЙ ЖЕТЕЛЕП ЖҮР?
11. Ехоба біздің заманымызда жетекшілікті қолға алғандарды қалай бағыттады? Мысал келтіріңіз.
11 Ехоба өз халқын әлі күнге дейін жетелеп келеді. Қалай? Өз Сөзі арқылы және қауымның басы Иса арқылы. Ал жердегі адамдар арқылы да жетекшілік етіп жатқанына дәлелдер бар ма? Әрине, бар. Мысалы, 1870 жылдан кейін болған оқиғаларды алайықшы. Чарлз Тейз Расселл бауырлас пен оның серіктестері 1914 жылдың Құдай Патшалығының орнауында ерекше рөл орнайтынын түсіне бастады (Дан. 4:25, 26). Киелі кітап пайғамбарлықтарын зерттеп, олардың жүзеге асатынына сенімді болғандықтан олар осындай тұжырымға келді. Оларды Ехоба жетелеп отырғаны анық. Өйткені 1914 жылы болған оқиғалардан Құдай Патшалығы билей бастағаны айқын болды. Сол жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, артынан індеттер, жерсілкіністері, аштық жайлап кетті (Лұқа 21:10, 11). Ехоба өз халқына көмектесу үшін осы адал Киелі кітап зерттеушілерін қолданды.
12, 13. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде уағыздау мен тәлім беру ісін алға жылжыту үшін қандай шаралар ұйымдастырылды?
12 Ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде не болды? Бас басқармадағы жауапты бауырластар Аян 17:8-ді мұқият зерттеп, соғыстың арты Армагеддонға ұласпайтынын түсінді. Қайта, соғыстан кейін біршама тыныштық орнап, уағыз ісіне есік айқара ашылатынын ұқты. Сондықтан, мүлдем ақылға қонбайтындай көрінсе де, Ехобаның ұйымы “Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебін” ашты. Бұл мектептің мақсаты жер-жердегі адамдарға уағыздап, тәлім беру үшін миссионерлерді дайындау еді. Сөйтіп, әлемде соғыс болып жатса да, миссионерлер жан-жаққа жіберіліп жатты. Бұған қоса, адал құл жариялаушылардың уағыздау мен тәлім беру шеберлігін шыңдау үшін “Теократиялық қызмет курсын”b ұйымдастырды. Осының арқасында Құдай халқы алдағы іске білек сыбана кірісуге дайын еді.
13 Артқа көз тастасақ, Ехоба қиын шақта да өз халқын жетелеп жүргенін анық көреміз. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Ехобаның қызметшілері көп елде еркін уағыздап келеді. Осылай ісіміз алға басып, құлашын кең жайды.
14. Ехобаның ұйымы және ақсақалдар беріп жатқан нұсқауларға неге сенімді болсақ болады? (Аян 2:1) (Суретті де қараңыз.)
14 Бүгінде Басқарушы кеңестің мүшелері Исаның басшылығына жүгінеді. Олар бауырластарға беретін нұсқаулары Ехоба мен Исаның ой қалпына сай болғанын қалайды. Сосын сол нұсқауларды аудандық бақылаушылар мен ақсақалдар арқылы қауымдарға жеткізедіc. Киелі рухпен майланған ақсақалдар (кең мағынада барлық ақсақалдар) Иса Мәсіхтің “оң қолында” (Аян 2:1 оқыңыз). Кемелсіз болғандықтан олар да қателіктер жібереді, әрине. Мұса да, Ешуа да, I ғасырдағы елшілер де кейде қателескен (Мұс. 4-ж. 20:12; Ешуа 9:14, 15; Рим. 3:23). Бірақ Иса адал құл мен ақсақалдарға мұқият бағыт беріп отырады әрі “осы заман аяқталғанша, әр күні” солай ете береді (Мат. 28:20). Олай болса, жауапты бауырластардың басшылығына толықтай сенім арта аламыз.
Қазіргі таңдағы Басқарушы кеңес (14-абзацты қараңыз)
ЕХОБАНЫҢ ЖЕТЕЛЕУІМЕН ЖҮРСЕК, ПАЙДАСЫН КӨРЕМІЗ
15, 16. Ехобаның жетелеуімен жүрген бауырластардан қандай сабақ алдыңыз?
15 Ехобаның жетелеуімен жүрсек, қазірдің өзінде батаға кенелеміз. Мысалы, Энди мен Робин бауырластар қарапайым өмір сүруге қатысты кеңеске құлақ асты (Мат. 6:22). Осының арқасында олар ерікті болып, ұйымның құрылыс жобаларына атсалысты. Әйелі Робин былай дейді: “Кейде біз тар, тіпті ас бөлмесі жоқ үйлерде тұратынбыз. Мен фотоаппаратым мен сурет түсіруге қажетті заттарымды сатып жібердім. Бұл менің сүйікті ісім болғандықтан, оларды қимай, жылап қоштастым. Бірақ артқа жалтақтай бермей, Ыбырайымның әйелі Сара сияқты тек алға қарай ұмтылуға бекіндім” (Евр. 11:15). Олар бұл шешімдерінің қандай жемісін көрді? Робин былай дейді: “Біз барымыздың бәрін Ехобаға беріп жатқандықтан, өте бақыттымыз. Ехоба берген тапсырмаларды орындап жүргенде, жұмақтағы өмірдің дәмін татқандай боламыз”. Энди де жұбайының айтқанына қосылып, былай деді: “Бар күшімізді Патшалық ісіне жұмсағаннан біз зор қанағат сезінеміз”.
16 Ехобаның жетелеуімен жүрсек, бұның тағы қандай баталарын көреміз? Марсия деген бауырласымыз мектепті бітірген соң, адал құлдың кеңесіне құлақ асып, толық уақыт қызмет еткісі келеді (Мат. 6:33; Рим. 12:11). “Менің университетте төрт жыл тегін оқуға мүмкіндігім болды. Бірақ мен рухани мақсаттарға ұмтылғым келді. Сондықтан ізашар бола жүріп, өзімді асырай алу үшін бір кәсіпті меңгеріп алуды шештім. Бұл өте дұрыс шешім болды. Қазір мен тұрақты ізашармын. Сондай-ақ икемді жұмыс кестемнің арқасында Бетелге көмектесемін әрі Ехоба үшін басқа да істер атқара аламын”.
17. Ехобаның басшылығына мойынсұнсақ, тағы қандай пайдасын көреміз? (Ишая 48:17, 18)
17 Кейде ұйым ақшақұмарлықтан, Құдай заңын бұзуға апаратын әрекеттерден сақтандыру үшін кеңестер беріп жатады. Осындай нұсқауларға мойынсұнсақ, мол пайдасын көреміз. Мысалы, ар-ұжданымыз таза болады, көптеген қиындықтардың алдын аламыз (Тім. 1-х. 6:9, 10). Нәтижесінде Ехобаға бар жүрегімізбен ғибадат ете аламыз. Ал бұл нағыз қуаныш, тыныштық, қанағат әкеледі (Ишая 48:17, 18 оқыңыз).
18. Неге Ехобаның жетелеуімен жүремін деп шештіңіз?
18 Зор алапат пен мыңжылдық билік кезінде де Ехоба бізге жетекшілік ету үшін адамдарды қолданады (Зәб. 45:16). Сол кезде тіпті қаламай тұрсақ та, оларға мойынсұна береміз бе? Егер қазір Ехобаның жетекшілігіне мойынсұнатын болсақ, ол кезде де бізге жеңіл болады. Ендеше, әрдайым Ехобаның жетелеуімен жүріп, оның жауапты бауырластар арқылы беріп жатқан нұсқауларына мойынсұна берейік (Ишая 32:1, 2; Евр. 13:17). Осылай етер болсақ, Ехоба бізді рухани қауіп-қатерден алып шығып, жаңа дүниедегі мәңгілік өмірге жеткізеді!
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?
Ехоба Исраил халқын қалай жетелеген?
Ехоба алғашқы мәсіхшілерді қалай жетелеген?
Ехобаның жетелеуімен жүрсек, қандай пайдасын көреміз?
48-ӘН Күнде Ехобамен бірге жүрейік
a Бұған қоса, Ехоба “қостың алдында” жүріп, халықты Уәде етілген жерге жетелеп апаратын періштені де тағайындаған. Ол — Микайл, яғни жерге келгенге дейінгі Иса болғаны анық (Мұс. 2-ж. 14:19; 32:34).
b Кейін бұл курс “Теократиялық қызмет мектебі” деп аталды. Қазіргі таңда бұл оқу апта ішіндегі кездесудің бір бөлігі ретінде өтеді.
c 2021 жылы ақпандағы “Күзет мұнарасының” 18-бетінен “Басқарушы кеңестің рөлі” деген қоршауды қараңыз.