49-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Біз мәңгі өмір сүре аламыз
“Құдайдың сыйы — мәңгілік өмір” (РИМ. 6:23).
147-ӘН Уәде етілген жұмақ
АҢДАТПАa
1. Ехобаның мәңгілік өмір беремін деген уәдесі жайлы неліктен ойлануымыз керек?
ЕХОБА оған мойынсұнатындарға “мәңгілік өмір” сыйлаймын деп уәде етеді (Рим. 6:23). Ойлап көріңізші, көктегі Әкеміз ғұмырымызды мәңгілік етсе, одан ешқашан ажырамайтын боламыз! Оның осындай сүйіспеншілігі жайлы ойлағанда, біздің де оған деген сүйіспеншілігіміз тереңдей түседі.
2. Мәңгілік өмір жайлы уәдені білудің қандай көмегі бар?
2 Ехобаның мәңгілік өмірге қатысты уәдесі бізге бүгінде сынақтарға төтеп беруге көмектеседі. Жауларымыз “жандарыңды аламыз” деп қорқытса да, біз олардың дегеніне көнбейміз. Өйткені Ехобаға адалдық сақтап қалсақ, ол бізді тірілтіп, ешқашан өлмейтін өмірге ие болу үмітін береді (Жох. 5:28, 29; Қор. 1-х. 15:55—58; Евр. 2:15). Ал шынымен мәңгі өмір сүре алатынымызға неге сенімдіміз? Қазір мұның кейбір себептерін қарастырайық.
ЕХОБА — МӘҢГІЛІК
3. Ехоба бізге мәңгі өмір бере алатынына не үшін сенімдіміз? (Зәбүр 102:12, 24, 27)
3 Ехоба өмірдің қайнар көзі болғандықтан және өзі де шексіз өмір сүретіндіктен, бізге мәңгі өмір бере алады (Зәб. 36:9). Қазір кейбір тармақтарға үңіліп, Ехоба әрқашан бар болғанына және әрқашан бола беретініне назар аударайық. Мысалы, Зәбүр 90:2-де: “Сен мәңгілік Құдайсың”,— делінген. Осыған ұқсас сөздер Зәбүр 102-тарауда да кездеседі (Зәбүр 102:12, 24, 27 оқыңыз). Абақұқ пайғамбар да көктегі Әкеміз жайлы: “Уа, Ехоба, сен мәңгіліктен келе жатқан Құдай емессің бе? Құдайым, Киелі Құдайым, сен ешқашан өлмейсің”,— деген (Абқ. 1:12).
4. Ехобаның әрқашан бар болғанын түсінбесек неге уайымдаудың қажеті жоқ? Түсіндіріңіз.
4 “Құдай мәңгілік, оның басы да, аяғы да жоқ деген қалай сонда?”— деп түсінбеген кезіңіз болған ба? (Ишая 40:28). Бұндай сезім көбімізге таныс. Бірде Елиху: “Оның жылдарының санына жету мүмкін емес”,— деп айтқан (Әйүп 36:26). Бірақ ескеретін жайт — біз бір нәрсені түсінбесек, ол нәрсе жоқ не өтірік дегенді білдірмейді. Мысалы, біз жарықтың қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейміз, бірақ бұл жарық жоқ деген сөз емес қой?! Сол сияқты, біз “Ехоба әрқашан болған және әрқашан бола береді” деген ұғымды толық түсінбеуіміз мүмкін. Бірақ соған сүйеніп, Құдай мәңгілік емес деп айта алмаймыз. Жаратушымыз туралы шындықтар шындық болып қала береді, олар біздің түсінген-түсінбегенімізге қарай өзгеріп кетпейді (Рим. 11:33—36). Ол Күн сияқты жұлдыздардан бұрын, тіпті ғаламда еш нәрсе пайда болмай тұрып бар болған. Киелі кітаптан Ехобаның “құдіретімен жерді жаратқан” Жаратушы екенін әрі “аспан кеңістігін жаймай” тұрып бар болғанын көреміз (Ерм. 51:15; Ел. іс. 17:24). Мәңгі өмір сүру шынымен мүмкін екендігіне тағы қандай дәлелдер бар?
БІЗ МӘҢГІ ЖАСАУ ҮШІН ЖАРАЛДЫҚ
5. Адам мен Хауада қандай мүмкіндік болды?
5 Ехоба жер бетіндегі тіршілік иелерінің ішінде тек адам баласына ғана мәңгі өмір сүру мүмкіндігін сыйлаған. Алайда Ехоба алғашқы адамды: “Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жеме! Өйткені одан жеген күні өлесің”,— деп ескертті (Мұс. 1-ж. 2:17). Адам ата әйелі екеуі осы бұйрыққа мойынсұнғанда өлмес еді. Кейін Ехоба оларға “өмір сыйлайтын ағаштан” жеуге рұқсат берер еді деп пайымдау қисынды. Ол ағаштың жемісінен жеу енді “мәңгі өмір сүретіндеріне” кепілдік болып табылатынb (Мұс. 1-ж. 3:22).
6, 7. а) Адам баласы өлу үшін жаралмағаны тағы неден көрінеді? ә) Сіз немен айналысуды аңсап жүрсіз? (Суреттерді қараңыз.)
6 Біздің миымыз бүкіл ғұмырымызда жинайтын мәліметтен әлдеқайда көп мәлімет сақтауға қауқарлы. 2010 жылы шыққан бір ғылыми журналда адам миының сыйымдылығы 2,5 миллиондай гигабайт екені жарияланды (“Scientific American Mind”). Демек, оның ауырлығы 3 миллион сағаттық, яғни 300 жылдық видеожазбаға тең. Айта кететін жайт — бұл сан одан да көп болуы мүмкін. Осы деректердің бәрі нені көрсетеді? Ехоба біздің миымызды 70-80 жылдық қана емес, одан да көп мәліметті сақтай алатындай етіп жасаған (Зәб. 90:10).
7 Сонымен қатар Ехоба адам баласын мәңгі өмір сүруге деген қатты қалаумен жаратқан. Киелі кітапта: “Ол тіпті адамның жүрегіне мәңгілікті салды”,— делінген (Уағ. 3:11). Өлімді жаудай жек көретініміз, міне, сондықтан (Қор. 1-х. 15:26). Мысалы, ешкім де ауыр дертке шалдықса, қол қусырып, өлетін кезін күтіп отырмайды. Ол дәрігердің табалдырығын тоздырса да, шипа іздеп, өмір үшін соңына дейін күреседі. Ал жақсы көретін адамымыз қайтыс болғанда — мейлі ол жас бала болсын, қария болсын — қабырғамыз сөгіліп, ұзақ уақыт қайғырамыз, солай емес пе?! (Жох. 11:32, 33). Расында да, Жаратушымыз баянды ғұмыр кешкенімізді қаламаса, бізге мәңгі өмір сүру қалауын да, қабілетін де бермес еді. Шексіз өмір сүре алатынымыздың бұлтартпас дәлелдері бұл ғана емес. Ехоба бастапқы ниетінен әлі айнымағанын оның бұрынғы да, қазіргі де істері көрсетеді. Қазір сол туралы толығырақ білейік.
Алда күтіп тұрған мәңгілік өмірде немен айналысатынымызды елестету бізге қуаныш сыйлайды (7-абзацты қараңыз)c
ЕХОБА БАСТАПҚЫ НИЕТІНЕН АЙНЫҒАН ЖОҚ
8. Ехоба бізге қатысты ниетін өзгертпегенін Ишая 55:11 қалай дәлелдейді?
8 Түп ата-анамыз Адам мен Хауа күнә жасап, дүниеге өлетін балалар алып келсе де, Ехобаның бастапқы ниеті өзгерген жоқ (Ишая 55:11 оқыңыз). Ол әлі де бізді мәңгі өмірге жеткізгісі келеді. Ехобаның осы мақсатына жету үшін жасаған істері мен айтқан сөздері бұған дәлел.
9. Құдай не деп уәде еткен? (Даниял 12:2, 13)
9 Ехоба марқұмдарды тірілтіп, оларға мәңгі өмір сүру мүмкіндігін беруді уәде еткен (Ел. іс. 24:15; Тит. 1:1, 2). Әділ кісі Әйүп Ехобаның көрде жатқан марқұмдарды тірілтуді аңсайтынын білген (Әйүп 14:14, 15). Даниял пайғамбар да болашақта тіріліс болатынын және оларға мәңгі өмір сүру мүмкіндігі берілетінін жақсы білген (Зәб. 37:29; Даниял 12:2, 13 оқыңыз). Исаның кезіндегі еврейлер де Ехобаның адал қызметшілері “мәңгілік өмірді” мұра ететініне сенімді болған (Лұқа 10:25; 18:18). Көктегі Әкесінің осындай уәдесі жайлы Иса да көп рет айтқан және өзі де өлімнен қайта тірілген (Мат. 19:29; 22:31, 32; Лұқа 18:30; Жох. 11:25).
Ілиястың кезінде болған тіріліс сізге қандай сенімділік береді? (10-абзацты қараңыз)
10. Бұрында болған тірілістер нені дәлелдейді? (Суретті қараңыз.)
10 Ехоба Өмір беруші болғандықтан, оның марқұмдарға қайтадан өмір дарыта алатын құдіреті бар. Ілияс пайғамбар Құдайдың сол құдіретінің арқасында сарепталық жесір әйелдің ұлын тірілткен (Пат. 1-ж. 17:21—23). Кейінірек Еліше пайғамбар да Құдайдың күшімен шунемдік әйелдің көз жұмған ұлына өмір дарытқан (Пат. 2-ж. 4:18—20, 34—37). Осы екі жағдай мен басқа да оқиғалар Ехобаның марқұмдарға қайтадан жан бітіре алатынын дәлелдейді. Иса жерде жүрген кезде Ехоба оған да осындай құдірет берген болатын (Жох. 11:23—25, 43, 44). Ал қазір Иса көкте тақта отыр және оған “көк пен жердегі барлық билік берілген”. Сондықтан “қабірдегілердің бәрі” оянып, ешқашан өлмейтін мүмкіндікке ие болады деген уәдені ол сөзсіз жүзеге асырады (Мат. 28:18; Жох. 5:25—29).
11. Қалайша төлем құрбандығы мәңгілік өмірге есік ашты?
11 Ехоба сүйікті ұлының азапталып өлуіне не үшін жол берді? Иса бұны былай деп түсіндірді: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жох. 3:16). Демек, Құдай бізді ұлының қанымен күнәларымыздан тазартып, мәңгілік өмірге есік ашты (Мат. 20:28). Құдайдың ниетінің осы қырын елші Пауыл былай ашып берді: “Өлім адам арқылы келді, қайта тірілу де адам арқылы болады. Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлетініндей, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі” (Қор. 1-х. 15:21, 22).
12. Құдай Патшалығы Ехобаның бізге қатысты еркін қалай жүзеге асырады?
12 Иса ізбасарларына “Құдайдың Патшалығы келсін” деп, “Құдайдың еркі жерде де орындалсын” деп дұға етуді тапсырған (Мат. 6:9, 10). Ал Құдайдың еркіне адамдардың жер бетінде мәңгі өмір сүруі де кіреді. Осы мақсатына жету үшін Ехоба Құдай Патшалығының Патшасы етіп өзінің Ұлын тағайындады және онымен бірге билік ететін 144 000 адамды жинауда (Аян 5:9, 10).
13. Ехоба не істеп жатыр, ал сіз өз тарапыңыздан не істеуіңіз керек?
13 Ехоба жер бетіндегі халықтар арасынан “ұлы жамағатты” жинап, оларды Патшалығының азаматтары болуға дайындап жатыр (Аян 7:9, 10; Жақ. 2:8). Ұлтқа, руға, нәсілге бөлініп, бір-бірін жек көріп, тіпті соғысуға дейін баратын осы дүниеде ұлы жамағат жеккөрушіліктің барлық түрін жеңген. Осылай қазірдің өзінде олар семсерлерінен соқа соғып жатыр (Миха 4:3). Олар адамдарды шыбындай қыратын соғыстарға қатыспай, керісінше, “шынайы өмірді” табуға көмектесіп жатыр (Тім. 1-х. 6:19). Бұл үшін олар шынайы Құдай жайлы және оның мақсаттары жайлы тәлім беруде. Олар Құдай Патшалығын қолдағандары үшін туыстарының тарапынан қарсылыққа кезігуі не қаржылай қиындыққа ұшырауы мүмкін. Бірақ Ехоба ешқайсысын тастамай, қажетімен қамдап жатыр (Мат. 6:25, 30—33; Лұқа 18:29, 30). Осы айғақтардың бәрі Құдай Патшалығы қиял емес, шынайы үкімет екенін және Ехобаның еркін әрі қарай да орындай беретінін көрсетеді.
ЕРТЕҢІМІЗ НҰРЛЫ ДА ЖЫРЛЫ БОЛМАҚ!
14, 15. Ехобаның өлімді мәңгілікке жоямын деген уәдесі қалай орындалады?
14 Иса — қазір көкте Құдай Патшалығының Патшасы және ол Ехобаның уәделерінің барлығын жүзеге асырады (Қор. 2-х. 1:20). 1914 жылдан бері Иса жауларын бағындырып келеді (Зәб. 110:1, 2). Ал жуырда ол 144 000 көмекшісімен бірге зұлымдарды жойып, толық жеңіске жетеді (Аян 6:2).
15 Исаның мыңжылдық билігі тұсында марқұмдар тіріліп, мойынсұнғыш адамзат кемелділікке жетеді. Соңғы сынақтан сүрінбей өтіп, Ехобаның алдында әділ деп табылғандар “жерді мұра етеді, онда мәңгі бақи өмір сүреді” (Зәб. 37:10, 11, 29). Сол кезде “соңғы жау — өлім” жойылады (Қор. 1-х. 15:26). Бұл неткен қуанышты кез болмақ!
16. Ехобаға қандай ниетпен қызмет етуіміз керек?
16 Көргеніміздей, мәңгілік өмірге деген үмітіміз құр ой-қиялға емес, Құдайдың Сөзіне негізделген. Осы берік үміт бізге соңғы күндердегі қиын уақытта адал тұруға көмектеседі. Бірақ Ехобаға ұнамды болу үшін біз оған дұрыс ниетпен адал болғымыз келеді, яғни өлмей, мәңгі өмір сүргіміз келгендіктен емес, ең біріншіден, Ехоба мен Исаны қатты жақсы көргендіктен адалдық сақтауды қалаймыз (Қор. 2-х. 5:14, 15). Бұл сүйіспеншілік оларға еліктеуге және үмітіміз жайлы басқаларға айтуға талпындырады (Рим. 10:13—15). Осылай біз өзгенің қамын көбірек ойлауды және жомарт болуды үйренгіміз келеді, өйткені Ехоба мәңгі дос болатын адамдарының осындай болғанын қалайды (Евр. 13:16).
17. Әрқайсысымыздың мойнымызда қандай жауапкершілік бар? (Матай 7:13, 14)
17 Ехоба мәңгі өмірге жетелейтін жолды ашып қойды. Сол жолда қаламыз ба, жоқ па — бұл өз қолымызда (Матай 7:13, 14 оқыңыз). Ал мәңгі өмірге жеткенде өмір қандай болады? Бұл жайлы келесі мақаладан білеміз.
141-ӘН Өмір — Құдайдан келген сый
a Сіз мәңгілік өмірді күтіп жүрсіз бе? Ехоба болашақта қартайып өлеміз деп уайымдамайтын күн келетінін айтады. Оның осы уәдесі орындалатынына не үшін сенімді бола аламыз? Бұның жауабын осы мақаладан білеміз.
b “Киелі кітаптағы “мәңгі” сөзінің мағынасы” деген қоршауды қараңыз.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Егде тартқан ер бауырлас мәңгілік өмірде немен айналысатынын елестетіп отыр.