44-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Үмітіңізді берік сақтаңыз
“Үмітіңді Ехобаға арт” (ЗӘБ. 27:14).
144-ӘН Зор сыйға назар тігейік
АҢДАТПАa
1. Ехоба бізге қандай үміт сыйлады?
ЕХОБА бізге мәңгі өмір сүру үмітін сыйлады. Арамыздағы кейбіреулер өлмес рухани денемен көкте өмір сүруге үміттенеді (Қор. 1-х. 15:50, 53). Ал басым көпшілігіміз он екі мүшеміз сау болып, жер бетінде мәңгі бақытты өмір сүруге үміттенеміз (Аян 21:3, 4). Көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік, бұл үміт әрқайсысымыз үшін аса бағалы.
2. Үмітіміз неге негізделген және неге олай айта аламыз?
2 Киелі кітаптағы “үміт” сөзі алда жақсылық болатынын күтуді білдіреді. Біз болашаққа қатысты үмітіміздің ақталатынына сенімдіміз, себебі бұл үмітті Ехобаның өзі беріп отыр (Рим. 15:13). Біз оның уәделерін жақсы білеміз және ол бірде-бір сөзін жерге тастамайды (Мұс. 4-ж. 23:19). Айтқан сөзін орындауға оның күші де, қалауы да жеткілікті. Сондықтан біздің үмітіміз арман-қиялға емес, дәлел мен шындыққа негізделген.
3. Осы мақалада не қарастырамыз? (Зәбүр 27:14)
3 Көктегі Әкеміз бізді жақсы көреді әрі оған үміт артқанымызды қалайды (Зәбүр 27:14 оқыңыз). Үмітіміз берік болса, қиыншылықтарға төтеп бере аламыз және алдағы ешбір сынақ бізді сындыра алмайды, қуанышымыздан да айыра алмайды. Осы мақалада Ехоба беретін үміт бізді қалай қорғайтынын қарастырамыз. Сондай-ақ үмітті зәкірмен және дулығамен салыстырамыз. Сосын осы үмітімізді қалай жалындата алатынымызды қарастырамыз.
ҮМІТІМІЗ — ЗӘКІРІМІЗ
4. Үміт қай жағынан зәкірге ұқсайды? (Еврейлерге 6:19)
4 Еврейлерге жазған хатында Пауыл үмітті зәкірге теңеген (Еврейлерге 6:19 оқыңыз). Ол кемемен көп саяхаттағандықтан, зәкірдің не үшін қолданылатынын жақсы білген. Бір саяхатында теңізде сұрапыл дауыл көтеріледі. Дауыл кемені айдап апарып жартасқа соқпас үшін, теңізшілер зәкірлерді суға лақтырады. Зәкір кемені бір орында ұстап тұратындай, үміт те өмірдің дауылдарында бізді Ехобадан алыстатпай ұстап тұрады (Ел. іс. 27:29, 39—41). Дауылдың артынан жым-жырт тыныштық орнайтынына сенгендіктен, осы үміт бізге қиыншылықта сабыр береді. Есімізде болса, Иса қудаланатынымызды айтып кеткен (Жох. 15:20). Бірақ болашақта алатын сыйымыз жайлы ой жүгіртетін болсақ, мәсіхшілік жолда нық тұрамыз.
5. Өліммен бетпе-бет келгенде үміті Исаға қалай күш берді?
5 Аяусыз өлтірілетінін білсе де, Иса берік үмітінің арқасында нық тұрған. Исаның сабырлығы мен сенімділігі жайлы елші Петір 33 жылы Елуінші күн мейрамында айтқан сөздерден білеміз. Зәбүр кітабындағы Мәсіх туралы пайғамбарлықты келтіріп, ол былай деді: “Мен үмітпен өмір сүремін. Өйткені сен мені көрде қалдырмайсың, адал қызметшіңнің тәнін шірітпейсің... көз алдыңда мені зор қуанышқа бөлейсің” (Ел. іс. 2:25—28; Зәб. 16:8—11). Иса өлетінін білсе де, Құдай оны тірілтіп алатынына және көкте Әкесімен қайта қауышатынына берік үміттенді (Евр. 12:2, 3).
6. Бір ер бауырлас үміті жайлы не деді?
6 Үміт көп бауырластарға сынақ кезінде сабырлық берген. Солардың біреуі — Англияда өмір сүрген Леонард Чин деген адал бауырласымыз. Ол Бірінші дүниежүзілік соғыста әскерге бармағаны үшін түрмеге жабылады. Ол екі айға жалғыз адамдық камераға жабылып, кейін лагерьде ауыр еңбекке жегіледі. Леонард бауырлас хатында былай деп жазды: “Өз басымнан түсінгенім, үмітіміз болмаса, сынаққа төзе алмайды екенбіз. Бақытымызға орай, бізде Исаның, елшілер мен пайғамбарлардың үлгілері бар және Киелі кітаптағы керемет уәделер де бар. Бұлардың бәрі болашаққа зор үміт береді және қиындыққа төзуге күш береді”. Үміт Леонард бауырласты зәкір іспетті ұстап тұрды, дәл солай үмітіміз бізді де қиыншылықтарда ұстап тұра алады.
7. Сынақтар үмітімізге қалай әсер етеді? (Римдіктерге 5:3—5; Жақып 1:12)
7 Сынақтарға төтеп беріп, Ехобаның қолдауын сезінгенде және ықыласына бөленгенде, үмітіміз жалындай түседі (Римдіктерге 5:3—5; Жақып 1:12 оқыңыз). Осылай ол шындықты алғаш білген кездегіден берік бола түседі. Шайтан сынақтарда бас көтере алмай, түңіліп кеткенімізді қалайды. Бірақ Ехобаның көмегімен біз кез келген қиындықты еңсере аламыз.
ҮМІТІМІЗ — ДУЛЫҒАМЫЗ
8. Үмітімізді неге дулығаға теңеуге болады? (Салоникалықтарға 1-хат 5:8)
8 Сондай-ақ Киелі кітап үмітті дулығаға теңейді (Салоникалықтарға 1-хат 5:8 оқыңыз). Шайқаста дулыға жауынгердің басын жаулардың соққысынан қорғайды. Біз де рухани шайқаста жүргендіктен, санамызды Шайтанның соққыларынан қорғауымыз керек. Ол ой-санамызды арамдауға бағытталған азғырулар мен неше түрлі ойларды оқша боратады. Бірақ үмітіміз санамызды дулыға сияқты сақтап тұрғандықтан, біз Ехобаға адал болып қала аламыз.
9. Үміті жоқ адамдар қандай болады?
9 Мәңгі өмірге деген үміт бізге даналықпен, парасаттылықпен әрекет етуге көмектеседі. Ал егер үмітіміз әлсіреп қалса, тән қалаулары ойымызды шырмап алып, мәңгі өмір назарымыздан тайып кетуі мүмкін. Ежелдегі Қорынт қаласында тұрған кейбір мәсіхшілермен осылай болған. Олар Құдайдың негізгі уәдесі — қайта тірілу үмітіне сенуден қалған еді (Қор. 1-х. 15:12). Пауыл болашаққа үміті жоқ сол адамдардың бар ойлары жалған өмірдің рақатына бату екенін айтқан (Қор. 1-х. 15:32). Бүгінде де Құдайдың уәделеріне сенбейтін адамдар бір сәттік ләззат-ермек үшін өмір сүріп, жалғанды жалпағынан басып қалғылары келеді. Ал біз болсақ Құдай уәде еткен болашаққа сенеміз. Осы үміт ой-санамызды дулыға сияқты қорғап, қара басымызды ойлап өмір сүруден сақтайды. Осылайша біз Ехобамен қарым-қатынасымызды құртатын өмір салтынан аулақ жүреміз (Қор. 1-х. 15:33, 34).
10. Үміт бізді қандай жаман ойлардан сақтайды?
10 Үмітіміз бізді Ехобаға ешқашан ұнамды бола алмаймыз деген ойлардан да сақтайды. Мысалы, кейбіреулер былай деп ойлайтын шығар: “Кім-кім, бірақ мен ешқашан мәңгі өмір сүруге лайық бола алмаймын. Құдайдың талаптарына ешқашан сай бола алмаймын”. Есімізде болса, Әйүпті жұбатқан-сымақ болған Елифаз да осындай ойлар айтқан еді. Ол: “Жұмыр басты пенде таза болушы ма еді?”— деді. Сосын Ехоба туралы: “Құдай тіпті періштелеріне де сенім артпайды, Оның көз алдында көк те таза емес”,— деді (Әйүп 15:14, 15). Бұл барып тұрған өтірік еді! Мұндай ой қалыптың артында тұрған — Шайтан. Ол осындай ойлар санаңызға кіріп алса, үмітіңізді кеміріп бітетінін жақсы біледі. Сондықтан бұндай жалған ойлардан бірден жалтарып, Ехобаның уәделеріне назар аударыңыз. Ол сіздің мәңгі өмір сүргеніңізді қалайды және соған жетуіңіз үшін көмегін де аямайды. Бұған ешқашан күмәнданбаңыз (Тім. 1-х. 2:3, 4).
ҮМІТІҢІЗ ЖАЛЫНДАЙ БЕРСІН!
11. Неге біз үмітіміздің ақталуын шыдаммен күтуіміз керек?
11 Үмітімізді жалындаған күйі берік сақтау оңай бола бермейді. Біз Құдайды күте-күте тағатымыз таусылып, тыпырши бастауымыз мүмкін. Алайда Ехоба — мәңгілік екенін, оның уақытқа деген көзқарасы біздікіндей емес екенін ұмытпайық (Пет. 2-х. 3:8, 9). Ехоба өзінің ниетін ең дұрыс жолмен, ең дұрыс уақытта орындайды, әрі бұл біз күткен уақыт болмауы мүмкін. Сондай кезде Құдайды шыдамдылықпен күтіп, үмітімізді берік сақтауға не көмектеседі? (Жақ. 5:7, 8).
12. Еврейлерге 11:1, 6-ға сай, үміттің сеніммен қандай байланысы бар?
12 Біздің үмітіміздің кепілі — Ехоба. Сондықтан оған жақын болып қалсақ, үмітімізді берік сақтай аламыз. Киелі кітаптан үміт пен сенімнің бір-бірімен тығыз байланысты екенін көреміз. Бізде үміт болуы үшін, Құдайдың бар екеніне және ол “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сенуіміз керек” (Еврейлерге 11:1, 6 оқыңыз). Ехобаны шынайы, тірі Құдай деп таныған сайын, уәделерінің бәрін орындайтынына сеніміміз нығая түседі. Қазір Ехобамен достығымызды нығайтудың және үмітімізді жалындата түсудің кейбір тиімді жолдарын қарастырайық.
Дұға мен ой жүгірту үмітімізді жалындата түседі (13—15 абзацтарды қараңыз)b
13. Ехобаға қалай жақындай аламыз?
13 Ехобаға дұға етіп, оның Сөзін оқыңыз. Біз Ехобаны көре алмасақ та, онымен жақын дос бола аламыз. Оған дұға айтқанда, ол бізді тыңдайтынына сенімдіміз (Ерм. 29:11, 12). Ал оның Сөзін оқып, үстінен ой жүгірткенде, біз оны тыңдаймыз. Мысалы, Ехобаның ежелде адал қызметшілерін қалай қамқорлағанын оқығанда, үмітіміз жалындай түседі. Құдайдың Сөзінде “жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Рим. 15:4).
14. Ехоба өз қызметшілерінің үмітін ақтаған жағдайлар жайлы неге ой жүгіртуіміз керек?
14 Ехоба уәдесінде тұрған жағдайлар туралы ой жүгіртіңіз. Мысалы, Ыбырайым мен Сараны алайықшы. Олар бала сүйетін жастан өтіп кетсе де, Құдай оларға балалы болатындарын айтты (Мұс. 1-ж. 18:10). Егде тартқан Ыбырайым Құдайдың бұл уәдесін қалай қабылдады? Киелі кітапта: “Ол көптеген халықтардың түп атасы болатынына үмітін үзбей сене берді”,— делінген (Рим. 4:18). Сырт көзге мүмкін еместей көрінсе де, Ыбырайым Ехобаның уәдесі орындалатынына сенді. Түбінде Құдайдың осы адал қызметшісінің үміті ақталды да (Рим. 4:19—21). Біздің де жағдайымыз алынбайтын қамал, аса алмайтын асудай көрінетін шығар, бірақ Ыбырайымдікіндей оқиғалар Ехобаға әрдайым арқа сүйеуге үйретеді. Өйткені ол әрдайым уәдесінде тұрады.
15. Құдайдың біз үшін жасаған істері жайлы неге ойлануымыз керек?
15 Ехоба сіз үшін не істегені жайлы ойланыңыз. Құдай Сөзінде жазылған уәделер сіздің өміріңізде орындалғаны жайлы ойланып көріңіз. Мысалы, Иса көктегі Әкеміз сізді қажетіңізбен қамдайтынын уәде еткен (Мат. 6:32, 33). Сондай-ақ Ехоба өзінен сұрағандарға міндетті түрде киелі рух беретінін айтқан (Лұқа 11:13). Ехоба осы уәделерінің бәрін орындап келеді. Бәлкім, сіз оның басқа да уәделерін орындап жүргеніне куә шығарсыз. Мысалы, ол сізді кешіремін, жұбатамын, рухани ас-сумен қамдаймын деген уәдесін орындап жүр (Мат. 6:14; 24:45; Қор. 2-х. 1:3). Құдайдың осы кезге дейін сіз үшін жасаған істері жайлы ойлансаңыз, алда да сіз үшін әрекет ететініне деген үмітіңіз жалындай түседі.
ҮМІТТЕРІҢЕ ҚУАНЫҢДАР
16. Үміт — неге бағалы сый?
16 Мәңгі өмірге деген үмітіміз — Құдайдың берген бағалы сыйы. Бізді шаттыққа толы керемет болашақ күтіп тұрғанына біз нық сенімдіміз. Осы үміт бізді сынақ, қуғын-сүргін, тіпті өліммен бетпе-бет кездескен алай-дүлей кезеңде зәкірдей ұстап тұрады. Сондай-ақ ол бізді жаман ойлардан дулыға сияқты қорғап, дұрыс әрекет етуге көмектеседі. Киелі кітап беретін үміт Құдайдың бізге деген сүйіспеншілігінің тереңдігін паш етеді. Сондай-ақ бізді оған жақындата түседі. Шынында да, үмітімізді жалындатып, оны берік сақтаудың пайдасы мол.
17. Қалайша үмітіміз бізге қуаныш сыйлайды?
17 Римдіктерге жазған хатында елші Пауыл бізді “үміттеріңе қуаныңдар” деп талпындырады (Рим. 12:12). Пауыл адал болып қалса, көкте мәңгі өмір сүретініне сенімді болған. Осы үміті оған қуаныш сыйлаған. Біз де Ехоба өз уәделерінде тұратынына сенімдіміз әрі осы үміттен қуаныш аламыз. Зәбүр кітабында айтылғандай, “бар үмітін Құдайы Ехобаға артатын адам бақытты. Ол адалдығынан еш таймайды” (Зәб. 146:5, 6).
139-ӘН Жұмақта жүргеніңді елестет
a Ехоба болашағымыздың жарқын болатынын айтып, үміт беріп отыр. Бұл үміт өмірімізді мәнді етеді және қиыншылықтарда түңіліп кетпеуге көмектеседі. Сондай-ақ басымызға қандай күн тумасын, Ехобаға адал болып қалуға күш береді. Бұған қоса ой-санамызды арамдайтын нәрселерден сақтайды. Үміттің күші осындай болса, оны әрі қарай да берік сақтауымыз керек емес пе?! Бұны қалай істеу керектігін осы мақалада көреміз.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Дулыға жауынгердің басын қорғайды, ал зәкір кемені дауылда ұстап тұрады. Сол сияқты үміт те ойымызды қорғайды және сынақта сабырлық береді. Әйел бауырлас Ехобаға шын беріле дұға етіп отыр. Ер бауырлас Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесін орындағаны жайлы ойланып тұр. Басқа ер бауырлас Ехоба оны жарылқаған кездері жайлы ойлап отыр.